Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:10, 07 Шілде 2022

Бикеновтің белесі кімге олжа?

None
None

Төл руханиятымыз бен тарихымызды жаңғыртып, тың бастамаларға серпін беретін саяси күш – идеология екені анық.

Қай кезде де, дін мен тіл, ұлттық құндылықтар кез келген мемлекеттің тірегі саналған. Асыл мұраға қалқан болатын ішкі саясат басқармалары десек, оның басшысы – облыстың бас идеологы саналады.

Сәуір айында Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасына Нұрлан Бикенов басшы болып келді. Бұған дейін ол қала әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. Бикеновтің бұрынғы қызмет жолында қандай бастамаларды еңсергені көпке беймәлім.

– Бикеновты идеолог ретінде бағалай алмаймын. Бұрынғы жұмысында жұрттың есінде қалатын қандай шаруа тындырды? Белгісіз. Негізі тарихы терең, рухани мұрасы бай аймақтың идеология саласына таным-түсінігі мол, көкжиегі кең адам жетекшілік ету керек. Меніңше, осы саланың қалқанын ұстап отырғандар өмірі өнегелі Өзбекәлідей өрелі іске бастамашы болуы абзал. Ащы болса да айтайын, ішкі саясаттың бүгінгі бар бітіріп отырған шаруасы – бюджеттің қаржысын қажетсіз кештер өткізуге төгіп, шараларды жүргізуге танымал жандарды шақыртып, ауқымды гонорар төлейтін құрылымға айналды. Концерт тамашалаудың уақыты өткен ғасырда кеткен. Қазақтың жаны – тілі. Мемлекеттік тілді дамытуға қаншалықты үлес қосуда? Біле білсек, облыстық ішкі саясат басқармасында ана тілінен мақұрым мамандар қызмет етіп жүр. Осы жағдайдан хабардар Қасымбек қайда қарап отыр? Кадрды неге дұрыс таңдап, іріктемейді? Менің пайымдауымша, қажетсіз құрылым. Мәслихат өз деңгейінде жұмыс істесе, бұл құрылымның міндетін еңсере алады деп есептеймін. Тіпті қажет десе, өрелі бастамаларды жандандыруы қажет саланы қайта жасақтайтын уақыт жетті, – дейді қарағандылық Ерлан Ақмырза.

Санаға серпіліс жасап, креативті идеяларды дүниеге әкелетін кезең келді. Жаhандану көшіне осылай етсек қана, ілесе аламыз. Әлихан Бәйменовше айтқанда: «Басқару жүйелері бүкіл әлемде жаңа жағдайларға белсенді түрде бейімделуде, бұл тек заманауи технологиялар қолдануға қатысты айтылып отырған жоқ. Құндылықтар, корпоративтік мәдениет және көшбасшылық маңызы одан сайын арта түсуде». Ендеше, біздің көш қайда кетіп барады? – Елге жаңылмайтын бағыт сілтейтін ел ағаларының пікірі ескерілмейді. Өңірдегі бірегей білімді жандардың басын қосып, пікір алмасу – ішкі саясаттың жұмысын ілгерлетпесе, төмендетпейді. Тым құрығанда, сала басшысының әкімге: «осылай жасасақ...» деп ой салуға өресі, яки батылы жетпей ме деген мәселе кейде мені еріксіз толғандырады. Қазіргі облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің құрамында журналистер көп. Оны бір танысымнан естідім. Дұрысында, оған әр саланың мамандары тартылу керек. Кеңес құрамына тілшілерді қаптатудың сыры неде? Мұнымен ішкі саясат өздеріне пиар жасамақ па? Демек, сала мамандары газет оқымайды, теледидардан жаңалықтар көрмейді. Мәселен, жақында журналистер күніне арналған әкім сыйлығын тапсыру кешіне арнайы шақырылғандар ғана кіргізілді. Ендеше, шараны даңғарадай спорт сарайында өткізудің қажеті қанша еді? Түптеп келгенде, басқарманың қоғам алдында сынға ұшырап жатқан жайттар аз емес, – дейді зейнеткер тарихшы Роза Ырысжан.

Өңірдегі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері арасында Бикеновтің бетегелі белеске көтерілуіне көңілі толмай отырғандар бар. Диссидент жазушысы, этнограф – Кәмел Жүністегі облыстың ішкі саясат басқармасына келген жаңа басшының ныспысын естігені болмаса, жүзбе-жүз кездесіп, дидарын ешқашан көрмеген екен. Белгісіз идеолог жайлы қадірлі қаламгер былай дейді: – Ішкі саясаттағылар бізден саяқ жүреді. Таудың бергі жағында біз, арғы жағында олар. Бар бітіргендері концерт ұйымдастыру. Ол идеология ма? Өлкенің ұлттық құндылықтарының көсегесін көгертуге мойын бұрмай отырғандары қынжылтады. 1993 жылы Шет ауданындағы мұражайға Шортанбай жыраудың атын беру жөнінде жоғарғы ономастикалық комиссияның қаулысы шықты. Жергілікті мұражай 19 жыл абыз жыраудың атын иемденіп келді. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, бірде ауданның бұрынғы әкімі Темірбеков жергілікті басқармадағыларға даңқты тұлғаның есімін алып тастау жайлы бұйрық берді. Бәрінен бұрын, жүректі сыздататын жайт, аудандық тіл комитетінің басшысы: «Шортанбайдың аты керек емес» деп жұртты ұйымдастырып, арыз жаздыртты. Мұны облыстық ішкі саясат басқармасындағылар неге көрмейді? Көрмейді және көргісі келмейді, –дейді Шет ауданында тұратын жазушы.

Сонымен барлық деңгейдегі әкімдік кеңесінде қызмет қылған Бикеновтің белесі кімге олжа? Бұл жұмбақтың шешуін аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек пен аймақтың білім беру, мәдениет, спорт, тілдерді дамыту жөніндегі орынбасары Ербол Әліқұловтан басқа ешкім білмейді.

Тегтер: