Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:57, 08 Тамыз 2024

Бейсембаевтың балабақшадағы жарты мәзірі

Бейсембаев
Фото: из открытых источников

Жақында ғана Петропавл қаласындағы балабақшаларда бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды. 

 Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылары азық-түлік құнын көтеріп көрсеткен де, артылған ақшаны қалталарына басып отырған. Әрі бұл қадамның бәрі мемлекеттік сатып алулар арқылы орындалыпты. Мәселен, келісі орта есеппен 330 теңге тұратын қарақұмық 700 теңгеден жеткізілген. Тағы картоп, сұйық және сары май, қант сынды әлеуметтік маңызы бар тауарлар да үстеме бағамен алынып келген.

Қазақстанда мұндай жаңалықтар жиі айтылады. Мәселен, 2019 жылы Қызылордадағы не тоңазытқышы, не аспазы жоқ балабақша елді таңғалдырған еді. Онда арнайы санитарлық құжаттары мен анықтамалары жоқ еден жуушы кішкентай газ-плитада тамақ пісіріп жүрген. Ал тәрбиеленушілер уақытылы тамақтанбаған. Соңғы жағдайларға назар салсақ, өткен жылы Астанада екі балабақша меңгерушісі балалардың тамағына бөлінген ақшаны жымқырғаны үшін сотты болды. Ондағы «схема» түсінікті де қарапайым. Жеткізуші қажетті азық-түлікті толық мөлшерде әкелмейді. Екі ортада үнемделген ақшаны мекеме басшысымен өзара бөлісіп алады. Тура осындай іспен желтоқсанда да бірнеше іс тергелген.

Бұл әдіспен «ақша жеудің» тәуекелі салыстырмалы түрде аздау секілді. Себебі балаға қанша тамақ бергеніңді грамдап өлшеп, таразыға салып тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тек ата-аналар шағымы көбейіп, балалар үйге аш қайтып жүр дегенде ғана арнайы шаралар қабылданады. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановта айтқан. Оның сөзінше, ата-аналар балабақша мен мектеп асханаларына, ондағы тамақтың көлемі мен сапасына қатысты көп шағым айтады екен.

«Ондай кезде мекеме әкімшілігі «комиссия күтуге» дайындалып, дастарқанға барын салады. Артынша, өз қалпына қайта оралады. Әрине, осыдан соң жағдай ушыға беретіні белгілі. Ал басшылар жеткізушілермен ауыз жаласып алып, ақшаны басып жүре береді. Білім саласын басқару ұйымдарының да осы жүйеге аралас-құраласы бар екені жасырын емес. Сондықтан мектептер мен балабақшалардың асханасын айтпай, ескертусіз тексеріп, барлық мекемелерді қамти алатын республикалық комиссия құрылуы тиіс», – дейді депутат.

300 балаға 20 литр сүт

Алайда бұл ұсыныс та, оған дейінгі басқа ескертулер де ескерілмеген сыңайлы. Себебі биылғы жағдай тіпті күрделі. Мысалы, наурызда ақтаулық ата-аналар балаларының балабақшадан аш келетінін айтқан. Артынша, тәрбиеленушілерге тиісті порцияның жартысы ғана беріліп келгені белгілі болды. Ал мамырда Ақмола облысындағы балабақшалардың бірінде балалар қалдық тамақтар ішіп-жеп жүргені анықталды. Жаға ұстатар жайт туралы мекеменің бұрынғы аспазы айтып берген. Оның сөзінше, меңгеруші балалардан қалған тамақты жинап, мұздатқышта сақтап, екінші ауысымдағы балаларға беруді тапсырыпты. Тура сол секілді берілген сүттің ішілмей, стақанда қалып қойған бөлігін үлкен ыдысқа жинап, су қосып, келесіде қайта беріңдер деген. Осылайша, бір күнде 300 балаға бар болғаны 20 литр сүт алынып келген. Ең сорақысы, тартылған еттің ең арзан түрі тасымалданған. Аспаздар 10 келі тартылған еттен барынша көп котлет шығару үшін нан, жарма қосып пісіруге мәжбүр болыпты. Соның өзінде стандарт орындалмайды. Өйткені кіші топтарға 80, үлкен топтарға 120 грамм котлет берілуі қажет. Ал мұнда жаппай 70 грамнан ғана әзірленген. Басқа да астардың қалдығы жиналып, сақталып, балаларға қайта берілген. Ал шілдеде Ақтаудағы балабақшалардың бірінде топтағы 12 балаға небәрі 5 порция таңғы ас, 4 порция кешкі ас берілгені бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты.

Бұл тек беті ашылып, белгілі болған жағдайлар. Біз білмейтіні қаншама? Ал шын мәнінде бүлдіршіндердің бес мезгіл асы белгіленген стандарттарға, санитарлық талаптарға сай болуы тиіс. Ол туралы нутрициолог маман Балнұр Есенали айтып берді:

«Мектеп жасына дейінгі балаларға күндік мәзір әзірлегенде ағзаның жас ерекшелігіне сай қажеттіліктерін ескеру маңызды. Өйткені ересектер мен бүлдіршіндердің организмі әртүрлі асты әртүрлі қабылдайды, қорытады, сіңіреді. Ал бұл қағидаға сәйкес, балаларға барынша алуан түрлі азық-түлік өнімдерін берген дұрыс. Әсіресе ет, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, жеміс-жидектер мен көкөністер, қант және кондитерлік тәттілер, нан, дәнді-дақылдар өте пайдалы. Тек оларды дұрыс пропорция мен мөлшерде беру керек. Сонда ғана иммунитет қалыпты деңгейде болады, өсіп-дамуда кедергілер кезікпейді.

Қандай тамақ беретініңмен қоса оның сапасы да аса маңызды. Өздеріңіз білетіндей, өндірушілер секілді өнімнің сапасы да, сыны да бірдей бола бермейді. Бұл орайда мектепке дейінгі ұйымдар қандай сападағы азық-түлік жеткізіп отырғаны қатаң қадағалануы қажет. Осы бағытта санитарлық-эпидемиологиялық куәліктері, жануарлар етін бақылайтын ветеринарлық қызметтердің анықтамалары, азық-түлік сақтау талаптарына сай инфрақұрылымы бар, жеткізу жағына да аса мұқият қарайтын «поставщиктермен» жұмыс істеген дұрыс.

Міне, осы факторлар барлық талапқа сай болғанда ғана аспаздар мен ас әзірлеу технологиясы туралы айтуға болады. Бұл үйдегі «кухня» емес, сондықтан да тамақ әзірлеу ережелері сақталып, ас мәзірі бақылануы тиіс. Оны мекеменің бас медбикесі қарап, қадағалайды».

Бағаны шектеп, баланы аш қалдыру

Ас бөлмесіндегі жағдайды кіріп, көзбен көруге қарапайым азаматтар былай тұрсын, комиссиялар да мүмкіндік ала бермейді. Онда тек санитарлық қызметкерлер мерзімді тексерумен кіретін көрінеді. Сол себептен де азық-түлік сапасы мен ас әзірлеу барысы жайлы нақты тұжырымды да СЭС қызметкерлері береді. Ал балаларға берілетін тамақтың мөлшері туралы бірнеше педагог маманнан сұрап көрдік. Олардың айтуынша, тәрбиешілер мен оның көмекшілері нанды, сол секілді саналатын, бөлікке бөлінген тамақтарды қанша бала отыр, сонша етіп тура санап алады екен.

«Тамақты үлкен ыдыспен әкелеміз. Оны асханадан өлшемесе, құйып жатқанда тәрбиешілер мен көмекшілер өлшеп тұрады деп айта алмаймын. Асханадан не келсе, соны балаларға теңдей бөліп құямыз. Сондықтан бұл мәселені тікелей қадағалайтын асхана мен балабақша басшылығы деуге болады», – дейді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған тәрбиеші.

Бұл бюджеттік мекемелердегі жағдай. Ал жеке сектордағы ахуал осыншама нашар емес. Өйткені жекеменшік балабақшалар иммидж бен кәсібінің болашағы үшін тамақтану ережелерін қатаң бақылайды. Ол туралы балабақшалар желісінің иесі, құрылтайшысы Гүлхан Маратқызы айтып берді:

«Қызмет барысында әріптестерімнен асханадағы жемқорлық жайлы талай естідім. Кейбіреулердің өз аузынан да айтылды. Сол үшін жұмыстан шығып кетті, сотты болды дегенді де құлағым шалған, көзім көрген. Шыны керек, таңғалатын жайт емес...

Негізінен, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында арнайы ас мәзірі бекітіледі. Оны бұрындары санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары бекітетін. Қазір балабақша басшылары немесе құрылтайшылары өз бетінше айналысады. Сол ас мәзірін ата-аналар танысып кетсін деп арнайы тақтайшаға іліп қоямыз. Одан соң ата-аналардың чатына әр берілген астың фотосын жібереміз. «Баламның ішіп-жеп отырғанын көрсетіңізші» деп сұрайтындар да бар. Оны да орындаймыз. Себебі ата-ананың көзі жетіп, көңілі тыныш болуы керек. Кәсіпкер ретінде мен де соны қалаймын.

Ал сапа бақылауы жағына ойыссақ, тамақтың құрамын өндірістік бақылау жарты жылда бір рет өткізіледі. Санитарлық қызмет те мерзімді тексеріс жүргізіп тұрады. Бірақ осы тексеріссіз де кәсіпкерлер өзі үшін, клиент үшін, ата-анаға сапалы қызмет көрсету үшін тырысады. Әсіресе тамақтандыруға келгенде бар жақсыны таңдаймыз. Аспаздарым тәжірибелі болғандықтан, сол саланы менен жақсы білгендіктен етті ана жақтан алайық, көкөністі мына жақтан алайық деп ұсыныстарын айтып отырады. Мен сол рекомендациямен жұмыс істеймін. Ал мемлекеттік мекемелерде қалай екенін білмеймін...»

Ақылы емхана, ақылы мектеп, ақылы балабақша... Олардың артықшылығы неде екенін қазақ қоғамы жақсы біледі. Десек те, мұнда да шешімін таппаған мәселелер баршылық екен. Соның бірі дәл осы тамақтандыруға байланысты. Кәсіпкерлердің көпшілігі жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде мемлекет беретін ақшадан бөлек, ата-аналар айына төлейтін төлем құнын арттыру керек дейді. Қазір баланың бір айлық тамағының құны 14 407 теңгеге бағаланады. Құрылтайшылардың сөзінше, оның үстінен тағы 8 мың теңге қосылуы қажет. Реалды жағдайда бұл 22 мыңның өзі аздық етеді, бір баладан тамаққа төленетін объективті төлем 30 мың теңгенің айналасында дейді олар. Өйткені ескі калькуляциямен қойылған шекті баға бүгінде қымбаттап кеткен. Кәсіпкер Қарлығаш Сәрсенбекова бұл туралы:

«Жай ғана алып, есептеп көріңіздерші. Кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы соңғы 3-5 жылда 100 емес, тіпті 550 пайызға дейін қымбаттаған. Соның өзінде ата-ананың бала тамағына төлейтін ақшасын бар болғаны 30 пайызға арттыруды сұрап отырмыз. Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті бір балаға арналған рационды бекітіп, тиісті нормаларды айқындаған. Біз сол стандарттарға бағынуға міндеттіміз. Бірақ баға жағы да, нарықтағы өзгерістер де ескерілуі тиіс. Қазіргі 14 мың теңгеге стандарттарға сай ас беру мүмкін емес. Оны мен ашып айтып отырмын, бірақ көптеген балабақшалар айтпайды да. Демек, норма күнде бұзылып жатыр. Соны біле тұра, ештеңе білмегендей жүре берсек, зияны балаларымызға тиеді», – дейді.

Өткен оқу жылынан бастап, бастауыш сынып оқушыларына да тегін тамақ беріле бастады. Алайда 584 теңгелік мәзір көптің көңілінен шықпаған. Оны денсаулық сақтау министрлігі де мойындап отыр. Ведомство берген мәліметтерге сүйенсек, елдегі мектептердің жартысынан астамы заңбұзушылықтарға барған. Тіпті мүлде ыстық тамақ бермегендері де кездескен. Осындай жайттардан соң мектеп пен балабақшаға бірыңғай тамақтану стандартын енгізу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Бірақ бұл мәселеге ден қойып қарай бермейтін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев батыл қадамдар жасай ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Баян Мұратбекқызы