Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:14

Мұғалімдердің жалақысы: Министрлік әкімдікке, әкімдік мектепке сілтейді

мектеп
Фото: из открытых источников

Кейінгі кезде елдегі жекеменшік мектептер мемлекет бөлетін қаржы уақытылы берілмей, қызметкерлеріне жалақы төлей алмай отырғанын айтып, дабыл қағып жүр.

Бұл даудың басталғанына да біраз уақыт болды. 2025 жыл бел ортасынан ауып барады, ал жеке мектептер Оқу-ағарту министрлігімен жасалған келісімшарты бола тұра, 2023, 2024 жылдардағы тиісті қаржысын толық ала алмай отырған көрінеді. Салдарынан қомақты ақшасын білімге салған кәсіпкерлер тығырыққа тіреліп, ұстаздар жалақысын ғана емес, коммуналдық төлемдер мен салықтың өзін дер кезінде төлей алмайтын жағдайға жеткен. 

Ғани Бейсембаев басқаратын оқу-ағарту министрлігі биыл ақпанда бұл мәселеден хабардар екенін айтып, жекеменшік мектептер алдындағы 2023 және 2024 жылғы берешекті төлеу үшін Қаржы министрлігімен бірлесе жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген. Әрі барлық қарыз биылдан қалмай төленеді деп уәде берген. Бірақ Бейсембаев бұл уәдесін тез ұмытқан сияқты. «Жас Алаш» сауалына министрліктің баспасөз қызметі «Қаржыландыру мәселесі жергілікті атқарушы органдарының құзыретінде» деп, қысқа ғана жауап берді.

Qazbilim-дегі жалақы дауы

Жақында елдегі бірнеше қалада жұмыс істеп тұрған Qazbilim ұлттық лицейінде жалақыға байланысты дау шықты. Гүлназ есімді мұғалім әлеуметтік желіде «Qazbilim ұлттық лицейі маған мамыр айының жалақысын да, еңбек демалысының төлемін де төлемей отыр» деп жазды. Сол-ақ екен, бір жерден шу шықса, мәселенің мәнін білсе де, білмесе де жабыла төпелей кететін, оны соңына жеткізбей жатып, айғайы одан көбірек екінші мәселеге ауыса жөнелетін қазақ қоғамы бұл жолы да аттанға айғай қосып, жеке мектепті желкелей жөнелді.

Ал Qazbilim жобасының жетекшісі, елдегі белсенді мұғалімдердің бірі Аятжан Ахметжанұлы проблеманың тамыры тереңде жатқанын, жалақының кешігуіне министрліктің тиісті қаржыны уақытында бөлмегені себеп болғанын айтып, жазба жариялады. Әлеуметтік желіде бұл тарапты қолдайтындар да бір қауым ел екен. Екі жақ екі топқа бөлініп алып, мектеп басшысының қайдан келгенін, ұстанымы қандай екенін талқылап ала жөнелді. Әу бастағы еңбекақысын ала алмаған мұғалім мен міндетін орындамаған министрліктің жағдайы жайында қалды. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Ахметжанұлының өзімен сөйлестік. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері оқу-ағарту министрлігі қаржыны кешіктіріп түсіруді әдетке айналдырған.

Аятжан Ахметжанұлы
Фото: из открытых источников

«Алдыңғы министр кезінде қаржы әр айдың 26-жұлдызына дейін түсетін. 27–28-іне қалып қалса, неге кешіктіріп жатырсыздар деп ренжитін едік. Ал 2023 жылы қарашадан бері бұл ақша тұрақты түрде кешігіп түсетін болды. Тіпті сол жылы желтоқсандағы қаржының белгілі бөлігін күні бүгінге дейін берген жоқ. 2024 жылды да осылай созбалаңға салып жүріп өткіздік, қаржы кейде бірнеше ай кешігіп түсетін. 2025 жылы қаңтардан бастап бұл ақшаны жергілікті әкімдіктер бөлетін болып ереже өзгерді. Бірақ үйлестіруші операторы әлі де оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ болып отыр. Яғни біздің жергілікті әкімдіктермен ешқандай келісімшартымыз жоқ, біздің келісімшарт министрлікке қарасты «Қаржы орталығымен» жасалған. Сондықтан министрліктің қаржы кешіккенін жергілікті атқарушы органға сілтегені орынсыз. Олар үйлестіруші оператор қызметін дұрыс атқармай отыр.

Министрліктен түсетін қаржы біздің мектепке ғана емес, барлық жекеменшік мектепке кешігіп түсіп жатыр. Мысалы, биыл кей өңірде сәуір мен мамыр айының, кей өңірде мамыр айының ақшасын әлі берген жоқ. Әдетте кәсіпкерлер бизнес жоспарды барлық кіріс-шығысты ескере отырып жасайды. Біз де министрліктің «жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасына сеніп, жоспар түздік. Ал олар тиісті ақшаны бермеді. Салдарынан жоспар бұзылып, қызметкерлерімізге мамырдың жалақысы мен жазғы демалысқа арналған соманы бере алмай отырмыз. Қызметкерлерге қарыз болып қалғанымызды айтып, министрлікке хабарлассақ, олар жергілікті әкімдікке сілтейді. Ал әкімдіктер «бізбен ешқандай келісімшарттарыңыз жоқ, сендерге қаржы бөлуге міндетті емеспіз. Арызды Қаржы орталығына айтыңдар» деп әңгімені қысқа қайырады. Біз амалсыз қайта оқу-ағарту министрлігіне шағымданамыз», – дейді Qazbilim ұлттық лицейінің жетекшісі.

Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желідегі дау жалақы мәселесіне қатысты емес, ұлттық лицейге қарсы ұйымдасқан әрекет деп санайды. Оның айтуынша, министр Бейсембаевтың жеке мектептерге көзқарасы дұрыс емес, жекеменшік мектептерді ғимараты талапқа сай келмейді, қажетті құрылғысы жоқ деген желеумен жауып тастауға тырысады, тіпті сол мектептерге лицензияны министрліктің өзі бергенін де ескермейді.

«Мысалы, осы жолғы дауда белсенділік танытып отырған азамат – министрдің жерлесі. Жақында Қызылордада жекеменшік мектеп жалақы төлей алмай, мұғалімдері жұмысқа шығудан бас тартқанда үндемегендер, бізге келгенде белсеніп жатыр. Демек осы жолы министрліктен тапсырма түскен болуы мүмкін. Өйткені біздің лицейді біржақты қаралаған, мәтіні бірдей, авторы жоқ мақаланы Nege.kz және Dala.news сайттары бір уақытта жариялады. Осынша дау шығып жатқанда, министр ешқандай реакция білдірмей, жым-жырт жатыр. Осының бәрі желдің бір жақтан тұрғанын аңғартады деп ойлаймын», – дейді А.Ахметжанұлы.

Министр Ғани Бейсембаевтың мұғалімдермен қарым-қатынасында салқындық бар екені бұған дейін де айтылып жүрген әңгіме. 2023 жылы мекеме тізгінін ұстай сала, белсенді мұғалімдерді қудалап жатыр деген дауға қалған. Министрліктің аппарат жетекшісі саладағы кемшіліктерді сынап жүрген ұстаздардың үстінен ІІМ мен Бас прокуратураға шағым жазған. Кейін министрлік бұл шағымды қайтарып алғанымен, Бейсембаев көп мұғалімге ұнамай қалды. Бір топ ұстаз ел президентінің атына ашық хат жазып, Бейсембаевты отставкаға жіберуді сұрағаны есімізде.

Жекеменшік мектептер банкрот алдында тұр

Қазақстанда қазір 800-ге жуық жекеменшік мектеп бар, оның 93 пайызы мемлекеттен қаржы алып отыр. Онда 300 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Мемлекет мұндай мектептерге «жан басына шаққандағы қаржыландыру» деген бағдарламамен қаржы бөледі. Билік мектеп тапшылығы мәселесін шеше алмай келеді. Министрліктің мәліметінше, елде 7 964 мектеп бар, онда 3,9 миллион бала білім алып жатыр. Елдегі мектептердің 60 пайыздан астамында оқушылар 2 немесе 3 ауысыммен оқып жүр.

Сол үшін үкімет кәсіпкерлерді мектеп салуға шақырып, оларға қаржылай қолдау көрсетуге уәде етті. Тіпті мұны кәсіпкерлерге бизнес жоба ретінде ұсынған. БАҚ-та, әлеуметтік желіде жарнама жасап, инвестор шақырды. Соның арқасында елде жеке мектеп көбейді, осыдан 10 жыл бұрын елде 25–30 жекеменшік мектеп жұмыс істеп келсе, қазір олардың саны 800-ге жетті. Ал 3 ауысымды мектеп саны 2022 жылғы 139-дан 2024 жылы 64-ке қысқарды. Демек жекеменшік мектептер орын тапшылығын шешуге, салада бәсекелестікті күшейтуге белгілі мөлшерде оң әсер еткені анық.

Соған қарамастан, оқу-ағарту министрлігі кейінгі кезде жеке мектептерге қолдауды азайтып, қысымды күшейтіп жіберген. Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, қаржыны кешіктіргені аздай, жөнді-жөнсіз тексерістерді көбейтіп жатыр. 2024 жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің алынып тасталғаны Бейсембаевқа іздегенге сұраған болды дейді белсенді ұстаз. Салдарынан әр өңірде жекеменшік мектептер жабылып жатыр. Мысалы, Атырауда – 2, Ақтауда – 2, Таразда – 1, Түркістанда – 2 мектеп жабылған. Тоғыз қалада ашылған Qazbilim ұлттық лицейінің біреуі жұмысын тоқтатыпты.

Елдегі жекеменшік мектептердің күрделі жағдайға тап болғанын Асхат Аймағамбетов, Нартай Сәрсенғалиев сияқты мәжіліс депутаттары парламентте де көтерді. Сәрсенғалиев Ғани Бейсембаевтан «жеке мектептер жабылса, ондағы 300 мың оқушыны қайда жібереміз» деп сұраған. Ал экс-министр Аймағамбетов биыл қаңтарда жеке мектептерге мемлекеттік қаржыландыру өте кешігіп түсіп жатқанын, салдарынан мемлекеттік тапсырысқа тәуелді мектептер банкрот болудың аз-ақ алдында тұрғанын, жекеменшік мектеп мұғалімдері бірнеше ай бойы жалақы ала алмай жүргенін, тіпті 2024 жылғы желтоқсандағы еңбекақысын биыл сәуірге дейін алмағанын айтқан.

Сондай оқиғаның бірі биыл Қызылорда облысында тіркелді. Өңірдегі 33 жекеменшік мектепке министрлік төлеуі тиіс қаржы түспей, 2 мыңға жуық ұстаз бен техникалық қызметкер 3 ай бойы жалақы ала алмаған. Мұның соңы үлкен дауға ұласып, мұғалімдер жұмысқа шығудан бас тартты. «Министрлікке, әкімдікке жаздым. Бірақ дәл қазір ешқандай жауап алған жоқпын. Кім кінәлі, кімнен қаржы түспей жатыр, білмедім», – деген болатын «Мансап» жекеменшік мектебінің директоры Диляра Кәрімова.

Сарапшылар жергілікті білім басқармаларын әкімдік қарауынан шығарып, тікелей министрлікке қарасты мекемеге айналдыру қажет екенін көптен бері айтып жүр. Әйтпесе, мұғалім әкімдердің сайлауда, сенбілікте жұмсайтын қолбаласы болып қала береді. Министрлік осы міндетті толық орындап, мемлекеттік мектептерді әкімдердің шылауынан шығара алмай отырғаны аздай, жекеменшік мектептерді де соларға тәуелді етіп бермек. Жекеменшік мектептерде әдетте қағазбастылық пен бюрократия аз болады, мұғалімдері әркімнің жұмсағанына жүгірмей, білім берумен айналысады. Жеке мектептің басты артықшылығы осы болса керек. Ал биылдан бастап қаржыны жергілікті атқарушы орган бөлетін болса, әкімдер олардың да еркіндігіне қол сұғып, сайлау мен санақ өткізуге жегіп қоюы мүмкін.

Ғани Бейсембаев 2023 жылы қаңтардан бері оқу-ағарту министрі қызметін атқарып келеді. Оның жұмысына айтылар сын көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет өзі бастамашы болып, кәсіпкерлерді тартып, жекеменшік мектеп аштырған. Олардың саны жылдам артқанын, белгілі мөлшерде пайдасы болғанын айттық. Министр дәл қазіргідей қаржыны азайтып, қысымды күшейте берсе, инвесторлар қолын бір сілтеп, білім саласынан теріс айналуы мүмкін. Мұның соңы 3 ауысымды мектептердің көбеюіне әкеп соғары анық. Сондай күн туса, Бейсембаев өз қолымен жасаған проблеманы өзі шеше алар ма екен?..

Қуаныш Қаппас