Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:58, 06 Мамыр 2021

«Бессмертный полк» қазаққа қажет пе?

None
None

      9 Мамыр – Жеңіс күні жақындаған сайын біздің билік бұған салтанатты жағдайда дайындалады.

Қазақстандағы бүкіл орыс ұлтының өкілдері  Панфиловшылар паркіне барады. Әрине, мұның бастауында жеңіс салтанаты тұр деуге болар. Бірақ...

      Соңғы сегіз жылдан бері ресми Мәскеу бір салтанатты шараны ТМД елдерінің идеологиялық құралына айналдырып жіберді. Ол – «Бессмертный полк» деп аталатын шеру. Мұны қазақтар «Мәңгілік даңқ» деп атап жүр. Шеруде Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан немесе майдангер атанған аға ұрпақтың балалары аталарының немесе ағайын-туысқандарының порттерін көтеріп шығады. Бір қарағанда дұрыс  көрінер, алайда мұның астарында менменсіген, өзімшілдік империялық саясат жатыр. «Бізге соқтыққандар осылай Ресейдің жеңіс салтанатын көруге мәжбүр болады» деген пиғыл бар. Әлемнің әр түкпірінде 100 орыс жүрсе де, Кремль осы шеруді өткізеді және оларға арнайы ақша бөледі. Бұл алдын ала жоспарланып, мақсатты түрде жүзеге асып отырған  бағдарлы саясат.

      Алайда кейбір БАҚ өкілдері атап жүргендей, бұл «қызыл дерттің» елімізге дендеп енгеніне де бес-алты жылдың жүзі болып қалды. Бұрын ше? Алматыдағы Панфиловшылар паркіне барып, майдангерлер гүл шоғын қойып, жас буын бас иіп, ерліктің даңқын сезініп қана қайтатын. Қазір олай емес. Солтүстіктегі ұлттың жүре алатын майдангерінен бастап,  осындағы бала-шағасына дейін  Панфиловшылар паркіне жетуге асығады. Орысша атауымен айтқанда, «Бессмертный полк» шеруі орыстың идеологиялық құралына айналды да кетті. Өйткені мұның астарында Мәскеудің  орыс әлемін қорғау, қолпаштау саясаты ғана жатыр. Қазір әлемнің 184 елінде «Мәңгілік даңқ» шеруі өтеді. Бұл бекер емес.

      О баста, яғни  2012 жылы Томск қаласының үш журналисі: Сергей Лапенков, Сергей Колотовкин және Игорь Дмитриев соғыста қаза тапқан аталары мен ағайын-туыстарының портретін алып,  9 Мамырда шеруге шыққан. Келер жылы бастаманы бүкіл томскіліктер қолдап, бұл қарапайым ғана халықтық шеруге айналған. Ал мұны үлкен идеологиялық саяси қаруға айналдырып жіберген Мәскеу екі жылдан кейін елдің 500 қаласында осындай шеру өткізді. «Бессмертный полк» қозғалысын құрып,  арнайы ақша бөлді. Көмектесті, сайт ашты. Бұл саясат 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннекциялап, Донбасс аймағындағы сепаристерді қолдағанынан кейін тіпті күшейіп кетті. Ал қазаққа бұл шеру керек пе? Қажет шығар, бірақ дәл бүгінгідей сипатта емес.

— Бұл акция ұлыдержавалық шовинизм мен империялық астамшылықты қоздыратын ресейлік психоз. Былтыр ол Ресейде онлайн режимде өткен. Бізде КОВИД-19 салдарынан өткізілмей қалып еді. Бірақ қалай болғанда да, ресейлік «Бессмертный полк» акциясына тосқауыл қойылуы қажет.

      9 Мамыр – біз үшін жеңіс күні емес, Екінші жаһан соғысы құрбандарын еске алу күні. Оның мәртебесін де осылай өзгерту күн тәртібінде тұр. Өйткені біз Жеңіс күніне ілесе, миллиондаған мүгедектерді «қалалардың көркін бұзады» деген желеумен көшелерден теріп әкетіп, Валаам пансионаттары тәрізді лагерьлерге тоғытып, сонда адам сияқты күтім көрместен, қынадай қырылған жағдайларын ұмытқан жоқпыз.

      «Майдангерлерді еске аламыз» деген желеумен совет-герман соғысында қаза тапқан ата-бабаларының суретін төбесіне көтеріп шеру өткізу қазақ үшін тапқырлық емес. Біз мұсылман халықпыз. Төбесіне суретін көтермек түгіл, бейітінің басына сурет салуға тыйым салынған. Шариғат жолы бойынша суреттерді төбеге көтеріп құрметтеу, бұл – суретке табыну. Ал дінімізде Алладан басқаға табынушылықты ширк дейді. Бізге ең керегі – майданда қаза тапқан, соғыста алған жарақаттарынан кейін қайтыс болған күллі майдангерлерге, әкелеріміз бен аталарымызға бағышталып құран оқылуы. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегеніміз сол, – дейді  жазушы-публицист Марат Тоқашбаев. Бұған біздің де алып-қосарымыз жоқ. Өйткені...

       Әлемнің бірқатар елдері қазір орыстың «Мәңгілік даңқ», «Бессмертный полк» шеруін өткізуге рұқсат бермейді. Атап айтқанда,  саяси мүдделес, көзқарасы жағынан Ресейге жақын делінетін Беларусьтің әділет министрлігі  2020 жылы «Бессмертный полк» қоғамдық бірлестігін тіркеген жоқ. Эстония шеруге шыққандар заңмен қудаланатынын айтты. Қырғыздардың өзі «Бессмертный полк» шеруін өткізуге тыйым салды. 1 мамыр күні Ташкентте шеруге орай, «Жеңіс әндері» концерті өтіп жатқан уақытта көрермендердің бірі  келмеске кеткен Кеңес Одағының туын көтерген. «Мұндай шараның түкке қажеті жоқ. Біз Тәшкеннің  дәл ортасында Кеңес мемлекетінің туын жоғары көтеруді өзбек халқын қорлау деп санаймыз», – деп, бүкіл өзбек жастары қазір бұл мәселені қызу талқылап жатыр.

       Ал біздің билік Ресейдің мұндай әрекетінен ешқандай астарлы саясат іздемейді, шеруді қалыпты жағдайда түк болмағандай өткізе береді.

Соңғы екі жылда әлем елдері індеттен іргесін аулақ сала алмай отыр. Бірақ індет болып жатса да, Ресей мұндай астарлы саясаты бар шеруін тоқтатпақ емес. Бұл жолы пандемияға байланысты «Мәңгілік даңқ» шеруі онлайн сипатта өтпек. Ресейде ғана емес, бүкіл әлем онлайнда Ресейдің жеңімпаз салтанатын тамашалайды, қаһармандардың ерлігіне тәнті болады. Жалпы, Ресейдің идеологиялық құралына айналған, бірқатар әлем елдері өткізуден мүлде бас тартып, рұқсат бермей жатқан мұндай сипаттағы «Бессмертный полк» шеруі қазаққа қажет пе? Бұл – ақиқатын айтсақ, әлемде орыс әлемінің ықпалын күшейту ғана. Өздері жиі айтатындай, «Бессмертный полк» шеруі төрткіл дүниедегі орыс әлемін біріктіру үшін ғана құрылған».  Басқа еш нәрсе емес.

Тегтер: