Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Бейнелеу өнеріндегі режиссерлік кадрлар

Әубәкір Ысмайылов
Әубәкір Ысмайылов

Әубәкір Ысмайылов шығармашылығы туралы

Өз дарынын өнердің бірнеше саласында көрсете білген әмбебап тұлғалар болады. Сондай суреткердің бірі – Әубәкір Ысмайылов. Ол – халық арасында суретші ғана емес, актер және режиссер ретінде танымал. Сондай-ақ қазақ биінің дамуына қосқан үлесі де елеулі: 1930 жылдары Қазақстанның әр аймағында театр сахналарында еңбек етіп, музыкалық және ауызша фольклорды жинаумен қатар, ұлттық би элементтерін сахналық қойылымдарға енгізіп, дәстүрлі киімдердің нобайларын да жасағаны белгілі. Сонымен қатар ол домбыра, пианино, гармонь және гитарада еркін ойнап, халық ертегілері мен аңыздарын шебер әңгімелеуімен де танылған. Бұл – оның жан-жақты болмысының бір ғана көрінісі. Шын мәнінде, Ә. Ысмайылов тұтас дәуірдің өнерін арқалаған ірі тұлға.

Әубәкір Ысмайылов
Әубәкір Ысмайылов

1989 жылы кино тақырыбына арналған «Жаңа фильм» журналында «Аубакир фон Мюнхаузен» атты мақала жарияланды. Онда кинооператор және кинорежиссер М.Беркович суретшінің сөз саптау өнері мен әзіл айту шеберлігі туралы естеліктерімен бөлісті. Мақала авторы суретшінің өз әңгімелерін шебер жеткізе алатынын, импровизация жасап, жаңа сюжеттер ойлап табатынын және өзінің таланты арқылы әйгілі Мюнхаузенді еске салатынын баса айтты.

Көңілді әрі ашық-жарқын Ә. Ысмайыловтың тағдыр бастауы – ол да бір қызық әңгіме.

1913 жылы Қарағанды облысы Тельман ауданының №6 ауылында дүниеге келген Ә.Ысмайыловтың өмір жолын шығармашылық калейдоскоп десек артық болмас. Оның суретшілік сапары ұлттық дәстүр мен қоғамдағы өзгерістердің ұштасуынан дамып жатты. Балалық кезі Кеңес өкіметінің орнауымен тұспа-тұс келді. Әлі де сенімсіздік пен дүрбелеңге толы заман болғанымен, бұл кез өнердің әртүрлі салаларының дамуына жақсы ықпалы тиіп жатты.

Әубәкірдің өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталды. Бала кездегі оның сүйіп ойнайтын ойыншығы балшық болған екен. Балшықтан әртүрлі ойыншықтар жасап, әсіресе жылқылардың мүсіндерін құрастыруға құштар болыпты. Бір қызығы, суретші өмір сүрген ауылда немістер көп болған екен. Сол себепті неміс тілінің ерекшелігі, неміс ұлтының мәдениеті жас өнерпаздың дүниетанымын кеңейтіп, оның шығармашылық қызметіне жаңа бояулар мен идеялар қосып отырған.

Әубәкір Ысмайыловтың кәсіби суретшілікке қарай жарқын бетбұрысы 1927 жылы басталады. Сол жылы ол Омбыдағы М.Врубель атындағы кәсіптік көркемсурет техникумының қазақ жастарына арналған студиясында білім алып, шығармашылық дарынын ұштаудың алғашқы қадамын бастады.

«Қазақ халық эпосына» иллюстрация. Қағаз, акварель
«Қазақ халық эпосына» иллюстрация. Қағаз, акварель

Білімін жетілдіру мақсатында ол 1928 жылы Полиграфия институты болып қайта құрылған Жоғары көркемсурет-техникалық институтының графика бөліміне қабылданды. Мұнда орыс графикасының шеберлері В.Фаворский мен С.Герасимовтың дәрістерін тыңдап, шеберлігін шыңдады.

Мәскеу суретшінің ынтасын ашты, мұнда ол өнердің сан қырлы әлеміне тап болды. Мәскеудегі жоғары көркемсурет оқу орнында оқып жүрген кездің бірінде Әубәкірге достары плакат салып ақша табуды ұсынған екен. Бұған бірден келісе кеткен жас суретші достарымен тапсырыс іздеуге кірісіп, плакат жазатын шеберханаларды шарлайды. Жұмыс іздеген бір топ студенттердің қарасын сол кезде Владимир Маяковский байқап қалған екен. Студенттердің жұмыс таба алмай жүргенін білген ақын жастарды арнайы бір бөлмеге ертіп барыпты. Бөлмеге кірісімен еденде ұзынынан жайылған қағаздың үстіне Маяковский қызыл армия әскерінің және жұмысшылардың бейнесін салып, плакатқа өлең жолдарын жазып шығыпты. Сөйтіп жұмысты аяқтағасын: «Міне, бұл біздің бірлесе жасаған туындымыз» деп, жұмыс төлемақысын барлық студентке бөліп берген екен. Онымен қоймай, таңертеңге дейін тағы да сол секілді жүз плакат жасауға тапсырыс алыпты. Бұл оқиға шығармашылық ынтымақтастық пен тәлімгерліктің жарқын үлгісі ретінде Әубәкірдің өмірбаяны мен шығармашылық жолында терең із қалдырады.

Елге оралған соң Әубәкір саяси карикатура мен плакат жанрында көп еңбек етті. Халық байлығын талан-таражға салушыларды, Кеңес өкіметінің қас жаулары мен күндеушілерді, дүниежүзілік империализмнің тіміскі әрекеттерін әшкерелейтін сатиралық суреттерді республикалық баспасөз бетінде жиі-жиі жариялап тұрды.

1930 жылдар республикамызда кәсіби, мәдени орталықтардың қалыптаса бастаған уақыты басталды. Осы жылдарда алғашқы галереялар құрылады, көркемсурет студиялары ашылып, көркемсурет училищелері, яғни арнайы оқу орындары іске қосылады. 1933 жылы әртүрлі көркемсурет топтарын біріктіретін Қазақстан суретшілер одағының Ұйымдастыру бюросы құрылды. Суретшілер Одағы бірден өз қолына суретшілер шығармашылығын алып, бейнелеу өнерінің барлық формаларын жетілдіруге тырысты.

Ұлттық өнердің дамуына деген ынтасы мен жаңашыл көзқарасымен көзге түскен Ә.Ысмайылов 1933 жылы Қазақстан Суретшілер одағының алғашқы төрағасы болып сайланды. Енді ғана құрылған суретшілер одағының сол кездегі жағдайы туралы Ысмайылов: «Біз мүлде аз болдық: Қастеев, Болхаев, Крутильников, Леонтьев – Одақтың 17 мүшесі ғана едік. Біздің жұмысымыздың бағыты енді ғана анықталып, толыққанды зерттелмеген еді» деп еске алады.

Елімізде театр мен кино өнеріндегі үлкен эволюцияны байқаған Әубәкір 1934 жылы Мәскеу қаласына театр режиссері мамандығын жетілдіру мақсатымен Мемлекеттік театр институтындағы А.Судаковтың шеберханасына оқуға түседі.

1936 жылы суретші Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің Онкүндігіне қатысты. А.Бортников, Ә.Қастеев, Н.Крутильников, А.Риттих, Қ.Қожықов, Н.Хлудов шығармаларымен қатар, Үлкен театр филиалының фойесінде Ысмайыловтың да шығармалары қойылды.

1938 жылы оқуын бітіріп келген Әубәкір бірден Қазақ Академиялық драма театрына режиссер болып орналасты. Театр сахнасында ол: «Исатай – Махамбет» (1938), «Отелло» (1939), «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (1943), «Жомарттың кілемі» (1945), «Қонақүйдің иесі» (1947) сияқты бірнеше спектакльдерді қойды.

Театр мен сурет өнерінен бөлек, 1930 жылдары Ысмайылов қазақтың сахналық билерін құруға белсене атсалысты. Ол тұңғыш болып кәсіби сахнада қазақ ұлттық билерін орындап, ұлттық би өнері мектебінің негізін қалаушылардың біріне айналды. 1939 жылы Қазақ Мемлекеттік филармониясының қасынан Қазақстанда алғашқы Халық биі ансамблін ұйымдастырды және жетекшісі болды. А.Жұбановпен, Х.Ерғалиевпен бірге халық арасында сақталған Құрманғазының күйлерін, күйші туралы аңыздарды, оның түр-тұлғасы туралы мағлұматтарды жинау үшін көп уақыт елді аралады, халық хореографиясын жете зерттеп, кейіннен балетмейстер Д.Әбіровпен бірігіп «Қазақтың халық биі» деген кітапты баспаға әзірледі.

1940 жылдары Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» фильміне режиссердің ассистенті болып қызмет жасады.

Алпамыс батыр
Әубәкір Ысмайылов графикасындағы қазақ эпосы Алпамыс батыр. 1943. Қағаз, акварель

1960 жылы суретшінің өнер саласындағы қызметі ескеріліп, оған «Өнер қайраткері» атағы берілді, ал кейін 25 жылдан соң Қазақстанның халық суретшісі деген мәртебеге ие болды.

Сондай-ақ 1960 жылдары «Біздің сүйікті доктор» фильміне түсіп, басқа да киноларда актерлік қырын танытты. 1969 жылы атақты «Тақиялы періште» мюзиклінде Нияздың рөлін сомдады.

Шығармашылық ағыны еш тоқтамаған Ысмайылов 1960-70 жылдары кескіндеме жанрына ерекше көңіл бөліп, тарихи көріністер, портреттер, ұлттық салт-дәстүр мен социализм құрылысы тақырыбындағы жұмыстарын жасады. Суретшінің жазған туындылары турасында: «Мыңжылдық тау шыңдарындағы мәңгілік қарлардың бұзылмаған тазалығы, құрғайтын да, қайта қалыптасатын өзен төсінде тоқтамай ағып тұратын өзен ағындары, көз тоймайтын шексіз даланың кеңдігі, ежелгі аңыздар желбіреген даланың аурасы – бұлардың барлығы Ә.Ысмайыловтың пейзаждарында және халық эпосының қиялында тіріліп шығады» деп жазды өнертанушы Р.Ерғалиева.

Дегенмен оның шын шығармашылық даралығы бояумен жазған картиналарында көрініс тапты. Осылайша ол 1964, 1967, 1974 жылдары Алматыда жеке көрмелерін өткізді, сурет салуын тоқтатпады.

Өнерге адал әрі жан-жақты суретшінің өмірі 1999 жылы кенеттен үзілді. Артта қалдырған өнердегі ізімен оның жазған жүздеген картинасы – өнерсүйер қауымның жүрегінен жол тауып, заман аңыздарында мәңгі сақталатын естеліктерге айналды.

Жуалы жазығында
«Жуалы жазығында». Кенеп, майлы бояу

Жылжымалы көрме

Қазақ даласында ұйымдастырылған суретшілердің ең алғашқы көшпелі көрмесі туралы естіген бе едіңіз? Бұл көрменің тарихы да қызық. 1929 жылы түйе, жылқыларға картиналарын жеккен суретшілер қазақ даласындағы қалалар мен ауылдарға жол тартты. Бұл – қазақ даласында алғаш әрі ерекше ұйымдастырылған көшпелі сурет көрмесі еді. Семейден басталған бұл өнер керуені суретші Н.И.Крутильниковтың басшылығымен Ленинагорск, Қарсақбай, Петропавл арқылы жүріп, ақыры сол кездегі еліміздің астанасы – Қызылордаға тоқтады.

Алғашында шаруалар, малшылар мен қарапайым адамдар өнер туындыларын түсіне ала ма деген күмән суретшілер арасында көп талқыланыпты. Алайда көрмеге халық арасында қызығушылық артып, әр аялдамада жүздеген адамдар көрмені көруге жиналыпты. Олар шығарманың мағынасын түсінуге тырысып, мұқият қарап қана қоймай, ой-пікір білдіріп, көргендерін талқылап, әзіл суреттерге әбден күлген екен.

Сурет жегілген керуен легі Петропавл қаласының маңынан өткен кезде бұл көрмеге Ә.Ысмайылов та қатысқан еді. Ол кезде әлі жап-жас, 16 жасар Әубәкір көрмеге 23 жұмыс ұсынады. Сөйтіп, оның дарыны бірден көзге түсіп, Әубәкір бұл көрменің толыққанды мүшесіне айналып, оған тіпті суретшілер өз бояуларын да сыйға тартқан екен.

Көрме аясында Әубәкір нағыз шығармашылық ортаға түсіп, бұл сапарда жүздеген жаңа нобайлар мен этюдтер жасайды. Ең бастысы, осы сапардың арқасында Әубәкір Мәскеуге оқуға түсуге мүмкіндік алады.

«Хан Тәңірі етегіндегі жайлау» (1959)

«Хан Тәңірі етегіндегі жайлау» картинасына назар салсақ, бірден екі түрлі әлем көзімізге түседі. Екі әлем бір-бірімен таласып тұрғандай әсер қалдырады. Алдыңғы пландағы тұрмысты көрсететін пейзаж киіз үй айналасындағы күнделікті қарбаласты берсе, артқы пейзаж биік тау шыңдарын бейнелейді. Алайда артқы планда орналасқан Хан Тәңірі шыңы реалистік емес, керісінше, қиялдан туып, Жаратушының қолымен жаратылған мәрмәр мүсіндей жазылған. Бұл суретшінің әдейі жасаған ойыны. Ұзақ уақыт кино мен театр өнерінде жүріп, бейнелеу өнеріне қайтып оралған Ысмайылов картиналарына режиссерлік кадрларды қосқысы келгендей. Нақты бір мотивтен қаша отырып, ол әдемі бір ертегінің оқиғасын бір кадрға сыйдырғысы келгені көрінеді.

Суретші табиғат сұлулығын романтикалық көзқараспен бейнелеп, композициялық тереңдік пен кеңістікті шебер ашады. Картинаның құрылымы диагональ бойынша дамиды. Орталықтан жоғары қарай шарықтаған асқар шың – бейнеленген кеңістіктің доминантты нүктесі. Ақша бұлттар мен таудың ақ шыңы – картинаның поэтикалық пафосын күшейтеді.

Бұл шығармада суретші таудың ұлылығы мен адамның ондағы орнын бейнелейді. Яғни табиғат – биікте, ал адам – оның бір бөлшегі.

Қазақ кескіндемесіндегі пейзажды зерттеп жүрген өнертанушы О.Батурина туынды жайлы: «Картинада әлем сәнді, мерекелік күйде, жаңа ғана жаратылғандай бейнеленеді. Бұл еңбекте таулы пейзаждың ең әсерлі әрі әсем, әшекейленген бөлшектері жинақталып, шедевр тілімен өрілген. Композициясы аса қанық әрі күрделі: өзен сан қилы иілістер мен бұрылыстармен ағып, жартасты жағалаудың қатпарлары оған құлап түсіп, күрделі әрі ойластырылған графикалық өрнек құрайды» дейді.

Ә. Ысмайылов бұл туындысында кеңістікті бейнелеудің классикалық тәсілдерін қазақ даласының поэтикалық образымен үйлестіріп, табиғи ландшафты философиялық астармен тереңдете бейнелейді. Осы нәзік үйлесім арқылы ол ұлттық романтизмнің жаңа бағытын меңзеп, кейінгі суретшілерге көркемдік бағдар сілтегендей әсер қалдырады.

Санжар Сырғабаев

суретші, өнертанушы