Бейсембаевтың сүйіншісіне күлеміз бе, жылаймыз ба?

«Сіздермен бөлісетін жақсы жаңалығым бар», – деді министр сейсенбінің кешінде.
Әлем елдеріндегі орта білім сапасын анықтауға бағытталған PISA халықаралық зерттеуі 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол оқушылардың академиялық білімін емес, функционалдық сауаттылығын анықтауға арналған. Зерттеу негізінде оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану бойынша тест алынып, осы нәтижелер арқылы елдің халықаралық рейтингтегі орны есептеледі. OECD өткізетін бұл зерттеуге Қазақстан 2009 жылы алғаш рет қатысты.
Биыл 6 қарашадан 15 желтоқсанға дейін еліміздегі 54 мың оқушы PISA based Test for Schools-ты тапсырады. Қазақстан осы жылдар ішінде 80 елдің арасында 50-60 орыннан көтерілмеген. Әсіресе оқу сауаттылығы бойынша деңгей өте төмен, әрі өсу динамикасы да байқалмайды.
Қазақстан оқу сауаттылығы бойынша 2009 жылы 54-орын, 2012 жылы 59-орын, 2015 жылы 54-орын алған. Ал 2018 жылғы көрсеткіш тіпті нашар, 77 елдің арасынан 69-орын. Деңгейдің мұншалықты төмендігінің негізгі себебі – PISA тесттерінің қазақшаға аудармасы болып шықты. Бұл туралы жуырда әлеуметтік желіде біраз талқылау жүрді де. Бала түгіл сөз біледі дейтін ересектердің өзі ұқпайтын қойыртпақ аударманы біз де арнайы қарадық. Бірер мысал:
«Егер мәсуекке қатты күш салса, онда тісті тамақтың қалдықтары мен тіс қонуларынан арылта алмай, тістің эмалі мен қызыл иекке зақым келтіруге болады»; «Біздің буып-түйетін материалдардың жаңа сериясы сіздердің кез келген, тіпті ең күтпеген мүдделеріңізді қанағаттандырады».
Біз мұны ұлттық білім беру статистикасы және бағалау орталығы жариялаған «PISA халықаралық зерттеуінің тест тапсырмаларының үлгілері» деген жинақтан алдық. «Гугл-переводчик» деп жатты жұрт, расында кәсіби мамандар аударып, министрлік қадағалап отырған материалға ұқсамайды.
Аудармамен кім айналысқанын, сапаны бақылау ісіне кім жауапты екенін анықтау үшін оқу-ағарту министрлігіне хабарластық. Олар ресми сауал жолдауымызды сұрады. Телефон арқылы ауызекі әңгімеде мұны бақылап отырған білім беру сапасын бақылау комитеті екенін ғана айтты. Одан соң министрліктің есептерін ақтарып отырып, РІSА тестінің нәтижесін, сапаны бағалау Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығына жүктелгенін анықтадық. Орталыққа хабарластық, басқарма төрағасының орынбасары Әсел Сағадатқызы ақпаратты растады.
«Аудармамен айналысатын біздің орталық. Өз мамандарымыз да бар, жан-жақтан басқа да мамандарды тартып жатырмыз. Толығырақ жоба менеджері жауап беретін болады. Қазір жақында өтетін іс-шараға дайындалып жатырмыз. Сондықтан кейінірек ақпарат жолдаймыз».
Яғни аударманы жасап отырған министрлікке қарасты ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы. Ал оны бақылауда ұстайтын – Білім беру сапасын бақылау комитеті. Аударма сапасына тікелей жауапты да осылар. Бірақ аталған аудармаларды министрліктің қолынан шыққан, бекітілген, тексерілген мәтін деу қиын. Бәлкім, басқаларының аудармасы жақсырақ шығар деп тағы іздедік. Бірде-бір төрт аяғын тең басқан қазақша мәтін жоқ. Алдыңғыларынан бетер мәтіндер. Мәселен, EXPO туралы мына мәтінді қараңыз:
«Бүкіләлемдік EXPO халықаралық көрмесі, индустрияландыру нышаны техникалық және технологиялық адамзат жетістіктерді көрсету үшін ашық алаң болып табылады. Ол осы кезенде сауда және технологиялық жетістіктерді көрсету және ашу үшін негізінен арналды. Мысалы, осы кезенде мұндай өнертабыс, телефон сияқты, ұсынылды. 1939 жылы Нью-Йоркте өткен Дүниежүзілік көрмеден бастап, көрмелердін нақты түпкі түр сипаты өзгеріле бастады, және олардың тақырыптары неғұрлым нақты мәдени салаларына арналып қоғамның жарқын болашағы үшін бағытталған. Әрбір көрме – өз тақырыбы».
Филолог, баспагер Арман Әлменбет біздің сұрауымызбен бұл мәтінді «қазақшалап», дұрыстап көрді. Түпнұсқа қолда болмағандықтан, жобалап, мағыналық аударма жасауға тура келді – қазақ тілінен қазақ тіліне!
«Бүкіләлемдік EХРО халықаралық көрмесі – адамзаттың техникалық және технологиялық жетістіктерін көрсететін ашық алаң. Ол негізінен саудадағы және технологиялық жетістіктерді паш ету үшін ұйымдастырылады. 1939 жылы Нью-Йоркте өткен Дүниежүзілік көрмеден бастап көрмелердің сипаты өзгеріп, нақты мәдени салаларға мән беріле бастады. Қазір әр көрме әртүрлі тақырыпта өтеді».
Осындай, тест мәтініне лайық, оқығанда қиналмай түсінетін, мектеп бағдарламасына сай аударма жасау министрліктің қолынан келмейді дегенге сену қиын. Сенбейін десең, білім сапасын қамтамасыз ететін аты әйдік комитет бастап, арнайы орталық жүргізіп жатқан жұмыстың нәтижесі мынау! Біз қанша үңілсек те мағынасын ұға алмай отырған бұл тесттің негізгі базасы ағылшынша жасалады. Бірақ біздің министрлік түпнұсқадан емес, орыс тілінен аударғанға ұқсайды. Мұны аударма мәтінге қарап-ақ түсінуге болады. Және бұл процесті жақсы білетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ҰТО сарапшысы Гүлзия Карақұлова да бұл ойды қуаттай түседі:
«Екі жыл қатарынан PISA-ға қатысты зерттеулерге қатысып, баяндама жасап жүрмін. Ұлттық тестілеу орталығында тест тапсырмалары бойынша сарапшымын, әрі сол тапсырмаларды әзірлейтін маманмын. ҰБТ-дағы оқу сауаттылығы бойынша келетін сұрақтарды, мәтіндерді мамандар өзіміз құрастырамыз. Ал PISA-дағы мәтіндер – аударма. Деңгейі өте төмен екенін ұстаздардың барлығы айтып жүр. Оның бір себебі, халықаралық зерттеу болғандықтан тапсырмалар алдымен ағылшынша дайындалады. Одан орысшаға аударылып, кейін қазақшаланады. Бұл жердегі қателік сөзді мәтін ішіндегі мағынасына, үстеп тұрған ойына қарамай, тіке аудара салуда. Мұны калька дейміз. Осының әсерінен мәтін түсініксіз болып шығады. Мәтінді түсінбеген оқушылар тестті қате белгілеп жатады. Демек, аударма сапасы тест нәтижесіне де әсер етеді деуге негіз бар. Мәселені шешу үшін орысшаланған нұсқадан емес, бірден ағылшыншадан қазақшаға аударатын мамандармен жұмыс істеу керек. Әрі оны басқа аудармашылар тексеріп, сараптамадан өткізу қажет. Осы тұсымыз ақсап тұрған сияқты. Оқу сауаттылығы ғана емес, математиканың да тапсырмаларын оқысаң, түсіну қиын. Мен 30 жылдан астам өтілі бар педагог бола тұра түсіне алмай қаламын, бала қайдан түсінсін!» – дейді.
Тікелей аударманы қолға алудан бұрын, қадағалау жағы ойландырады. Қанша калькамен аударса да министрліктен шыққан мәтін мұндай болмауға тиіс еді. Бұл орайда кадрлық немқұрайдылық, қадағалаудың әлсіздігі де бар секілді. Министрліктің салғырттығы туралы белсенді Ертай Нүсіпжанов былай деді:
«Қазір біз тілге деген салқындықты оқу-ағарту министрлігінен, білім саласының өкілдерінен жиі көреміз. Ал мына тест тапсырмалары тіптен сөзбе-сөз, өте жұпыны аударылған, сауаттылық, мазмұндық деңгейі тым төмен. Оған тәжірибелі тіл мамандарының саусағының ұшы да тимегені байқалады. Енді осы тест арқылы биыл Қазақстандағы 54 мың баланың функционалдық сауаттылық деңгейі анықталмақ. Ал өткен жылы 33 мың оқушы тапсырған. Және осы нәтижеге қарап біздің халықаралық рейтингтегі орнымыз белгіленеді. Мынадай мәтінмен қайдағы сауаттылықты анықтамақ?
Бірде еңбек қауіпсіздігі туралы арнайы қазақша сабақтар өткізіліп, соңында тест алынды. Тапсырушылардың бәрі қазақтар. Бірақ қазақша сұрақтар түсініксіз болған соң, көбі орысша нұсқаны таңдауға мәжбүр болды. Осыған ұқсас жағдайлар жиі кездесіп жатады. Мұндай дерттің білім саласына да жеткені өкінішті. Бұл ең әуелі жұмыс сапасын бақылайтын органдардың жауапсыздығының белгісі».
PISA алғаш 2009 жылы Жансейіт Түймебаев министр кезде келді. Ол тесттің нәтижелерін сараптап үлгерместен қызметтен кетті. Одан кейінгі министр Бақытжан Жұмағұлов PISA білім беру саласын объективті бағалаудың таптырмас тәсілі екенін айтып, жалпы рейтингте 65 елдің ішінде 58-орында тұруымызды мектептегі білімді күнделікті өмірде қолдануға қауқарсыздығымызбен түсіндірді. Аслан Сәрінжіпов кезінде де көрсеткіштер жақсармады. 2015 жылғы нәтиже бойынша, 70 елдің ішінде оқу сауаттылығынан – 53-орын, математикадан – 42-орын алдық. Бұл көрсеткіштердің сұрауы келесі министрден болды. Халықаралық ұйым 2015 жылы қазақ тілді мектептер өзге мектептермен салыстырғанда екі есе төмен көрсеткіш көрсеткенін жариялады. Ал Ерлан Сағадиев бұны этнолингвистикалық фактор есебінен деп ақталды. Ең қызығы, ол осыдан соң да дүниежүзі тарихын орысша, жаратылыстану бағытындағы сабақтарды ағылшынша өту керек деген бағытынан танбады. Асхат Аймағамбетов министр кезде көрсеткіштер 2009, 2012 жылғыдан да түсіп кетті. Ол компьютерлік форматқа ауысудың кері әсерін де ескеру керектігін айтты. Сол кезде жаңадан енгізіліп жатқан жаңартылған білім бағдарламасы әлі тест тапсырушы 9, 10 сыныптарға жетпегенін әрі біздің елдегі 15 жастағы оқушылардың жартысы 9-сыныпта, жартысы 10-сыныпта оқуы да айтарлықтай кедергі деп ақталғандай болған.
5 желтоқсанда PISA-2022 нәтижелері жарияланды. Бейсембаев бұған дән риза.
«Сіздермен бөлісер жақсы жаңалығым бар. Қазір ғана PISA рейтингінің нәтижелері жарияланды. Еліміз математика және жаратылыстану пәндері бойынша TOP-50 елдің ішіне кірді. Жаратылыстану пәндерінен көрсеткіштер 26 балға артып, математика және оқу сауаттылығы бойынша алдыңғы нәтижелер сақталды. 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан – 46-орын, оқудан – 61-орынды, жаратылыстану пәнінен – 49-орынды иеленді», – деп сүйіншіледі министр.
TOP-3, TOP-10 дегенді естуші едік, TOP-50 дегенді де көрдік. Ең болмаса, 200-300 мемлекеттің ішінде озып келсекші... Бар-жоғы 81 ел! Бел ортадан былайғыларды үздік деуге келе қояр ма екен? Министр соның өзін зор мақтанышпен қабылдапты. Әрине, министрдің 26 балға артқан көрсеткішті малданып отырғаны анық. Бұрынғыдан жоғарылаумыз дегені. Және былтырғы PISA-ға өзінің де жанама қатысы бар. Былтыр тест тапсырылып жатқанда Бейсембаев Аймағамбетовтің орынбасары болатын, вице болып келгеніне бес ай болған. Бейсембаевтың бәсіре рейтингін келесі жылы шығатын TOP-тан көреміз.
Бұл көрсеткіштердің ішінде аударма сапасына тікелей қатысты сала – оқу сауаттылығы. 81 елдің ішінде 61-орын... Министр де, оның ведомствосы да оқу сауаттылығы бойынша төмен нәтиже көрсеткенімізге онша мән бермей отыр. Өйткені оларға керегі – TOP-50 ғана. Жоғарыда қозғалған мәселелер турасында оқу-ағарту министрлігіне де, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» орталығына да ресми сауал жолдадық. Сөзін ұзартып, жауабын созып отырған министрдің басқа шаруалармен қолы босамай жатқан болар деп отырғанымызда, сүйінші сұраған жаңалығы жарқ ете түсті.
Баян Мұратбекқызы