Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Бейсенбек Зиябеков: Пайыздық көрсеткіштердің соңынан қуалап, халықты алдауға болмайды

Бейсенбек Зиябеков
Фото: ашық дереккөз

Қазір әртүрлі экономикалық болжамдар айтылып, жоспарлар құрылып жатыр. Бұл тарапта үкімет те құр жаяу емес, соның бірі жуырда 2026–2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму жоспарын жариялады. Егер осы жоспарға сенсек, алдағы уақытта еліміздің барынша өркендеп, экономиканың серпіні артып, дағдарысты еңсереміз-мыс.

 Алайда халық мұндай «жоспарларды» бұған дейін де көп көрді, көп естіді, көбісінің ақыры қалай болғанын да жақсы біледі, сондықтан да болар, қоғамда мұндай болжамдар мен жоспарларды «иллюзияға» теңейтіндер де баршылық.

Жалпы, экономикалық өсімге, мақсат пен жоспар құруға, болжамдардың дәлдігін бағдарлауға және тағы да басқа сұрақтарға қатысты біз экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековпен сұхбаттастық.

– Бейсенбек Зиябекұлы, таяуда S&P халықаралық рейтингті бағалау агенттігі Қазақстанның экономикасын «жайлы» деп бағалады. Артынша үкімет те 2026–2035 жылдарға арналған жоспарын жария етіп, осы аралықта экономиканың қуат алатынын мәлімдеді. Сіз маман ретінде мұндай рейтингтерге сенесіз бе?!

Негізі мұндай бағалауларға менің сену-сенбеуім маңызды емес. Бұл арада үкіметтің жоспарына, айтқан уәделеріне, болжамдарына, көрсетілген рейтингтерге қарапайым халықтың сенуі маңызды. Расымен де жуырда халықаралық рейтинг бағалау агенттігі S&P Global Ratings Қазақстанға қатысты бағалауын «тұрақтыдан» «жайлыға» өзгертті. Мұны Ұлттық банк сүйіншілеп, жария етті. Ұлттық банктің түсіндіруінше, мұндай бағалау ел экономикасын әртараптандыру, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және бюджет тапшылығын азайту бағытындағы оң өзгерістерден кейін барып жасалған.

Ал шын мәнінде бюджеттің тапшылығы артып кетті емес пе?!

– S&P сарапшыларының айтуынша, бюджет тапшылығы артқанына қарамастан, Қазақстанда ақша-несие саясаты күшейіп жатыр. Ұлттық банк инфляцияны ұстап тұруға тырысуда, ал квазифискалдық шығындар қысқарып келеді. Банк секторы да төзімді. Капиталы жеткілікті, өтімділігі жақсы. Біз мұндай халықаралық агенттіктердің бағалауын жоққа шығара алмаймыз. Қандай жағдай болса да, үмітсіз экономика болмайды. Сондықтан үмітімізді тәрк етпейміз. Экономиканың қуатты болатынына үміттенеміз.

– Дегенмен үмітімізді үкілеп жүргенімізге 30 жылдан астам уақыт өтті ғой...

– Дұрыс айтасыз, 30 жыл уақытымыз үмітпен өтті. Негізінде, әрбір шенеунік, әр министр өзіне тапсырылған жұмысты сауатты, тындырымды, жауапты түрде істеп, алдына дұрыс мақсат қоя білгенде халықтың сеніміне селкеу түспес еді. Өкінішке қарай, қазір мұндай жауапкершілік алатын министрлер, топ-менеджерлер, шенеуніктер аз. Кадр жұтаңдығына тап келіп отырмыз. Шенеуніктердің тазалығы, халыққа деген адалдығы өте кемшін. Үкіметтің кейбір асқақ уәделері мен жоспарларына қазір халық сенбейтін де болды. Тіпті біздегі кейбір экономикалық көрсеткіштердің өзінен өтіріктің иісі аңқып тұрады. Жалған статистика – экономиканың қас жауы. Министрлердің, шенеуніктердің осыны ұқпайтыны өкінішті.

Статистика демекші, үкіметтің жоспары бойынша 2026 жылы ЖІӨ-нің өсуі 5,4 пайыз деңгейінде болмақ. Бұл салаға жауапты министрлердің есебінше, номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден (долларға шаққанда 344 млрд доллар), 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге (429,7 млрд доллар) дейін өседі. Алайда осындай «өте жақсы» көрсеткіштер айтылғанымен оны қарапайым халық неге сезінбейді?!

– Өте жақсы дүниені қозғап отырсыз. Үкімет биылғы жылдың 7 айында ЖІӨ 6 пайызға өсті деп отыр. Келер жылы бұл өсім 5,4 пайызды құрамақ. Негізі жалпы ішкі өнім шын мәнінде өскен болса онда елде экономика тоқтаусыз дамып жатуы керек. Ішкі өнімнің өскенін есепке алып, Ұлттық банк бірінші кезекте базалық ставканы түсіруі керек. Несиелердің пайызы арзандауы қажет. Халықтың жағдайы жақсаруы тиіс. Инфляция бұғатталып, жалақы өсуі керек. Алайда қазір мұның бірі де жоқ. Бас банк базалық ставканы 16,5 пайыздан түсірмейтінін, ең төменгі жалақының өспейтінін айтты. Егер бізде еңбек өнімділігі артып, өндірістің қуаты күшейсе, халықтың жағдайы жақсаратын еді, базалық ставкада өзінен-өзі түсетін еді. Осыдан кейін барып ЖІӨ-нің өскеніне халық сенер еді. Қазіргі біздің ЖІӨ-нің өсуі сапалы көрсеткіш емес, жай ғана сан болып отыр.

– Ол қалай сонда, мұны қалай түсінеміз?!

– Қазір ЖІӨ сауда-саттықтағы тауар бағасының көтерілуінің арқасында ғана өсіп жатыр. Қарапайым ғана мысал, қаламсаптың бағасы бір тоқсанда 100 теңге тұрса, келесі тоқсанда 200 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Сонда баға көтерілген сайын тауар да қымбатқа сатылады. Тауар мен өнім қымбатқа сатылса, экономикаға пайда содан түседі. Осыдан барып ішкі өнім өседі. Алайда үкімет мұны халыққа айтпайды, алдайды. Жалған статистика деген міне, осы. Сондықтан ЖІӨ-ге қатысты статистиканы әлі зерттеу керек, талдау қажет. ЖІӨ еңбек өнімділігінің арқасында, технологияны, өндірісті дамытудың нәтижесінде, зауыт-фабрикаларды құру барысында артып жатса онда қуануға болар еді. Өкініштісі, бізде қанша зауыт ашылып жатыр, қаншасы жабылып жатыр, мұның өзі нақты зерттеліп жатқан жоқ қой. Жоғары мінбелерде әдемі сөздер мен асқақ-асқақ жоспарлар құрылады. Ақиқатында, қарапайым жұрт оның нәтижесін көріп жатқан жоқ. Үкімет қазір көрсеткіштерді көрсетуге ғана жұмыс істеп кетті. Пайыздық көрсеткіштердің соңынан қуалап, халықты бұлай алдауға болмайды.

– Естіген шығарсыз, жуырда Ұлттық банк төрағасы «Қазақстанда ең төменгі жалақы алатын адам кездеспейді» деді. Бұл статистикаға да сенбейтіндер көп...

– Иә, бұған қатысты да ала-құла деректер көп. Мәселен, қазір ауыл-аймақта тұратын халықты жұмыссыздық сансыратты. Ауылда мектепте, сосын амбулаторияда ғана жұмыс бар делік. Тіпті ауыл халқына мал өсірумен айналысудың өзі мұң. Себебі халықтың көбі жайылымдық жерсіз қалған. Ауылдағы шаруалардың басы біріккен жоқ. Ауылға салалық банктер барған жоқ. Арзан несиемен ауыл шаруаларын қамти алмадық. Кезінде «ауылдағы бизнесті қаржыландыруға үлес қосады» деп атағын дардай етіп «ҚазАгро» ұлттық холдингін құрдық. Қазір бұл холдингтің өзі банкрот болды. Енді, Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұратынын ескерсек, сол 40 пайыздың кем дегенде 20 пайызы ең төменгі жалақымен, жәрдемақымен күнелтіп отырғаны даусыз. Біз Қазақстан негізінен аграрлы мемлекет деп мақтанамыз. Бірақ осы саланы жетілдіруде дұрыс мақсат, жоспар жоқ. Аграрлы мемлекеттің ауылдағы халқын жерсіз қалдырып, ауыл шаруашылығын дамытқымыз келеді. Бұл тура «ұстаның пышаққа, етікшінің етікке жарымайтынының» кебі. Ең қызығы, осындай мәселелердің барын біле тұра білдей бір шенеуніктер шімірікпестен елде ең төменгі жалақы алатын адам кездеспейтінін айтады. Бізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болса, министрлердің жалақысы 1,5 млн теңге, айырмашылық жер мен көктей. Шындығында, шенеуніктер мен халықтың тапқан табысының арасында біздің елдегідей 16 есе айырмашылық болмауы керек.

Қазір ауыл халқын да, қалалықтарды да қымбатшылық қатты қысып барады. Ұлттық валютамыз жыл сайын құнсызданып жатыр. Айлығын шайлығына жеткізе алмауға шағымданатындар көп. Жалпы, осы бізде инфляцияны тізгіндеудің, ақша-несие саясатын реттеудің дұрыс тұжырымдамасы, яғни сауатты концепциясы жасалған ба?!

– Осы уақытқа дейін бізде экономиканы дамытуға бағытталған мың сан бағдарламалар болды. Мәселен, моноқалаларды дамыту үшін біршама бағдарлама қабылданды. Ол бағдарлама бойынша 27 шағын қаланы дамытуымыз керек еді. Бірақ оны жүзеге асыратын нақты тетік болмады. Мүмкіндікті шашыратып алдық. Қаржы анда кетті, мұнда кетті. Нәтижесі аз болды. Бір айта кетерлігі, Ресейде де шағын қалаларды дамытуға арналған бағдарлама болды. Олар бұл бағытқа 1,5 млрд рубль бөлген. Біздің теңгемен есептегенде 7–8 млрд теңге. Ал Қазақстанда 1 жылға 34 млрд теңге, 3 жылға 120 млрд теңге бөлінді. Бізде тіркелген моноқала – 27 болса, Ресейде – 300. Егер үкімет бөлген қаржы мақсатты түрде жұмсалса, 27 қаланың инфрақұрылымы 90 пайызға жаңаруы тиіс еді. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама тәтті қиял күйінше қалды.

Бұдан басқа да қаншама бағдарламаларды тізіп беруге болады. Енді үкімет бағдарлама емес, концепция деген сөзді жиі қолданатын болды. Қазір «Тұрақты даму тұжырымдасы» туралы жиі айтылды. Негізінде, концепция деген сөздің мағынасының өзі ғылыми көзқарас дегенді білдіреді. Бірақ біздің үкіметтегілер ғалымдардың пікірімен санаспайды. Ұсыныстарын қабылдамайды, сөйте тұра концепциялар жасайды. Мен осыны түсінбеймін. Ғалымдармен бірлесіп кеңеспесе, ұсыныстарын тыңдамаса, сауатты тұжырымдама жасалмайды ғой. Сондықтан қазіргі экономикалық даму тұрғысында жасалып жатқан концепцияларға көңілім аса тола қоймайды.

– Сіз өзіңіз нақты ғылыми көзқарасыңызды білдіретін концепцияларды үкіметке ұсындыңыз ба?! Ұсынсаңыз, қандай ұсыныстарды жолдадыңыз немесе айттыңыз?!

– Әрине, ұсындым. Мысалы, мен ойларымды тізіп, өз көзқарасымды, ұсынысымды үкіметке жолдаймын. Олар оны оқымайды да, қарамайды да. Ақыры ол ұсынысымды электронды хат ретінде жолдаймын. Сосын маған әлгі ведомстволардан «Сіздің арызыңыз осындай жерде қаралды. Егер оған көңіліңіз толмаса сотқа беруіңізге болады» деген, дайындап қойған жаттанды жауап келеді. Мен өмірімде біреудің үстінен арыз жазып көрмегенмін. Сотқа да жүгінбегенмін. Сонда мен жіберген концепцияны олар арыз деп қабылдап отыр. Бұл арада арыз бен концепцияны айыра алмай отырған ведомстволардың дамуға, инфляцияны бұғаттауға, қаржылық ахуалды түзеуге қатысты сауатты концепция жасай алатынына күмәнім бар. Біздегі концепцияны бірнеше ғалымдар арнайы зерттеп жасаса, солардың идеясымен құралса сауатты болар еді.

– Нақты айтыңызшы, сіз үкіметке қандай ұсыныстарды ұсындыңыз?!

– Жалпы, экономика деген, ол – өмір деген сөз ғой. Сол өмірді сауатты мамандар ғана жақсарта алады. Ал жаңағыдай концепция мен арызды айыра алмайтындар отырған жерде тұрақты даму, қуатты экономика болмайды. Концепция әсерлі сөздермен, шетелдік терминдермен құралмауы керек. Ол кәдімгі тұнып тұрған ғылыми зерттелген идея болуы тиіс.

Ақиқатын айтсақ, біздің үкімет пен Ұлттық банктің тірлігі бір-бірімен байланыспайды, бір-бірімен қабыспайды. Мысалы, Ұлттық банктің мақсаты – бағаны тұрақты ұстап тұру. Үкіметтің мақсаты – экономиканы өсіру. Қазір осы екі мақсат бір-біріне қайшы кеп тұр. Жуырда Ұлттық банк «экономикада 8 трлн теңге артық ақша бар, оны нарықтан алу керек, нарықта ақша массасы көбейіп кетті» деді. Бұдан шығатын қорытынды – Ұлттық банк пен үкімет Қазақстанның экономикасына нақты қанша қаражат қажет екенін білмей отыр. Айналымда қанша көлемде ақша жүру керектігін олар сауатты есептей алмаған. Экономика өсіп жатса, ол ақшалар артық қаражат болып тұрмайды. Ол ақша жұмыс істеп жатады. Өндіріс орындары дүрілдеп тұрса, қаражат та айналымда жүреді. Сондықтан Ұлттық банк пен үкімет бірігіп отырып жоспар құрып, экономикаға нақты қанша қаражат керек екенін есептеу керек. Олай етпесе, үкімет ана жобаға, Ұлттық банк келесі бір тұжырымдамаға қаражат жұмсап, қай қаржының қайда кетіп жатқанын білмей жүрміз. Осыны ұсыныс ретінде ұсындым. Ешкім құлақ асқан жоқ. Бұл – бір. Екінші – ұсыныс. Негізі Ұлттық банкті тек президентке ғана бағынатын орган ету дұрыс емес. Ұлттық банк мәжіліске барып есеп беріп отыруы керек. Әлеуметтік-экономикалық саясат, бюджеттік жоспар барлығы мәжілісте талқыланатындықтан, Ұлттық банктің жұмысы да мәжілісте талқыға салыну керек. Халық алдында ашық есеп берілгені жөн. Сол кезде ғана ақша-несие саясатына қатысты сауатты тұжырымдамалар жасалады. Осы арада айта кететін жайт, бұрын 1995 жылдары Ұлт­тық банк мәжіліске бағынатын, үкіметке есеп беріп отыратын. Одан кейін көп ұзамай жаңа заң қабылданды. Ол заңның Ұлт­тық банк қызметін тексеру туралы 68-бабында «Қазақ­стан Ұлт­тық банкінің қаржылық есебінің аудитін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекет­тің немесе ТМД елдерінің орталық банкіне аудит жүргізу тәжірибесі бар аудиторлық ұйым жыл сайын жүргізеді. Тексеріс кезінде ақпарат құпия сақталады және оны үшінші жаққа жеткізгені үшін жауап береді. Қазақ­стан Ұлт­тық банкін тексеру – президент­тің келісімімен немесе президент тапсырмасы бойынша ғана жүзеге асыралады» деп анық жазылды. Осылайша сол тоқсан бесінші жылы Ұлт­тық банкті тек президентке бағынатын етіп, заңмен бекітіп тастады. Міне, содан бері Ұлт­тық банк белгілі бір жеке адамдардың мүддесіне жұмыс істеді. Осыны да ұсыныс ретінде айтып жүрмін. Біз қазір осындай ең басты-басты бағыттарды айқындап алуымыз керек. Сонда ғана бағытымыз жөнделіп, қазынамыз толығып, экономика дамып, қорымыз қоңды болады.

– Қор демекші, қазір Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатын дамыған елдердің инфляцияға түспейтін, құнсызданбайтын мемлекеттік бағалы қағаздарына сала бастады. Бұл қорды қоңды ететін үрдіс пе?!

– Негізінде біз Ұлттық қорға бюджеттен артылған қаржыны ғана жинауымыз керек. Бізде, керісінше, мұнайдан түскен түсім, мұнай секторы ұйымдарының тура салықтары, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу бойынша үлестер және тағы басқа салықтар алдымен осы Ұлттық қорға жиналады. Содан кейін барып бюджетке ақша жетпей жатса, сол жиналған қаржыны шетінен шертіп ала береміз. Бізге Ұлттық қорға мүлде тиіспейтіндей, халықтың мұқтажынан артылған дүниені ғана жинау қажет. Сосын Ұлттық қорды Ұлттық банк басқармауы керек. Ұлттық қор тек үкіметтің бақылауында болуы тиіс. Бұл халықтың ақшасы болғаннан кейін, оны тікелей үкімет пен президент қызғыштай қоруы керек. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаратындай инвестициялық компания емес. Қордың қаражатын дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына салғаннан гөрі еліміздегі отандық өндірісті дамытуға жұмсаған жөн деп ойлаймын.

– Иә, қордың қаражатын отандық өндіріске салу керектігі үнемі айтылып жүр. Экономика дағдарса бітті, Ұлттық қорға қол сұғуды доғару қажеттігі де жиі айтылатын тақырып. Жалпы, біз алдағы бес жылдағы Ұлттық қорды «кертіп жеу» дағдысынан арыламыз ба?!

– Бізде қазір жұмыс істеуге қабілетті халықтың банктерден алған несиесі 20,7 трлн теңгеге жетті. Елде пайыздық өсімпұлы өте жоғары шағын несие ұйымдары көбейіп барады. Олардың жұмыс істеу тәсілі – нағыз халықты тонау. Мен бірнеше жыл қатарынан банк саласында басшылық қызмет те атқардым. Халықтың несиеге батуы – бұл елдің өмір сүру деңгейінің индикаторы. Сондықтан қазір әлеуметтің жағдайын көтеру өте маңызды. Ол үшін, әрине, қордың қоңды болғаны керек-ақ. Біз мұнайдан бөлек, Менделеев кестесіндегі барлық элементтеріміз бар деп мақтанамыз. Бірақ орасан байлықты игеруді шетелдік компанияларға беріп қойдық. Ата-бабадан қалған қазынаны өзіміз кәдеге асыра алмай шетелдіктерге сатып жібердік. Негізінде, бізде әр жұмыстың мән-мағынасын білмей қандайда бір саланы басқарып отырғандар жетерлік. Өндірісті өз көзімен көрмеген, зауытта өнім шығарудың не екенін білмейтін жандар министр болып тағайындалады. Есепке жүйрік еместер банк басқарады. Егер әу баста үкімет басында, банк секторында, қаржы саласында болсын, барлығында кәсіби мамандар отырып, қазынадағы және Ұлттық қордағы қаражатты шашау шығармай қатаң бақылағанда Қазақстан жарқын болашаққа ендігі жеткен де болар еді. Ал ендігі бес жылда Ұлттық қорға қол салмау жағы тағы да басы ашық сұрақ. Үкімет Ұлттық қордан трансферттер алуды азайтамыз дегенді айтады. Алайда оны да уақыт көрсететін болады. Бүгінде үкіметтің «бюджетке жыл сайын 3 трлн теңге салықтық түсім әкеледі» деп жоспарлап отырған жаңа Салық кодексі ойдағыдай жүзеге аса ма, ол жағы белгісіз. Егер бұл реформа да жоспардағыдай жүзеге аспай, бизнес салықтан жалтарып, көлеңкелі экономика артса, күнгейге шығу қиын болады. Әйтсе де, жоғарыда айтқанымдай, экономика үмітсіз болмайды. Сондықтан жақсылықтан үміт үзбейік...

Сұхбаттасқан

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ