«Бетіңді суық сумен жуып ал». Жамбылда жол апатымен күрес қалай жүреді?
Күні кеше қыркүйектің 16-сы сағат 18:30 шамасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 526-шақырымында жантүршігерлік жол апаты болды.
Cadillac Escalade маркалы көлігінің жүргізушісі алдыңғы көлікті басып озып, қарсы бағытқа шығып, қарсы бағытта келе жатқан DAF маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екі көлік те бірден өртке оранып, әп-сәтте жанып кеткен. Оқиға орнында 37 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі, 30 жастағы Cadillac Escalade көлігінің жүргізушісі және оның 5 жолаушысы қаза тапты. Оның ішінде 2 жасар бала бар.
Ал 13 қыркүйек күні Шу ауданы аумағында екі көлік соқтығысып, оқиға орнында бір жолаушы көз жұмған. Жол апаты болған сәтте өз көлігімен жолай кетіп бара жатқан Мәди Әлиев есімді азамат тоқтап, жарылыс қаупіне қарамастан, отқа оранған қос көліктен басын қатерге тігіп, 5 адамды алып шыққан.
«Қиындыққа тап болған адамдарға қол ұшын созып, көмектесу әрбіріміздің парызымыз. Бес адамды шығарған бойда автокөлік жарылды. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген кинодағыдай жағдай болды. Мені құрметтеп, ізгі тілектерін білдіріп жатқан баршаңызға алғысым шексіз», – деп ағынан ақтарылды бейбіт күннің батыры Мәди Әлиев.
Жалпы, Жамбыл облысында жыл басынан бері 8 айда жол-көлік оқиғалар саны 65,8 пайызға (614-тен 1018) және дене жарақатын алғандар саны 70,9 пайызға (931-ден 1591) өскен.
Оның ішінде республикалық маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғалар саны 5,9% (188-ден 199) және жараланғандар саны 29,2% (346-дан 447) өскен, ал қаза болғандар саны – 14,6% (82-ден 70) төмендепті.
Осыған ұқсас жағдай жергілікті маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғалар саны – 85,7% (56-дан 104) және жарақат алғандар – 95,3% (85-тен 166) өскен.
Ал қалалар мен елді мекендердегі көше-жол желісіне келетін болсақ, (УДС) жол-көлік оқиғалар саны – 93,2% (370-тен 715), қаза болғандар саны – 42,0% (19-дан 27) және дене жарақатын алғандар – 95,6% (500-ден 978) өскен.
Сонымен қатар автокөлікті мас күйінде басқарған 509 жүргізуші ұсталып, көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік құралын басқарғандары үшін – 26 қылмыстық іс қозғалған.
Ал 271 жаяу жүргіншіні көлік қағып, салдарынан 30 адам қайтыс болса, 248 адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Бұл нақты фактілер. Ұсталмаған «ұрылар» қаншама?
Сұмдық статистика, жантүршігерлік жол апаттарының жиілеп кетуіне жүргізушілер тарапынан жылдамдық асыру, қарама-қарсы бағытқа шығу, маневр жасау, жол белгілерін сақтамау, бағдаршам объектілерін елемеу және жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі негізгі себеп дейді жол сақшылары. Сонымен қатар жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтамауы жиі жол апатына соқтырады.
Бір қызығы, облыстық полиция департаменті осы статистикаға қатысты түсініктеме берді. Онда патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен таңғы сағат 04:00-ден 06:30-ға дейінгі аралығында, өздеріне жүктелген аумақта көлік құралдарын тоқтатып, ұйқысы келіп, маужырап келе жатқан жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұйқыларын ашып алу үшін беті-қолдарын жууға су беріп және жүргізушілердің қан қысымын тексеріп, көтеріңкі болған жағдайда медициналық көмек көрсетілетінін айтып жүр. Бірақ бұл бір ғана себеппен – ұйқымен күресу ғана ғой. Бұл жерде күрес мүлде басқа масштабта жүргізілуі керек. Әйтпесе, бетіңді жуып алсаң ұйқың ғана емес, жолың да ашылады деуге болмайды. Еселеп өсіп жатқан жол апаттары соны көрсетеді.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы