Бейбіт күндегі қазақ армиясы: Тағы бір сарбаз, тағы бір «қара қағаз»

Аса өкінішпен, қынжыла отырып, бейбіт күнде тағы бір сарбазымыздан айырылып қалғанымызды хабарлауға мәжбүрміз. 2025 жылы 17 қыркүйек күні Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбек көз жұмды. Ресми органдар әдеттегідей өлім себебін суицид деп жариялады. Бірақ марқұмның туыстары бұл уәжбен келіспейді.
Кейінгі кезде әскердегі әлімжеттік және сарбаз өлімі жайлы жиі еститін болдық. Біз де күрмеуі күрделі осы проблеманы көптен бері көтеріп келеміз. Әскери салаға қатысты халықтың билікке қояр сауалы көп. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жылға жуықтады, қазақ армиясы неге әлі жаңармай отыр, неге әлі КСРО кезіндегі жүйемен, сол дәуірдегі тәртіппен жұмыс істейді? Жастар армияға барудан неге қашады? Әскерде әлімжеттік неге тоқтамайды? Бейбіт күнде өрімдей жастарымыз өлім құша бере ме? Бірақ осы сауалдардың бәрі жауапсыз қалып отыр.
Аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер!
Тағы бір жауынгер қайтыс болып, тағы бір отбасы қара жамылғаны жайлы ақпарат 17 қыркүйек күні әлеуметтік желіде тарады. Дінмұхамед Шынарбектің әпкесі Еңлік Қалтаева жеке парақшасында жазба жариялап, бауыры жұмбақ жағдайда көз жұмғанын хабарлады. Оның айтуынша, екі інісі Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. 2024 жылы күзде бір інісі Даниял Шынарбек әскерге аттанған, ал биыл көктемде оның егізі Дінмұхамед Шынарбек те армияға кетіпті.
«Екеуі әу баста әскери борышын бірге өтеп жүрген, алайда әскери ант бергеннен кейін Дінмұхамедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөлімге ауыстырды. Егіздерді айыруға болмаса да, оны бауырынан бөліп жіберді. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болып отыр. Олар Дінмұхамедтің асылып қалғанын хабарлады. Бауырым 29 тамызда 19 жасқа толған еді. Еңбекқор, ақкөңіл, болашаққа деген арманы көп жігіт еді... Оның өлімін суицидке балап жатыр, біз бұған сене алмаймыз. Бейбіт заманда жас жігіттер неге қырылып жатыр? Бізге шындық пен әділдік керек», – деп жазды Еңлік Қалтаева.
Ал қаза болған сарбаздың анасы Бибінұр Қалтаеваның айтуынша, егіз ұлының бірін былтыр күзде көшеден ұстап, армияға алып кетіпті. Ал кенжесі биыл көктемде өз еркімен әскери борышын өтеуге бел буған. Көпшілік қорғаныс министрлігі Қаңтар оқиғасынан бері көктем мен күзде жастарды аң аулағандай аңдып жүріп, ұстап әкетіп жатқанынан хабардар. Әскери комиссариат өкілдері кейде заңсыз әрекеттерге барып, оқитын студентті немесе денсаулығы жарамсыз жастарды да ұстап алған жағдайлар кездесті. Енді шенділер сол жастардың армиядағы бас амандығына кепіл бола алмай отыр.
Қайтыс болған сарбаздың анасы ел президентіне видеоүндеу жариялап, жанайқайын жеткізді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы, армияда не болып жатқанын білесіз бе? Аналар баласынан айырыла бере ме? Қыршын жастар өмірден оза бере ме? Армияға не болды? Неге бақылауға алынбайды? Неге мұның бәрі қараусыз қалады? Аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер! Біздің көзіміз жетті. Біз армия түзелді деп сеніп, баламызды жіберген едік. Мәйітін алып келе жатырмыз. Балаларыңызды әскерге жібермеңіздер», – деді ашынған ана.
Шенділердің үнсіздігі
Қорғаныс министрлігі осындай қайғылы жағдайларға бейжай қарайтындай әсер қалдырады. Министрлік мұндайда шұғыл ақпарат таратып, мән-жайды түсіндіруге асыққан емес. Бейбіт күнде бір отбасы баласынан айырылып, қайғырып отырғанына бір аптаға жуық уақыт болды. Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында да, әлеуметтік желідегі парақшаларында да бұл оқиға жайлы бір ауыз ақпарат жоқ. Тек Қазақстан құрлық әскерінің баспасөз қызметі шағын ғана атүсті түсініктеме беріпті.
Министрліктің ресми парақшасында «баласын әскерге аттандырып, төрт айдан кейін қайта көрген ата-ананың жүрекжарды жылы лебізі» деген видео жарияланыпты. Онда бір сарбаздың ата-анасы баласын аман-есен көргеніне қуанып, шенділерге алғыс айтып отыр. Дұрыс-ақ. Бірақ министрлік баласын әскерге тірідей беріп, табытын алған ата-аналарды неге жарияламайды?
Біз қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, осы сауалдарды қойдық. Мекеме өкілдері әдеттегідей жаттанды жауаппен құтылды. Айтуларынша, тергеуді ІІМ қарасты әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. «2025 жылғы 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді», – дейді министрлік өкілі. Мұндай атүсті жауапқа қанағаттанбай, Е-өтініш платформасы арқылы министр Дәурен Қосановтың атына бірнеше сауал жолдадық.
Бірақ Қосановтың едел-жедел қызмет етеріне сенім аз. Биыл Алматы облысы аумағында Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы (ұшақта 3 әскери қызметкер болған) жоғалып, бүкіл ел болып іздегенде қорғаныс министрі оқиға орнына бір аптадан кейін бір-ақ барған. Айтпақшы, ол кезде де министрліктің ресми сайты ақпарат таратуда сараңдық танытқанын байқаған едік. Бұрынғы министр Руслан Жақсылықов қоғам сынынан көз ашпай, президенттен де сын естіп, ақыры қызметінен кеткен еді. Ол сарбаздардың бас амандығына кепілдік бере алмайтынын мойындап, ажалы жеткендер өледі деп, қарап тұрған. Ал оның орнын басқан Қосанов бұрынғы бастығының қателігін жуып-шаюға дәл қазір дайын емес сияқты. Жаңа министр келсе де министрлік ескі сарынмен жұмыс істеп жатыр.
Әскерде сарбаз өлімі неге тыйылмай тұр?
Құлаққа түрпідей тисе де, айтуға тура келетін бір сөз бар. Кейінгі кезде жас сарбаз суицид жасады немесе соққыға жығылып, қайтыс болды деген ақпаратқа көптің құлағы үйрене бастағандай көрінеді. Бұрынғыдай ашынып, істің әділ тергелуін талап ететіндерден гөрі «әттеген-ай» деп, бас шайқап қана қоя салатындар көбейген. Бұл қоғам үшін үлкен трагедия. Сарбаз өлімінің азаймауына заң талабының әлсіздігі, жауапты шенділердің өз бас қамы үшін шынайы жағдайды жасырып, қылмысты жылы жабуы, әскери салада ашық тергеудің жоқтығы және қоғамның бейқамдығы себеп болып отыр. Ресми дерек бойынша кейінгі үш жылда 270 әскери сарапшы қаза тапқан. Соның көбі жабулы қазан күйінде қалып, өлім себебі анықталған жоқ. Егер әр іс ашық тергеліп, әділ жаза тағайындалса, суицид те, жұмбақ өлім де азаяр еді.
Әлімжеттік пен қысым, күш көрсету, ақша жинау – армиядағы сарбаз өлімінің басты себептері ретінде аталады. Экс-министр Жақсылықов жауынгерлердің суицид жасауына психологиялық әлсіздік пен отбасылық жағдай себеп болады деп мәлімдеген. Ал қазіргі министр Қосанов тізгін ұстағалы бұл тақырыпқа көп бармай жүр. Шамасы «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп санайтын сияқты. Бірақ оның жұмысқа ынтасы мен қарым-қабілетін Сорбұлақта жоғалған ұшақ оқиғасы кезінде аңғарғанбыз.
Шенділер не десе де, қалай ақталса да, армияда қордаланған проблема көп екені анық. Армиядағы әлімжеттік пен сарбаз өлімі неге тоқтамайды деген сұрақты мамандарға қойдық. Зейнеттегі подполковник Ғалымжан Сәдуақасовтың айтуынша, әскердегі өлімді дәл қазір тоқтату қиын. Өйткені бұл тереңге тамыр тартқан жүйелі мәселе. Оны шешу үшін жалпы жүйені өзгерту керек. Армиядағы суицидке көбінде қаржы мәселесі себеп болады деп санайды. Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың ойы да осыған үндеседі.
«Армияға жаңадан келген сарбаздардың өз арасында кикілжің болады. Сондай-ақ жас әскерді қарсы алып алатын келісімшартпен қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің арасында басбұзарлар бар. Солар жас сарбазға тізе батырады. Кейде офицерлер мұндай заңсыздыққа тосқауыл қоюдың орнына, өздері соған атсалысуы мүмкін. Әскери қызметтегі осы үш категория арасында күрделі байланыс бар. Қызметі үлкені ақша жинап, қаржылай мәселесін шешкісі келеді, кем дегенде кіші әскерді өзіне бағындырып алып, күнделікті қажеті үшін жұмыс істетіп қояды. Осы мақсатқа жету үшін жас сарбазды мүйіздеп, зорлық-зомбылық көрсету әдет болып кеткен. Бұл әдет мұнымен тоқтамай, сатылап көтеріле береді. Ал құқық қорғау органдары бұл мәселені шешуге ынталы емес. Осы тізбекті үзіп, осы проблеманы жоймай, әскердегі әлімжеттік тоқтамайды.
Суицид сарбаздар арасында ғана емес, жоғары лауазымды қызметкер арасында да бар. Бұл дерт күштік құрылымдар бойына әбден сіңіп алған. Жоғары лауазымды офицерлер кабинетінде тапаншамен атылып, белгісіз жағдайда көз жұмды дегенді де естідік. Армияда қол астындағы қызметкерлерден заңсыз ақша жинау сияқты әрекеттер бар екені де белгілі. Зорлық-зомбылық, суицид сияқты күдікті істер бұрын түрме жүйесіне тән еді. Қазір күштік құрылымдардың сипаттамасына айналды. Егер жоғары басшылар әділетті болып, заң бұзғандарды қатаң жазалайтын болса, Отан алдындағы ұстанымына берік болса, бүгінгідей жағдайлар мүлде болмас еді.
Күштік құрылымдардағы мұндай келеңсіздікті тоқтату үшін салаға терең реформа жүргізу керек. Біріншіден, күштік құрылымдардан өзіне тән міндетті ғана талап ету қажет. Екіншіден, әр буын басшылық қызметке мамандығы сәйкес келетін және қызметте ірі жетістікке жеткен офицерлерді тағайындау керек. Әскерді қару-жарақ және арнайы техникамен қамтамасыз ету қажет. Қаражатты қажетті және Отанға пайдалы шараларға жұмсап, шығыны көп, пайдасы аз шараларға қаражат бөлуді тоқтатқан жөн. Реформаны жүйелі түрде жобалап, жолдан таймай жүзеге асырсақ қана қорғаныс саласын оң бағытқа бұра аламыз», – дейді сарапшы.
Қазақ армиясы қазаны дұрыстап естіртуді де білмейді
Біз Дінмұхамед Шынарбектің туыстарына хабарласып, істің мән-жайын сұрадық. Марқұм сарбаздың Сандуғаш есімді әпкесі бауырының суицид жасағанына сенбейтінін айтты. Сондай-ақ ол әскерилердің бала өлімін ешқандай этикаға сай келмейтін жолмен хабарлағанына наразы.
«Бала өзіне-өзі қол жұмсады дегенді басшылар өз бастарын арашалап алу үшін айтып отыр. Екі бала да денсаулығы жақсы, психикасы мықты, дәрігерлер тексерісінен өткен балалар. Олардың суицид жасайтын еш жөні жоқ. Бұл ақпаратқа сенбейміз. Біздің ойымызша, баланы бірінші тұншықтырып өлтірген, содан кейін асып қойған. Біздің әулетте медицинадан хабары бар дәрігерлер бар. Солар баланың жағдайын көріп отыр. Суицидтің қандай болатынын олар жақсы біледі. Шенділер не айтса, соған көніп отыра беретін, ештеңеден хабары жоқ адамдар емеспіз. Біз істің әділ тергелгенін, кінәлі адамдардың тиісті жауапқа тартылуын талап етеміз. Әділдікке жету үшін соңына дейін барамыз.
Баланың мамасы сауда дүкенінде жұмыс істейді. Сонда жалғыз отырғанда қоңырау шалып, «балаңыз асылып қалды» деп естірткен. Бұл ақылға қонбайды. Өзі екі баласын армияға жіберіп, солар қашан келеді деп әрең жүрген анаға жалғыз отырғанда хабарласып, төбеден түскендей, балаң қайтыс болды деп естірту этикаға жат әрекет. Қаралы хабарды естіп, жалғыз отырған анасының өзіне бірдеңе болса, кім жауап береді? Ол аздай, баланың сүйегін алу да оңайға соққан жоқ. Бірде баланың денесін Қордайға алып барамыз деген хабар келді, біз сонда бара жатқанда Қордай қабылдамады, Таразға апаратын шығармыз деді. Кейін қайта хабарласып, Алматыға алып кеткенін айтты. Баланың денесі бірде анда, бірде мында деп, бізді психологиялық шаршатуға әрекет етті», – деді марқұм сарбаздың туысы.
2024 жылғы халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылығы жауапты екенін айтып, «әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады» деген. Бірақ ата-аналар мемлекетке деген сенімінен айырыла бастады. Қазір қоғамда баламды армияға жібермеймін дейтін ата-ана көбейді. Марқұм Дінмұхамедтің анасы өзгелерге «балаларыңызды армияға жібермеңіздер» деп үндеу жасағаны соның айқын көрінісі. Билік әскердегі тәртіпті тез арада түземесе, қазақ армиясына баратын адам қалмайтын шығар...
Қуаныш Қаппас