Билік неден қорқып отыр?

Абайдың «Болды да партия, Ел іші жарылды» деген жыры бар еді. Ақын Абай бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтса да, дұрыс айтқан екен.
Енді ел іші тағы жарылайын деп тұр. Қазақстанда «Халық сенімі» деген атпен тағы бір саяси қозғалыс құрылайын деп жатыр. Болашақта егер билік рұқсат беріп жатса, олар партияға айналмақ.
Сонымен, «Халық сенімі» қозғалысының құрамында кімдер бар? Қозғалыстың теңтөрағалары – Қазбек Бейсебаев пен Ғабиден Жәкей. Сондай-ақ оның құрамында Ғаббас Қабышұлы, Софы Сматаев, Исраил Сапарбай, Сейдахмет Құттықадам, Талғат Айтбайұлы, Болат Шарахымбай т.б. танымал ақын-жазушылар мен бірқатар Ауған соғысының ардагерлері бар. Дұрыс-ақ делік. Жалпы, елімізде партиялардың көп болғаны дұрыс, саяси күресте бәсекелестердің неғұрлым мол болғаны да жақсы. Пікір алуандығы да көбейеді. Халықтың санасы да саясилана бастайды. Бірақ мәселе мынада: бұл қозғалысты партия ретінде билік тіркей ме? Егер тіркемесе ше? Сонда, бұл қандай қозғалыс? Айқын мұраты, мақсаты неде?
Біздің иланып отырғанымыз: бұл қозғалыс күн сайын нашарлап бара жатқан елдегі саяси ахуалға, халықтың тұрмысы мен елдің дамуына алаңдайды. Бірақ күмәнмен қарап отырғанымыз, «Халық сенімі» өзін оппозициялық партия санамайды екен. Олардың сөзіне сенсек, билік оппозиция деген сөзден қорыққандықтан, олар бұл тіркесті қолданудан бас тартады. Олар билікті сынаушы топтардың қатарынан табылғысы келмейді. Саяси күш ретінде елдегі жағдайға бағам беріп отырады. Олар өзгеріс жасағысы келеді. Сөзден іске көшуді қалайды. Бірақ қалай?
«Халық сенімі» қозғалысының теңтөрағаларының бірі Қазбек Бейсебаев егер билік партияны тіркемесе, олар қозғалыс болып өмір сүре беретінін мәлімдеді. Ал біздің көкейде күмәнді сауал қалдырған тағы бір нәрсе бар. Бір ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қазбек Бейсебаев: «Егер қозғалыс үлкен күшке айналып, бірақ партия ретінде құрыла алмай, бізге өзге партиялар «құда түссе», ортақ мақсат үшін ондай мүмкіндікті қарастыруға әзірміз», – деп мәлімдеді. Қисынсыз нәрсе. Онда қозғалыс партияға айнала алмаса, тіркелмесе, сөзін өткізе алмаса, онда саяси қозғалыс болып не керек? Сөйте тұра, «біздің мақсат – қалайда саяси күшке айналу» дегенді айтады. Бірақ тағы да «біз билік партиясымен бірікпейміз» деп отыр. Демек, бұл қозғалыстың болашағы бұлыңғыр деп пайым жасауға болады.
Шындығында, бастапқы қаржылық капиталы жоқ мұндай қозғалыс кімге керек? Халық мұндай мақсаты айқын емес саяси күшті қолдай қояр ма екен?! Жоқ әлде, бұл халықтың назарын аудару үшін жасап отырған биліктің кезекті айла-шарғысы ма? Сонда, Ата заңдағы құқын пайдалана отырып, саяси күшке айналғысы келіп отырған «Халық сенімі» қозғалысы кімнің жобасы? Теңтөраға Қазбек Бейсебаевтың көзқарасы шын мәнінде бүкіл «Халық сенімі» қозғалысының айқын позициясы болып табыла ма? Билік партиясымен бірікпесе, оппозициялық көзқарасты ұстанбаса, ол қандай халыққа жақын саяси күш болуы мүмкін? Қазірдің өзінде бұл саяси қозғалысқа қатысты күмәнді сауалдар көбейіп жатыр.
Рас, Қазақстанда саяси партия құру оңай болғанымен, оны әділет министрлігінде тіркеу қиын. Жалпы, оны қиындатып отырған бүгінгі жүйе. Сондықтан «билік тіркемесе, шағын ауқымда қозғалыс ретінде жұмыс істей береміз» деп отырған «Халық сенімі» қозғалысына алдағы уақытта сенім күшейеді деп айту қиын. Айта кету керек, соңғы бірер жылда «халық», «ел» деген атауды жақын көріп, халыққа, елге жақын болғысы келгендер көбейіп барады. Бірақ олардың соңынан еріп, иланып кеткен ешкім жоқ. Осыдан екі-үш күн бұрын «Ел тірегі» партиясы елордада «Бәйтерек» монументінің жанында митинг өткізді. Лидерлерін қоршап, полиция өкілдерін жолатпаған күйі ауған-тәжік соғысының ардагерлері әділет министрлігіне барып петиция тапсырды. Мақсат – партияны тіркету. Осымен әділет министрлігіне оныншы рет өтініш беріп отырған «Ел тірегі» партиясын билік тіркей қояр ма екен? Жоқ әлде, тізімнен «ақау» тауып, тағы да қайтара ма?
Қазір, шынында да, саяси ахуал күрделі. Ел өзгерісті қалайды, бірақ оған билік дайын емес. Елге 30 жылдан бері өзгермей келе жатқан «Нұр Отан» емес, жаңа көзқарастағы партиялар керек. Бірақ билік өз дегенін жасайды. Сайлау қарсаңында коммунистерді «халықтық» етіп оп-оңай қайтадан тіркей салды. Соңғы бір-екі жылдан бері Демократиялық партия да тіркеле алмағандықтан, митинг өткізуді дәстүрге айналдырып алды. Нұржан Әлтайдың «Ел тірегі» партиясы оныншы рет әділет министрлігіне өтініш берді. Ал Азаматхан Әміртайдың «Жасылдар» партиясы сегізінші рет қайтадан тіркеу туралы министрлікке құжаттарын тапсырды. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Билік, бүгінгі жүйе жаңа көзқарастағы азаматтарды, жаңа партияны керек қылмай отыр. Мұндай жағдайда халықтың атын иеленгісі келетін оппозициялық емес сипаттағы қозғалыс құру қаншалықты маңызды? «Ел тірегі» партиясының төрағасы айтқандай, өйткені «жаңа партиялар мемлекетке емес, қазіргі саяси жүйеге қауіпті». Сондықтан әділет министрлігі әр нәрсені сылтау етіп, оларды тіркемеуге күш салады. Бұл, шыны керек, барған сайын қоғамның наразылығын тудырып отыр. Енді көшеге шығу көбейе береді.
— Бәрін ашық айтатын кез келді. Бұлай жалғаса берсе, түбі мемлекет құрдымға кетуі әбден мүмкін. Сондықтан биліктің кез келген сатысына «елім, жерім» дейтін, қара бастың емес, ұлттың, халықтың қамын ойлайтын жастар келуі тиіс. Саясат сахнасына жаңа партиялар, жаңа тұлғалар шығуы керек. Сонда, бәлкім, елде елеулі өзгерістер орын алар ма еді? – дейді министрлікке сегіз рет құжат тапсырып, бірде «Бөрі», енді бірде «Байтақ» жасылдар партиясын құрғысы келіп, тауы шағылып жүрген Азаматхан Әміртай.
Расында да, жаңа партиялар тіркеле алмай жүр. Биліктің бұл әрекеті түсініксіз. Егер біз демократиялық қоғамда өмір сүріп отырғанымыз ақиқат болса, аталған партиялар міндетті түрде тіркелуі тиіс. Ал билік неден қорқып отыр? Ақиқаты, саясат сахнасына сананы сілкінтетін жаңа тұлғалар мен жаңа партиялар керек болып тұр.