Биліктің халыққа жаны аши ма, өзі?!
Кез келген адам ертеңінен үміт етеді. Болашағының бүгінгіден керемет боларына сенеді.
Сол сенім алға жетелеп, өмір сүреді. Бірақ еліміздегі күн сайын күнкөрісті қиындататын, әлеуметтік жағдайға кері әсер ететін хабардың жиілеуі халықтың ертеңіне деген үміт отын өшіріп барады.
Дәл қазір ең алдымен халықты қажытып тұрғаны қымбатшылық болып отыр. Жыл сайын емес, тіпті ай сайын да емес, күн сайын өсетін баға тұрақтанбай тұр. Елімізде бағаны қадағалап отыруы тиіс құзырлы орындар бар болғанымен, әрекеті білінбейді. Жанармай, киім-кешек, нан, жолақы, дәрі, пойыз, ұшақ билетінің бағасы, медициналық қызметтер, құрылыс заттары, тұрғын үй бағасы, ет, азық-түлік – бәрінің құны өскен үстіне өсе түсіп, «халықтың жүйкесімен ойнап отыр». Тапқаны ішіп-жемнен артылмағандар артық жоспар құра алмай, бәрінің бағасы бірнеше рет өссе де, өзгермеген күйі қалған жалақымен не істерін білмей абдырауда. Ал қыз ұзатып, келін түсірейін десе де, үйінің алдынан тауық кепе салса да, қарызданып-қауғаланып, несие қамытын іліп алуға мәжбүр. Сосын, несие төлесе бала-шағасы аш қалып, азық-түлік алса, несиесі төленбегендер артып барады. Нәтижесінде қазір елімізде мерзімі кешіктірілген несиелердің қатары көбейгені байқалады.
Бірде аш, бірде тоқ өмір сүріп жатқан жанұялар да жетерлік. Сондықтан бүгінгі күні болашағын Қазақ елімен байланыстырмай, безіп, қашып жатқандар көп. Биылдың өзінде жұмыс іздеп Оңтүстік Кореяға кеткен қазақстандықтар саны 35 мыңнан асты. Оның 12 мыңға жуығы Корей түбегінде заңсыз жалданып, нәпақасын тауып жүр екен. Болашағын Кореядан басқа, Түркия, БАӘ елдерімен байланыстырғысы келетін жерлестеріміз де аз емес. Яғни әлеуметтік жағдайдың қиындауынан елін тастап кетіп жатқандар жетерлік. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?!» дегендей, елімізде жайлы тұрмыс, жақсы жалақы болса, ешкім кетпес еді.
Сондай-ақ жақында елімізде ақылы жолдардың қатары артты. Зейнетақы жырымен көп жұрт елей алмай қалды. Сапасы сын көтермейтін, соған қарамастан, ақы талап ететін жолдар қатары жыл өткен сайын артып барады. Шетелде ақылы жолдар қауіпсіздігіңнің кепілі болса, біздің ақылы жолдарымызда жол апаттары жиі кездеседі. Бірақ оған жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Қараша айынан бастап ақылы болған Нұр-Сұлтан – Павлодар, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Түркістан – Шымкент, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қапшағай – Талдықорған, Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Петропавл бағытындағы жолдар енді ақылы болмақ. Нәтижесінде ақылы жолдар да халықтың қалтасына қосымша салмақ салып отыр. Мәселен, Түркістан қаласының тұрғыны, композитор Бекжігіт Сердәлі: «Қараша айының 15-інен бастап Түркістан – Шымкент бағытындағы тас жолмен жорғалаған әр көліктен ақы алына бастады. Ресми ақпаратта жеңіл көлікке әр шақырымына 1 теңгеден ұстайды делінген. Бірақ бұған күмәніміз бар. Себебі сол жолмен 40 шақырым ғана жүріп едік, «Каспий голдымызға» «360 теңге төле» деген ескерту келді. Ең қызығы, Түркістан – Шымкент бағытындағы таксилер ақылы жол кіресін өздері төлемей, оны такси жолақысына қосып, жолаушылардың қалтасына артып отыр. Айналып келгенде, зардап шегіп отырған тағы да қарапайым халық. «Асфальт төсеген жолы құрысын. Бұдан шаңдақ жолымыз дұрыс еді ғой» деп отыр күнде қалаға қатынап жұмыс істейтін жергілікті халық», – дейді. Бұл ақылы жолдың азабын сезінген жергілікті тұрғынның жанайқайы.
Расында да, айналып келгенде, халық ақылы жолдың зардабын тартып отыр. Жергілікті халықпен санаспастан, халықтың күнделікті жүріп жүрген жолы ақылы болып шыға келді
Күні кеше зейнетақы қорындағы қаржының жеткілікті шегі шарықтап шыға келді. Халық тағы сансырап қалды. Артынша мемлекет басшысы жеткілікті шекті көтеруді сәуір айына дейін қалдырды. Яғни уақытша алдарқатты. О баста зейнетақы қорындағы қаржыны алуға болады, тіпті бірнеше мәрте шешіп алуға болады деп халықты жарылқап тастағанымен, бір жыл өтпестен адам миына сыймайтын деңгейге көтеріп тастады. Демек, талай қазақстандыққа енді қор ақшасы құр арман деуге болады. Алданған халықтың тағы да сенімі қашты. Сәт сайын әлеуметтік жағдайды көтеру орнына қалтаңды қағып, соңғы тиыныңа дейін сыпырып алуға мәжбүр қоғамнан бәрінің де қашып кеткісі келіп-ақ жүр.
Тіпті талай жұрт тегін егіліп жатқан «Файзер» екпесінің өзі бізде сатылуда. Сонда мемлекет не үшін міндетті медициналық сақтандыру арқылы бар халықтың қалтасын қағып, ай сайын жалақысына жармасып отыр? Ал Украина президенті екпенің қос дозасын алған әрбір азаматқа 1000 гривень төленетінін мәлімдеді. COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын бүгінде Украинаның 10 млн тұрғыны алып үлгерген. Халықты ынталандыру үшін ел президенті Владимир Зеленский үкіметтен екпенің екі дозасын алған әр азаматқа 1000 гривень, яғни 16 153 теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл мақсатқа жыл аяғына дейін қазынадан 110 млн доллар бөлінген көрінеді. Халқына қамқор мемлекет басшысы мүмкіндігінше ұлт денсаулығын сақтау үшін осындай қадамға барып отыр. Осы мәселе жөнінде журналист Дәнеш Байболатов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазақстан билігі ел арасында «Файзер» атанған «Комирнати» дейтін сауда белгісімен тіркелген «Пфайзер-Бион Теч» компаниясының вакцинасын азаматтарына сатып алыңдар деп отыр. «Еуропаға баруға ақша тапқанда, вакцинаға таппайсыңдар ма?» деген қисыны қисық уәж келтіреді. Түркиядан да үй алып жатыр ғой дейтін шығар. Ат төбеліндей ғана аз топ ондайлар. Әйтпесе елдің көбі мына қымбатшылықпен Түркия түгіл, Түрксіб ауданынан құрқылтайдың ұясындай үй сатып ала алмай, босып жүр. Сөйте тұра, аштығымызды білдірмей, сыртқа жүнімізді қампайтып, вакцинаны тегін алуға мүмкіндік беретін әлемнің 100-ден астам елі өтініш берген COVAX жобасына қатысудан бас тартамыз. Біздің билік өкілдері «бұл кедей, артта қалған елдерге арналған көмек, ал біз дамыған елдер қатарындамыз» деп кергиді. Онда Қытайды былай қойғанда, Моңғолиядан қарыз алғанда неге осы қағидаға қарамадық? Күні бүгінге дейін туберкулезбен күреске ақша бер деп, БҰҰ қорына алақан жайып отырғанымыз қалай? «Кедейдің кесірлісінен сақта» деп атам қазақ қалай дәл айтқан десеңізші. Көрші Өзбекстан кеше осы COVAX бағдарламасымен АҚШ-тан 300 мың дана «Файзер» вакцинасын алды. Күні бүгінге дейін 6 млн-нан астам дана осы екпе елге тегін жеткізіліп, тегін салынуда. Біздің биліктің логикасына қайта қайырылсақ, ақшасы барлар «Файзер» алсын, жоқтары тегін бергенімізбен, егіліп кетсін дегенге саяды. Бұл азаматтарды алалау емес пе? Талай белсендіні белден басып, соттатып жіберген әйгілі 174-бапта айтылатын әлеуметтік жік тудырудың көрінісі емес пе? Әлде біз білмейтін астыртын ойын жатыр ма?» дейді. Расында да, осыдан соң биліктің халыққа жаны аши ма, өзі деген ой еріксіз мазалайды.
Тіпті жер көлемі жөнінен тоғызыншы орындамыз деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Ең аяғы елімізде «жер жоқ» деген сылтаумен тегін жер беруді де қойды. Заң бойынша құқылысың, бірақ «жер жоқ»!
Зейнеткерлік жасының ұлғаюы да халыққа оңай тимеді. Әлі күнге аналарымыз зейнеткерлік жасын төмендету туралы наразылық шараларына шыққанымен, аналардың үнін «еститін үкімет» естір емес. Халықтың әлеуметтік жағдайын кері кетіріп, халық наразылығын тудыратын шешімдер көбеюде.
Бір айдан бері елімізде «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне несие кешіріле ме?» деген әңгіме желдей есіп тұр. Жақында мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне азаматтардың берешегі өтіп кеткен 199 млрд теңгелік несиесін кешіріп, оларға рақымшылық жасауды талап етті. «199 млрд теңге – мемлекет үшін түкке тұрмайды. Отыз жылдыққа орай, мемлекет халықтың несиесін кешіруі керек», – деді мәжіліс депутаты. Сондай-ақ «Қазақстан халқының банктер алдындағы қарызы көбейіп бара жатыр. Қазіргі таңда халықтың 27 пайызы банктерге борышкер, ипотекалық несиелер берешегі 2,7 трлн теңгеге жетіпті. Тұтынушылық мақсаттағы несиелер 5,19 трлн теңгеге жетсе, мерзімі өткен берешек 199 млрд теңгені құрап отыр. Елде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бірақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ. Біз бұған дейін де осы мәселені көтергенбіз», – деді депутат. Шыны керек, халық қарызға белшесінен батып барады. Мерзімі өтіп кеткен несиелер де күн өткен сайын қордалануда. Ал банктер коллекторларға тапсырып, коллекторлар халыққа озбырлығын көрсетуде. Бірақ билік халықтың бұл жағдайына да көз жұма қарауда.
Қуаңшылық та халыққа аз соққы болмады, коронавирус өршіген кезде де дәрі мен тыныс алу аппаратының жетіспеушілігінен талай ел ажал құшты. Бірақ оны елеген үкімет болмады.
Тізе берсек, халықтың қорқынышын үдетіп, ертеңіне күдікпен қарайтын жағдайлар жетерлік. Қашан ертеңіміз бүгінгі күннен артық болар екен?! Айтпақшы, егемендіктің 30 жылдығы құрметіне халық мемлекет тарапынан тосын сыйдан дәмелі. Ең болмаса осы мерейтой құрметіне халықты қуантар ма екен деп елеңдеулі. Бірақ біздің билік халыққа тек жаман жаңалық естіртіп дәнігіп алғандай… Селт етпейді...