Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 24 Желтоқсан 2021

Биліктің көзін көзбояушылық байлап отыр

None
None

Соңғы кездері қоғамымызда көзбояушылық көбейіп кетті. Әсіресе шенеуніктеріміздің жоғарыға өтірік есеп беру үшін жасалатын істері жетерлік.

Ондай көзбояушылыққа толы істерден халыққа еш пайда жоқтығы белгілі. Нәтижесінде билік халықтың шынайы жағдайынан бейхабар болып, халық пен билік арасы алшақтап барады. Қысқасы, шенеуніктер өтірік есеппен биліктің көзін байлап отыр. Сондай көзбояушылыққа толы істің бірі әлеуметтік азық-түлік бағасына қатысты.

Қазір қаладағы дүкендердің сөресіндегі бірлі-жарым азық-түлік бағасы төменгі бағаны көрсетіп көз арбайды. Шенеуніктер нақ сол бағаны дабырайтып көрсетіп, жоғары жаққа қатырып есеп береді. Нәтижесінде бүкіл Қазақстандағы дүкен сөрелерінде сол әлеуметтік бағадағы азық-түлік толып тұрғандай, халықтың барлығы сол төменгі бағамен қарық болып жатқандай әсер қалыптасқан. Ал шын мәнінде ол азық дүкенде бір күн бар болса, бір апта жоқ және халыққа аз мөлшерде ғана сатылады. Ал көпбалалы жанұяларға 1 келі қант, 2 келі ұн екі-ақ күндік азығы. Сосын таусылып кеткен дүкеннен оны бір апта таппай жүресің. Яғни екі күндік азығын төменгі бағамен, он күн жоғары бағамен алады. Ал тап осы әрекет жоғары жаққа «әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған әлеуметтік азық-түлік қоры жеткілікті, баға толық бақылауда» болып есеп беріліп кетеді.  

   Әлеуметтік желіге де шенеуніктердің жұмысы солай жарнамаланады. Соның дәлелі жақында блогер Алмас Тоқабаев өз парақшасында: «Картоп – 85 теңге, сәбіз – 100 теңге, пияз – 50 теңге, сүт 2.5% – 180 теңге. Қалғаны суреттегі тізімде. Барлығы қажетті 19 азық-түлік. Барлығы Жамбыл облыстық тұрақтандыру қорынан қаржыландырылған. Таразда осындай бағамен 17 дүкен бар, енді әр ауданнан екіден ашылады. Айтпақшы, алыпсатарлардан сақтану үшін әр қолға 1-2 келіден артық берілмейді. Енді калькулятор алып есептеп көріңдер, осыларды сендер қаншаға аласыңдар және тұрмысы төмен отбасылар қанша ақшасын үнемдеп жатыр?» – деп жазба қалдырыпты.

Шыны керек, нарықтағы бағада картоп – 220, сәбіз – 160, пияз – 150, сүт 320 теңгеден төмен емес. Сондықтан ана бағаларға сеніп қалған биліктің халық қымбатшылықта өмір сүріп жатыр деп ойламасы анық. Жазылушысы көп блогер арқылы оны әлеуметтік желіде барынша кеңінен жарнамалап жатса қалай сенбеске?! Алайда «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, Таразға әкімқаралардың шақыртуымен келіп, бір күн қонақ болып, әкімдердің көрсеткенін ғана көріп кететін блогер емес, Тараздың тұрғыны, журналист Маржан Рақай: «Көзбояушылықты қашан қояр екенбіз?! Бас қаладан келген қонақ Алмас Тоқабаевты біздің жергілікті билік жақсылап тұрып алдап жіберген сияқты. Тараздың әлеуметтік дүкендерінде саудаланып тұрған «су тегін» азық-түлікті көріп, көзі «көзілдірігінен» шығып кете жаздаған сияқты әріптесіміздің. Ал сол дүкенге жиі бас сұғатын тұтынушы ретінде және талай рет журналист ретінде аралаған маман ретінде айтарым: бұл дегеніңіз – нағыз көзбояушылық.

         БІРІНШІДЕН, көрсетілген 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік бұл дүкендерде үнемі бола бермейді. Бұл дұрыс емес. Палау жасайын деп күріш алсаң, сәбізі жоқ, ботқа жасайын деп сұлы алсаң, сүті жоқ дегендей ғой.

        ЕКІНШІДЕН, әлгі азық дүкенге түсе қойған күнде де бір қолға тек бір-бір жарым келіден ғана беріледі. Сол үшін көпбалалы отбасылар бір келілеп күнде тасып, жинап жүргені. Өйтпегенде ше, олар бір дегенде кемі екі келі макаронды бір-ақ пісіреді ғой.

         ҮШІНШІДЕН, әлгі азық-түліктің сапасы өте нашар, тым нашар. Сонда жағдайы жоқ, ақшасы аз адам быламық-ботқа болатын ас-ауқатқа, байдың иті де жемейтін нанға лайықты ма?! Бұл өте өкінішті. Ал тұрақтандыру қорына бюджеттен миллиондар бөлінеді...

         ТӨРТІНШІДЕН, әлгі дүкендерге қатысты жұртшылық тарапынан сын айтылып мін тағылса, сауда жасап, кәсіп қылып отырған саудагерлерге дүрсе қойып, «жанын шығаратын» түрлі тексерушілер табыла кетеді. Өздері азық-түлікпен түгел қамтамасыз етпейді, бірақ саудагерлерден соны білдірмеуді, дымын шығармауды талап етеді. Бұл – әлгі бюрократия.

         БЕСІНШІДЕН, өңірдегі азық-түлік бағасын есептеуде осы дүкендердегі баға да назарға алынады. Бұл өз кезегінде баға бағамын бағамдауда жоғары жақты алдауға таптырмас тәсіл. Жалпы, халықтың болмашы пайызын қамтамасыз ете алмай отырған дүкендерді әлдеқандай етіп мақтап, сол арқылы мемлекеттің миллиондарын «на лево» жіберудің тиімді тетігін тапқан билікке айтарым жоқ. Айтпақшы, біздің жақтағы дүкенде әлеуметтік сүттің болмағанына бір айға жуықтады. «Қашан келері белгісіз» дейді сатушы», – дейді.

       Расында да, Алматыда да осы жағдай. Үй жақтағы дүкеннен күзде қант сатып алмақшы болдым. Әлеуметтік сөреден көрген қанттың бағасына қызығып, тосап қайнататын мезгіл екені есіме түсіп, бір келіден артық алғым келсе де, сатпай қойды. Амалсыз бір келі алып, ертеңіне тосап қайнату үшін қайта барсам, қанттың жұрнағы да жоқ. Сатушының айтуынша, халық бір-ақ күннің ішінде талап әкеткен көрінеді. Содан кейін қанша аңдысам да, бағасы қолжетімді қант қолға түспей қойды. Ал қай әйел бір литрлік тосаппен қыстан шығады?! Амал жоқ, базардан бағасы ұшып тұрған қантты сатып алуға мәжбүр болдым. Сонда оның қай жері әлеуметтік?!

Жақында премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бағаны қадағалау, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және сауда желілерімен жұмыс жасауды күшейтуді әкімдіктерге қатаң тапсырды. Монополияға қарсы органның ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері өндірушілер мен көтерме жеткізушілерге қатысты 111 ескерту жіберіліп, 16 тексеру тағайындалып, бұзушылықтарды жою туралы 20 ұйғарым, 11 ескерту, өндірушілер, көтерме жеткізушілер және бөлшек сауда желілерімен 186 монополияға қарсы заңнаманы сақтау актісі қабылданған көрінеді. Сауда үстемеақысының 15 пайыздан асуы бойынша 75 жағдай тіркеліпті.

Дұрыс қой, бірақ әлеуметтік азық-түліктің ғана емес, жалпы, азық-түлік бағасын сонда кім бақылайды? Әлде аталмыш құзырлы органның күші әлеуметтік сөреде бір күн бар, он күн жоқ тауарларды ғана бақылауға жете ме? Сонда халық әлеуметтік азық-түлікті аңдып өмір сүруі керек пе? Ал нарықтағы бағаға кім жауапты? Әлде әлеуметтік азық-түлік бағасы биліктің көзін арбауға ыңғайлы болғандықтан, соны ғана бақылау керек пе? Бұл шенеуніктердің көзбояушылығына ыңғайлы әдіс болғанымен, сол көзбояушылыққа тойған халық қайтпек?! Шын мәнінде билікке көзбояушылық үшін емес, халыққа пайдалы болсын деп жұмыс істеу үшін ірілі-ұсақты мемлекеттік шенді қызметкерлердің отансүйгіш, мемлекетшіл санасы мығым болуы керектігі анық. Сондай шенділерге қашан жариды екенбіз?!.

Тегтер: