«Бешінші бармақ» қайда?
Қазақ тілінің шұбарлануына «көп үлес» қосып жүрген, қай телеарнаның болмасын кез келген бағдарламаларында қазақ халқының ұлттық тағамдары жөнінде әңгіме бола қалса, журналистер «бешбармақ» деп сайрайды.
«Бешбармақ» емес екенін білетін журналистің өзі қонақ болып отырған кісіге түзетулер жасап түсіндірмейді де. Бұл жүргізушінің білімділігі мен біліктілігінің шамалы болғаны. Кей тілшілердің сөз саптауына қарның ашиды. Сонда «телеарна басшылары неге от ауызды, орақ тілді, мақал-мәтелдетіп, шешендік сөздермен орап сөйлейтін ұтқыр ойлы жандарды таңдап алмайды» – деп ойлайсың. Бірақ мына қоғамның тамыр-таныстық пен жемқорлық жайлаған ортада бұл арман ғана ғой деп, көңілің жер болады екен. Сондықтан жылдан-жылға бұқаралық ақпарат құралдарында өмірінде әдеби көркем шығарма оқымаған, мақал-мәтел мен шешендік сөздерден хабары жоқ, білімі таяз, көше сөздерімен ғана сөйлейтін журналистер қаптап барады. Қайбір жылы «Қазақстан» телеарнасында ережесіз жекпе-жек төбелесінен әлем чемпионы Ардақ Назаровпен «Сыр сұхбат» бағдарламасында кездесу болды. Бұл кездесу өсіп келе жатқан жастарды ұлттық рухта, намысты, өжет болуға тәрбиелейтін талпыныс. Бір қуанарлығы Ардақпен кездесуге келген мектеп оқушылары мен студенттер екен. Өкініштісі, ұлттық тағам жөнінде әңгіме болғанда бағдарлама жүргізушісі Ардақтың аузымен айтқызу үшін «бешбармақ» деп тықпалай берді. Ардақ «бешбармақты» айтқысы келмей «ет» деп түзеп отырды. Оны ұғып жатқан жүргізуші жоқ. Балаларды елін, жерін, ұлтын сүюге тәрбиелейді деп ұйымдастырған телебағдарламаны журналист емес төбелестен әлем чемпионы Ардақ жүргізгенде нағыз патриоттық рухта тәрбиелейтін бағдарлама болар еді. Ардақтың аузынан шыққан әрбір сөзі мірдің оғындай Бұқар жырау, билердің шешендік сөйлем орамдары мен рухты өлеңдері төгіліп тұрды. Ісімен де сөзімен де балаларға қандай үлгі-өнеге көрсетті десеңізші. Телеарна жүргізушісінің сөз саптауы «бешбармақ» болса, ісі – қытайдың ас жейтін таяқшаларын жарнамалап, тықпалап жатты. Қытайды танытқысы келді ме білмедім. Ой, жүйесіз ұйымдастырылған, бағдарлама біздің арнада «патриоттық тәрбие беретін бағдарлама бар» деген есеп үшін керек пе, білмедім...
Біріншіден, қазақтың қай атасы ұлттық тағамын «бешбармақ» деген еді? Екіншіден, қазақ қашаннан бес саусағын «бешбармақ» деп атап еді? Қазақ ешқашан бесті «беш» деп те айтқан емес. Қазақша саусақ атаулары; бас бармақ, балаң үйрек, орта терек, шүлдір шүмек, кішкентай бөбек. Сонда екі қолда екі бармақ ғана бар емес пе? Қалғандары бармақ емес саусақтар ғой. Екі қолдағы екі бармақ пен екі аяқтағы екі бармақты қосқанда да бес емес төрт-ақ бармақ шығады. «Бешбармақ» сөзінің тегі, негізінен кешегі Ресей отаршылары қазақтың ұлттық тағамын мазақ ету үшін қитұрқы оймен осылай атаған. «Жабайылар (қазақтар дегені) ешқашан жуынбайды, тағамдарына қол аяқтарын бірдей салып жей береді» деп келеке етіп шығарған. Табаққа екі аяғыңды салсаңда, беш емес төрт ғана бармақ болады. Қазақтың ұлттық тағамын «төрт бармақ» деп атаса да біздің той асабалары мен шала сауатты оқығандарымыз ұялмай, қызармай, намыстанбай айта беретіне кәміл сенемін. Ал арлы да айбынды нағыз қазақтар үшін ет асып жегенге не жетсін!