«Бэтмен» Берденов Шымкентке дем салды ма?

Ақпан айының аяғында мәжілісмен Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.
Экс-депутат туған жеріне келгесін тыныш жатпай, жұрт назарын аударғысы келді ме, әлде жерлестерінің көңілін көтеріп, күлкі сыйлағысы келді ме, үшінші мегаполисте мүлде жемқорлық жоқ деп мәлімдеді.
Су жаңа орынбасардың сөзіне сенсек, қала тізгінін Ғабит Сыздықбеков ұстағалы барлық салада сыбайлас жемқорлық толық жойылған. Берденов бұған дейін отандық БАҚ-қа берген сұхбатында жаңа бастығын жер-көкке сыйғызбай мақтап, Сыздықбеков келгелі Шымкент шырайлана түскенін айтқан. Тіпті қыза келе «Шымкент – жемқорлықты тоқтатқан Қазақстандағы алғашқы қала» деп түйгені бар.
Депутат кезінде «Бэтменнің» киімін киіп, «Абу-Даби Плазаның» төбесінде тұрып, тұтас Астананы «күзеткен» Берденов суперқаһарман образынан әлі шыға алмай жүрген сияқты. Жаңа қызметіне кіріспей жатып, ел арасында жемқорлық асқынған өңір атанған қаланы жаман әдеттен тазартып жіберді.
«Шымкентте мемлекеттік сатып алулар бойынша сыбайлас жемқорлық 100 пайыз жойылды, қазір ондай мүлде жоқ. Осылай деп ашық әрі ресми түрде мәлімдей аламын. Бұл сөзді мен ғана емес, осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер де айтып жүр», – деп жауап берді журналистер сауалына Сыздықбековті қатты құрметтейтін жаңа орынбасар.
Бірақ оның сөзі көпшілікке ұнаған жоқ. Әсіресе өз жерлестері әлеуметтік желіде күлкіге айналдырып жатыр. Тіпті әзілге бұрып, «Бэтмен» келіп, Шымкентті жемқорлықтан тазартты» деп жазып жатқандар бар. Абзал Досым есімді желі қолданушысы кез келген мемлекеттік бағдарлама Шымкентке жеткенде «сынып», жолын тапқандардың жеміне айналатынын жазды. Оның айтуынша, «қала тұрғындары мүмкін емес болып көрінген дүниені, ақша беретін адамын тауып, мүмкін етіп жібереді».
Осы жазбаның астына ел президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, журналист Нұрмұхамед Байғараев «Шымкенттегі колледжде істейтін таныс айтқан, мұғалімдер санатын жоғарылату үшін тест тапсырады, тестті өзі тапсыра алмайтындар орнына басқа адамды кіргізеді екен. Олар биометриялық тексерісті алдап, айналып өтетін көрінеді. Әрине, оның сондай жолын көрсеткен тест орталығының қызметкерлері. Мұндай махинацияны пара берсе, іске асыру қиын емес. Шымкентте цифровизацияны да жеңіп қойған» деп пікір қалдырыпты.
Сондай-ақ «бұл жақтағы жемқорлық дәстүрге айналып кеткен», «Шымкентте пара бермесең бір түрлі көрінесің», «Берденов қиялындағы басқа Шымкентке барған шығар», «ауруын жасырған өледі. Шымкентте жемқорлық өршіп кеткені рас!» деген сияқты пікірлерді көзіміз шалды. Мұның бәрін өңір тұрғындарының жаңа әкімге жолдаған сәлемі деп есептеңіз.
Шымкентте шынымен жемқорлық жойылды ма?
Берденовтің сөзін тұрғындар ғана емес, БАҚ-та жарияланған ресми ақпараттар, жергілікті антикордың есебі және қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те жоққа шығарып отыр. Кейінгі бір жылдың өзінде елдегі үшінші мегаполисте әкім аппаратының басшысы, судья, полиция және білім саласының қызметкерлері жемқорлыққа байланысты ұсталды. 2023 жылы тіпті қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов осындай қылмыспен қамалған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті хабарлағандай, 2024 жылы 11 айда 108 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның 52-сі – пара алу, 32-сі – ұрлық, қалғаны – алаяқтық пен қызметін асыра пайдалану. Былтыр қалада жемқорлық әрекеті үшін 71 адам сотталған, оның 49-ы мемлекеттік орган қызметкері.
Сотталғандар арасында қала әкімінің орынбасары, басқарма басшысы мен әкім аппаратында жұмыс істеген лауазымды шенділер бар. Олардың алды 8,5 жылға темір торға қамалса, кейбірі шартты жазамен құтылды. Кей дерек бойынша, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық әрекеті бұрынғымен салыстырғанда 35 пайыз өсіп кетіпті. Салдарынан қазынаға 1,6 млрд теңге шығын келген.
Мысалы, 2024 жылы Шымкент әкімінің экс-орынбасары Мақсұт Исақов – 8 жыл 5 айға, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерік Тіленшин – 11 жылға сотталды. Соңғысымен бірге әкімдіктің бас маманы 10 жылға қамалды. Сондай-ақ 700 млн теңге жымқырған Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы Бақыт Мелдебеков – 8 жылға, ауданаралық соттың бұрынғы судьясы Жанат Мүсірәлі – 7,5 жылға сотталды. Әлі қарауда жатқан істер де жетерлік. Атап айтқанда, қалалық полиция департаментінің бас бухгалтері, подполковник Бақтияр Баянов аса үлкен көлемде ақша жымқырды деген күдікпен тергеуде отыр.
Тізе берсек, мұндай мысал көп. «Ұсталмаған ұры емес» деп, орайы келгенде опырып қалып жүргендер аз емес екені анық. Мұны қала әкімі де мойындап отыр. Сыздықбеков мегаполисте жемқорлыққа жол беретін қызметкерлер азайған жоқ деп санайды. «Жанымызда жүріп, заңсыз табыс табу үшін түрлі әрекетке барған қызметкерлер болды. Олар заң бойынша жазасын алғанын жақсы білесіздер. Шынын айтқанда, қазір бізде мұндай әрекет азайды деп айта алмаймын. Өйткені әртүрлі салада заңсыздық бар екенін естіп жүрмін» деген еді ол журналистер сауалына.
Сыздықбеков «олар заң бойынша жазасын алғанын білесіздер» деп, өзінің былтырғы бір «ерлігін» меңзеп отырған болуы мүмкін. 2024 жылы ақпанда мегаполис әкімі инстаграм парақшасында оғаш видео жариялады. Тып-тыныш жиналыс залының төрінде әкім пара алмау, адал жұмыс істеу жөнінде ақыл айтып отырады. Кенет ол «арамызда сөз тыңдамайтын сатқындар бар» деп, қол астындағы қызметкерін антикорға ұстатып жібереді.
Бұл оқиға желіде қызу талқыға түсіп, әкімнің әрекетін бірі жақтап, бірі даттап жатты. Бірақ заңгерлер адам құқығы, кінәсіздік презумпциясы тұрғысынан алып қарағанда адамды жиналыс үстінде, жария түрде ұстау ақылға қонбайтынын айтқан. Бұл іс сол күйі ұмыт болды. Сыздықбеков осы әрекеті үшін жоғары жақтан мақтау да, жаза да алған жоқ. Шамасы бұл қадам өзі үшін де сәтсіздеу «пиар-ход» болғанын әкім өзі де түсінсе керек, одан кейін 37-дегі НКВД-ның әрекетіне барған жоқ.
Кейін Сыздықбеков ұстатып жіберген адам Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысы Азат Момынов екені анықталды. Ол қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырған көрінеді. 4 ақпан күні қалалық антикор өкілдері Момынов 9 жылға сотталғанын айтты. Бірақ Момыновтың жағдайы шымкенттік шенділерді шошыта алмаған сияқты, әкімнің сөзіне сенсек, қалада жемқорлық әлі жойылған жоқ.
Руслан Берденов кім?
Ал, керісінше, Шымкентте жемқорлық 100 пайыз жойылды деп санайтын жаңа әкім кім? Берденов – кәсіпкер, Шымкент қаласының тумасы. Ресми еңбек жолына үңілсек, 2023 жылғы наурызға дейін бизнес саласында жүріп, жеке кәсіпорындарды басқарған. Мемлекеттік қызметке, саясатқа араласқан емес.
Оның мансап жолын 2023 жылы наурызда өткен парламент сайлауы түбегейлі өзгертті. Сол сайлауда құрылғанына небәрі – жарты жыл, ресми тіркелгеніне – 3 ай ғана болған Respublica партиясына мәжілістен 6 мандат бұйырды. Осылайша, Шымкенттің жаңа әкімі партиялық тізім бойынша мәжіліс депутаты атанды.
Өзге саяси партиялар жылдап тіркеле алмай жүргенде құрылғанына жарты жыл ғана болған партияның сайлауда жеңіске жеткені көп адамға қызық көрінген. Біз де Respublica партиясы дегенде «алты күнде күліп, алты аптада жүрген Ер Төстік» еске түседі деп жаздық. Партия алғаш құрылғанда кейбіреулер жас кәсіпкерлерден құрылған жаңа ұйым, ұлттық буржуазия деп әспеттеген. Бірақ парламент қабырғасында отырған 2 жылда партиядан ешқандай жаңашылдық көрген жоқпыз. Керісінше, халықтың даусын алып, 5 жылға сайланған депутаттары мерзімінен бұрын мандатын тапсырып жатыр. Бұған дейін Динара Шүкіжанова «менің орным бизнесте» деп, мәжілістен кеткен. Енді Берденов әкім болу үшін Шымкентке кетіп барады. Өркениетті елде мұндай жағдай партияның саяси имиджіне, сайлаушылар алдындағы беделіне кері әсер етер еді. Ал бізде ештеңе өзгермейді.
Партия фракциясы парламентте өндіріп жұмыс істемегенін айттық. Сол қатарда Берденов те үлкен жетістігімен көзге түсе алған жоқ. Бар болғаны «Бэтмен» образымен есте қалды. Ендеше, «Ер Төстік» партияның «Бэтмен» депутаты қандай әкім болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Көпшілік Берденовтің мемлекеттік қызметте мүлде тәжірибесі жоқ екеніне де назар аударып отыр. Елдегі үш мегаполистің біріне орынбасар әкім болу үшін ешқандай талап немесе критерий жоқ болғаны ма?
Ең қызығы, Руслан Берденов жаңа қызметіне де суперқаһарман ретінде кірісуге қарсы емес. Журналистер одан жалақысы жайлы да сұрапты. Ал су жаңа әкім ол сұраққа «жалақым қанша екенін білмеймін. Популистік әңгіме айтқым келмейді, бірақ маған шын мәнінде жалақы қажет те емес» деп жауап беріпті. Яғни ол ешқандай ақы талап етпей, туған қаласының дамуы үшін еңбек етпек. Есіңізде болса, «Бэтмен» деп аталатын комикс суперқаһарманы да жемқорлық жайлаған Готэм Сити қаласын құтқарғаны үшін ешкімнен ақы талап етпейтін. Ал қазақстандық «Бэтмен» әзірге жемқорлықты іспен емес, сөзбен жеңіп тастады...
Қуаныш Қаппас