Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 08 Наурыз 2025

Би өнеріндегі бір бейне

би
Фото: ашық дереккөз

Қазақтың мәдени мұрасының тарихына үңілсек, қазақ өнер сахнасында небір талантты тұлғалар болғанын байқаймыз.

 Олардың бірінің есімі бүгінде кеңінен аталып жүрсе, енді бірінікі ұмыт бола бастағандай. Өнерге өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандардың еңбегі аталмай, ұрпағының жадында жаңғыртылмауы өкінішті-ақ.

 Жиырмасыншы ғасырдың би көгінде жұлдыздай самғаған Роза Батырбекқызы Әлжанованы өскелең ұрпақ мүлдем білмейді деп айтуға болады. Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегеновалармен бірге өнер көрсетіп, келісті өрнегімен танылған дарынды биші еді. Көзі тірісінде қазақ би өнерінің даму жолында аянбай еңбек еткен балет әртісінің есімі бүгінде мүлдем ұмытылғаны, өнерінің насихатталмайтыны жанымызға батады. Бұл – талант иесіне жасалған қиянат емес пе?! Шынын айтқанда, Әлжанова туралы сақталған деректер де тым аз. ҚР Орталық Архивіне арнайы барып, 2 суретін, өз қолымен орысша жазған өмірбаянын алдым. Сөзіме дәлел болуы үшін, 1961 жылғы автобиографиясына көз жүгіртсек: «Мен, Әлжанова Роза Батырбекқызы, 1925 жылы қаңтар айының 17 күні Орал қаласында дүниеге келдім. Анам – Мунира Османқызы Әшірова партия қызметкері, 1937 жылы наурыз айында дүние салды. Ал, әкем – Батырбек Хайруллаұлы Әлжанов партия қызметкері, 1942 жылы қайтыс болды. 9 жылдық білімім бар. Соғыс басталуына байланысты мен 9-сыныптан кейін оқудан қол үзіп, Орал облыстық музыкалық драма театрына жұмысқа орналастым» деп жазылған. Шынымен де, 1945 жылы Роза Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік хор капелласына хористка болып, айына 350 рубльдік жалақымен жұмысқа тұрады.

Әкесі – Батырбек Әлжанов туралы құнды деректерді бізге жеткізген белгілі ақын, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы. Оның «Қос газеттің тарихы» кітабындағы «Батырбек Әлжанов» деген мақаласынан мынадай деректерді кездестіреміз:

Орал қаласында губерниялық «Қызыл ту» газетін алғаш құрып, аяғынан тұрғызған тұлғалардың бірі һәм бірегейі – Батырбек Әлжанов...

...1919 жылдан ВКП(б) мүшесі Батырбек Әлжановтың «Төңкеріске дейін Батыс Алашорда үкіметінің жауы ретінде қара тізімге іліккені, партизан отрядының командирі болып, кейіннен 66 кавалериялық дивизион құрамына кіргендігі» айтылса да, «Совет үкіметіне қарсы ұлттық ұйымның белсенді мүшесі» деген айып тағылған.

1956 жылғы 13 ақпанда Б. Әлжановтың қызы Роза Әлжанова КПСС ХХ съезінің делегаттарына арыз жазып, әкесінің «қылмыстық ісін» қайта қарауды сұрайды. 1956 жылы 15 маусымда Оңтүстік Орал әскери округінің (ЮЖУРВО) әскери прокуроры «Б.Х.Әлжановтың ісінде қылмыс құрамы болмағандықтан қылмыстық істі қысқарту жөнінде» қаулы шығарады. Бұл қылмыстық істе Б. Әлжановтың әйелі Мағира Ғұбайдоллақызы Әлжанованың 1964 жылғы 19 ақпанда Алматы қаласынан жазылған арызы да тіркелген: онда «Б. Әлжановтың ақталып, 1957 жылғы 6 наурызда партиялығы қалпына келтірілгендігі» айтылады.

Әкесі Батырбек Әлжановтың Орал қаласында қазақ театр өнерінің дамуына сіңірген еңбегі де зерттеушілердің назарынан тыс қалғандай. Біздің қолымызға кездейсоқ түскен театр афишасында 1923 жылдың 15 қаңтарында Орал қаласында Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» қойылымы ұйымдастырылғаны, қоюшы режиссері Әлжанов болғаны көрсетілген.

Батырбектің Роза, Мәруа, Лаура есімді үш қызы болған. «Халық жауы» атанған арыстардың отбасы мүшелері де қуғын-сүргінге ұшырады ғой. Батырбек Әлжановтың 1928 жылы туған қызы Роза кәсіби биші болған екен. «Жаудың қызы» деген түртпекке шыдамай, ақыры Ресейге, Свердловскіге кетіп қалған көрінеді. Ал одан кіші Лаураның тағдыры тіпті аянышты. Алматы медициналық институтының аспирантурасында оқып жүрген жерінен «халық жауының қызы» екендігі әшкереленіп, оқудан шығарылған. Бұған шыдамаған жас қыз у ішіп өліпті, – дейді Бейбіт Өнербекұлы...»

Жас Розаны кәсіби өнерге жол сілтеп Оралдан Алматыға алып келген халқымыздың тұңғыш бишісі – Шара Жиенқұлова еді. «Сенің бишілік қабілетің ерекше екен. Сендей бишілер қазір бізге қажет» деген де Шара апасы болатын. Алматыға келген соң қаршадай қыз бірден Жамбыл атындағы филармонияға жеке-дара биші ретінде жұмысқа орналасып, қайнаған өнердің ішіне кіріге бастайды. Кейіннен Роза алғыс ретінде Шара апайына естелік фотосын сыйлаған көрінеді: «Моей уважаемой учительнице и хорошему товарищу и другу Шаре апай. От ее ученицы и поклонницы ее таланта Розы Альжановой. 9/ІХ-1962 г. Алма-ата.» делінген фотосуреттің артқы жағында.

Қазір жасы 95-ті алқымдаған ҚР халық әртісі, Бибігүл Төлегенова Жамбыл атындағы филармонияда Әлжановамен бірге көп жылдар бойы еңбек еткенін білдік. Бибігүл ханымға хабарласқанымызда, «Роза сендердің ғана емес, менің де жадымнан шығып кетіпті» деп екі күн ойланып, өз естеліктерімен бөлісті:

«Роза Әлжановамен бір филармонияда жұмыс істедік. Қазақ, орыс, украин халықтарының билерін жақсы билейтін. Әсіресе қазақ ұлттық билерін нақышына келтіріп, керемет орындаушы еді. Әкесі репрессия кезінде атылып кеткен, анасы ертеректе қайтыс болған. 1957-1958 жылдардағы менің бүкілқазақстандық гастрольдік сапарымда Роза бригадамда би билейтін. Өзі өте ұқыпты еді. Еңбекқор, он саусағы майысқан Роза тамақты да дәмді пісіретін, әрі киімді де шебер тігетін. Менің көптеген сахналық киімдерімді тігіп берген еді. Екеуміз көп жыл бірге жұмыс істедік, іс-сапарларға көп шықтық. Орал, Атырау, Маңғыстау облыстарын, батыс пен шығысты араладық. Күйеуі Деточенко концерт жүргізетін. Екеуі тату-тәтті, қазіргі Жароков көшесінде бір бөлмелі пәтерде тұрды. Басқа туыстары болмады, жетім өскен болуы керек. Кейін күйеуі екеуі зейнеткерлікке шыққан соң, Ресейге Свердловскіге көшіп кетті. Ондағысы, күйеуінің «Қазақстанда тұрдық, енді менің еліме барып тұрайық» деп айтқаны. Араға жылдар салып, Роза Алматыға келіп, үйімде қонақта болды. Диманың қайтыс болғанын, енді жалғыз қалғанын айтып, «Ресейде не істеймін, жалғыз тұрамын ба, бірақ кетейін десем, үйімді қимаймын» деп еді, одан кейін хат-хабарсыз кетті. Сол біздің соңғы кездесуіміз екен. Әлжанова – өзінің еңбекқорлығы мен талантының арқасында көтерілген жан. Мен филармонияға келгенде, ол аты шыққан биші болатын. Роза би шыңындағы бір бейне еді... оны ұмытуға болмайды, шырақтарым», – деп үлкен сағынышпен еске алды.

Біз «Қазақконцерт» солисі ҚР мәдениет қайраткері Шәрипа Сақтағановадан Р.Әлжановаға қатысты естеліктерін сұрап білдік: «Мен «Қазақконцертке» жеке әнші болып келгенде, Роза Әлжанова зейнеткерлікке шыққан болатын. Ал күйеуі концерт жүргізушісі – Дмитрий Деточенкомен үш айлық гастрольге шығып, бүкіл Қазақстанды араладық. Айналасын күлдіргі әңгімесімен баурай білетін жақсы жүргізуші болатын. Өмірде ақырын ғана сөйлейтін өте сыпайы жан еді. «Жас кезінде хор қызындай сұлу еді, бір көргеннен ғашық болдым» деп суреттеп, келіншегі Розаны аузынан тастамайтын. Екеуінің тату-тәтті өмір сүргенін осыдан-ақ іштей байқадым. Дима 4-5 жыл істеп, зейнеткерлікке шықты.

Бұрын музыканттар «Деточенконың әйелі қазақ бишісі болатын» деп жиі айтушы еді, менің де бір көргім келетін… Кейін Роза апай жұбайы Димаға үйден тамақ әзірлеп әкеліп, түскі үзілісте тамақтандырып отыратыны есімде. Орта бойлы, аққұба келген сұлу әйел болатын.

Роза Әлжанованың аты неге кеңінен аталмай қалғанын білемін. Ол заманда «Халық әртісі» даңқын ала алмаған адамды телеарнада да, радиода да насихаттамайтын еді. Тек ауыл, совхозға барып, егіншілер, малшылар мен қарапайым халықтың алдында еңбек ететінбіз. Өзімнің де басымнан осы жағдай өткен болатын...»

Әлжановаға қатысты қысқаша ақпарат «Социалистік құрылыс» газетінің 1958 жылғы №176 шығарылымында жарияланыпты. Онда «Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның бишісі Роза Әлжанова мен Григорий Тригубенко орындаған номерлер көрермендерге зор әсер етті»... «Фельетон, әжуа әңгіме айтудың шебері артист Дмитрий Михайлович Деточенко композитор Тартоновскийдің «Кездесу» өлеңін ән ырғағымен көңілге қонымды етіп орындап берді» деп жазылған екен. Осыған орай, Роза Батырбекқызының жары әрі әнші, әрі фельетоншы екенін білеміз.

Санаулы ғана архив құжаттарының ішінде Жамбыл атындағы филармонияның қорынан Әлжанованың жеке концерті жөнінде «Роза Әлжанова КСРО халықтарының билерін билейді» деп жазылған орыс тілді үлкен афишасы табылды. Бұл дерек оның тек қазақ билерін ғана емес, әр ұлттың билерін билейтін биші болғанын айқындайды.

Ал 1960 жылғы Қ.Жұманов «Коммунизм туы» Келес аудандық газетінде «Алматылық артистер ауданымызда» деген шағын мақалада «Жуырда Алматы қаласының бір топ артистері аудандық мәдениет үйіне келді. Артистер кешкі сағат 9-дан бастап мәдениет үйіне енісімен-ақ, концерт көргелі келген аудан жұртшылығы залға отыра бастады. Қобызшы Айтжан Қуаныш, баянда Шарипа Сейділ, домбырада Нағима Әбілова жолдастардың триадада, «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін бір сарынды, өте шебер орындады. Түрлі фокус ойындарын артист Шашкин Григорий, би жанрында әйгілі биші, Роза Әлжанова біршама шебер орындады» деп жазылған.

1961 жылғы «Қазақконцерттің» №34 бұйрық үзіндісінде «Азаматша Р.Әлжанова балет әртісі қызметіне қабылдансын» делінген. Осыдан-ақ Роза Батырбекқызының кәсіби деңгейінің қаншалықты жоғары болғанын көруге болады. Бірақ архив деректеріне сүйенсек, бишінің бүйрегі ұзақ уақыт ауырып, жиі демалыс алып отырыпты. Кәсіби биші 1964 жылы «Қазақконцерттен» зейнетке шығады.

Кеңес Одағында мемлекет тарапынан репрессияға ұшыраған жандар мен олардың жақындары зұламат зардап шекті. Соның кесірінен Роза Әлжанованың талантын бүкіл халық болып тамашаласа да, үкімет тарапынан тек 1958 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» және 1959 жылы «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Архив сөрелерінде «Қызыл ту» газетінің басшысы Батырбек Әлжановтың да, мың бұралған биші Роза Әлжанованың да, жолдасы Дмитрий Деточенконың да марапаты сақталмапты. Тек 1960 жылдың ІV тоқсанындағы өндірістік қаржы көрсеткіштерін асыра орындағаны үшін (03.06.1963ж №171 бұйрықпен) көптеген артистер мен қызметкерлер, оның ішінде Роза Әлжанова мен Дмитрий Деточенко алғашқы ақшалай сыйлыққа ие болған. Бұл – жұлдызы жанған халық қалаулыларын көрермен сүйіп тамашалағанының, артистердің еңбекқорлығы мен кәсіби деңгейінің жоғары болғанын айқындайды.

Өкінішке қарай, музыка әлемінің сиқырлы күш-қуатын бейнелі көрсете білген, өз кезінде көрермен қошеметіне бөленген ғажайып дарын иесі Роза Әлжанова жөнінде бар тапқаным осы ғана. Қазақ би өнеріне үлесін қосқан ұлы тұлға биографиясы соншалықты мардымсыз боларын кім білген?

Егемендігімізді алғаннан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталып, олардың өмірі мен еңбектері қайта зерттеліп жатыр. Осы орайда Роза Әлжанованың есімі қайта жаңғырады деген сенімдемін.

Айдар Жоранов

Тегтер: