Билік пен халық арасында байланыс болуы керек

«Еститін мемлекет» бірінші кезекте халықтың үніне құлақ салып, олардың мұң-мұқтажын ескеруі тиіс.
Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында атап өткен болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында халық пен билік арасында диалог болуы шарт деген бағытты барлық мемлекеттік қызметшілер ұстануы шарт. Өйткені халық қандай да бір мәселені шешу үшін көмек сұрап, бірінші кезекте осы мемлекеттік қызметшілерге жүгінері сөзсіз.
Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған мұндай бағдарламаларды біреу білсе, біреу білмей жатады. Сол себепті мұндай бағдарламалардың жұрт игілігін көруі үшін осы жобаларды насихаттап, түсіндіру де маңызды болып отыр.
Қарағанды облысында «Жастарға кеңес» мобильдік тобы аймақ жастарына мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беруді қолға алды. Мобильді топ облыстың қалалары мен аудандарын аралап, қызмет көрсетеді. Олар «Жастарға арналған жұмыс» деп аталған жаңа жоба бойынша өңір жастарына кеңес беруде. Бұл жоба жұмыссыз жастармен қоса оқу орыны түлектерінің жұмыс тауып кетуіне ықпал етеді. Мобильді топтың құрамындағы жастар ресурстық орталығының, халықты жұмыспен қамту орталығының, «Отбасы» банк АҚ, Халыққа қызмет көрсету орталығының, медициналық сақтандыру қорының, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары мен аудандық мәслихат депутаттары жастарға жұмыс табу, мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болудың жолдары туралы кеңес беріп бағыттайды.
Мамандар жастармен кездескен кезде олардың көпшілігінің мемлекеттік бағдарлама туралы толық біле бермейтінін айтады, яғни осындай насихат жұмыстарынан кейін бірі мамандығына сай жұмыс жасауға талпынса, енді бірі – мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болудың әрекетіне көшеді.
«Бұған дейін біз Абай және Бұқар жырау аудандарында болған едік. Жастарға түрлі салалардағы мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіреміз. Содан кейін жастар жергілікті Жұмыспен қамту орталығымен жұмыс істейді. Біз аптасына бір рет аудандар мен ауылдарға баруды жоспарлап отырмыз», – дейді АMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасының бірден-бір мақсаты – ол ел тұрғындары мен биліктің арасында диалог орната отырып, жұрттың әл- ауқатын барынша жақсарту.