Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:36, 15 Қазан 2024

BIKEN FEST – 2024

1

Өткен аптада Талдықорғанда халықаралық театрлар бас қосқан ауқымды шара болып өтті.

BIKEN FEST – 2024 халықаралық театр фестивалі Жетісу өңірінде биыл екінші мәрте аталып отыр. Бұл шара – Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римованың атындағы өнер шаңырағында бастау алды. Фестивальге Қазақстанмен қатар, Қырғызстан, Грузия, Түркияның театр ұжымдары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.  

Айтулы шараны Жетісу әкімдігі ұйымдастырды. Бірінші күні шараның ашылуына Жетісу облысының әкімі Б.Исабаев та келді. Облыс әкімі фестивальге келгендерді арнайы құттықтап, сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Облыс әкімінің айтуынша, мұндай шаралар ынтымақтастықты арттырып, өнерде шекара жоқ екенін көрсетеді.

«Ерекше талантымен ел есінде қалған Халық әртісі Бикен Римова апамыздың атындағы бұл фестиваль биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл шараға қатысуға алыс-жақын шет мемлекеттерден айтулы театр ұжымдары келуі бізді қуантады. Жетісу облысы үшін ғана емес, еліміздің рухани өмірі үшін бұл фестивальдің орны бөлек. Ортақ өнердің мерейін асырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Баршаңызға шығармашылық табыс, фестивальде сәттілік тілеймін», – деді Б.Исабаев.

Ал енді фестиваль барысында, 7-10 қазан аралығында төрт күн бойы Грузияның В. Гуния атындағы Поти мемлекеттік драма театры, Түркияның Эрзурум мемлекеттік театры, Қырғызстаннан Қ.Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театры, сол сияқты Қазақстаннан С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театры, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Б Омаров атындағы «Жас сахна» театры, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры – жалпы саны 8 театр өнер көрсетті. Қойылымдар Талдықорған театры мен Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның ғимараттарында өтті.

Фестиваль барысында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов төрағалық ететін сыншылар алқасы жұмыс істеп, қойылымдарға кәсіби талқылау жасалды. Қазылар алқасының сапында елімізбен қатар, Татар және Грузин мемлекеттік театрларының белді өкілдері де бар.

Еске салсақ, бұл халықаралық театр фестивалі Жетісу облысы әкімінің бастамасымен Бикен Римованың 100 жылдығына орай 2023 жылы да өткізілген болатын. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған Бикен Римова атындағы халықаралық фестиваль 11 қазан күні өз мәресіне жетті. Осы аралықта іріктеуден оза шыққан 9 театр үлкен деңгейде өнер көрсетті.

Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысушыларға алғысын білдіруді ұмытпады.

«Өткен жылы театр саңлағы Бикен апамыз атындағы тұңғыш фестивальда облыс басшысы бұл шара жыл сайын өтуі керек дегенде шын қуанғанбыз. Міне, соның нәтижесі іспетті биыл да бұл өнер тойы жоғары деңгейде өтті деп ойлаймыз. Біз толыққанды осындай болу керек деп сахнадан тыс жерде де алып барылатын үлкен бағдарлама жасағанбыз. Ол да өз жемісін бергені сөзсіз. Кеше кіші залымыз ашылды. Ол ендігі жерде киелі шаңырақтағы кіршіксіз өнерге қызмет ететін жастардың құтты мекені болады деп білеміз. Әрдайым осындай жаңалықтарымыз көп болғай. Осы өнер бәйгесіне деп шетелден келген өнер иелеріне алғысым шексіз», – дейді ол.

Сыншылар алқасының, төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бұл өнер жарысының жөні бөлек екенін, әр өнердің өзінің алатын бөлек күші, тәжірибесі бар екенін айтты.

«Сондықтан бұл жерде сен мынаған жет, сен одан асып түс деп айтатындай емес. Керісінше, актерлердің айтатын тақырыбын, ойнаған рөлдерін, биіктігін, шеберлігін теориялық түрде талдау жасадық. Мұндай шаралар өнер иелерін шыңдауға, танытуға мүмкіндік береді», – дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Ал фестивальді арнайы көруге келген талдықорғандықтардың айтуынша, мұндай шаралар аймақта жиі ұйымдастырылады. Бұл – халыққа рух беретін, жастардың ой-санасын арттыратын шара.

Мәселен, талдықорғандық Дәмелі Тұрсынбектің айтуынша, ол былтыр да Бикен Римованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шараны көзбен көрген. Биыл да фестивальдің тұрақты қонағы болыпты.

«Биыл да, былтыр да бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өзім актерлік шеберлік мамандығында оқитын болғандықтан, мұндай шараларды үзбей көремін. Маған биыл Грузиядан келген актерлердің ойыны қатты ұнады. Мен үшін жаңалық болды. Олардың сыншылардан да жақсы лебіздер естігенін қаладым. Жалпы, мұндай шаралар өнерде қажет. Актердің өсуі үшін, тәжірибе жинақтауы үшін осындай мүмкіндіктер болғаны абзал. Осындай халықаралық шараны ұйымдастырып, мәдениетімізді өсіруге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп жатқан облыс әкімдігіне алғысымыз шексіз», – дейді Дәмелі Тұрсынбек.

Сондай-ақ осы шара барысында Бикен Римова атындағы Талдықорған театрының кіші залы да ашылды. Театр ұжымы «алдағы уақытта сүйікті көрермендерімізді кіші формадағы спектакльдермен қуантуға асықпыз» деседі.

 Бұдан бөлек, BIKEN FEST – 2024 халықаралық фестивалі аясында тетар алаңында «Театрлар достығы» аллеясы да қоса ашылды. Ол аллеяға жан-жақтан келген театр әртістері ағаштар отырғызды. Шара барысында Бикен Римова атындағы Талдықорған театрының әртістері әр тараптан келген әріптестерін салтанатты түрде күтіп алып, өз ықыластарын білдірді. Театр ұжымы да осындай игі шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген облыс әкімдігіне алғыстарын білдіреді. 11 қазан күні фестивальді салтанатты түрде жауып, шараны ойдағыдай аяқтаған театр ұжымы қазір де қазан айының репертуарына дайындалуда.

Қ.САЙЛАУ

Жетісу облысы