Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:32, 28 Ақпан 2025

«Бейбітшілік парадоксы». Әскери шығындар және баллистикалық қарулар

баллистические ракеты
Коллаж: Главред, фото: Википедия

Әлеуметтану ғылымында «Бейбітшілік парадоксы» (Peace Paradox) дейтін ұғым бар.

 Бұл соғыстың алдын алу үшін қорғаныс бюджеттерін ұлғайтып, әскерін күшейтетін мемлекеттердің қауіпсіздік үшін қарулануға мәжбүр болып, түбі мұндай текетірес соғыс отының тұтануына түрткі болатынын білдіреді. «Тыныштықты қаласаң, соғысуды үйрен» дейтін де тәмсіл бар. Бірақ түптеп келгенде драматургиядағыдай «егер пьесаның басында қабырғада мылтық ілулі тұрса, қойылымның соңында ол міндетті түрде атылуы керек» дейтін қағиданы еске алсаң, жағдай қорқынышты-ақ.

Әлемдегі ұйымдасқан зорлық-зомбылық пен қарулы қақтығыстар туралы мәліметтерді жинаумен айналысатын Уппсала университетінің Қақтығыстар деректер бағдарламасы (UCDP) 2023 жылы әлемде 59 мемлекеттік негіздегі қарулы қақтығыс тіркелгенін хабарлады. Бұл – 1946 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал кейінгі үш жыл ішінде әлемдегі зорлық-зомбылық деңгейі соңғы отыз жылдағы ең жоғарғы межеге жетіп отыр.

баллистикалық зымырандар
Фото: ТАСС / Автор: Иван Беляев

Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (IISS) 2024 жылғы әлем бойынша әскери шығындарының рекордтық деңгейге жеткенін айтады. Аталмыш институттың жүргізген The Military Balance есебі бойынша әлемдік қорғаныс шығындары өткен жылғыдан 7,4%-ға өсіп, 2,46 трлн АҚШ долларды құраған. Бұл шамалап айтқанда, БҰҰ-ның жылдық бюджетінен (3,5 млрд доллар) 702 есе көп. Яғни әлем әскери шығындардан бас тартып, осы қаражатты тек БҰҰ-ға бөлсе, ұйым 700 жыл бойы тұрақты жұмыс істей алар еді дегенді білдіреді.

Жалпы айтқанда, соғыс отының қоламтасы қоздай жөнелуге шақ қалып тұрған қазіргі геосаясаттағы мазасыз жағдай әлем елдерінің қарулану жарысына екпін беріп отыр. Бүгінде соғыс қаруларының жаңа буындары заманауи құралдармен жетілдіріліп келеді. Соның ішінде баллистикалық қарулар, әсіресе баллистикалық зымырандар, қазіргі әскери арсеналдың ажырамас бөлігіне айналған. Олардың стратегиялық маңызы, технологиялық дамуы және қорғаныс саласындағы рөлі ерекше.

Искандер-М
Фото: Михаил Воскресенский/РИА «Новости»

Қазіргі кезде дүниенің 31 мемлекеті баллистикалық зымырандарға ие деп айтылады. 2022 жылы Украинаға «арнайы операция» бастағалы бері Ресей «Искандер-М» баллистикалық зымырандарын, «Калибр» қанатты зымырандарын және «Кинжал» гипердыбыстық зымырандарын Украинадағы негізгі инфрақұрылым мен әскери нысандарды жою үшін кеңінен қолданды. Ал Украина өз кезегінде Батыстан жеткізілген Storm Shadow/SCALP-EG зымырандарын және кеңестік дәуірден қалған жетілдірілген жүйелерді Ресей шабуылдарын тойтару үшін пайдаланып отыр.

Баллистикалық зымырандар ұшу қашықтығына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Қазіргі Таяу Шығыс пен Украинада қолданылып жүрген «театр баллистикалық зымырандар» деп аталатын қысқа және орта қашықтықтағы зымырандар. Былтыр қарашада АҚШ Киевке Ресейдің әскери нысандарын тікелей атқылауға мүмкіндік бергенде, жауап ретінде Мәскеу «Орешник» операциясын жүзеге асырып, Украина қалалары мен стратегиялық энергетикалық инфрақұрылымына зымыранмен жаппай соққы жасаған еді. Алғашқыда Украина тарапы мұны құрлықаралық баллистикалық зымыран болуы мүмкін деп топшылағанымен, артынша Мәскеу бұл ақпаратты теріске шығарып, «Орешниктің» орта қашықтыққа арналған зымыран екенін айтқан. Оның үстіне, АҚШ пен Ресей арасындағы келісім бойынша 5500 шақырымнан қашық нүктені атқылай алатын баллистикалық зымырандарды ұшырмас бұрын ядролық державаларға хабар берілуі тиіс. Өйткені құрлықаралық баллистикалық зымырандар (ICBM) негізінен ядролық оқтұмсықтарды алыс қашықтыққа жеткізу үшін жасалады. Қазір ядролық қаруға ие АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Үндістан сияқты елдерде ICBM бағдарламалары бар.

Өткен жыл Таяу Шығыстағы зымырандардың дүрсілімен есте қалды.Әсіресе Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыстарда және Йемендегі хуситтердің Қызыл теңіздегі шабуылдарында зымырандық соққылар маңызды рөл атқарды. Иранның сәуір және қазан айларындағы Израиль әскери инфрақұрылымына бағытталған ең ауқымды зымыран соққыларын израильдік әуе қорғаныс жүйелері және АҚШ, Ұлыбритания, Иорданияның қолдауымен толықтай дерлік қағып түсірген.

Дегенмен баллистикалық зымырандардың соңғы жетілдірілген нұсқаларын қорғаныс жүйелеріне де дес бермей отыр. Мәселен, дыбыстан 5 есе жылдам гиперсоникалық зымырандарды қазіргі әуе қорғаныс жүйелері анықтай алмайды. Мұндай зымырандар қазір Ресей, АҚШ, Қытай сияқты санаулы мемлекеттерде ғана бар. Иран, Үндістан, Солтүстік Корея да гипержылдам қаруларын сынақтан өткізіп көрген. 2021 жылы Financial Times газеті тамыз айында Қытай дыбыстан да жылдам ұшатын зымырандық қаруды сынақтан өткізді деп жазған еді. Қызығы, ракета жер шарын бірнеше рет айналып өткенімен, әуе шабуылына қарсы бірде-бір қорғаныс жүйесі байқамаған. Мұның себебі гиперсоникалық зымыран атмосфера ішінде қисық сызықты (маневрлік) траекториямен ұшады. Сондықтан параболалық траекториямен әуелі тіке атмосферадан шығып, кейін нысанаға тиетін баллистикалық зымырандарға қарағанда гипержылдам зымырандарды анықтап, қағып түсіру қиын. Оның үстіне, мұндай зымырандар толықтай басқарылып, маневр жасай алады.

Қазір қару өндірісіне жасанды интеллекті де етене араласып келеді. Мәселен, баллистикалық зымырандарды ЖИ дәлірек, тиімдірек және автономды ете түсті. Бұл дегеніміз – зымыран ұшу кезінде нысананың ауытқуын болжап, бағытын өзгерте алады деген сөз. Кейбір ЖИ-ге негізделген зымырандар қарсыластың радарларынан жасырыну үшін төмен биіктікте де ұша алады, зымыранды анықтау және жою жүйелерін алдап, қарсылас тараптың қорғаныс шараларын айналып өтеді. Тіпті нысанадан мүлт кеткен жағдайда өзін-өзі жою функциясы да бар. Қазір Ресейдің «Авангард», «Искандер-М», Қытайдың DF-ZF, DF-17, АҚШ-тың AGM-183A ARRW, Trident II (D5)зымырандарында ЖИ технологиялары пайдаланылған. Rocketman аталып кеткен Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын де осындай соңғы үлгідегі қаруларын жиі сынап жүр.

баллистикалық зымырандар
баллистикалық зымыран. Фото: ашық дереккөз

Жасанды интеллектпен басқарылатын автономды қаруларды шектеу қажеттілігін халықаралық қауымдастықтар бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Ал БҰҰ-ның Қауіпті қару-жарақ жөніндегі конвенциясы (CCW) шеңберінде 2013 жылдан бері автономды қаруларға тыйым салу немесе заңдастыру бойынша кездесулер өткізіледі. 2019 жылы CCW-ға мүше елдер автономды қарулардың әскери қолданылуына қатысты «қатаң адами бақылаудың» қажеттілігі туралы келісімді ұсынғанымен, мұндай жүйелердің дамуын қолдап отырған АҚШ, Ресей мен Қытай оларды шектеу немесе толық тыйым салу бойынша нақты шешімге келе алған жоқ. Әскери державалар мұндай технологиялар соғыс кезінде адам шығынын азайтып, әскери операциялардың тиімділігін арттыруға көмектеседі дегенді алға тартады. Дегенмен автономды қаруларды қолданудың этикалық және құқықтық мәселелері әлі де бұлыңғыр. Human Rights Watch секілді халықаралық үкіметтік емес ұйымдар Campaign to Stop Killer Robots сияқты жаһандық науқан аясында бұл қаруларға толығымен тыйым салуды талап еткен. Олардың пікірінше, шешім қабылдау процесін тек жасанды интеллектке тапсыру адам хақы мен халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы келеді. Өйткені мұндай қарулардың соғыс жағдайында бейбіт халықтың өміріне қауіп төндіру ықтималдығынан бөлек, бақылаудан шығып кетуі де мүмкін дейді.

Ең бастысы, мұндай зымырандардың бәрі ядролық оқтұмсықтарды нысанаға жеткізуге қабілетті құралдар. Үрейлісі де осы. Сонымен, әлем ядролық қарудан бас тартты дегенмен де, қабақ бағысып, қимыл аңдысқан қазіргі беймаза шақта әлемнің тас-талқанын шығаратын алапат күшті уысында ұстағандар ұшқыр зымырандарымен айбар шегіп, жондарын күжірейтіп отыр.

Қосқанат Бауыржан