Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:41, 05 Шілде 2023

Билік «Халық Парламентін» қаламайды

None
None

Билік «Халық Парламентін» қаламайды. Журналистердің мерекесі Думансыз өтті. Заң қылмысты активтерді қайтара ма, әлде қорғай ма?

 

«Халық парламентін» құрмақшы болған белсенділерді қудалау жалғасты, Жанболат Мамайдың жазасы өзгермей қалды. Журналистер мейрамын атап өтіп, думандатып жатқанда, журналист  Думан Мұхаметкәрім екі айға қамауда қалды. Гүлмира Сатыбалды тағы да жеті жылдық мерзімге сотталды. Сыртқа заңсыз шығарылып кеткен капиталды қайтаруға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Енді интернеттегі еркіндік шектеледі. Астанадағы LRT тіреу-бағаны адам қазасына себепші болды.

Аптаның алғашқы күні соттан хабар келді. Сот Қаңтар қырғынына қатысты. Сол күндері Талдықорғанда Сейтқұловтардың отбасын түгелімен қырып салды деген айып тағылған Данияр Егембаев есімді әскери 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ата-анасы үкіммен келіспейді. Олардың уәжі  «бұйрық бергендер неге жазаға тартылмайды?» дегенге саяды. Ренішінің жөні бар. Біздің де, яғни қоғамның да бұл үкімге көңілі толған жоқ. Тұтас бір шаңырақты жермен жексен еткені үшін 7 жыл аз емес пе? Қайсыбір қазақтар бір тоқты ұрлағаны үшін де соншалықты жыл отырып жатқан жоқ па?

Жарты жылдан астам уақыт үй қамақта отырған Жанболат Мамайға кесілген жазаның өзі, шартты мерзімге болса да, ауыр саналады. Өйткені оның барлық кәсіби, адами, саяси құқылары шектелді. Белсенді үшін бұл қол-аяғын матап, зынданға салып қойғанмен тең. Өткен аптада болған аппеляциялық сот отырысында Жанболаттың үкімі сол күйі өзгермей қалды.

Дегенмен елде бесенді азаматтар таусылып қалған жоқ. Олардың бір тобы мәжіліс сайлауының қорытындысымен келіспей, өздерінше «Халық Парламентін» («ХП») құрған. Ешқандай экстремистік, ылаңшыл топ емес. Билік үшін ашық, заңды жолмен күресуді мақсат тұтқандар. Өткен аптада баспасөз мәслихатын өткізген белсенділердің айтуынша, Жарқын Күрентаев  «Халық Парламентінің» жиынына қатысқаны үшін жауапқа тартылатын жиырмасыншы адам екен. Оның артынан осы жиын барысында келді. 

«Біз билікті төңкеріп тастауға ұмтылып отырған жоқпыз, тек олардың қоғаммен диалогқа келуін қалаймыз», дейді мәслихат спикерлері. Бір қызығы, жиындары жабық мекенжайларда өтіп жатқанына қарамастан,  «ХП» белсенділерін рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін қудалап жатыр. Қазанның құлағын қайдан шығарам десе де, өздері біледі емес пе...  Бұларға тағылған тағы бір айып – тіркелмеген қоғамдық ұйымның жұмысына қатысқаны. Билік өзі құрмаса, қай қоғамдық ұйымды, қай саяси партияны тіркеп еді? Қандай да бір ұйым тіркелместен бұрын, бірнеше рет жиналып, бағыт-бағдарын, ұйымдық құрылымдарын белгілеп алады емес пе? Дегенмен де «ХП» белсенділері де мойымайтындарын танытты. Жаңа саяси партия құрмақшы ниеттері бар көрінеді.

Сотталып жатқандардың екінші бір тобы да «белсенділер»  – жемқорлық майданында белсенділік көрсеткендер. Яғни анық қылмысқа барғандар. Назарбаевтың жеті жылға сотталып кеткен бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыны басқа бір қылмысы үшін Қызылорда соты тағы да жеті жылға соттап жіберді. «Сауап» деп, табалар ойым жоқ. Бірақ фамилияны пайдаланып, пайда жолында ауыр қылмыстарға бардың ба – жауап бер. Өзің үшін ғана емес, сол фамилияны арқалаған бір топ «талантты бизнесмендер» үшін де жауап арқалауға тура келеді. Әрине, Гүлмираға Тимурдың мұнай махинациялары, Әлияның ауадан ақша жасайтын алаяқтығы сияқты қылмыстарын жүктей салмайды. Оның рөлі басқада. Ол – Назарбаевтардың «оққағары» тәрізді. Ел «оларды да соттау басталып кетті ғой, енді біртіндеп, басқалары да жазаға кесіліп қалар» деген үмітке алданып қалады. Аналар уақыттан ұтады. Етек-жеңін жиып алуға мүмкіндік алады.

Алайда, Дариғаның Қайрат құдасы шартты жазамен құтылып кетуі мүмкін деген әңгіме шықты. Астанада басталған апеляциялық сот сол сөздің дәлелі ме деп қаласың. Қазақ газына қатысты алыпсатарлығы үшін бірінші сатыдағы сот қылмыстық Кодекстің 189-бабының 4-тармағына сай қылмысты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Ал апелляциялық сот болса оған кесілген жазаның күшін жойды. Жойды да, істі қайта қарайтынын мәлімдеді. Бірақ бұл қылмыстық іс қайта қаралмайтын болды. Өйткені Боранбаевтың адвокаттары айыпты өзінің кінәсін мойындап, процесуалды келісімге келмекші деген өтініш жасады. Енді сол келісімнің шарттары байыпталып жатыр. Боранбаев өзі  шығын  келтірді деген 14,5 млрд теңге соманы қайтарып та берген болатын. Тағы не қайтарды, тағы несінен айырылды? Бостандығын қаншаға сатып алды? Ол жағы біз үшін құпия. Ал анығы – отырғың келмесе, елдің мүддесі үшін коррупцияға қарсы күреспе, билікті сынама, керісінше, елдің мүддесіне қарсы сол коррупцияның белсенді сарбазы бол, басыңды арашалап алуға жететіндей, көбірек ұрла деген қағиданың өміршең екені.

Боранбаев енді өткен аптада сенат мақұлдап, президенттің қол қоюына кеткен «Заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы» заңға пысқырып та қарамас. Ол заңға оның құдалары да пысқырмайды. Өйткені бұл мәселемен білек сыбана айналысып жатқан Оразалы Ержанов, Болат Әбіловтердің ойынша заң мүлдем шала. Тіпті капиталды елден заңсыз шығарып келген, әлі де шығарып жатқан «олигархтардың өздері жазғызған ба деп қаласың» дейді.  Заңның олигархтар адвокаттарының қаламынан шыққанын Алматының бұрынғы әкімі, бұрынғы энергетика министрі, сол олигархтарды бір адамдай білетін Виктор Храпунов та айтып отыр. Әблязовпен құда боламын деп, оппозиционер болып шыға келген Храпунов өткен аптада алғаш рет қазақстандық youTube арнаға сұхбат берген еді. «Орданың» бұл эфирінде ол заңды Машкевич, Шодиевтердің адвокаттары жазғанға ұқсайды деген пікір білдірді.  Яғни бұлар да, бұлар сынды басқалар да заңнан жоғары тұратын болады. Ал заң, әдеттегідей, «шабақ аулап» кетеді.

«Транспаренси Интернэшнл – Қазақстан» қоғамдық қорының да заңға көңілі толмайды екен. Қордың мамандары Қазақстандағы ЖШС-ның бенефициарлары туралы мәліметтердің жалпыға бірдей қолжетімсіздігі  Назарбаев пен оның маңындағыларға, басқа да жемқорларға, активтерін елден шығарып алуы үшін заңды орағытып өтуге мүмкіндік береді дейді. Сонымен, көңілде «бұл заң шет ел асқан активтерді қайтара ма, әлде қорғай ма» деген сұрақ қалды.  

Өткен аптада президент Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Оның ұзын-сонар баяндамасының қысқаша мәні: «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру барысындағы қарқынды тоқтатпау керек, өйткені халық нақты нәтиже, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ; сотқа дейінгі тергеу саласына көңіл бөлген жөн, алаяқтарға қарсы күрес табанды жүруі тиіс, құқықтық сауатсыздықпен күресу керек; полиция азаматтардың шағымына нақты жауап беруі тиіс, қағазбастылықтан арылған жөн, елеулі өзгерістер мен нақты нәтижелер қажет; тұрмыстағы қылмыспен күресу керек; жол қауіпсіздігінің деңгейін арттырған жөн, жолдағы жағдайды ушықтырып жіберген ретсіз әкелінген шет ел көліктері, ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейтуіміз керек. Меніңше, автомобиль нарығын былықтырып жіберген утиль алым мен басқа да заңсыз алым-төлемдер. Бір қыз бен үкіметтегі бірнеше «мұжықтың» тірлігі. Ал президенттің сөзіне қарағанда, ол полицияны айтарлықтай реформалап шығуды көздейтін сыңайлы. Бірақ қайдам… Меніңше, ол үшін полицияның мәні мен маңызы өзгеруі керек. Әйтпесе, қанша қашасаң да, олардың баяғы «мент» болып қала беретіні анық.

Полиция туралы әңгіме тек президент қатысқан жиында ғана емес, адам құқықтары жөніндегі бюрода да көтерілді. Мұнда құқық қорғаушылар, азаматтық белсенділер, азапқа душар болғандар Халықаралық азаптау күніне орай жиналған болатын. Олар бұл зұлымдықтың көзін қалай жоюға болатыны туралы пікір алмасты. Біздің елдегі азаптау полиция тарапынан жүретіні белгілі. Қаңтарда бәріміз куә болдық. Қазақстанның азаптауларға қарсы коалициясының үйлестірушісі Роза Ақылбаеваның пікірінше, «азаптаушы жауапкершіліктен сытылып шығып, адамдарды үтікпен азаптаған полицейге бар-жоғы төрт жыл жаза кесіп жатса, елдегі жағдайдың соншалықты нашар болғаны. Қылмыстық Кодекстегі санкцияларды өзгерту керек. Жаза қатаңдатылып, жәбір көргендерге өтемақы мөлшері айтарлықтай өсуі тиіс. Сонда ғана нәтиже көреміз».

Сенаторлар Жоғарғы соттың бес судьясын сайлады. Бұл «сайлау» тіпті қызық! «Сайланатын» он адамды президент ұсынады. Соның бесеуін сенат өткізуі тиіс. Сенатор байғұстар үшін бұл, бастары қататын, аса қиын шаруа болар деймін. Өйткені әр орынға президент ұсынған екеудің бірін ғана таңдай аласың. Ал мықты болсаң, басшының ойынан шығып көр! Ол көздегенді емес, басқасын таңдап қойсаң ше?

Ал Парламент каникулға кетті. Жәй кеткен жоқ, интернеттегі еркіндікті шектеп кетті. Депутаттар істеп кеткен тағы бір түсініксіз дүние – енді «Самұрық-Қазына» қоры табысының 7 пайызы «Қазақстан халқы үшін» қорына бөлініп тұратын болады.  Әй, «Самұрық», онсыз да халықтікі емес пе еді? Рас, Қазақстан экономикасының өңкей «майлы жіліктері» жинақталған бұл қордың мемлекеттік сатып алуларына кілең чиновниктердің компаниялары ғана қатысып жатады. Яғни қызығын солар көріп келеді. Түпкі бенефициарлары әйгілі отбасының мүшелері дейді, білетіндер. Демек, жаңағы жеті пайыз соларға салынған қосымша салық қой? Таратып жіберуге де, тартып алуға да шама келмегендіктен тапқан амал ма? Ал «Қазақстан халқына» қоры ол ақшаны қалай және не нәрсеге жұмсайды? Бұл қордан да былтыр ши шыққанын білеміз. Жылы жауып қоя салған. Соған қарағанда, әлі талай жемқорлық істердің куәсі боларымыз анық. Көп ақша келе жатыр емес пе...

Өткен апта мейрамы – журналистер күні. Тоқаевтың өзі құттықтады, марапаттады. 65 пәтер берді. Ханға лайық мол сыйлық. Жарылқады. Журналистер думандатты. Бірақ журналистік қызметі үшін қамауда отырған журналист Думан Мұхаметкәрім туралы көңілді топ еске де алмады. Мә, саған – пәтер, мә, саған – абақтының камерасы. Екі түрлі журналистика – екі түрлі сыйлық.  Әйтсе де, интернеті бар елдің ұрлығы іште жатпайды екен. FB-тағы парақшасында Atameken Business-тің тілшісі Виктория Кучма  бұл сыйлықтың қайдан шыққанын жайып салды. Оған сенер болсақ, 65 пәтердің ақшасын Құлыбаевтар отбасының «Халық»  қоры бөлген екен. Жаса, Тимур! Асаймын десең, тағы да аса, Тимур! Сенің қолыңды, бұрынғыдай-ақ, ешкім де қақпас. Саған қарсы қылмыстық істі ешкім де ашпас. Заңды да өздеріңнің ыңғайларыңа қарай жазып шықтық емес пе?

Прокуратура әлеуметтік желілерде Ресеймен Украинаның арасындағы соғысқа қатысуға шақырып жатқан Қостанай облысы тұрғындарына ескерту жасады. Бақылаушы орган Қазақстан азаматының біле тұра, шет ел аумағындағы соғысқа қатысқаны заңсыз екенін, ондай әрекеттің әлеуметтік араздықты қоздыратынын, тіпті Қазақстанның бүтіндігіне қауіп төндіретінін түсіндіріп, ол үшін ҚК 172,174, 180-баптары бойынша 10 жылға дейін сотталып кетуге болатынын жеткізді. Дұрыс тірлік! Әу бастан-ақ солай істеу керек еді. 

Пригожиннің «бүлігі» рубльдің жағдайын бүлдіріп кетті. Мәскеу биржасында 1 доллар 89 рубльге жетті. Әлі де сырғанай түсері анық. Ал біздің биржада басқаша! Соның алдында ғана 5 теңгеге дейін құлдыраған Ресей валютасы 5.15 теңге болып шыға келді. Ұлттық Банктің калькуляторы сынып қалған ба, өзі? Әлде пысықтар тағы да ақша табуға кірісіп кетті ме? Әйтеуір, түсінбейсің. Ал Мәскеу соты бұрын Group-IB деп аталған ресейлік компанияның қызметкері Никита Кислицынды қамау туралы сырттай шешім шығарды. Бұл  Кислицын арғы аптада АҚШ-тың сұрауымен Қазақстанда ұсталған болатын. 2014 жылы АҚШ әділет министрлігі Никита Кислицинды Formspring әлеуметтік желісінен ұрланған мәліметтерді сатты деп айыптаған.  Мәскеудің әрекеті – оны АҚШ-қа бергізбеу. Сөйтіп, Ақорда екі оттың ортасында қалды. Қайтер екен?  

Астанада, жемқорлықтың символы тәрізді, көзге сүйел болып тұрған LRT бағанына машина соғылып, жүргізуші қаза тапты. Қарап тұрып, аптал азаматтың өмірін қиды. Жемқорлық болмаса, бұл баған да болмас еді.

Тегтер: