«Бейімбет жау болса мен де жаумын»

Бейімбет Майлин 1937 жылы 6 қазан күні тұтқындалды. Бұдан 53 күн бұрын Ілияс Жансүгіров, 12 күн бұрын Сәкен Сейфуллин тұтқындалған-ды. Бұлар Совет өкіметінің қанды шеңгеліне ілінген алғашқы арыстар еді. Әрине, Б.Майлинді бір күнде бас салып ұстай салған жоқ. Ең әуелі «қаралау, кінәлау» «жазықты етіп көрсету» науқаны жүргізілді. Көзсіз қаралау, орынсыз мінеп, сынаушылар алғашқылардың қатарында Б.Майлинге шүйлікті.
Мысалы, «Социалды Қазақстан» газетінде 1937 жылы жариялаған мақалалардың бірінде Бейімбеттің 1925 жылы жазылған зиянды пьесасының 1935 жылы қайталай басылғанын сынай отырып: «Бейімбет «Майдан» мен «Қырман басындадан» қазіргі тақырыпқа көрнекті ешнәрсе жазған жоқ» дейді. Сондай-ақ: «Сәкеннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасы сынға алынып жатқанда, Бейімбет, Мұхтар қатарлы драматург жазушылар пьесаның кемшіліктері туралы пікір айтпастан қалды» дейді. Мұндай басы-көзге төпелеп сынаушылар қатарында ендігіде белгілі қаламгерлер де атсалысады. Мәселен, 1937 жылы жарияланған Ә.Тәжібаевтың «Большевиктік өзара сын, сапалы шығарма керек» деген мақаласында: «Драма секциясының басшылары Бейімбет, Мұхтарлар неше жылдар бойына сол секцияның ұйымдастыру жұмысына инедей пайда келтірген емес, жас драма жазушыларды бір рет те болса жинап, көріскен, танысқан емес. Бұлар неге үндемейді? Ұйым бұлардан неге жұмыс талап етейді» деп шүйлігеді. Бейімбеттанушы С.Байменшиннің деректеріне сүйенсек, «жаптым жала, жақтым күйе» науқаны 1937 жылдың орта шенінде «Социалды Қазақстан» газетіне Жүсіпбек Арыстанов жауапты редактор болып келгеннен соң үдей түскен. Әсіресе басылым бетінде авторы белгісіз жалалы мақалалар жиі жарияланатын болған. «Соның бірі «Жинақтар» туралы немесе Алаш – ордашыл контрабанданың тағы бірі туралы» деп аталады. Мақалада М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, І.Жансүгіровтің жинақтары сөз болады. Сонымен бірге газет: «СҚ» бұдан үш ай бұрын Майлин Бейімбеттің толық жинақтарындағы, әсіресе оның IV томы туралы, онда үлкен сорақы қателіктер кеткені туралы жазып еді. Оның немен аяқталғаны оқушыларға мәлім деп жазды. – Қарастыра келгенде, «Толық шығармалар жинағын» бастыру басты жазушыларымыздың арасындағы салт екендігі байқалып отыр. Жақсы нәрселерін жинастырып басса бір сәрі-ау, алғашқы кездегі брактарын да, идеология жағынан мүлде жат, саяси жағынан қате, көркемдік жағынан құнсыз шығармаларын да жинап, бастырып шығаруды әдет қылып алған».
«Социалистік Қазақстанның» бұл мақаласын Бейімбет өзі ең соңғы рет жауапты редактор ретінде қол қойған (14 шілде, 1937 жыл) «Қазақ әдебиеті» газетінің 30-шы нөміріне көшіріп басты» дейді С.Байменшин.
Бейімбетті қаралау бұдан кейін де жалғасты. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылы қазан айындағы санында «Құрметті» редакторлар, иесіздікке ұшыраған журналдар» деген авторсыз материал жарияланады. Онда «Ауыл мұғалімі», «Колхозды Қазақстан» сияқты журналдардың редакторлары сыналады, сонымен қоса «Қазақ әдебиетінің» редакторы Б.Майлиннің де жұмысын сынға алады. Тіпті оны газет ісіне бір жылдан бері араласпады, алайда тиесілі айлығын алып отыр. Осының кесірінен газеттің сапасы түсті деген сыңайда «мін» тағады. Міне, осындай еш негізсіз, қисынсыз, авторсыз жазылған жалалы, күйелі «мақалалар» ақыры Б.Майлинді «халық жауы» атандырып, ұстатып тынды.
Бұл кезде жағдайдың күрделеніп, қалам ұстаған ақын-жазушылардың басына қара бұлт үйіріле бастағаны анық еді. КГБ-ның түн жастанып суыт келетін «қара құзғын» атанған көлігінің енді кімнің есігін қағары да белгісіз-тұғын. Алайда бұл аяусыз қанды шеңгелге алғашқылардың бірі болып Б.Майлин ілінеді деген күдік көп адамның қаперінде болмаған сыңайлы. Оған Бейімбеттің дүние ісінен алшақ, жазу-сызудан өзгеге мойын бұрмайтын, пенде баласына қиянаты жоқ болмысы себеп болса керек. Сондықтан да «Бейімбет ұсталыпты» деген суық хабар естігеннің жанын түршіктірді. Тіпті Майлиннің қаламдас, сыйлас інісі Ғ.Мүсірепов заманның қабағына қатқан сызға, өзіне төніп тұрған қатерге қарамастан: «Бейімбет жау болса мен де жаумын» деп айтып салды. Кейіннен афоризмге айналып кеткен бұл сөзді Мүсірепов «батырлығымнан емес, Бейімбеттің кінәсіздігіне сенгендігімнен айттым» дейді. Белгілі ғалым Т.Кәкішұлына берген сұхбатында Ғ.Мүсірепов Бейімбеттің ұсталған кезін және одан кейінгі жағдайды былай еске алады: «...осы мына Қаракестекте күллі әртістер, «Ленфильмнің» адамдары жаз бойы «Амангелді» фильмін түсіріп жатқан. Бейімбет ұсталардан бір-екі жеті бұрын маған Мирзоян: «Сәкен мен Ілияс ұсталып кетті. Енді, міне, Бейімбет те ұсталайын деп отыр. Материал көп» деп қынжыла айтты. Содан мен Мирзояннан: «Онда мына фильмді қайтеміз?» деп сұрадым. «Түсіре берсін фильмді. Бір амалы табылар, ол фильм керек ғой» деді ол. Айтқандай-ақ, Бейімбетті Қаракестектен ұстап әкетті ғой.
Оны естіген Жазушылар одағында партия жиналысы болды. «Мына Бейімбет ұсталды. Сәкен ұсталды. Бейімбеттің достары бар» деп, қырағылық көрсетіп, атымды атамаса да тие-тиісті сөйлеп жатыр. Мен партия жиналысында айттым. «Бейімбет ұсталыпты, мен де естідім. Бірақ Бейімбет халық жауы емес, Бейімбет халық жауы болса мен де халық жауымын». Бұл менің батырлық істейін деп айтқаным емес. Бейімбеттің тазалығына, қақ-соқпен жұмысы жоқтығына біржола сенген сөзім» дейді. Мүсірепов өзінің әдебиетке келуіне тікелей қамқорлығы тиген, жанашырлық танытқан, кейіннен сырлас, қаламдас досына айналған Бейімбетке төнген қатердің бетін қайтару үшін осылай ақтап сөйлеген де болар, дегенмен мұнда Мүсірепов Майлиннің адалдығына да сенген көрінеді. Дәл осындай Бейімбеттің ұсталғанына өкінген, оның кіршіксіз адалдығынан сүйсінген қаламдас інілерінің бірі Х.Есенжанов. Жазушының жары София Тастемірова өзінің «Аяулы тұлға» деп аталатын естелігінде Бейімбеттің ұсталуына қатысты мынадай оқиғаны баян етеді: «Сондай күндердің бірінде Хамзаның үйге сұрқы қашып, дегбірсізденіп келгені. – Жұмысыңда жайсыздық болды ма деп, жұбатайын десем, басылар емес.
– Бүгін таң алдында әкейді ұстап әкетіпті, – дегені көз аясы мөлтілдеп жасқа толып. Бетімнен біреу шапалақпен салып жібергендей болды. Әкей деп отырғаны, кәдімгі Бейімбет Майлин. Қара сөздің зергерін Хамза сонша құрмет тұтатын. Атын атауға батпай әкей дейтін. Біз де солай деп кеткенбіз. Жүрегім бір жамандықты сезгендей, буыны құрғыр босап, сүйегім үгітіліп, аяғымды баса алсамшы. Әлден уақытта: – Не үшін? Не үшін, құдай-ау! – деп дауыстап жібергенімді білемін.
– Әкейдің тірі пендеге қылдай қиянаты болды дегенге мен сенбеймін. Жан иесін бұл заманда жақсылығы үшін қинайды екен-ау». Бейімбетті айнала төңірегі қаншалық сыйлағанын, қаншалық қалтқысыз жақсы көргенін осы естеліктердің өзі айғақтап тұрса керек. Шынымен де Бейімбет «жақсылығы үшін» қиналды. Ішінде ит өлген әзәзілдер оны жамандыққа қиды.
Сонымен Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов сценарийін жазған қазақтың алғашқы көркем фильмі «Амангелдінің» түсірілімі аяқталады (кейіннен фильмнің титрынан Бейімбеттің аты алынып тасталды). Б.Майлин Алматыдағы үйіне (жазушыны тергеу кезіндегі «Тұтқын анкетасында» тұрғылықты жері «Алматы, Лагерьная көшесі, 44 үй, 3-қор, 20 пәтер» деп көрсетілген) үйіне балаларының жанына қайтып келеді. Жары Гүлжамал «ертең барамын» деп Қаракестекте қалып қояды. Дәл сол күнгі жазушының көңіл күйін белгілі жазушы, бейімбеттанушы ғалым Т.Бейісқұлов былай суреттейді: «...Әйткенмен ол күні қобалжулы күй кешеді. Балаларымен көп ойнап, алаңдаған, алып ұшқан көңілін, алабұртқан жүрегін баспақ болып әрекеттенген. Жазуға отыруға құлық жоқ. Күй таңдамай, жағдай іздемей, отырған жерінде қаламын сүйкеп жаза беретін Бейімбет дағдарып, көңілі құлазиды». Ақыры мазасыз күй үстінде көзі ілінеді. Қалың ұйқының құшағында жатқан Бейімбетті бір кезде қызыл жендеттер оятып: «Азамат Майлин, тұрыңыз, сіз ұсталдыңыз!» дейді. Бейімбет еш қарсылықсыз қолын көтеріп бағынады. Ары қарай жазушының үйін тінтуге кірісті. Жиған-терген кітаптарын, қолжазбаларын тәркіледі (жазушының тергеу ісінде төмендегідей заттардың тәркіленгені туралы айтылады: 1. №5031347 паспорты; 2. №1559793 партбилеті; 3. №1707 Жазушылар одағының мүшелік билеті. 4. 6 қанар (тюков) қолжазбасы. 5. 6 қанар кітаптары. 6. 27 фотосурет салынған тері портфелі). Өзін КГБ-ның тас түрмесіне апарып қамайды. Соңында ұлардай шулап, үрпиісіп балалары қалады.
1937 жылы 8 қазан күні Қазақстан жазушылар одағында арнайы жиналыс өтіп, онда Б.Майлинді партиядан шығару ісі қаралады. Мұнда Майлинді қаралаумен қоса оның жақын серігі Ғ.Мүсіреповті де аяусыз сынайды. Т.Бейісқұловтың дерегінше, осыдан соң «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде Б.Майлинге қосақтап Мүсіреповті сынаған, мінеген, С.Мұқановқа «сөгіс жариялаған» мақалалар жарияланады. 8 қазан күнгі жиналыстағы баяндамалардың да жазбаша нұсқасы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылады. Онда Т.Жароков: «Мүсірепов әлі шынын айтқан жоқ. Ол ұдайы халық жауы Майлин туралы сөз бола қалса, Мүсірепов оны мақтай жөнелетін еді, қанатының астына алатын еді. Біз Майлин әшкереленіп, қолға түспестен бұрын оның қазақ халқының ежелгі жауы екенін «Қазақ әдебиеті» газетіне жаздық. Бірақ Мүсірепов КК(б)П Орталық комитетінің атқару бөлімінің бастығы болып тұрғанда газеттің осы нөмірін конфиске жасатты, шығарттырмады, газетке Майлин туралы жазылған мақаланы өз қолымен түзеген соң газет жарыққа шықты. Мүсірепов халық жауы Майлин әшкереленбей тұрғанда «мен Бейімбетке сенемін, сондықтан онымен жақын жолдаспын, ол туралы не болса да мойныммен көтеремін» дейтін еді. Шынында, Мүсіреповтің халық жауы Майлинмен идеясы бір» дейді. Мұның ақыры «халық жауларымен ауыз жаласқан, олардың жетегіне ерген» С.Мұқановты партия қатарынан шығарумен тыныс табады.
Бейімбетті тергеу алты айға созылады. Тергеу ісі бір том. Осы орайда бейімбеттануға сүбелі үлес қосқан, Бейімбеттің тергеу ісін алғаш рет Ұлттық қауіпсіздік комитетінен алып танысқан Т.Бейісқұловтың еңбегін айрықша атап айтқанымыз жөн. Бейісқұловтың дерегінше Майлинге: «58-статьяның 10,11-баптары бойынша кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізілгені үшін айып тағылған. Енді бұдан бас аман қалады деп үміттену бос әурешілік. Кейін айыптары көбейіп, алатын жазасы бұрынғыдан да ауырлай түскен. Жалпы, 58 статья бойынша контрреволюциялық қылмысқа жатқызылады екен».
Бейімбеттің «Тұтқын анкетасында» оны бар мал-мүлкін, меншік жерін, үйін қалдырмай атауды сұрайды. Бұған Майлин «ештеңем жоқ» деп жауап береді. Шынымен де өмір бойы қалам мен қағазды серік еткен, одан өзге дүниеге қызықпаған, мойын бұрмаған жазушыда не байлық болсын. Бұдан соң «Ақ әскердегі қызметі және шені» деген сұраққа «Алаш Орда отрядының еріктісі, қатардағы» деп жазылған. Негізі 1918 жылы Бейімбет Алаш Орда отрядына қатардағы жауынгер болып жазылғаны шындық. Алайда оны «үлкен қылмыс» деп атауға да келмес. Бұл жөнінде Т.Бейісқұлов былай дейді: «Табиғатында халқына қай жақтан жақсылық болса, солай қарай аңсары ауып, икемделетін Бейімбеттің отряд қатарына қосылуы шектен айып бола ала ма, ол заңды құбылыс еді. Егер бұл кемшілігі кінәлауға қажет болса, Бейімбеттің А.Жангелдин жауынгерлеріне мәдени жәрдемін бергені құптарлық іс деп неге ескерілмеді, неге айыбы жеңілдетілмеді? Бейімбеттің Алаш Ордада болуы содырлы сынның да, «халық жауы» деп айыптаудың да бастауына айналып кетті де, ақыры қайғылы қазаға апарып соқты». Сондай-ақ осы анкетада «саяси өткендегісі» деген сұраққа Майлиннің жауабы ретінде «Алаш Ордада болдым» деп жазылған. Оның атылуының бір себебі де осында жатса керек. Енді мынаған назар аударыңыз, Б.Майлин «әлеуметтік жағдайы» деген сұраққа «батырақ, кедей» деп жауап берген. Кедейдің зарына құлақ асады дейтін Совет өкіметі алайда оның бұл жауабына еш назар аудармаған, себебі олардың көздегені, діттегені өзге дүние, қалайда Майлинді халық жауы етіп шығару тиіс. Сондықтан да «Алаш Ордада болдым» деген сөзге салмақ салып, «кедеймін, батырақпын, ешқандай жиған мүлкім, дүнием жоқ» деген жауаптарды ысырып тастаған.
Б.Майлиннің тергеу қорытындысында оны «антикеңестік ұйымның террористік-арандатушы және шпиондық бүлікшілік ұйымның белсенді мүшелерінің бірі» деп айыптап, зиянкестік әрекетін бұл ұйымға кірерден бұрын жүргізгенін атайды. Сондай-ақ «әдебиетте антикеңестік ұлттық насихат жұмыстарымен шұғылданған» делінеді. Бұл сөзге уәж ретінде жазушының «Жалбыр», «Майдан», «Талтаңбай» секілді шығармаларын «кеңеске қарсы» деп атайды. Ақырында, «РСФСР қылмыстық кодексінің елу сегізінші бабының, екі, жеті, сегіз және он бірінші тармақтарында көрсетілген қылмыстары үшін айыпталады» делінеді.
Көрдей түрмеде, жан төзгісіз қинау мен азап астында өткен Б.Майлиннің жарты жылы да ақырласады. Сөйтіп жабық коллегия мәжілісінде оған үкім оқылады. Бұл – 1938 жылдың 26 ақпан күні болатын. Сот түскі саған 12:30-да басталып, 12:45-те аяқталады. Сот небәрі 15 минутқа созылады. Т.Бейісқұлов келтірген деректерге сүйенсек, үкімде Б.Майлиннің қылмыстық ісі қаралғаны туралы айта келіп: «Кеңес өкіметін құлату мақсатымен Қазақстанды қарулы көтеріліс арқылы Кеңес одағынан бөліп әкетіп, Жапонияның жетекшілігімен қазақ буржуазиялық құруды көздеген контрреволюциялық, буржуазияшыл-ұлтшылдық, көтерілісші-террористік және бүлдіруші-зиянкестік ұйымға қатысқаны анықталды» дейді. Майлинге бұдан тыс та біраз «айып» тағылады. Оның қатарында «1918 жылы Алаш Орда деп аталатын контрреволюциялық ұйымның мүшесі болып, қызыл әскерге қарсы қарулы күреске қатысты» делінеді. Міне, осы ұзын сонар, бастан аяқ жала мен негізсіз айыптаудан тұрған үкімге сай Б.Майлин 1938 жылы 26 ақпан күні Алматыда атылады. Деректерге сүйенсек, дәл сол күні 37 адам атылыпты. Олардың қатарында Б.Майлинмен қоса І.Жансүгіров, І.Қабылов, С.Қаратілеуов, Ж.Шанин, Қ.Жүсіпбеков бар.
Тірі жанға зәбірі тимеген Б.Майлин осылайша жендеттік жүйенің тіс-тырнағына ілініп, құрбанына айналды. Белгілі журналист Төлеубай Ермекбаевтың мына бір естелігі жазушының жанының қаншалық нәзік, мейірімге толы болғанын айғақтай түсетіндей: «Би-аға қамалған кезде отбасында жары мен үш ұл, екі қызы қалған. Ол өте балажан адам болған екен. Бейімбет әйелімен түрмеде болған бірінші және соңғы кездесуінде:
– Гүлжамал, саған бір аманатым бар. Анау үшеуі ұл ғой, қиындыққа мойымас. Екі қызымды сағындым. Енді келгеніңде сол екі қалқамды ала келіп, бір иіскетіп кетші маған! – депті де, көңілі бұзылып, теріс айнала беріпті. Амал нешік, Би-ағаның осы ақырғы аманатын орындаудың орайы келмеген көрінеді». Иә, шынымен де қылышынан қан тамған қызыл өкімет ештеңеге де мойын бұрғызбады. Көкірегі махаббатқа толы, әдебиеттен өзге дүние бар деп білмейтін. Бар мұратын қалам мен қағаздан тапқан Б.Майлиннің демін үзген соңғы үкімнің қысқаша тарихы, міне, осылай.
Б.Майлин 1957 жылы ақталды.
Жақсылық Қазымұратұлы