Биыл Іле Алатауы ұлттық паркі 30 жылдығын атап өтпек
Биыл Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Баянауыл ұлттық табиғи паркі ашылса, бүгінде ел аумағында 14 ұлттық табиғи парк жұмыс істейді. Солардың қатарындағы Іле Алатауы паркі 1996 жылдан бері табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық ағарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Алғаш құрылған кезде парк аумағы 164 450 гектар болса, бүгінде оның көлемі 200 160 гектарға жетті. Яғни, 30 жыл ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ 35 710 гектарға ұлғайды. Бұл – мемлекет тарапынан табиғи мұраны сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Туризм мен инфрақұрылым дамып келеді
30 жылдық аясында алға қойған жоспарлар мен атқарылатын іс-шаралар жайында кеңінен әңгімелеген Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов: «Ұлттық парктің 30 жылдығы – тарихи сәт. 30 жыл бойы табиғатты қорғау, сақтау, мұра ретінде келер ұрпаққа жеткізу – жауапты аманат. Қоршаған орта – адамзаттың ортақ үйі. Табиғатқа жанашыр болу – бір күндік шара емес, бұл өмір салтымызға айналуы тиіс. Осы уақыт ішінде парк аумағына келімді-кетімді туристердің саны 34,5 пайызға артты. Бұл – визит-орталықтардың тиімді жұмысы, туристік маршруттар мен соқпақтардың абаттандырылуы, қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі және экологиялық ағарту шараларының нәтижесі», – деді.
Сондай-ақ, 1996-2025 жылдар аралығында ұлттық парк аумағында орманды қалпына келтіру және молайту мақсатында 1637,0 гектар жерге жалпы саны 5 млн астам ағаш көшеті отырғызылған. «Ұлттық паркті сапалы отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету мақсатында қылқанжапырақты және жапырақты ағаш түрлерін өсіретін 7 уақытша питомник тұрақты түрде жұмыс істейді, онда өсірілген көшеттер орман алқаптарын қалпына келтіруде тиімді пайдаланылуда. Бұл жұмыстар ұлттық парктің орман қорын сақтауға, табиғи тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және экожүйелердің тұрақтылығын арттыруға бағытталған. 1998 жылы парк аумағында небәрі 1 инвестициялық жоба іске асырылған болса, қазіргі уақытта олардың саны 94-ке жеткен. Бүгінде ұлттық парк аумағында 3 шаңғы курорты, 5 визит-орталық және бірнеше заманауи демалыс нысандары жұмыс істейді. Инвестициялық жобалардың осындай қарқынды дамуы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, экологиялық туризмді дамытуға және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде», – деді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Мұхамеджанұлы.

Оның айтуынша, 30 жылдық аясында мерекелік шаралар он ай бойы республикалық «Таза Қазақстан» және «Саябақтар шеруі», «Табиғатты қорғау» дүниежүзілік акциялары шеңберінде жалғасын таппақ.
Ал өткен жылы атқарылған және биылға жоспарланған жұмыстар жөнінде баяндама жасаған Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директорының орынбасары Арқау Шантаев орманды қалпына келтіру және молайту жағына тоқталды.
«2025 жылдың көктем айында ұлттық парктің аумағында жалпы 42 гектар жерге 110,7 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Ұлттық парктің аумағында жалпы 5 гектарды құрайтын 7 уақытша тұқымбақ жұмыс істейді. Биыл 0,62 гектар жерге 380 кг ағаш тұқымын себу жұмыстары жүргізілді. Күтіп-баптау жұмыстары 423 га жоспарланып, толықтай орындалды. Жоспар бойынша 600 келі ағаш тұқымдарының барлығы жиналды».
Ал ұлттық паркте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 орман өрт сөндіру станциясына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2 өрт сөндіру автокөлігі, 4 шағын өрт сөндіру кешені (МЛПК), 10 трактор және 4 су таратқышпен жабдықталған. Ұлттық парк аумағында жыл басынан бері 22 орман өрті 28,6 га аумақты шарпығаны тіркелді. Оның ішінде орманмен көмкерілген аумақ – 4,5 га, ормансыз – 24,1 га. Орман өрттерінен келтірілген залал – 524,4 мың теңгені құрады. Ормандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 53 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы айыппұл сомасы 12,8 млн теңгеге жеткен.
Бір жыл ішінде 1525 рейд, 27 тексеру жүргізіліп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 514 фактісі анықталды. Оларға 23,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынса, оның 18,8 млн теңгесі өндірілген. Сондай-ақ, аңшылық ережелерін бұзуға қатысты 8 құқықбұзушылық тіркеліп, 1,2 млн теңге айыппұл салынған. Оның бір бөлігі өндіріліп, 3 іс сотқа жолданды.
Туристік маршруттар саны 46-ға артты
Әу баста ұлттық парк жұмысын 8 туристік маршрутпен ғана бастаған. Бүгінде маршруттар саны 46-ға дейін артып, келушілерге әртүрлі бағыттар бойынша сапалы туристік қызмет көрсету мүмкіндігі қалыптасты.
Ең танымал бағыттар қатарында Үлкен Алматы көлі, Бутаковка шатқалы, Аюсай визит центрі, Ой-Қарағай, Түрген сарқырамалары, Есік көлі, Қаскелең және Ақсай шатқалдары бар. Бұл нысандар жыл сайын мыңдаған туристі қабылдап, өңір туризмінің дамуына елеулі септігін тигізіп келеді.
Ал биыл 3 жаңа туристік соқпақ толық абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 1 жаңа туристік, 1 визит-орталық соқпақ ашылады. Олар: Аққайың-Көкжайлау және Кузнецов сайы туристік маршруттары, Бұтақты визит центрі және Мәрмәр соқпағы. Жаңа бағыттарда толық жөндеу және инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, бағыттаушы белгілер орнату, демалыс алаңдарын жабдықтау, қауіпсіздік шараларын күшейту және ақпараттық стендтер орналастыру жоспарланған.
Сонымен қатар алдағы үш жыл ішінде ұлттық парк аумағын кеңейту және туризм саласын дамыту мақсатында тағы 30 жаңа маршрут ашу жоспары әзірленеді. Бұл бастама туристік инфрақұрылымды жетілдіруге, экологиялық туризмді дамытуға, келушілерге қолайлы жағдай жасауға және табиғи мұраны сақтай отырып, тұрақты туризм қағидаттарын енгізуге арналады.

Сирек жануарлар саны көбейді
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғаннан бері Қызыл кітапқа енген сирек және жойылып кету қаупі бар түрлерді сақтау, көбейту және олардың генетикалық қорын қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде парк аумағында 2 генетикалық резерват құрылған және Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасының клон мұрағаты, сирек өсімдік түрлерінің табиғи генетикалық қорын сақтау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Алдағы кезеңде генетикалық резерват аумағын ұлғайту жоспарланып отыр.
Ұлттық парктің фаунасында сүтқоректілердің 48 түрі, құстардың 200-ге жуық түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі және балықтардың 8 түрі тіркелді. Марал, сібір елігі, жабайы шошқа, сібір тау ешкісі, қырғауыл, кекілік және т.б. индикаторлық түрлер мекен етеді. ҚР Қызыл кітабына енгізілген түрлердің ішінде парк аумағында қар барысы, тянь-шань қоңыр аюы, түркістан сілеусіні, тас сусары бар.
Демек, сирек кездесетін жануарлар санының тұрақты өсуі де байқалады. Соңғы 30 жыл ішінде парк аумағында сирек және Қызыл кітапқа енген жануарлар саны айтарлықтай артты:
Ілбіс (қар барысы) – 1996 жылы 5-10 дарақ болса, қазіргі уақытта 39 дараққа жетті;
Тас сусары – 1996 жылы шамамен 100 дарақ болса, бүгінде 493 дарақ;
Қоңыр аю – 1996 жылы 15-20 дарақ болса, қазіргі уақытта 85 дарақ;
Бүркіт – 1996 жылы 50-ге жуық болса, бүгінде 97 дараққа жеткен.
Бұл көрсеткіштер табиғатты қорғау шараларының тиімділігін және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін көрсетеді.
Сол сияқты Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ғылыми зерттеу жұмыстары және таулыбиоәртүрлілік бөлімінің басшысы Салтанат Амантайқызының айтуынша, Ботаника және фитоинтродукция институтымен бірлесіп Сиверс алмасын зерттеу бойынша 5 жылдық ғылыми бағдарлама жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «Helios» компаниясымен бірлесіп Маловодный орманшылығы, Кузнецов сайында 600 метрлік ғылыми-танымдық соқпақ жол, тамашалау алаңы, музей және санитарлық торап салу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.