Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:40

Бейсембаев білім саласына не берді?

Тоқаев пен Бейсембаев
Фото: ашық дереккөз

Білім саласының соңғы жылдары көші түзеліп келе жатқан. Әсіресе, «ұстаздардың адвокаты» ретінде көпшіліктің есінде қалатын Ғани Бейсембаев келе сала, ұстаздарды осы уақытқа дейін қолбалаша жұмсап келген әкімдермен мықтап күресті.

 Маңғыстауда әкім жұмыстан шығарған директорды қайтадан өз орнына алғызды, Семейде шыршадан құлаған мұғалімнің жоғын жоқтап, құқығын қорғады, Қостанайдың әкімі мұғалімдерді жағажайға рейдке шығарамын деп еді, оған да арашашы болды.

Өзі де қарапайым мұғалімдіктен шығып, ұстаздың мұңын ұстаздай түсінген министрдің тұсында үш қарапайым педагогке Ақорданың төрінде Мемлекет басшысы «Еңбек Ері» атағын берді. Бұл – ел тарихында сирек кездесетін оқиға болатын.

Алғаш рет ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие экожүйесі құрылды

Ғани Бейсембаевтың министр ретіндегі алғашқы ірі қадамдарының бірі – тәрбие ісін біріздендіру болды. Бұрын әр мектеп өз бетінше жүргізіп келген тәрбие жұмыстары енді тұтас экожүйеге айналды. Президенттің ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларынан кейін, іле-шала «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы дүниеге келді. Бұл бағдарлама арқылы ата-ана, ұстаз және бала ынтымақтастығының үштағаны жасалды.

Мектеп қабырғасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік пен адалдықты қалыптастыру басты ұстанымға айналды. Бұрын баласының тәрбиесіне немқұрайды қарап келген ата-аналар да педагогикалық қолдау орталықтары арқылы мектеп жұмысына белсене араласа бастады.

Ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды

Шынын айту керек, Бейсембаевтың өзі ауылдың қарапайым мұғалімінен өскендіктен, ауыл мен қала балаларының білім додаларына қатар түсуі әділетсіздік екенін жақсы түйсінген сыңайлы. Осылайша, 2023 жылы тек ауыл балаларына арналған «Ауыл мектептерінің олимпиадасы» алғаш рет ресми түрде бастау алды. Мыңдаған ауыл баласы білім бәйгесінде бағын сынап, жұлдызын жақты. Жеңімпаздарға жоғары оқу орындарына арнайы гранттар бөлінді. Оған мыңдаған ауыл балалары қатысты, ал республикалық олипмиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарының саны 10 есе артты.

Сонымен бірге «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске қосылып, 1,5 мың мектептің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды, интернетпен қамтылуы шешілді. Сондай-ақ оқушысы аз, сәйкесінше, пән мұғалімдері жетіспейтін ауыл мектептері үшін, қала мектептерінің білікті мұғалімдерінің онлайн сабақ беруі ұйымдастырылды.

Инклюзивті білім беруге басымдық берілді

Ғани Бейсембаевтың тұсында Министрліктің құрылымында алғаш рет Инклюзивті және ерекше білім беру департаменті құрылды. Бұл – мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар балаларға басымдық бергенін айқындады. Аз ғана уақыт ішінде мектептердің 90%-ында инклюзивті білім беруге жағдай жасалды, үздіксіз қолдау орталығын құру жұмыстары қолға алынды, заңнамалық база нығайтылды.

Халықаралық білім кеңістігіне нық қадам жасалды

Қазақстан алғаш рет халықаралық деңгейде білім сапасын бағалау аккредитациясынан өтті. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың ұлттық құралы халықаралық сапа белгісін иеленді. Ал 2024 жылы ел тарихында тұңғыш рет Халықаралық биология олимпиадасы (IBO) Қазақстанда өтті. Оған 81 елден келген жүздеген жас ғалымдар қатысты.

Жалпы қазақстандық оқушылар 2024–2025 оқу жылында 1000-ға жуық халықаралық медаль алып, оның 192-сін алтыннан тақты. Бұл – елдің білім әлеуетінің өскенін айқын дәлелдейді.

Жаңа менеджерлер буыны дүниеге келді

Басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі 1000 көшбасшы» стратегиялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл басқарушылық қабілеттерді жүйелі түрде дамытуға және сенімді шешім қабылдай алатын жетекшілерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда республикалық кадрлық резервке 583 педагог енгізіліп, олардың ішінде 400-ден аса үміткер конкурстан тыс негізде басшылық қызметке тағайындалды. Тек 2024 жылдың өзінде 40 резервист жаңа үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептердің директорлары болды.

Білім беруде Жасанды интеллект элементтері енгізілді

Бүгінгі заман талабына сай, білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізіле бастады. Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен бірлескен 2025–2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Оқушыларға арналған «Day of AI» кешені жасалды, ұстаздар арнайы даярлықтан өтті. Бұл – Қазақстанды жаһандық білім көшінен қалдырмау үшін жасалған батыл қадам болды. Сонымен бірге қашықтан оқыту, цифрлық платформалар, робототехника мен бағдарламалау курстары алыстағы ауылдарға да дейін жеткізілді.

Балаларды қорғау институты күшейтілді

Министр Бейсембаевтың тұсында балағасапалы білім беруге ғана емес, ол үшін қауіпсіз білім беру ортасын құруға да ерекше көңіл бөлінді. Балаларды қорғау бойынша өткен жылы 3 бірдей заң қабылданды. Алғаш рет балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау жөнінде кешенді жоспар қабылданды, отандық «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы әзірленді. Психологиялық қызметтер күшейтіліп, ата-аналар мен қоғамды тарту арқылы бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан балалары» бағдарламасының жобасы қолға алынды.

Балаға даладан да, интернеттен де тіпті өз отбасынан да қауіп төнетінін ескеріп, олардың өз өздерін қорғауын қамтамасыз ету мақсатында мектептерде Қауіпсіздік сабақтары алғаш рет өткен жылдан бастап енгізіле бастады.

Мектепке дейінгі білім беруде ашықтық қағидаты енгізілді

Алғаш рет балабақшаға орын жетіспеушілігін азайту үшін ваучерлік қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл ата-аналарға ашықтық беріп қана қоймай, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндік жасады.

ТжКББ жүйесі толықтай трансформациялануда

Жұмысшы мамандықтар жылының жариялануы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға және еңбек нарығы талаптарына сай мамандар даярлау сапасын арттыруға, сондай-ақ ТжКБ жүйесін трансформациялауға жаңа серпін берді. Студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді. Атап айтсақ, 2024 жылы шәкіртақы көлемі екі есеге өсті, жұмысшы мамандықтары бойынша оқитын студенттер тегін ыстық тамақпен қамылды. Бизнеспен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар саны бір жылда сегіз есеге өсіп, 4,1 мыңға жетті. Халықаралық әріптестік те кеңеюде. Шетелдік колледждерімен серіктестік орнатылып, бірлескен бағдарламалар іске қосылды. Сондай-ақ алғаш рет Қазақстан түркі әлеміндегі ең ірі кәсіби шеберлік чемпионатын өткізуге бастамашылық етті. 5–9 қазан аралығында Ақтау қаласында алғаш рет TurkicSkills халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.

«ABAI ULTTYQ MEKTEBI» алғашқы ұлттық мектеп бой көтерді

«ABAI ULTTYQ MEKTEBI»-нің құрылуы – отандық білім беруді дамытудағы ең маңызды стратегиялық қадамдардың біріне айналды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асуда. ұл жоба Қазақстанның талантты балалары үшін бірегей білім беру ортасын құруға бағытталған. Мектеп 900 оқушы орнына арналған және мұнда балаларға арналған интернат, оқытушылар үйі, кітапхана, спорт кешені қарастырылған. Ол биылғы жылы ашылады деп жоспарланып отыр.

Білім беру инфрақұрылымы дамыды

Соңғы жылдары Қазақстанда балалардың білім алуына заманауи жағдай жасау бағытында елеулі ілгерілеу байқалды. Бейсембаевтың тұсында жалпы саны 500-ден астам мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта елімізде 3000 мектеп бір ауысымда, 5000-нан астам мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған тағы 111 мектептің құрылысы аяқталады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы табысты жүзеге асты. Бұшл шаралар еліміздің көптеген өңірлерінде үш ауысымды оқытуды жоюға және қосымша 150 мың орын тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Ғани Бейсембаевтың министрлігі тұсында білім беру жүйесі жаңаша тыныс алды. Ол ұстаздың мұңын мұңдап, ауыл баласының арманын қорғап, ерекше балаларға тең мүмкіндік сыйлады. Ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие, ауыл олимпиадасы, халықаралық білім кеңістігіне қадам, жасанды интеллектіні енгізу – бәрі де елдің болашағына қаланған берік іргетас болды.

Тегтер: