Бейсембаев табиғат заңына қалай қарсы шықты?
PISA халықаралық рейтингінде Қазақстан орта білім сапасы бойынша соңғы 10 жылда 80 елдің арасында 50-60 орыннан көтерілмеген.
Оған қоса, халықаралық OECD ұйымының рейтингінде де төменгі сатыда тұрмыз. Бұл ұйымның талабы бойынша мемлекеттегі ЖІӨ-нің 6 пайызы білімге жұмсалуы керек. Ал бізде аталған көрсеткіш 3-3,5 пайызды ғана құрайды. Бұл туралы біз газеттің өткен сандарында айтқанбыз (7 қыркүйек, №71-72). Ал бүгін жақында ғана дүниежүзілік банк берген антистатистика сөз болмақ. Аталған ұйымның «Қазақстан: инклюзивті және төзімді өсімге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны күшейту» атты жаңа есебінде банк сарапшылары Қазақстандағы мектеп оқушыларының 64,2 пайызы функционалды тұрғыда сауатсыз деп бағалаған. Ал НЗМ оқушыларында бұл көрсеткіш 6 пайызды құрап отыр.
Мұндай халықаралық ұйымдар әдетте, математикалық сауаттылық пен оқу сауаттылығы бойынша тест алып, соның негізінде нәтиже шығарады. Ал мектептер өз ішінде «білім сапасы» деп аталатын есеп жасайды. Бұл білім беру ұйымының тоқсандық қорытынды бағаларын есептеген кездегі оқушылар арасындағы үздіктер мен екпінділердің үлесі. Көрсеткіштің рұқсат етілген шегі де бар: мектептер үшін кемінде 40 пайыз, басқарушы мекемелер үшін кем дегенде 86 пайыз. Ал мұғалімдердің айтуынша, 65 пайыздан төмен көрсеткіш берген мектептер тексеріске түседі. Айтылып отырған функционалдылық сауаттылық пен білім сапасы екі түрлі индикатор. Дегенмен бәрі де орта білімнің деңгейін анықтауға бағытталған. Қайткен күнде де біздегі жақсы оқитын балалардың үлесі 60-70 пайыз деп жүргенде, дүниежізілік банктің оқушылардың 35,8 пайызы ғана функционалды тұрғыда сауатты дегені түрпідей тигені рас. Ең қызығы, мұғалімдердің көпшілігі «бұл статистика шындыққа жақын» дегенді қуаттайды.
Мәселен, 11 жылдан бері мектеп қабырғасында сабақ беріп келе жатқан педагог Серік Зиятов аталған 64 пайызға келісетінін айтады. Оның айтуынша, 2022 жылға қарай білім сапасын 75 пайызға дейін жеткізу керек деген талап та келген. Бұрынғы 65 пайызға жете алмай жүргенде, бұл тіптен таңғаларлық нұсқау болды дейді ол.
«Мұндай жағдайда бір сыныптағы 25 баланың 15-і үздік, екпінді болуы керек. Ал бұрындары бір сыныпта шамамен 2-3 үздік, 4-5 екпінді болатын. Бұл 30 пайыздың айналасы. Шынайы деңгей сол болса, жалған, жасанды пайыз қуалау не үшін керек? Мәселен, былтыр Батыс Қазақстан облысы бойынша 100 мектеп 60 пайыздан төмен көрсетті. Мен жұмыс істеп жүрген мектеп те соның ішінде, 58 пайыз. Ал шындап, қатаң қараса, бұл 30-40 пайыз ғана болар еді. Тоқсанға екімен қорытқан оқушыларым да болған. Алайда содан өзгеріп кеткен ештеңе де жоқ. Сорақысы сол, мектеп мектептен, өңір өңірден қалғысы келмей пайыз қуалайды. Бұл дерт барлық жерде бар. Түптеп келгенде министрлікке де керегі өтірік. Өздеріне жағатын болған соң, біреу біліп тұрып алдайды, біреу алданғанын біліп тұрып қабылдайды. Осылайша, білім сапасы дұрыс деп отыра береді. Шындығында қоғамға да, ата-анаға да сол керек. 10 ата-ананың 7-еуінде қадағалау жоқ, бірақ бағаға риза. Ал негізі баға деген жай ғана цифрды қоя салу ешбір мұғалімге қиын емес. Сондықтан ғой, «бағаны аямаймыз» деп жиі айтамыз. Бірақ ол бес пен төрттің артында өтірік жұбаныш, жалған статистика тұрмауы керек қой. Қағаздағы пәленше пайыз деген нәрсе нәтиже беретін болса, баяғыда берер еді. Ендігі жемісін көрер едік. Міне, мәселе осында, біз шынайы себептерге үңілмейміз. Қарап тұрсақ, қойылып отырған талаптың, 65 пайыз сапа бер дегеннің өзі – табиғаттың заңына қарсы шығу. Әлбетте, әлемнен қалмау керек, дегенмен артық қылам деп тыртық қылып жатырмыз. Ал бар салмақ бала мен мұғалімге түседі. Шешім қабылдайтын жауаптыларда тыңдау, зерделеу, қалыптасқан жағдайды ескеру деген жоққа тән. Өзгеруге, шынайы реформалар жасауға министрлік те талпынбайды. Өйткені жаңа айтқанымдай, оларды қағаздағы мәліметтер қанағаттандырады. Бір нәрсе десең, қарсылығыңды жеткізсең, мұғалімдермен кеңестік, комиссиямен ақылдастық дейді. Қане? Мәселелер көтеріліп, өзекті тақырыптар қозғалу керек форум, съездерде бәрі суретке түсіп, дайындалған ашық сабақтарды көріп қайтқанына мәз», – дейді Серік Зиятов.
Расымен де қағаздағы сапа министрлікті қанағаттандыратын секілді. Шынайы процесті көріп, негізгі мәселелерді анықтауға тырыспайтындары да содан болар. Ал сол қағаздағы статистикалар құлдыраған кезде олар мәселені шешу үшін қандай шара қабылдайды дейсіз ғой? Әрине, келеді де қағаз, құжатты қопарып, есептерді тексереді. Осылайша онсыз да уақыты жоқ педагогтарға қосымша жүктеме салады. 17 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Айнұр Сабыр айтады:
«Дүниежүзілік банк қазақстандық мектептердің функционалдық сауатсыздығы 64,2 пайыз деп бағаласа, облыстағы білім бөлімдері мен аудандық басқармалар 5 қыркүйектен бастап білім сапасы 65 пайыздан төмен мектептерді зерделейміз деп, десант жіберіп, аласапыран болып жатыр. Төмен көрсеткіш бергендерді неге зерттейді? Одан да жоғары пайыз көрсеткендердің тәжірибесін алып, соны басқаларға тарату тиімдірек қой. Оны ойланып жатқан ешкім жоқ. Тексергенде де, құр қағаз ақтарып, әбігерге салады. Ал сол құжаттар мен жоспарларды қайта-қайта аштыру, аппараттық кеңесте мәселені қарау, білім сапасын арттыру бағытында енгізілген шаралардың есебін оқу, мониторингті тексеріп, электронды журналдың жағдайын бақылау құлдырап тұрған сапаға не пайдасын береді? Балаға, оқу бағдарламасына қалай жәрдемдеседі? Біздің білім жүйесі мәселенің не себебін, не салдарын айқындамай жатып, әйтеуір бірнәрсе істеуге асығып тұрады. Оның қалыптасқан жағдайға әсері ескерілмейді де.
Мәселен, неге орта мектептердің көбі төмен пайыз береді деп ойлану қажет. Себебін айтайын, 6, 7-сыныптан кейін үздік, жақсы оқитын оқушылар көбіне зияткерлік мектептерге, гимназия, лицейлерге, тереңдетіп оқытатын оқу ордаларына ауысып кетеді. Демек, мемлекеттік мектептерде орта деңгейдегі оқушылар қалады. Іріктелген оқушылардың бір бөлігі әлгіндей мектептерде жоғары сапа беріп отырса, екінші тобы төмендеу көрсеткіш көрсетуі заңды ғой. Бірақ министрліктің барлық мектепке талабы бір. Сонда логика қайда?
Одан бөлек, оқушы, ата-ана бір ғана сабағы 3 болса – 4, 4 болса – 5 қойыңыз деп баға сұрайды. Ал қоймасаң, директордың атына түсініктеме жазу керек. Бұл өзі ереже бойынша олай емес. Тек кейбір өңірлік мектептерде директорлар авторитарлық бағытта жұмыс істейтіні бар. Алайда үшті төрт, төртті бес қылғанмен ақиқатындағы білім сапасы өзгермейді ғой. Оған қоса, білім сапасына әлеуметтік жағдай, мектептегі ауысым кестесі, баланың сабақ уақытындағы тамақтануына дейін әртүрлі факторлар әсер етпей қоймайды. Жаңартылған оқу мазмұнының қабылдауға күрделілігі мен сауатсыз оқулықтар, тұрақсыз жүйе, диплом мен санат сатып алатын педагогтар да мәселені ушықтыра түсетіні жасырын емес. Басқа да ұсақ-түйек секілді көрінетін осындай дүниелер білім сапасын қалыптастырады. Сол мәселелерді шешпей, шынайы сапа болуы мүмкін емес. Келіп қағаз қопарып, қағазға өтірік статистика жасау – өзімізді алдау ғана. Ал бұлай өзімізді алдай берсек, қоғамды біліксіздік жайлайды».
Шын мәнінде білім сапасы деген көп параметрлі өлшем. Әлбетте, сапаны тек бес деген баға қою арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Педагог мамандар айтып өткендей, ол үшін сапаға әсер ететін негізгі факторлармен, кем-кетіктермен жүйелі жұмыс істелу керек. Жалпы, білім саласындағы мәселелер көтерілген кезде, жүйелі шешім қажет дегенді көп естиміз. Әсіресе педагогтар қауымы біздегі мәселенің бәрі бір-бірімен салаласып, сабақтасып жатыр дегенді жиі айтады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, қанша айтылса да, әлі күнге шешіліп жатқан түйткіл көрінер емес. Тағы бір айта кетерлік жайт, жоғарыда айтылған білім сапасымен қоса, сыныптан сыныпқа қалатын балаларға да «көзжұмушылық» көп секілді. Бағдарламаны әртүрлі себептермен дұрыс меңгермеген оқушылар сол сыныпты қайталап оқиды деген дүние қағазда бар да, қолданыста өте сирек. Бұл шара да осылайша өзінің негізгі функциясын атқара алмай келеді. Себебі тағы сол баяғы есеп, тағы жарыс, басқа мектептерден қалмау, ұрыс естімеу. Мәселен, өткен жылы еліміздегі 3 миллион 369 мың оқушының бар болғаны 212-сі сыныптан сыныпқа өтпеген. Бұл дегеніңіз – жалпы оқушылар санының 0,006 пайызы ғана. Оның ішінде 1 сынып – 99, 2 сынып – 41, 3 сынып – 18, 4 сынып – 5, 5 сынып – 11, 6 сынып – 2, 7 сынып – 11, 8 сынып – 10, 9 сынып – 4, 10 сынып – 7, 11 сынып – 4 оқушысы бағдарламаны меңгермеді деп танылып, сол сыныпты қайталап оқуға қалған.
Баян Мұратбекқызы