Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:48, 18 Мамыр 2021

Билік кедейлердің көлігін жөндеп берсін!

None
None

Онсыз да қиналып жүрген жүргізушілерді қалай ұялмай қылғындырайын деп отыр

«2021 жылдың екінші жартыжылдығында ел халқы үшін зейнетақы жинағындағы «жеткіліктілік шегінен» асып тұрған артық ақшаны пайдаланудың жаңа мүмкіндіктері күшіне енеді» деп жазды отандық баспасөз.

       Жуырда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі берген ақпараттан біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланудың жаңа ережелері қаралып жатқаны белгілі болды. Ондағы ең басты жаңалық – «алуға болатын» артық ақшаны жер учаскесін сатып алу мақсатында пайдалануға таза мүмкіндік беріледі. Өйткені бұған дейін жер алуға берілген мүмкіндіктері ешкім пайдалана алмайтын өтірік мүмкіндік еді. Ол бойынша ереже құрастырғыш пысықайларымыз жер учаскесін сатып алуды «Жеке тұрғын үй құрылысының» ішіне күштеп кіргізіп тастаған болатын. Оның тәртібі бойынша жер телімін алу үшін құрылыстың сәулет-жоспарлау тапсырмасы, лицензиясы бар құрылыс компаниясымен жасалған мердігерлік шарт, шығыстар сметасы, эскизді жоба сияқты қарапайым қазақ үшін тым «қуып кеткен» нәрселер талап етілетін. Бейне бір қазақтың бәрі үйін құжатқа енгізілген қатқан жоспар бойынша құрылыс компаниясына салдыратындай.

      Ал енді ұсынылып отырған түзетулерде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке шаруашылық жүргізу мақсатындағы жер телімін сатып алуды рұқсат етілген жекелеген мақсат ету көзделген екен. Бұл түзетулер жобасы енді қоғамдық ашық талқылау кезеңінен өткеннен кейін, сосын жемқорлық тәуекелдері бойынша бағалаудан өтіп, мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан келісім алынғаннан кейін қабылданады. Ал ресми күші енуі осы жылдың екінші жартысында күтілуде екен. Жөн-ақ!

      Дегенмен зейнетақы ақшасын жаңа автокөлік алу мақсатында пайдалануға ақыры жол берілмейтін болған сияқты. Бұл да жөн шығар, дәл қазір онсыз да қымбат көлік құнын қымбаттатып, біреудің бизнесін дөңгелетудің қажеті шамалы. Автокөлік демекші, көп қазақты мазалайтын бір қыжыл – астындағы ескі автокөлігінің түтіндейтіні, былайша айтқанда, моторының «май жейтіні». Ұмытпасақ, биыл 1 шілдеден бастап моторы май жейтін көлік мініп жүрген қазақтарға өте қиын болайын деп тұр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп қойған. Экологияны ластайтын түтін шығаратын көлік мінгендерге қатысты Әкімшілік кодекстің 334-ші бабына өзгеріс енгізіп, мұндай көлік иелеріне бастапқыда ескерту жасалады не 5 АЕК айыппұл салынады, ал екінші рет ұсталғандарға 20 АЕК айыппұл салынады. Заңды тұлғалар үшін айыппұл тіпті 200 АЕК болады.

       Сонда 1 шілдеге дейін жаңа көлік алатын жағдайы жоқ азаматтарымызды әлгі айыппұлдан құтқарып қалу жағы ойластырылмай қалып отыр. Халықтың ол мәселесін де зейнетақы қоры арқылы шешіп бермеске болмас па еді?! Тозған моторды жөндетуге немесе ауыстыруға қанша ақша кетеді дейсіз бе? 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін-ау. Ары кетсе 500 мың болар. Қара халық моторы одан қымбатқа түсетін көлікті мінбейтіні белгілі ғой. Ендеше зейнетақы жинағындағы «жеткіліктілік шегінен асатын», мәселен, 120 мыңдай ғана артық ақшасы барларға осындай мүмкіндік қарастырып жіберсе, қане! Ертең еңсесін сәл болса да көтеріп, ескі көлігімен ауаны ластағаны үшін отандастарынан ұялмай, тоқтата беретін тіміскі полицейлерден тығылмай жүрсін! Одан ешкімге  зиян тимес, экологиялық бекеттерді көбейтіп жатқан полицейлердің пара сұрайтын мың себебі біреуге азайып қалады демесек...

Тегтер: