Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:57, 18 Қараша 2022

Билік тәпсіршілері не дейді?

None
None

    Президент сайлауы – билікке таласатындардың сыналатын, саяси  позицияларының ашыққа шығатын тұсы.

Президенттікке кандидат Қ.Тоқаевта жариялаған саяси бастамаларын өз аузымен түсіндіру жетпейді. Мүмкін,  түсіндіру президент өкілеттілігін атқарып отырған адамға міндетті емес  шығар. Уақыты жетпейтін де болуы мүмкін. Осы ретте президент  сайлауында теледебатқа шығуға да мүмкіндігі болмады. Сосын, біз биліктің  бастамалары мен атқарып отырған саясатын түсіндіруді биліктің  айналасындағы президентке жақын жүретін, президент бастамаларын  түсіндірумен танымал болған саясаттанушылардан күтеміз. Бұларды билік  тәпсіршілері деп атаған дұрыс болар. Бүгін билікте танымал үш тәпсірші  бар.  Олар Ерлан Қарин, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров.

Ерлан Қарин  мемлекет кеңесшісі. Саяси реформаларды кешенді тәпсірлеу оның кәсіби  міндеті. Ерлан Қарин кезектен тыс президент сайлауы басталған соң, көп  өтпей, Nartay Aralbayuli youtube каналына сұхбат берген.

Е.Қариннің  оппозиция туралы айтқан сөзі дауға қалды. Мұхтар Тайжан  Е.Қаринды ашық дебатқа да шақырды. Аралбайұлынан осы мәселелер  бойынша сұхбат алуды өтінді. Аралбайұлы «Жарайды, күт» деген. Көп  өтпей, Мұхтар да Аралбайұлының араға қыстырылғысы келмегенін сезді-ау  шамасы. Ойларын өзінің facebook парақшасында жариялады. Дебат болса  екен деген біз «әй, Нартай-әй, Нартай-әй» деп қала бердік.  Кешелі бермен  Айдос Сарым «сұрауы бар» youtube каналына, Ерлан Сайыров ulys media  youtube каналына сұхбат берді. Біз президент саясатында өреміз жетіп түсіне  алмаған нәрсені түсініп алайықшы деген оймен аталмыш сұхбаттарды  құнттап тыңдадық. Тәпсіршілердің айтқанымен келісетін, байыбына жетіп,  түсіне алмаған көптеген мәселелер болды. Төменде соларды баяндап  көрелік.

  Айдос Сарым сұхбатында дәл қазіргі кезектен тыс президент сайлауы және  кандидаттар туралы: «Бізді бүгінгі қызықтыратын нәрсе — президент сайлауы  емес, ертеңгі күннің мәселесі. Мен еліміздегі сайлаудың шу драмаға  айналуын қаламаймын, елуде-елуге бөлініп, азаматтық соғысқа айналуын  қаламаймын»,  дейді.   Сонымен  бірге: «Бізде  отыз  жыл  оппозицияны  тазалау  болды.  Қай  уақыттағы  сайлауда да  кандитаттар  белгісіз  болып  келді,  оппозициялық  күш  жоқ,  тек  адамдар  бар.  Олардың  өзі  дұрыс  деңгейде  жұмыс  жасай  алмайды», – деді.  Жалпы, осы ойларынан  А.Сарымның бұл жолғы президент сайлауының баламасыз өтуін қалайтын  ниеті анық көрініп тұр.

«Келесі жылғы болатын мәжіліс, мәслихат  сайлауларында саяси дода қызатынын, бұндай сайлау жергілікті саяси  монополияны жойып, саяси серпіліс әкеледі», – деген ой айтады. Бұл президент сайлауы маңызсыз, (қызықсыз). Ал басқа сайлау маңызды. Қалай  келісуге болады? Түсінбедік. Отыз жылдағы бар былықты қалыптастырған,  ел сенімін сетінеткен осы бәсекесіз президент сайлауы емес пе еді. Халық  қатты күтті. Өздерінің күшін әділетті сайлауда сынап көруді. Президент  сайлауын бәсекелі өткізсек, қаңтардағы оқиға қайталанып кетуі мүмкін  дейді. Сонда біз кімге сенбейміз? Неменеге алаңдаймыз?  Отыз жылда  сайлауды дұрыс өткізетін елге айнала алмадық па? Түсініксіз...

Президент болу үшін бес жыл үкіметте, не сайланбалы қызметте болудың  қажеттілігін жан-жақты дәлелдеді. Қызмет істеу, тәжірибе жинау дегенмен  келісуге болады. Бірақ биліктің бұндай талапты заңмен шегендеуінің  қисынын таба алмадым. Қазақстан азаматтары кандидаттардың, әсіресе,  президенттікке кандидаттардан кімнің лайықты екенін парықтауға қабілетсіз ба сонда. Заңмен шегендемесе де лайықты тәжірибелі адамды Қазақстан  электораты талдай алады деп ойлаймын. Қалай айтсақ та бұл талап та  бүгінгі биліктің сайлаушыларға халыққа сенбейтіндігінің белгісі сияқты.  Айдос бұл сұхбатында: «Министрліктегілер қызметті түнгі он екіге дейін  істейді», – деп алақайлады. Бұл таза формализм сияқты. Жұмысты бағалауда жұмыс уақытына емес, не бітіргендігіне қарау керек қой. Кезінде Кәрім Мәсімов премьер-министр болғанда, түнгі екі-үшке дейін істейді деп  естігенбіз. Бірақ не істеп жүргені белгілі болды ғой. Қазіргі үкімет те халық  сынынан көз ашпай отыр. Айдос үкімет қызметінің жұмысын айтам деп,  үйлесімсіз түсіндірумен түп ниетін аңғартып қоятын сияқты. Болмаса, бұл  сөзі мақтау таппағанда, амалсыз айтылған сөз сияқты сезіледі.

 Айдос және: «Саяси партиялар құрылу керек. Саяси плюрализм қажет.  Бірақ  қазір оппозициядағылар партия құра алмайды. Партия құрып, саясатпен  айналысу үшін бес миллион долларың болу керек», дейді.  Егер Айдос өзі  партия құрғалы жүрген тұлға болса түсінуге болар еді. Билікте отырып,  бұлай ақыл айтуды түсіне алмадық. Қажетті тірліктерді істей алмай жол  ортада шашылып қалса,  ол оппозицияның әлсіздігі. Билік тек партия құру  туралы заңдық талаптарды орындағандарға жол беру керек. Жасарал  Қуанышәлин «Алға Қазақстан» партиясын тіркете алмай жүр. Әділет  министрлігіне бес рет өтініш беріпті. Өтініштеріне «толымсыз» деген бір  сөзді жауап алыпты. Бұл не масқара? Не үшін толымсыз екендігін анықтап  көрсетпейді? Қоғам қалай түсінеді. Кімнен қателік іздейді. Айдос депутат,  саясаттанушы ретінде «партия құру» туралы айтса, осыны айтуы керек еді.  Осындай биліктің беделін түсіретін мәселелердің ақ-қарасын түсіндіру  қажет еді.

   Айдос бұл сұхбатында бүгінгі әділетсіздікке халықты кінәлайды.  Қарапайым халық шенеуніктің жемқор екенін біліп тұрса да тойына  шақырып, төредей сыйлайды, қошамет-құрметін аямайды, – деп дәйек  келтіреді. Бүгінгі әділетсіздікпен жемқорлықтың өршіп кетуіне кім басты  жауапкер? Билік пе, әлде халық па? Құқығым тапталды, тоналдым, тоздым  десе, халық неге айтпайды деген заңды сұрақ туады. Халық айтпай,  көтерілмей жүрме? Бұған бұдан ары жауап берудің қажеті жоқ шығар.  Тойларда жемқор шенеуніктің құрметтелуі той иесі мен шенеуніктің жеке  қарым-қатынасын белгілейтін мәселе. Қоғамды әділеттілікке бастайтын  басты жауапкер күш елдегі элита болу керек. Біздің қалыптасқан элитамыз  қандай?

  Жалпы, бұл тәпсіршілер халықаралық жағдай  күрделі, геосаяси жағдай  ушығып тұр. Сондықтан біздің егемендігімізге қауіп күшті дегенді үнемі  айтады. Әсіресе, Ерлан Сайыров. Шынын айтқанда, Ресей бізді билегісі,  айтқанымен жүргізгісі келетін сияқты. Сондықтан да біз олар сызған  шеңберден шықсақ, қауіпсіздігімізге қауіп төнеді. Ал қазір Ресейдің күні  батып барады. Бұл біздің егемендігімізді күшейтетін, ел ішіндегі  демократияны дамытатын тамаша тарихи сәт емес пе? Неге біз осылай  ойламаймыз? Мен осыны түсіне алмаймын.       

 Айдос бүгінгі бір шындықты ашық айтты. Заң шығару кімнің қолында,  қаржы кімнің қолында болса, билік соның қолында деді. Бұны  мойындамауға болмас. Қазір заң шығару да қаржы да президент Қ. Тоқаевтың  қолында. Ал Конституцияда: «Биліктің қайнар көзі — халық» деп жазылған.  Сол халық атынан құқық жүргізетін президентті бұл жолы халық қалай  сайлайды. Айдос үшін бұл жолғы президент сайлауы қызықсыз болса,  Конституцияда жазылған аталмыш бап та түкке тұрғысыз болғаны ма? Кем  болғанда, осы жолы. Бұл сайлауға мән бермеу – халықтың билік жүргізуіне  мән бермеу болмай ма? Түсініксіз.   

   Ерлан Cайыров «бізде саяси институттар қалыптаспады. Президент алдағы  уақытта соған жұмыс жасайды» дейді. Келістік. Сендік. Сайыров әлеуметтік бастамалар туралы көп айтты. Әлеуметтік әділдікті қалыптастыруға  жасалған жұмысты сан цифрмен көрсетті. Ойлаймын Н.Назарбаевта да  осындай халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы ниеті, тіпті,  бастамалары болмады дейсіз ба? Отыз жылда неге іске аспады? Байлық  тоналды. Себеп саяси реформалар жүргізілмеді. Әлеуметтік әділдік пен  теңдікті іске асырудың шарты саяси реформалар еді. Сайыров осы әлеуметтік  мәселелерді іске асырудың нақты саяси тетіктерін анықтап көрсеткенде,  сеніміміз артып, түсінігіміз тереңдер еді. Сосын, бұл тәпсірші  тұлғалардың  сөзінен биліктің билік жүргізу ниетін бір қырынан түсінгендей болдық.

   

  

    

Тегтер: