Бесеудің соты: Асылов айтты, жан тәтті
Күллі қазақ бостандық сұрап жатқанда...
Әуежай ісіне қатысты үкім шыққалы әлеуметтік желі қолданушылары (негізінен Facebook) өре түрегелді.
Түгелге жуық бұл үкімнің әділетсіз екенін, үкім шығарарда соттың көптеген фактілерді есепке алмағанын жазып жатыр. Жаңа Қазақстанға деген сенімі күйрегенін жазғандар; 20 мың террористің есебін шығара алмай жатып, бір әуежайды бес адам басып алды деген аргумент ұсынған прокуратураны келеке қылғандар; жақында ғана мемлекеттен пәтер кілтін, түрлі марапат алған журналистерді «арашаға» шақырғандар… Солардың ішінде бір сөз ерекше әсер етеді: «Әйгерім жау болса, мен де жаумын».
Бұл сөзді бірнеше адам жазды. Әрине, теңдік, әділдік сұрап, ешкім көшеге шыққан жоқ, бірақ әлеуметтік желідегі бұл белсенділік билікті алаңдатқан болуы керек, әлде алдын ала осылай боларын біліп, дайындық жасаған, аталмыш үкімді жақтаған, бейбіт сарындағы жазбалар көзге түсе бастады. Тіпті бір-бірінен аумайтын тексті көшіріп жазғандар да бар. Ләміне үңілсең, Алматыны қиратып, стратегиялық нысанды басып алған адамдар әділ жазасын алуы керек; өзгелер заңға бағынып үйде отырғанда, бұлар неге әуежайға барады; Конституция – біздің азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі, оны аттағандар – қылмыскер; бала-шағамыз бен туыстарымыздың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдадым (қаңтар оқиғасы кезінде); екінші Қаңтар оқиғасы болмасын десек… деп келеді. Бірақ бәрінің сарыны бір жерге барып тіреледі: Бұл үкім – дұрыс үкім.
Әуежай ісі бойынша тергеуге алынған бес азамат – аудармашы, журналист белсенді Әйгерім Тілеужан, мұғалім белсенді Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамед Шилібаев, Жанайдар Кәрменовке тағылған айыптар «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды»; «ғимараттарға шабуыл жасады, тонады», «иесіз көлікті айдап кетті» деп келеді. Бірақ әу баста бас прокурор Берік Асылов Әуежай ісі бойынша Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовті «діни экстремистік топтың мүшелері» деп мәлімдеген. Тілеужанның адвокаты бас прокурорды сот шешімі шықпай жатып, іс дәлелденбей жатып мәлімдеме жасағаны үшін сотқа да берген. Белсенділер де кінәсіздік презумпциясын бұзғаны үшін Асыловтың отставкасын талап еткен. Бірақ орнынан қозғалған Асылов болған жоқ, оның ісі енді қаралмаса, әзірге, оған келіп-кетер ештеңе байқалмайды.
Әйгерім Тілеужан қолына кісен салынып жатқанда судьялар бас прокурорды өтірікші жасамау үшін осындай шешім шығарды деген мағынада сөз айтты. Конституцияның бас кепілі президенттің сот жүйесін реформалау туралы айтып жүргеніне көп болды. Ол тәуелсіз сот жүйесі құрылмай, әділет орнамайтынын, сол себепті, реформалар пакетінде сот жүйесінің орны ерекше екенін айтқан. Осы реформаға сүйенсек, осы күні бас прокурор Асылов «жалған ақпарат таратқаны» үшін тергеліп жатуға тиіс еді… Тілеужан «Асыловты ақтап алу үшін бізді соттады», дейді. Дегенмен бұл осымен бас прокурордың сөзі дәлелденді дегенді білдірмейді. Қалай болғанда да Асылов «жалған ақпарат тарату» туралы айыптан қашып құтыла алмайтын сияқты. Себебі судья оқыған үкімде «діни экстремистік топтың мүшелері» туралы айып жоқ. Яғни іс бас прокурор айтқан өте ауыр айып бойынша емес, өзге баптар бойынша тергелген. Қоғамда басқа айыптардың да дәлелденбегені қазірдің өзінде айтылып жатыр.
Әуежай ісі бойынша тергеу төрт ай бұрын басталған. Алғашында Қаңтар оқиғасын ұмытпаса да, ести-ести, құлағы үйрене бастаған жұрт бұл іске онша назар аудара қойған жоқ деуге болады. Жұрттың жаппай назар аудара бастауы – куәгерлердің сөзінен тануы, яғни бұған дейін берген көрсетінділерінен бас тартуынан кейін басталды. Бұл ретте Қаңтар оқиғасынан кейін етек алған қинау, бопсалау, мәжбүрлеу ісінің шеті қылтияды. Себебі Әуежай ісіне қатысты куәлік еткен кейбір куәгерлер, арасында Қалас Нұрпейісов те бар, ол соттағы жауап беру кезінде күтпеген мәлімдеме жасап, өзін тергеу кезінде жалған куәлік етуге мәжбүрлегенін айтты. Ол тергеушілер тарапынан түрлі психологиялық қысымдар жасалғанын, аз уақыт бұрын ғана қайтыс болған анасының суретін қайта-қайта көрсетіп, камерадан камераға ауыстырып, ақыры дегендеріне жеткенін, оны Тілеужан мен Кәрменовке қарсы жалған куәлік беруге көндіргенін көзіне жас алып тұрып айтты. Осыдан кейін ол бар шындықты айтып, хат жазып, өзіне қол жұмсамақ болған. Тергеушілер егер жалған куәлік берсе, оны босататынын, үй қамағына ауыстыратындарын айтқан. Осы мәлімдемеден кейін жұртшылық бұл іске ерекше ықылас таныта бастады. Жұрт бұл жағдайдан кейін Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша айып тағылған белсенділердің босап шығу мүмкіндігі артты деп есептеген.
Әйгерім Тілеужан да өзімен келісімге келуге тырысқандар болғанын айтады. Ол Парламент сайлауы кезінде депутаттыққа үміткер ретінде тіркелуге құжат тапсырып жатқанда, оған билік өкілдері келіп, «сайлауға түсуден бас тарту» туралы ұсыныс айтқанын, ақысына үй қамақта отырған оның шартты жазамен құтылуына кепілдік беретіндерін айтқан. Тіпті бас прокурор Асыловпен кездесуді ұсынғандар да болыпты.
Осының бәрін есепке алсақ, бұл істің саяси астары бар екені байқалады. Сотталушылар да соңғы сөзінде «бұл – саяси тапсырыс» екенін айтты. Біздің «әділ үкім шыққанын» сүйіншілеген әлеуметтікжелісүйгіш әріптестеріміз бен үкіметті жанындай жақсы көретін, оның қай шешіміне де шүбәсіз сеніп, сүйсіне қол соғатын белсенді желі қолданушыларының әрекеті де бұл мотивті растай түседі. Сірә, қазақ билігі «ақылы пост» жазармандарының ләмі тез танылып қалатынын, ондайларды қоғам қазірдің өзінде жеке-жеке скриндеп, арнайы видеоролик жасап, «сатқындарды тани жүріңіздер» деп, әр түрлі чаттарда таратып жатқанын білмейді, білсе де, бұл күні өткен, ескірген әдістің қоғамды тіпті жиіркендіретінін түсініп болмаған сияқты.
Әу баста Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 мың террорист туралы айтқанмен, артынша, президентке дұрыс ақпарат жетпеген деген сөз шықты да бұл тараптағы әңгіме тынышталып қалды. Асылов та өзі айтқан сөздің соңы осылай, үнсіз ұмытылып кетеді деп ойлайтын шығар, әзірге, жарты жылдай уақыт өтсе де өзінің «жалған ақпарат таратуына» қатысты нақты бір мәлімдеме жасаған жоқ. Ал «тәуелсіз» сот жүйесі бас прокурор айтты, жан тәтті деді ме екен, прокурор сұраған 5 және 11 жылды түгел бермесе де, Тілеужанға 4 жыл, қалған төртеуіне 8 жыл кесіпті.
Алда апелляция. Бәлкім, президент өзі араласып, «бұл не қылған бассыздық, мен сендерге еркін болыңдар, ашық болыңдар, әділ болыңдар деген жоқпын ба» деп, судьяларды бір сілкіп алса… Бесеуі ғана бір әуежайды басып ала салған белсенділер туралы ертегіге нүкте қойылып қалуы да ғажап емес. Әйтпесе, ешкім сенбейтін ертегі соңына жеткенше ешкімге жақсы ат әпере қойматыны түсінікті болды. Оның үстіне, басқаны қойып, ауыл әкімдерінің өзі Әуежай ісінің алғашқы үкіміне риза болып, қолына қалам алыпты деп естіп жатырмыз...