«Бесік жыры» байқауында әжелер сайысқа түсті

Балаларды халықаралық қорғау күніне орай Алматы қаласында «Қазақстан» шипажайында ақ жаулықты әжелер арасында ерекше сайыс өтті.
Байқау «Бесік жыры» деп аталады.
Қазақтың көптеген ұлттық рухани тәрбиеге бағыттайтын салт-дәстүрлері бүгінде азайып бара жатыр. Әсіресе бесік жырын айтатын әжелер мен аналар бүгінде жоқтың қасы. Осы дәстүрді қоғам белсендісі Рабиға (Раиса) Қалдыбайқызы көптен бері ойластырып, қолға алған еді. Байқаудың бір ерекшелігі сайыс тек қалалық әжелердің арасында өткізілген. Себебі, қазір қалалы жерлерде бесік жырын айтпақ түгілі, немере бағатын әжелер аз. Осыған қатысты ұйымдастырушы Рабиға Үмбетбаева «Бұл байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатым – ұмытылып бара жатқан ұлттық тәрбиеміздің бастауы бесік жырын қайта жандандыру болып табылады. Сонымен қатар биыл Қазақстанда «Балалар жылы» болып белгіленді. Әрі бала біздің болашағамыз болғандықтан, елдің ертеңгі тірегі де солар болып табылады. Алайда қазіргі балалар ұлттық тәрбиені бойына қаншалықты сіңіріп жатыр деген ой толғантады. Кешегі ата-әжелеріміздің жастарға айтар үлгісі мен ғибраты мол еді. Ал қазір сол ата-әжелердің институтынан неге ажырап қалдық? Осыған орай, жақында балаларды Халықаралық қорғау күніне орай Алматы қаласы бойынша әжелер арасында бұл байқауды ұйымдастырып отырмын. Сондай-ақ жеңімпаз әжелерді ынталандыру мақсатында шипажайларға сертификат үлестірдік. Алдында «Бұрымды қыз» байқауында қыздарға гүл мен ақшалай сыйлықтар, алғыс хаттар үлестірген едік. Ал әжелерге гүлден гөрі, денсаулықтарын түзесін, әрі күтінсін деген ниетте шипажайларға жеңілдікпен сертификат сыйладық. Екіншіден, әжелер өз еркімен шипажайларға бара қоймайды. Бұл сыйымызға әжелеріміз қатты қуанды» дейді ұйымдастырушы Р. Үмбетбаева.
Әжелер сайысына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы мен «Тұран» университеті «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының оқытушысы Гүлжан Төлековалар әділқазы болды. Шара барысында ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, термеші Бибіжар Маханбетова «Бесік жырын» орындады.
Байқау соңында Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев байқауға қатысушы әжелер Батима Өмірбаева, Күләш Қонаева, Ұлжан Бекенбаева, Абия Байқуатова, Нұрсағай Қалиқызы, Алмагүл Нұрсадықова, Алма Байзақова, Күміс Нүсіпжанқызы, Айша Қабдолқызы, Мырзагүл Елемесова, Күлімхан Тайбуловаларға «Мейірімді әже», «Сәнқой әже», «Сымбатты әже», «Шебер әже», «Ақылман әже», «Әзілқой әже», «Инабатты әже», «Кербез әже», «Көркем әже», «Күміс көмей әже», «Қазыналы әже» номинациялары бойынша сый-сияпаттармен және Mediterra заманауи медицина институтына қаралуға тегін жолдамалармен марапаттады.