Бестеректегі эпилепсиямен ауыратын жүргізуші төрт баланың өлімі үшін сотталды
Абай облысының Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты резонансты сот процесі аяқталды.
Сот алты баланы қағып кеткен 55 жастағы жүргізушіні кінәлі деп танып, төрт баланың қазасына байланысты үкім шықты.
Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі («Жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуы») бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен ер адам 9 жылға ең төменгі қауіпсіздік колониясына бас бостандығынан айырылды, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Судьяның түсіндіруінше, айыпталушының кінәсі сотта толық дәлелденген.
«Жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот оның кәмелетке толмаған баласының барын және кінәсін толық мойындағанын ескерді. Ал ауырлататын жағдай – қылмыстың кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалуы», – деп мәлімдеді судья.
Сонымен қатар сот айыпталушыны жәбірленушілерге моральдық және материалдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Сот шешіміне сәйкес, екі жасар ұлынан айырылған Ернар Буланбаев пен жұбайына – әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы, үш баласынан айырылған Таншолпан Каримова мен жұбайына – әрқайсысына 15 миллион теңгеден моральдық өтемақы тағайындалды.
Бұдан бөлек:
-
336 мың теңге материалдық шығын,
-
әрқайсысына 200 мың теңгеден өкілдік шығын өндіру қарастырылған.
Айта кетейік, 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданындағы Бестерек ауылында жол апаты орын алды. 55 жастағы жүргізуші Toyota маркалы көлікті басқара алмай, жолдан небәрі 10 метр жерде орналасқан үй алдындағы 6 баланы қағып кетті.
Оқиға орнында екі бала көз жұмған. Тағы бір бала медициналық мекемеге апара жатқан жолда қаза тапқан. Қалған үш бала түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.