Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:48, 05 Қаңтар 2022

Билік халықпен санасуы керек

None
None

Қарағандылық қараша Мағыстау өңірінде басталған халық наразылығына қатты алаңдап отыр.

Арқадағылардың айтуынша, Батыс Қазақстандағы сұйытылған газ бағасының өсуіне қатысты халық толқуы–бүкілхалықтық дүмпудің бастамасы. Әйткенмен, ел экономикасындағы тұрақсыздық барлық аймақтарда бар. Инфляцияға тоқтау болмай тұр. «Түптеп келгенде, бұл- көпшіліктің жағдайын ушығып тұрғаны рас»- дейді  біздің спикерлер.

«Баға- ырық бермей барады»

Ниқан Омарханов қоғам қайраткері, зейнеткерлік демалыстағы саясаткер:

-Жаңаөзендегі газ бағасының қымбаттауына байланысты оқиғаны қазір  барша қарапайым халық басынан кешіріп отыр. Азық-түлік бағасы екі есе қымбаттады. Мұның сыртында, дәрі-дәрмектің, коммуналдық қызметақының құны да тоқтаусыз шарықтап кетті. Жанар-жағармай мен көмірдің бағасы ие бермей барады. Демек, энергетикалық ресурстар қымбаттаса, өзге тауарлардың нарқын тұрақты ұстап тұру мүмкін емес. Халық қымбатшылық пен кедейліктен қажығандықтан осындай қадамға барып отыр. Жайықтағы ағайынға айтарым-арандатушылыққа ұрынып қалмаса екен. Қазір әлеуеттік желіден сабырға шақырғандарды қаралап, керсінше, елді жаппай көтеріліске үгіттеп  жатқан жазбаларды оқып отырмын. Ең бастысы-ел 2011-жылғы соққының зардабы қайталанбаса екен деп тілеймін. Билік «бір жөнін шешетін шығар» деген үміттеміз.

«Әлеуметтік теңсіздік орға жығып отыр»

Қарағанды қаласының тұрғыны, «КСРО және Қазақстанның білім саласының үздік қызметкері», қоғам белсендісі Төлеген Арконовтың пайымды пікірі мынадай:

-Жасыратыны жоқ, бүгінде халық ішінде әлеуметтік теңдік жоқ. Мәселен, Қазақстандағы «асап қалуға асыққан» алпауыт компаниялардағы шетелдік кадрлар жалақыларын доллармен алды, ал ондағы  жергілікті жұмысшыларға жүз мың теңгеге жетер-жетпес еңбекақы төленеді. Байғұс халық тым болмағанда, он күнге өзек жалғауға жетпейтін жарытымсыз жалақымен балаларының оқу ақысын төлей ме, тамаққа жеткізе ме яки, несиесін төлесін бе? Бүгінде қарапайым қарашаның  басым көпшілігі осындай пұшаймен  қалде жүр. Жаңаөзендегі толқу-теңсіздік үшін күрестің запыраны. Алаңға жиналған белсенділердің уәжінен ой қорытсақ,  миллиондап жалақы, сыйақы, қосымша үстемақы алатын әкімдер мен министрлерге өкпесі қара қазандай екенін аңғару қиын емес. Алайда, жұмысшы қауымның  шері биліктегілерге тансық. Мәселен, мен 40 жыл білім саласын басқардым. Зейнетақым-120 мың теңге. Қымбатшылық қос өкпеден қыспаққа алған шақта айлығым шайлығыма да жетпейді. Бұдан да сорақасы, еліміздегі күнкөріс деңгейі төмен тұрғындарға айына 36 мың төленеді. Бұл халықты қорлаудың көрінісі ме? Ол қай жыртыққа жамау болады? Міне, біздегі шенеунік пен жұмысшының аражігін алатын жалақыларына қарап салыстыру түк те, қиын емес!  Менің ойымша, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін бүтіндей тарқату керек! Аталған ведомство халықтың әлеуметтік ахуалын қорғап отырған жоқ, қауқарсыз министрлік! Билік қай кезде де, наразылыққа шыққан халықты тыңдап, көптің мүддесін ескеріп, елдің еңбегін бағалағаны  абзал. Түптің-түбінде әділдік жеңіп, халықтың дегені болады. Бұл орайда, Президент-Тоқаевқа жеке рақыметімді айтар едім. Мемлекет басшысы: «халыққа тимеңдер!» деп бұйрық берді. Демек, бұл шенеуніктерге: «елдің мұңын естіп, сөзіне құлақ асыңдар!» дегені. Сүйтіп, Тоқаев бір тәуліктің ішінде газдың бағасын 120 теңгеден-85 теңгеге төмендетуге ықпал етті. Бірақ, соған қарамастан,  қажыған қараша сабасына түспей тұр. Олар үшін  талаптарының толық орындалуы шарт,-дейді білім саласының құрметті қызметкері.

                          «Жалған есеп беру қашан тыйылады?»

-«Кез-келген халық дүмпуінің себеп-салдары болады. Жаңаөзендері кезекті бас көтерудің өзектілігі неде деген заңды сауал туындайды. Бұл оқиға билікке-халықтан алыстамау керек деген ойды меңзеп отыр. Халық пен билік арасында берік мәміле болғанда, мұндай жағдай орын алмайтыны шүбәсіз. Бізде жергілікті билік өз бетінше өмір сүруде. Халық өз күнін өзі көріп жатыр. Бәрінен бұрын, қымбатшылықтың  күн құрғатпай белең алуы, жұрттың жанына батып барады. Сондықтан, билікте отырған, кабинеттік жұмыстағы азаматтар бір мезгіл дүкендерді, базарларды аралап баға өсімін өз көзімен көрсе, қарашаның  қауқарын сезер еді. Аймақтардағы атқарушы биліктегі мамандардың  қисынсыз мәлімет беруі, әкімдіктегі жауапты қызметкерлердің өтіріктен құралған  сандармен жалған сараптама жасауы- ақыр соңы, мемлекетті жарға жығып  отыр. Жаңаөзендік бауырларға- сабырлық тілеймін. Арандатушы пиғылдағы «бүлдіргіштердің» сөзіне елікпей, балаларының тағдырын ойласа екен деген тілегімді айтқым келеді. Ең бастысы-халық өз үнін жеткізді»-дейді меценат, Қарағанды облыстық мәслихаттың депутатты-Бекзат Алтынбеков.

 «Жаңаөзендіктерді қолдаймыз!» Осындай ұранмен кеше кешкісін,  кеншілер шахарындағы Тәуелсіздік монументінің алдына бейбіт митингі өтті. Республика алаңына жиналған белсенділер елдегі баға өсіміне қатысты наразылықтарын айтты. Атқарушы билікке халық ахуалын жақсартуға жұмыс істеу керек деген талаптарын жеткізді.  Айта кеткен жөн, осыдан екі күн бұрын әлеуметтік желіні қолданушылар  Қарағандыдағы жанар жағармай сату станциясында сұйытылған автокөлік газдың литрі 120 дан-130 теңгеге дейін табан тіреп тұрғанын жазды.  Кеше  қаладағы жанармай құю бекеттерінде  газ 105 тен-120 теңге аралығында  сатылды.

Тегтер: