Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:42, 09 Қыркүйек 2025

Биыл самокат кесірінен қанша жол апаты болды?

самокат
Фото: sxodim.com

Электросамокаттардың қаладағы қозғалысқа және қауіпсіздікке төндіріп отырған қатері жайлы мәліметтер жарияланды.

 Президент Тоқаев жыл сайынғы жолдауында мегаполистердегі самокаттардың ықтимал қауіптілігіне арнайы тоқталған болатын.

Статистика не дейді?

DataHub басылымы жол-көлік оқиғаларына қатысты деректерге сүйене отырып, самокаттардың қауіп тудыру деңгейін көрсеткен.

2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында электросамокат жүргізушілерінің тікелей кінәсінен болған 93 жол апаты тіркелген. Бұл оқиғаларда 101 адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан. Ең жиі себеп – самокат жүргізушілерінің маневр жасау ережелерін сақтамауы (28%).

Апаттардың шамамен үштен бірі – жаяу жүргіншіні қағу болса, әр төртінші жағдай – қарсы бағыттағы көлікпен соғысу.

Велосипедтер мен мопедтер де аз емес

Аналитиктердің айтуынша, зардап шеккендер саны бойынша велосипедшілер кінәлі болған ірі апаттар самокаттарға қарағанда көбірек. 2025 жылдың сегіз айында велосипедшілердің кінәсінен 198 жол апаты тіркелген. Алайда жаяу жүргіншілерге соғу жағдайлары сирегірек — бар болғаны 14%.

Мопед жүргізушілеріне қатысты көрсеткіш бұдан да жоғары. Скутерлер мен қосымша қозғалтқыш орнатылған велосипедтерді қосқанда, олардың кінәсінен сегіз айда 689 жол апаты орын алған. Жаяу жүргіншіні қағу жағдайларының үлесі – 15%.

Айта кетейік, биылғы 5 сәуірден бастап Қазақстанда барлық мопед түрлерін, соның ішінде электрқозғалтқышы бар велосипедтерді де міндетті түрде тіркеу енгізілген.