Бейсембаевтың қолындағы Брежневтің салпыншағы. Тамыз конференциясы халықаралық саммитке қалай айналды?
15 тамыздан бастап елдің түкпір-түкпірінде тамыз кеңесі өтті.
Ал 21 тамызда Астанадағы бас саммитке (биыл «саммит» деп атапты) 500 мыңнан астам педагог онлайн, офлайн форматта қосылып, халықаралық сарапшылар қатысты. Биылғы тақырып – «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру». Бұл дегеніміз – жиын білім жүйесін цифрландыру және сабақ беру барысында жасанды интеллектіні енгізу тақырыптарына басымдық береді деген сөз. Өте қызық, елдегі білім беру бағдарламасы екіұшты, қажетті инфрақұрылым ақсап тұр, педагогтардың мәселесі мен жүйедегі жемқорлық тыйылмай жатыр. Ал біздің министрлік сандық формаға көшу туралы қиялдайды...
Министр Ғани Бейсембаев: «Қазақстандағы білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің алғышарттары қалыптасты. ЖИ технологияларын білімге енгізу – оқытудың тиімділігін, жеке оқушыға бағыттылығын қамтамасыз етеді. Ал бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді кеңесте. Оған қоса, өткен оқу жылындағы жетістіктерін де айтты: «Бүгінде мектептерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамту 89 пайызды құрайды, интернеттің орташа жылдамдығы өткен жылы 4 Мбит/с болса, биыл 75 Мбит/с-ке жетті. Елдегі 1 731 мектепке Starlink жерсеріктік интернеті орнатылды».
«Өзгерткісі келеді, өзгергісі келмейді»
Әдетте, реалды жағдай есептегідей бола бермейтіні белгілі. Бұл да солай. Астана мен Алматыдағы абоненттердің өзі тарифтің құны қымбат, сапасы нашар, интернет баяу деп жүргенде шалғайдағы ауыл-аймақта бәрі мінсіз деп айтуға ауыз бармайды. Ал сапалы интернетке қосылмағандарға жасанды интеллект пен заманауи технология жемісін қолдан деп талап қою – абсурд. Бұл туралы информатика пәнінің мұғалімі Мейіржан Темірбек былай дейді:
«Осы «цифрлық трансформацияға» құлшынып отырғандар өздері өзгергісі келмейді. Бұл орайда, қарапайым ғана информатика пәнінің оқулықтары ескіріп кеткенін еске салу керек. 8 жыл бұрынғы бағдарлама актуалдылығын мүлде жойған. Негізінен, олар бір жылда-ақ ескіреді. Неге? Себебі ғылым мен білім бір орында тұрмайды. Әсіресе күн емес, сағат санап дамып жатқан ақпараттық технологияларды өткен онжылдықтағы оқулықпен оқыту – қателік. Ескі кітапта жазылған бағдарламалар бүгінге дейін мың рет жаңартылып тастаған. Оқушыға: «Кітап ескірген, бағдарлама жаңарған» деп түсіндіріп отыруға тура келеді. Мысалы, 11-сыныпта электронды үкімет порталын өткенде электронды кілтпен қалай жұмыс істеу керек екенін үйретесің. Ал қазір кілт біреу ғана, өзгеріп кеткен. Сосын Scrath бағдарламасының интерфейсі кітаптағыдай емес, жаңарған. Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Демек, информатика оқулығы жыл сайын жаңарып отыруы тиіс. Тек электронды форматта шығып отырғаны дұрыс.
Жекелеген пәннің ахуалы осы. Одан бөлек, мектептердің көпшілігінде компьютер паркі ескірген. Робот, ардуино сияқты құралдар болмағандықтан формалды теориялық оқытудан әрі аса қоймаймыз. Онлайн сабақтар түсіретін арнайы студия болса деп ойлайсың. Сосын компьютердің түрі анау, қайдағы студия деп «жерге түсесің». Интернет мәселесі де түсінікті ғой... Ауыл мектептеріне Starlink беріліп жатыр дейді. Біраз мектептің төбесінен оның антенналарын көрдік те. Істейтінін, істемейтінін білмеймін, бірақ ондағы интернет жылдамдығын өлшеген кезде бүкіл қосулы тұрған құрылғыларды өшіреді. Содан соң ғана өлшеп, есеп береді. Яғни бір мектепте жылдамдық 100 мб/с немесе 50 мб/с болса, оны интернетті тұтынатын адам санына бөлу керек. Демек, мұғалімдер мен оқушылар желіге қосылған сайын интернет жылдамдығы азаяды. Бірақ ол министрлікті алаңдатпайды, тек жалаң есеп болса болғаны. Елдегі орташа жалақыны қалай есептеуші еді? Сол сияқты нәрсе ғой... Оның үстіне интернет жылдамдығы ауа райына тікелей тәуелді. Соған сай сапалы оптикалық-талшықты интернет әзірге арман ғана.
Ал жасанды интеллектіге келсек, бізде жоғарыдан бірнәрсе айтылса болғаны, тықпалау басталып кетеді. Бүгінде мемлекеттегі ЖИ туралы тапсырмалардың масштабы ауқымды. Соның керектісін өлшеп-пішіп, мектепке «кесіп беру» деген түсінік жоқ. Талап пен «инновациялық ұсыныстар» үстін-үсті келеді. Бірақ мектептер озық технологияға ілесу үшін министрліктің талай бұйрықтары мен шектеулері өзгеруі керек шығар. Алайда мұғалімдерді өзгерткісі келетіндердің өздері өзгергісі келмейді».
Бұл пікірге педагог Мира Барказатқызы да қосылды:
«Ауылды қойғанда Алматының өзінде интернет керемет емес. Баяу интернет тағы мұғалімнің соры. Өйткені бағдарлама мен жалпы процесс соған бейімделген. Уақытыңды да, жүйкеңді де алып қояды. Сосын қолды бір сілтеп, өзіміз жүгіріп кетеміз. Мен күнделікті де жеке мобильді тарифіммен толтырамын. Осындай жағдайда неге ұран мен «жаңғырған» сөздерге құмартамыз?».
Желіде басқа да ұстаздар: «Мұғалімнен талап етілетін нәрсеге компьютер жауап бере алмайды»; «Оқушылар ауыр сөмкелерін арқалап әлі жүр, қайдағы технология?»; «Жасыл тақтамен отырмыз. Технология ескірген дейді, шын мәнінде бізде ол жоқ та»; «Ауылда жаңарттық, жасадық деген интернеттері тоғыз айда тоғыз күн істей ме, жоқ па? Белгісіз» деген пікір жазып жатыр.
Не айтылды? Қандай мәселелер талқыланды?
Қалай десеңіз де, Ғ.Бейсембаев келіп, халықаралық деңгейге шыққан саммиттің тақырыбы мен елдегі реалды жағдай ұштаспай тұр. Ал онда айтылған нәрселерге келсек, министр алдымен педагогтарға барынша қолдау көрсету қажет екенін жеткізді. Келер оқу жылында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мектептердің ішкі регламенті мен жарғысының сақталуына, білім алушылардың оқу үлгеріміне баса назар аударылатынын айтты. Одан соң: «Бүгінде елімізде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда білім беруде. Қосымша 536 оқушы орнына арналған 302 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 1,7 миллионнан астам оқушы ыстық тегін тамақпен қамтылды. Мұғалім мамандығына қызығушылық білдірушілердің қатары артып келеді, биылғы жылдың өзінде 1 797 Алтын белгі иегері педагогика мамандығын таңдаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 269 адамға көп», – деп позитивті статистикалар келтірді. Бас ұстаздың осы сөздері ресми ресурстар арқылы да, сайттар мен әлеуметтік желілерде де тарап жатыр. Бірақ бір жылдың ішінде негативті қойғанда, қаншама қайғылы жағдай орын алды? Педагогтардың қарсылығы толастамай, ақыры министрдің отставкасын талап еткені ше? Талқылауға шығарылған шикі бұйрықтар мен қабылданып кеткен шала заңдар ше? Олар жайлы ашып айтқан, тереңінен талқылаған министрлік жоқ. Тек жақсылы-жаманды нәтижелер мен орындалар-орындалмасы белгісіз жоспарлар.
Өткен жылғы конференция да солай өткен. Мектепке дейінгі, орта, техникалық, кәсіби, қосымша, инклюзивті білім беру, балалардың құқығын қорғау және сапалы біліммен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер... Бірақ жақсарып кеткен сапаның жоқ екенін халықаралық тестілеулер көрсетті. Ал қауіпсіздік мәселесі тіпті ақсап жатыр. 2023 жылы «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен кеңесте Бейсембаев Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын айтып сүйіншілеген. Мұғалімдер аттестаттау жүйесі жетілетін болды деп қуана бастағанда, «бастарының бәлеге қалғанын» түсініп, БАҚ-ты шулатты. Осыдан ұғатынымыз, конференцияда айтылғанның көбісі іс жүзінде орындала бермейді. Бұл ашықтық пен кері байланыстың жоқтығынан дейді педагог Жанна Сакетаева.
«Мұғалімдер министрмен фотоға түскеніне, пост салғанына мәз»
«Тамыз конференциясының мақсаты – педагогикалық қауымдастықпен диалог орнатып, білім беру саласындағы проблемаларды, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылау, жаңа оқу жылының басымдықтары мен негізгі міндеттерін айқындау. Әсіресе келер оқу жылына қатысты қандай өзгешеліктер болады, не істейміз деген нәрселер анықталуы қажет. Ал бізде көп тақырып белгісіздік деңгейінде, ашық талқыланбайды. Беті қалқып қана айтылады. Реалды проблемалар көтерілмейді. Айтылғандарының өзі де іс жүзінде орындала бермейді. Негізінен, келіспеушіліктер, қақтығыс нүктелері, оның нақты қай пунктіне өзгеріс қажет екені айтылып, нақты ұсыныстар келтірілуі тиіс. Ал қазір ештеңе айтылмайды деуге болады. Өйткені айтатын мамандарды шақырмайды да, жолатпайды да. Мәселен, осы жылғы конференцияға белсенді мұғалімдердің біреуі шақырылмапты. Ал барғандар министрмен фотоға түскеніне, пост салғанына мәз. Дәстүрлі конференцияның деңгейі ме осы?
Ашық диалог мәселесі жергілікті конференциядан басталады деуге болады. Аудан, облыс көлеміндегі кеңестер де көбіне формалды түрде өтіп жатады. Онда жергілікті мәселелер айтылып, әңгіме «сіз бен біздің» төңірегінен ұзамайды. Кейбір мұғалімдер оның қашан өткенін де білмей қалады. Ал негізінен аудандық, облыстық кеңестерде мәселелер талқыланып, қай тұсын қалай өзгерте аламыз, қандай нұсқа тиімді, нені өзгерту керек деген сұрақтар ортаға салынбай ма? Сол ұсыныстардың салмақтылары республикалық конференцияда жеткізілмей ме?..
Қарапайым ғана мысал, мұғалімдердің сағатын реттеуге, тарифтеуге қатысты көп нюанстар нақты заңмен реттелмеген. Білім мазмұны мен білім бағдарламасы жайлы да сұрақтар көп. Бірақ олардың бірі де талқыға салынғанын көрмедім. Сонда онда не айтылды?» – дейді ұстаз.
Сәні мен салтанаты жарасқан саммитте білім жүйесіне пайдасы тиер дүние болсын, болмасын, өтті, бітті. Соңында 1 500-ге жуық адамға марапат табысталды. Соның ішінде «Еңбек ардагері» медалімен 257 педагог, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен 264 педагог, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен 265 педагог марапатталды. Тағы 149 педагогке оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы, 517 педагогке ведомстволық диплом мен Алғыс хат тапсырылды. Көпшілік «ешқандай министр бір мезгілде осыншама марапат таратпаған шығар», деп, таңғалып жүр. Бейсембаев сөйтіп конференцияны халықаралық саммит дәрежесіне шығарды.
Қазақ халқының марапатқа қарық болған кезеңі КСРО-ны Брежнев басқарған кезең шығар. Ол кезде адамдар марапатталып жататын, жоспарлы экономика артығымен орындалып, мінберлерде жарқын дауыспен сүйкімді цифрлар сөйлеп тұратын. Жаңа Қазақстанда да солай, қайда қарасаң да марапат. Бейсембаев былтыр өзіне сабақ берген мұғалімдерін марапаттаймын деп біраз дауға қалғанына қарамастан, қолында тұрғанда мұғалімдерін бір жарылқап тастайын деген болуы керек, темір-терсекке қолды молынан салыпты. Бірақ Брежневтің салпыншақтары мен сөлкебайлары КСРО-ны құтқарып қала алмағанын ұмытпау керек.
Баян Мұратбекқызы