Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:47, 12 Желтоқсан 2023

Бейсембаевтың формуласы: Екі мұғалім сабақ өтеді, жеті мұғалім жарысқа барады

Бейсембаевтың
Фото: из открытых источников

Тоғыз мұғалімнің екеуі ғана сабақ өтеді, қалғаны олимпиадаға барады

«Жас Алаш» оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орнынан кетсін деп президентке ашық хат жазған ұстаздардың мәселесін жазған еді (21 қараша №93-94). Ізін ала редакцияға тағы бір қоңырау түсті. Шығыс Қазақстан облысынан хабарласқан педагог Жанна Сакетаева аттестацияға байланысты бөлек ашық хат жазылғанын, оған 389 ұстаз қол қойғанын хабарлады. Бұл хат енді президентке жолданбақ.

Педагогтар тарапынан көп «хейтке» ұшыраған министрдің аттестация туралы жаңа жобасы да әуел бастан қолдау таппай келеді. Онсыз да жүйесіз реформалардан, білім бағдарламасының тұрақсыздығы мен қағазбастылықтан мезі болған ұстаздар Бейсембаевтың жаңа жобасымен аттестацияланатын болсақ, сабақ беруге уақытымыз болмайды, тек жарыстың соңынан қуып кетуге мәжбүрлеп отыр дегенді айтады. «Жаңа жобаға қарасақ, министрдің мақсаты қалайда ешкімді аттестациядан өткізбеу секілді. Қанша шырылдасақ та пікірімізді ескеріп жатқан министрлік жоқ, сондықтан президентке хат жазудан басқа амал қалмады», – дейді ұстаздар қауымы.

Оқу-ағарту министрлігі осы жылдың мамырында аттестаттау тәртібіне өзгерістер енгізу үшін арнайы жұмыс тобын құрды. Сөйтіп, 2016 жылы қабылданған «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» №83 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, жоба «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылды. Мұндағы жаңалық – әр санат үшін жаңа бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері жасалған. Және педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тест тапсыру, портфолио өткізу алынып тасталған. Бұл туралы Бейсембаев республикалық «Тамыз» кеңесінде де сөз сөйлеген. Ол кезде аттестаттауды жетілдіреміз дегеніне қуанған ұстаздар жобамен толық танысқан соң жыларман болған. Бірақ министрлік ештеңеге қарамастан, аттестаттаудың жаңартылған жүйесін 2024 жылдың басында алдымен Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде, одан соң 2024 жылдың көктемінен бастап толықтай іске қоспақ.

Бізге хабарласқан биология пәнінің мұғалімі Жанна Сакетаева жаңа министр келгелі көптеген тексерістер заңдастырылғанын айтады. Ұстаздар аудандық, облыстық комиссияның жолын тосып жүргенде сабақ өтуге де мұршалары қалмай қалатын жағдайға жеткен. Комиссия десе қағазға бастырылып қалатын мұғалімдер енді жаңа аттестация енгізілсе сабаққа, білім сапасына тіптен уақыт таба алмайды дейді 25 жылдық тәжірибесі бар ұстаз. Сонымен, жобаны көріп, өз көзіне өзі сене алмаған ұстаздардың пікірін бұзбай ұсынайық.

Мұғалімдерден мүмкін еместі талап етіп отыр

- Жаңа критерийлер мен оларды ұпай арқылы бағалау жүйесі мүмкін еместі сұрап отыр. Мәселен, білім сапасының динамикасына ұпайлар қойылады. Ал дене шынықтыру, еңбек, музыка сынды сабақтарға баға қойылмайтындықтан, оның сыртқы тиімділігін анықтау мүмкін емес. Одан бөлек, халықаралық зерттеулердің нәтижесіне қарап, ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болсаң 2 балл, бірдей болсаң 1 балл беріледі дейді. Ал мұндай халықаралық зерттеулерге жаңа айтылған пәндермен қатар тарих сабағы да кірмейді. Кейбір зерттеулерге орыс тілі сабағы да кірмей қалады. Сонда бұл пәндерден сабақ беретін ұстаздар қараптан-қарап бірнеше балдан айырылады. Тағы ҰБТ көрсеткіштеріне де мән беріледі екен. Сонда ҰБТ-ға кірмейтін пәндер қайтпек? Осы мәселеге министрліктің соншалықты бейжай қарағаны таңғалдырады.

Жаңа аттестацияда білім сапасына да баса мән берген. Негізі білім сапасы өзімен-өзі жүріп жатқан индикатор. Оны аттестаттауға қосудың қажеті жоқ еді. Ендігіде аттестациядан өткелі жатқан мұғалім өзі үшін балалардың бәрін көтермелеп баға қоятын болады. Қолында тұрған бағаны аямайды. Мұндай жағдайда академиялық әділдікті талап етесің, қойылып отырған критерийдің өзі әділ емес.

Осыларға қоса оқыту сапасы деген дүние бар. Яғни педагогтің сабақ беруін бағалау. Жаңа жоба бойынша санат деңгейіне байланысты 3-6 сабақ өткізу керек. Бұл жерде мәселе сабақты кім бағалайтынында. Өйткені мұнда да белгілі бір мөлшерде балл алу керек. Ал оны қадағалайтын «оқу завучтары». Әлбетте, бұл жағдайда адами фактор араласады да, ол өз кезегінде жемқорлыққа жол ашып береді. Оқу әдіскерлері көңілі қалаған адамға жақсы көрсеткіш беріп, қаламаса төмен бағалайды. Оны бақылап, әділ не әділ еместігін қадағалайтын ешкім жоқ. Демек, субъективті қарым-қатынастар мен адами фактор кәсібилікке кедергі келтіреді. Сол секілді модератор, сарапшы санатын аудандық комиссия береді, зерттеуші облыстық, шебер министрлік тексерісінен өтеді. Осының бәрі – қолдап жемқорлыққа жол ашып беру. Әрі мектеп директорлары мен жергілікті білім бөлімдерінің басшысын ротациялау өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл да бағалау процесіне кері әсерін тигізбей қоймайды.

Талап бәріне бірдей, ал мүмкіндік әртүрлі

Осының әрбіріне жүгіріп жүргенде мұғалімнің несі қалады? Бір деңгейден екіншісіне өту үшін әуре-сарсаңға салынып бітесің. Әрі елімізде талап бәріне бірдей, бірақ мүмкіндік пен қолжетімділік әртүрлі. Мәселен, бізден видеосабақтар сұрайды. Алайда ешбір мектепте арнайы оператор маман жоқ. Оны мұғалім өз қалтасынан ақша төлеп жалдайды. Бірақ сол видеосабақтар шын мәнінде ештеңені де дәлелдемейді. Себебі мұғалімдер баланы алдын ала дайындап қояды. Оны оқушылар да, ата-ана да, министрлік те біліп отыр. Сөздеріне дейін жаттатып, шоу жасайды. Ондай сабақтарда ешқашан шынайы жағдайда түсірілмейді. Енді осындай жасандылық арқылы бағалауда мән бар ма? Ал шалғай ауылдардың жағдайы мүлде ескерілмеген. Мысалы, мен тұратын Тарбағатай ауданындағы Ахметбұлақ деген ауылда желі, интернет мүлде жоқ. Қазақстанда ондай ауылдар жүздеп, мыңдап саналады. Ондағы мұғалімдерде тақта мен бор ғана бар. Енді олар қалайша жабдықталған кабинеті, планшет, интерактивті тақтасы бар гимназияның немесе НЗМ-нің ұстаздары секілді нәтиже береді? Қалай ондай видеосабақ түсіреді? Өздері күнделікті әрең толтырып отырғанда ауыл мұғалімдерінен аттестациядан осылай өт деп талап ету қаншалықты әділ?

Ештеңеге қарамастан, шынайы жағдайлар ескерілместен осындай «қияли» талаптар қойылуда. Оған бас қатырып жатқан министр жоқ. Толып жатқан мәселелерден аттап, оңайлатылған тәртіп дегенді енгізгелі отыр. Ол туралы жобаның үшінші параграфында айтылады. 47-пунктте президенттік кадр резервіне кірген мамандарға жұмысқа орналасу кезінде ешқандай аттестациясыз модератор санаты беріледі делінген. Яғни ол тест тапсырмайды. Бірақ 57-бұйрық бойынша педагог конкурстық негізде жұмысқа орналасады. Демек, міндетті түрде біліктілік тестін тапсыру керек. Осы тұста министрлік өз заңына өзі қарсы шығып отыр. 48-пунктте де осы жайлы айтылады. Техникалық-кәсіптік білім беру бойынша екі жыл еңбек өтілі бар мамандар педагог қызметіне кірісетін болса тестілеусіз-ақ санат беріледі дейді. Яғни колледжерде сабақ берген өндірістік оқыту шеберлері мектепке келсе педагог деген санатты тест тапсырмай-ақ алады. Ал басқалар оны алу үшін дипломына да, басқасына да қарамастан тест тапсыру керек. 5 жыл колледжде сабақ берген болса бірден модератор, 10 жыл өтілі болса сарапшы атанады. Дәл осы пунктті қабылдауға қандай қажеттілік бары түсініксіз. Неге басқа педагогтар сонша жыл еңбектеніп алатын санатты кадр резервіне кіргендер, колледжден келгендер жай ғана алады? Жауап жоқ. Ал негізі бәріне тең мүмкіндік жасалу керек. Кезекпен, кезектен тыс аттестаттаудан өту, өз санатын растау деген бұрыннан бар. Бірақ жаңадан қосылып отырған оңайлатылған нұсқаның мәнісі неде екенін сол күйі ұқпадық.

Тағы бір қайшылық тудырып отырған білім алушылардың жетістігі деген пункт. Оның ішінде тіпті халықаралық сайыстан орын сұрайды. Ал халықаралық байқаулар барлық пәндерден бірдей өте бермейді. Әрі аттестацияға жарамды сайыстар тізбесіне қарасақ, тағы біраз мүмкіндіктер түсіп қалады. Бұл жағдайды одан әрі күрделендіреді. Міндеттелген орындарды алу үшін мұғалім сабақ берумен емес, жарысумен айналысу керек. Сонда мемлекеттік стандарт қайда қалады? Бағытымыз стандартта, сабақ беруде, білім сапасында болу керек. Егер олимпиада, жоба, семинар қуып дарынды, үздік оқушылармен жұмыс істей берсек, үлгерімі төмен балалар қайда қалады? Әрі мұның бәрі том-том құжат. Бірақ аттестациядан өту үшін осының бәріне жанталасуға мәжбүрсің.

Еліміздің түкпір-түкпірінен осындай қарсылықтар айтылып жатса да, жаңа жобаны талдап, әр пункт пен өзгерістің себебін, мақсатынтүсіндірген ешкім болмады. Министрлік жалпылама сөйлеп отыр, сондықтан механизм әлі күнге түсініксіз. Тым құрыса айтылып отырған олқылықтар түзетіліп, жоба жетілдірілсе жақсы ғой. Бірақ енгізгелі жатыр. Қазіргі жағдайда дәл осы аттестаттау жүйесінің қажеті жоқ. Ең дұрысы басқа инструмент табу керек. Мәселен, педагогтың еңбек өтіліне қарап санат берсе, ол да жақсы нұсқа. Мұндай жағдайда еңбек кітапшасында жазылып тұрған өтілді ешкім өзгертіп бермейді. Яғни «бармақ басты, көз қысты» тыйылады, ешкім санатты сата да, сатып ала да алмайды. Факт қана сөйлейтін болады. Осының бәрі айтылып жатқалы қай заман. Бірақ жанайқайымызға құлақ асатын министрді көріп отырған жоқпыз».

Жобаны оқып отырып, расымен де оқушы жетістігіне қатты акцент қойылғанын байқау қиын емес. Облыс, республиканы қойып, халықаралық деңгейде орын алып кел деп отырған министрлік 340 мың мұғалімнен лауреат, чемпион жасаймыз деген идеяға қалай сеніп отырғаны қызық. Бұл туралы мектеп қабырғасында 38 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан педагог Мейрамгүл Нүсүпбекпен сөйлестік.

Бұл жобаны жасағандар мектепте жұмыс істеп көрмеген

- Талқылауға ұсынылған жобаны ашып қарағанда түсінгенім, бұл басы бар, аяғы жоқ дүние. Өзгерістердің мақсаты мен көздеген мүддесі түсініксіз. Аталған мәселені ашық айтып жүргендіктен вице-министр Наталья Васильевна Алматыға арнайы келіп, мектеп директорына мені ертіп келсін деп тапсырма беріпті. Түсіндіру жұмыстарын жүргізгендей болды. Оның айтуынша, жоба толық нұсқада жарияланбай қалыпты-мыс. Ал зейнеткерлерге қатысты пунктті өзгертеміз, жеке өзім тапсырма беремін деді. Халықаралық байқаулар туралы мәселені айтқан едік, нақты ештеңе айтпаған күйі кетті. Бірақ сол айтылған дүние айтылған жерде қалатын сияқты. Талай уәде солай сөз күйі кетіп жатыр ғой.

Жалпы, қай министрдің кезіндегі аттестацияны алып қарасақ та мұғалімдерге қиын болды. Осы мәселені мұғалімдер көп айтып жүрген соң Бейсембаев өзгерткісі, түзегісі келді. Бірақ артық қылам деп, тыртық қылып алды-ау. Тіпті бұл жобаны жасаған адамдар мектепте жұмыс істеп көрмегендей әсер қалдырды. Өйткені мектепте жүрген мұғалім бостан-бос ерігіп, істерге іс таппай жүргендей жоба құрастырылған. Осы жоба қабылданса, мұғалімдер сабақ бермейді, тек байқауға қатысып, орын қуалап кетеді. Себебі байқаудан орын болмаса, аттестациядан өте алмайтынын, санаты мен жалақысы өспейтінін біледі.

Ең төменгі санат модератордың өзін алу үшін жас маманға облыстық байқаудан жүлде алу міндеттелмек. Алайда жаңадан келген маман 3-5 жылда облысқа шыға алмайды. Ол ілуде біреудің ғана қолынан келер. Бірақ аттестация ілуде бірге арналған нәрсе емес. Ол жаппай мұғалімдерге жасалған жүйе. Салыстыру үшін айтайық, аудандық сайыстың өзіне бір мектептен бір ғана оқушы шығады. Бір мектепте сол пәннің 7-10 мұғалімі болса, соның ішіндегі тәжірибелі мұғалімдер жастарға орын бере ме? Әрине, жоқ. Ол да аттестациядан өткісі келіп отыр. Осының әсерінен қазір мұғалімдер біріне-бірі жалынады. «Сізге әлі екі жыл бар ғой, мен биыл өтетін едім, олимпиаданың кезегін маған беріңіз», деп жүгіріп жүргені. Ең кіші санаттың өзінен облысты талап етсе, басқаларына қойылып отырған критерийлерді елестете беріңіз.

Мен де осы жетістік критерийі үшін шебер санатын ала алмай отырмын. Семейде Динара Ниязбай, Шымкентте Гүлсім Қойлыбай, тағы біраз мықты-мықты педагогтар соған ұмтылып жатыр. Бірақ көбінде халықаралық байқаудан орын жоқ. Бұл аяққа тұсау салады. Әлбетте, олимпиада, ғылыми жоба деген білім жүйесіне керек, өздігімен жүре берсін. Бірақ оны санат алуға, еңбекақыға байламау қажет. Мектеп аттестациядан өткенде талап етілсін, бірақ әр ұстаздан емес. Осы санатты жетістікке байлау енгізілгелі білім беру жүйесі мектеп пен мектептің жарысы болып кетті. Бәсеке болу керек, бірақ білім сапасы одан да маңызды екенін естен шығармаған жөн. Оқу мазмұны, білім бағдарламасы, оқулықтар бір-біріне сәйкес келмей, онсызда миы ашып жүрген ұстаздарды осылай қинаудың қажеті бар ма?

Ал әдістемелік нұсқаулық жасау деген тіпті қиямет-қайым. Ондай жобаларды басқа бір облыста апробациядан өткізіп, сол жақтан ұсынылған әдіс тиімді деген акт алу керек. Мысалы, Атыраудан Сара Бекетова есімді педагог өз жобасын біздің мектепке апробацияға ұсынды. Жарамды деп пікір бердік. Осылай жан-жаққа жүгіріп жүргенде сабақ тағы жайына қалады. Қазір республика бойынша әдістемелік нұсқаулық жасап жатқан 9 мұғалімнің екеуі ғана сабағын қалдырмай өтіп жүр. Оны көзім көріп отыр. Приоритет білім сапасын көтеру, сабақ өту, оқушымен жұмыс жасауда емес, орын алып, кітап жазуда. Министрлік қолдап, осындай орта қалыптастырып келеді.

Бұрындары бес талаптың үшеуі орындалса, мұғалім келесі санатқа өтетін. Ал жаңа жобаға қарасақ, мыңның бірі болмаса, аттестациядан өту мүмкін еместей. Қазіргі қоғамда материалдық құндылықтар басым болып тұр. Барлық адам ақша бар жерді көздеп, соған талпынып тұрады. Ол үшін ешкімді кінәлай алмаймыз. Айлығын көбейтіп, санатын өсіргісі келген мұғалімдерге аттестацияның мұншалық әуреге айналуы дұрыс емес.

Осы санат деген дүние 1990 жылдары басталды. Ол кезде бірінші, екінші, жоғары санатты деп бөлінетін. Деңгейлер педагогтің еңбек өтіліне қарап берілетін. Тест тапсырмайтынбыз. Оқу сапасындағы жетістіктер қаралатын. Бірақ қазіргідей мынадан мынанша жетістік деп міндеттеу болмады. Мұғалім 5 жылда не істеді, соны саралап беретін. Аймағамбетов келгенге дейін солай болды. Негізі өзгерісті Сағадиев бастады. Сол уақыттарда аттестацияны өзгерту мәселесі, жаңа формат жайлы айтылып жүрді де, кейіннен Аймағамбетовтің кезінде енгізілді. Жаңа жүйе бойынша мұғалімдер тест тапсыратын болды. Себебі педагогтардың айлығы өскен соң дипломы сандықтың түбінде жатқандар да, инженер немесе сатушы болып жүргендер де мектепке келе бастады. Жалпы, ұстаздардың өз пәні бойынша білімі төмен екені бұрыннан айтылып жүрді. Методика бойынша да тест міндеттелді. Аттестациядан өткісі келген мұғалімдер жаппай дайындала бастады да, нәтижесінде, мұғалімдерде ілгерілеу орын алды. Бірақ неге екені белгісіз, министрлік мұғалімдер тест тапсырудан қорқады деп есептейді. Мұғалімдер тесттен емес, ондағы сұрақтардың жүйесіздігінен қорқады. Егер тест жүйелі, түсінікті, калькасыз аударылған, дұрыс құрастырылған болса, тапсырудан қашып жатқан мұғалімдер жоқ. Артық жұмысты ауырсынып, тестке дайындалғысы келмейтіндер кездесіп жатады. Десек те, тест сапаны бақылаудың жақсы құралы. Тестті қалдырса қалдырсын, бірақ жетістікке бұлайша қатты мән беру қате. Мұғалімді аттестаттау барлық мемлекетте бар. Кадрдың сапасын бақылауда ұстау да қажет. Бірақ онсыз да жеке өмірі жоқ ұстаздар қауымына дәл мынандай аттестация жүйесін енгізуге қарсымыз».

Бұл хатқа қол қойған 389 мұғалімнің ойы, қазақстандық педагогтардың пікірі. Министрліктің мәліметінше, жаңа жобаны дайындайтын жұмыс тобына әртүрлі санаттағы педагогтар шақырылған. Алайда біз сөйлескен ұстаздардың бірі де бұған сенбейді. Мұғалімдерді шақырыпты, біздің облыстан анау барыпты, мынау барыпты дегенді естіген емеспіз дейді. Комиссияға, жұмыс тобына ылғи «ананың директоры, мына орталықтың маманы, университет профессоры» жиналатын көрінеді. Бірақ осындай теоретиктер оңдырса, білім жүйесі ендігі нәтиже берер еді дейді.

Айтпақшы, аттестация жүргізілетін платформа да жаңартылмақ. Жап-жақсы істеп тұрған «Е-портфолио» платформасынан бас тартып, жаңа дүниеге ақша шашудың не үшін керек болғанын түсіндіруге тырысқан тағы ешкім байқалмайды. Осы мәселелердің бәрін өздерінен сұрап, білейік деп оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Қандай жауап еститінімізді біліп тұрсақ та байланысқа шықтық. Олар әдеттегідей ресми сауал жолда дегеннен басқаны айтпады. Ал мұның алдында жолдаған хаттарымыздың жауабы екі-үш аптадан кейін келіп жүр. Сонша күткенде келетін жаңылтпаштарын оқып, алданып қалған балаша күрсінесің де қоясың. Не қазақша, не орысша екені түсініксіз көлдей мәтіндерінен қойған сұрағыңа нақты жауап та таппайсың. Сонда да тағы ресми сауал жолдадық. «Дені дұрыс» жауап келіп жатса, газеттің алдағы сандарында жариялайтын боламыз.

Баян Мұратбекқызы