Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:59, 01 Қазан 2021

Билік иесі бар банкті емес, киесі бар халықты ойлауы керек

None
None

      Ақбұлақтағы оқиға банк, қаржы саласына қатысты талай қитұрқы әрекеттердің жолын ашып берді.

Бұл оқиға орын алмағанда, мүмкін, банк пен жеке тұлғаның арасындағы жасалатын келісімде біріншісінің  мүддесін көздейтін шарт жалғаса берер ме еді?! Енді ақиқатын айтайық, Ақбұлақтағы атқыштың оқиғасынан кейін Қазақстанда ипотекалық қарызы бар әлеуметтік осал топқа жататын қарыз алушылар бір жыл бойы үйінен шығарылмайды және баспанасы сатылмайтын болды.

       Алайда бұл меморандум тек Алматы қаласының тұрғындарына ғана қатысты болып отыр. Өйткені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, банк омбудсмені, қаржы институттары және қоғамдық бірлестіктер арасында осал топтарға жататын ипотекалық қарыздар бойынша жалғыз тұрғын үйді өткізуді және одан азаматтарды шығаруды тоқтата тұруды көздейтін өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алайда «түсіністік меморандумында»  біз түсінбейтін бір кілтипан бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінiң баспасөз қызметі «меморандумды әзірлеу маусым айынан бастап жүргізілді» деген ақпарат таратты. Сену қиын. Бұл жағдайға ең алдымен Ақбұлақтағы атқыштың оқиғасы себеп болуы мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, бұл меморандум неге Алматы қаласына ғана қатысты? Қалған аймақтар ше?  Қалған аймақтың тұрғындары сонда несиесіз өмір сүріп келе ме? Бұл, әрине, азаматтардың конституциялық құқын бұзу болып саналады. Өзге өңірлерде де банктен несие алып, оны қайтара алмай, жалғыз баспанасынан  айырылып жатқандар жетерлік.

        Осыған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев несие берушілер мен қиын жағдайда қалған борышкерлер арасындағы қарым-қатынас аясын заңды тұрғыда жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеу және жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру қажет ететінін алға тартты. Демек, президент айтқан мәселе бар және тапсырма бүкіл Қазақстан территориясында еркін жүзеге асуы тиіс. Өйткені қазіргі уақытта  несие алған халықтың саны жыл өткен сайын артып барады. Өйткені айлығы өмір сүруге жетпейді. Сондықтан амалсыздан жоғын түгендеу үшін халық несиеге жүгінеді. Ал несиенің шарты өте ауыр. Ақырында содан келіп, халық банкке кепілдікке қойған үйінен айырылып жатады.

         Енді дерекке жүгінейік. Ұлттық банктің биылғы шілде айындағы мәліметі бойынша қазақстандықтар еліміздегі банктерге 7 триллион 96 миллиард 772 миллион теңге қарыз екен. Саясаттанушы Марат Шибұтовтың дерегі шын мәнінде алаңдатарлық. Бұл халықты ғана емес, бүгінгі таңда билікті де толғандыратын өзекті мәселеге айналуы тиіс. Елімізде 9,23 миллион адам экономикалық тұрғыдан белсенді, жұмыс істейтін адам ретінде саналады. Ал осы 9,23 миллион адамның бар-жоғы 1,7 миллионында ғана несие жоқ. Қалған 7,5 миллион адам банктер мен шағын қаржы ұйымдарына қарыз. Демек, бұдан шығатын қорытынды: еліміздегі әрбір екінші адамның несиесі бар. Қазақстан қарызға өмір сүреді. Індет басталғанға дейін орташа есеппен алғанда, жылына 500 мың адам несие алған көрінеді. Ал пандемия кезінен бері бөліп төлеп, қарызға тауар алатындардың саны күрт өскен.

Халық пен банк, тұрмыс пен қылмыс үйлеспейтін, қарама-қарсы ұғым болып тұр. Бірақ халықтың жағдайын көтеру үшін билік бір нәрсе жасап отыр ма? Кешегі күнге дейін  халықтың ең төменгі жалақысы 42  500 теңге болып келді. Тек келер жылдан бастап қана  елімізде ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге артатын болды. Бұл да президент тапсырмасынан кейін ғана. Әйтпесе үкіметте үн жоқ. Ал сол 42 500 немесе 60 мың теңге айлығы бар азаматтың несие алуға еш мүмкіндігі жоқ. Төлем қабілеті өте төмен. Ал өмір сүруге мүмкіндігі ше? Алпыс мың теңге осал топты құрайтын адамның қай жыртығын жамайды?  Ал банк ешкімді аямайды. Тіпті ақшасы бар, өмір сүруге қабілеті жететін адамды да!

     –Біздің қаржы-экономикалық сферадағы әлі «кенже» қалған, өзінің адами бет-бейнесін өзгертпеген саласы – банк жүйесі. Банк жүйесі адамгершілігі төмендеу, бауырластық дәрежесі ергежейлі пенде тәрізді. Бүгін банктер азаматтарды, олардың қаржы мәдениетінің қалыптаспай жатқанын пайдалана отырып, қаржы саласындағы өз құқығын қорғау дәрежесінің төмендігін пайдалана отырып, біздің ағайынды қанап жатыр. Бұл рас. Банктердің үстемеақы дәрежесін, одан басқа көлеңкелі төлемдерін есептегенде пайыз мөлшерлемесі 30 пайыздан асып түседі. Бұл азаматтарды көпе-көрінеу қанау болып табылады. Бұл практиканы тоқтататын уақыт жетті.

        Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге мемлекет енді көмектеспейтінін мәлімдеді. Өте дұрыс шешім. Енді банктер мемлекеттен алған қаржыны қайтарды ма, соны тексеру керек. Ол үшін мемлекетке де қаржы саласында нақты қадамдарға бару керек. Инфляция деңгейін бақылауға алу керек. Сонымен бірге банктердің мемлекеттік қаржы саласындағы, экономикадағы қан жүгіртуші организм екенін есте сақтау қажет. Біздің банктер адамдарды «кредит инесіне» отырғызып, солардың қаржысын, жүйке жүйесін соруға бейімделген. Банк жұмысын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығын қаржыландыруға бағыттау керек. Мемлекетке, елге көмегі тисін. Әділеттілік, теңдік принциптері қаржы саласына да тиісті, – дейді мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

       Рас сөз, шын мәнінде экономика тұралап, елді, әлемді қаржы дағдарысы қысқан кезде үкімет банктерге көмектесті. Айта кетейік, Қазақстан билігі 2008-09 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде екінші деңгейлі банктерге бюджеттен 10 миллиард доллар шамасында қаржы бөліп, аяғынан қайта тұрып кетуге қолдау білдіргені мәлім. Ал мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтпақшы, «адамдарды  «кредит инесіне» отырғызып», қанап отырған банктерге көмектескен билік халыққа неге қолдау көрсетпейді? Ақбұлақтағы атқыштың оқиғасынан кейін енді азаматтардың конституциялық құқын қорғау үшін «Жеке тұлғаның банкроттығы туралы» заңды жедел түрде қабылдау керек. Оның уақыты әлдеқашан пісіп-жетілді деген де пікірлер айтыла бастады. Алайда Қазақстандағы әр банктің өз иесі бар және олардың ықпалы өте күшті. Бәрі де биліктің тұтқасын ұстап отыр. Мұндай жағдайда олар жеке тұлғалардың банктен алған несиесін жеңілдету тұрғысында жеңіл қадамға бара қояр ма екен? Сенім жоқ.

      Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы  күн сайын артып барады. Бағаның тоқтайтын түрі жоқ. Жыл басынан бері сәбіз – 48,5, пияз – 30,2, өсімдік майы – 29,5, капуста – 25,1, картоп – 22,4, қарақұмық – 15,7, тауық еті – 15,5,  қант 12,5 пайызға қымбаттаған. Ал өмір сүруге, азық-түлік алуға қаржысы жетпей отырған азаматтар алған несиесін қалай өтейді? Демек, Қазақстандағы билік иесі бар банкті емес, киесі ұратын халықты ойлауы керек.

Тегтер: