BI Group. Мектептегі былық
«Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» депті баяғыда кейіген біреу. Сол айтпақшы, бүкіл Қазақстан сенген BI Group компаниясы салған мектепке оқушы кірмей жатып, тозып кеткен.
Құрылысы 2020 жылдың 25 мамырында басталып, былтыр аяқталған білім ордасына жалпы, 3 млрд 412 млн 534 мың теңге жұмсалыпты. 1200 оқушыға арналған мектеп салынып біткенімен, сегіз айдан бері қаңырап бос тұр. Ал оқушы кірмей жатып, едені опырылып, шатыры тесілген, қабырғасы жарылып, спорт алаңының тоз-тозы шыққан мектептің қазіргі хәлі тым аянышты.
Әуелде әлгі білім ошағының фотолары әлеуметтік желіге тарады. Фотодан бәрі анық көрініп тұр. Құдды соғыстан қалған ескі ғимарат сияқты. Шатыр жабындысы арзан материалдан жасалғаны анық байқалады. Құрылысшылардың салмағынан майысып, тесіліп қалған. Тесілген жерден жаңбыр өтіп, тамшыдан қабырғалар жарыла бастапты. Мектеп ішіндегі әжетханалардан қазірдің өзінде су ағып, кафельдері сынып, тозып тұр. Сегіз айдан бері адам кірмей, есік-терезесі ашылмағандықтан ба, құрылыс ішінде ылғал артқан. Ылғалдың салдарынан, қабырғаларының сылағы қабыршықтанып түсуде. Ал балаларға арналған спорт алаңдары қараусыздықтан тозып, шөп басып кетіпті.
Қыр астында – қыркүйек. Мектептің жағдайы анау. Алғашқы қоңырау соғыла ма, соғылмай ма? Қазіргі жағдайына қарасаңыз, 1-қыркүйекке дейін BI Group олқылықтың орнын толтыра алмайтын сияқты. Айдын Рахымбаев басқаратын аты мәшһүр компанияның мұнысы шынымен ұят болған. BI Group былықтары алдағы уақыттарда арнайы зерттелетін болады.
Компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада бірінші сабақ күніне дейін бәрін қатырамыз делінген. Сапасыз салынған құрылыстың бетін сылап-сипағаннан қандай пайда болатынын білмедік. Дегенмен хабарламада: «Мектептің әр қабатында ұлдар мен қыздарға, мұғалімдерге арналған әжетханалар және келушілерге арналған жалпы кабиналар бар. Сонымен қатар, жобада көшедегі дәретхана да қарастырылған. Компания мамандары тексеру жүргізді. Ақаулар анықталып, қажетті материалдар әкелінді және жұмыстар басталды. Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, шатыр жөнделсе, 25 тамызға дейін киім шешетін бөлмелер жөнделеді», – делінген. Уәделі уақыт қашық емес.
Талғар бұрыннан сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан, әкім құтаймайтын атышулы аудан. Ал мына жағдай, тіпті, сорақы. Мұндай қаржыға бір емес, бірнеше мектепке күрделі жөндеу жүргізіп, спорт алаңдарын жаңалауға болар еді. Мұндай қаржыға мектепке жарымай отырған Тұздыбастау ауылынан зәулім бір ғимарат салуға болар еді. Айтпақшы, Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында есепте 44 мың адам тұрады. Есепке тұрмаған, пәтер жалдап жүрген тағы да қырық мыңнан астам тұрғын бар. Ауылда 900 және 1200 оқушыға арналған екі мектеп үш ауысыммен бала оқытады. Былтыр оның әрқайсысында 2100 және 2300 оқушы білім алды. 1-сыныптың өзінен 10-сынып ашылып, әрқайсысында отызға жуық бала отырды. Биыл бұл сан одан да көп болуы мүмкін. Оның үстіне, Тұздыбастау тұрғындарының жартысынан көбінің балалары қала мектептеріне барады. Алматы іргесінде тұрып, мектепке жарымаған ауылдың бұдан да басқа әлеуметтік түйткілдері де жетерлік. Оны алдағы уақыттарда жазамыз...
Алматы облысындағы мектеп түйткілі бұл ғана емес. Мысалы, биыл Райымбек ауданының аумағында жобалық құны 595 миллион теңге сомасында бекітілген Көмірші орта мектебі мен құны 562 миллион теңге болатын Көксай орта мектебі және жобалық құны 1 млн 303 мың теңге тұратын Сарыбастаудағы білім ошағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Көмірші ауылындағы мектеп ғимаратының бір бөлігінің шатыры әлі ауыстырылмапты. Құрылыс жұмыстарын «Стройтельная компания ШАХ» деп аталатын ЖШС-сі жүргізіп жатқан көрінеді. 1-қыркүйекке дейін бір ай емес, бір апта ғана уақыт бар. Ал алан ашық жатқан құрылыс жұмысы қысқа дейін бітсе, соның өзі үлкен олжа. Көксай орта мектебінің де жағдайы да мәз емес. 1-қыркүйекке дейін оның да құрылыс жұмыстары бітпеуі мүмкін. Қысқасы, Қазақстанда жылда күзге қарай мектеп дауы өршиді. Бір мектепте ақшасы құлқыннан өтіп, құрылысы аяқталмай қалса, екінші бір білім ошағына оқушы сыймай, айғай-шу болып жатады. Жылдағы дәстүр, отыз жылғы індет.