Білім алу азап болып тұр
Шағын жинақты мектептер төңірегіндегі дүрбелең жақын арада басылатын түрі көрінбейді.
Жылда аймақтағы бірлі-жарым елді мекендегі бастауыш білім беретін оқу орындары келместің кебін кисе, кейбірі қысқартылудан әупірімдеп қалды. Облыстық білім басқармасының мәліметіне жүгінсек, биыл Осакаров және Абай ауданы бойынша 4 шағын жинақты мектеп жабылды. Бүгінде өңірде 167 бастауыш білім беретін мектеп жұмыс істеуде.
Шағын жинақты мектептер мәселесі ауылдағы мектеп жасында баласы бар отбасылар үшін өзекті проблема болып отыр.
Аймақтың шалғай өңіріндегі ата-аналарға бала оқыту мехнатқа айналған. Мәселен, Шет ауданының Тұмсық ауылындағы кейбір аналар отағасын тастап кетуге мәжбүр. Бауыр еті баласы үшін 9 ай бойы бір-бірінен алыстап кететін әке-шешенің трагедиясына қоғам көзжұмбайлық танытуда.
– Тамыз айынан бері ауданнан тұратын пәтер іздеп жүрмін. Орталықтан жалдамалы баспана табу қиындап кетті. Бағасы да шарықтап тұр. Себебі, маңайдағы елді мекендерден баласын оқытуға келетін мен секілді аналар көп. Жолдасым ауылда қалды. Үйде мал-жан бар дегендей… Ерлі-зайыптыларға екіге бөліну қиын, бірақ амалсыздан перзенттерімізді оқыту үшін осындай қадамға барып отырмыз. Төрт баламыз бар. Үлкенім 5-сыныпта оқып жүр. Ұлым 4 сыныпты былтыр ауылдағы бастауыш мектептен бітірді. Одан кейінгі балам биыл мектепке даярлау сыныбына барды. Ал ауылдағы 0-2 сынып бала санының жетіспеушілігінен жабылып қалды. Қазір ауылымыздағы шағын жинақты мектепте 3-4 сыныптың оқушылары білім алуда. Ауданда мектеп-интернат болғанымен, оған баласын беруді қалайтын ата-аналар аз. Өзіміз де солардың біріміз. Қазір ауылымыздағы 5-11-сыныптың оқушылары аудан орталығына «Газельмен» қатынап оқып жүр. Аудандағы бастауыш сыныптың оқушылары екінші ауысымда оқиды. Ал біздің ауылдың «Газелі» түстен кейін жүрмейді. Бір-біріне жалғасқан келеңсіздіктер бар, – дейді Тұмсық ауылының тұрғыны Оңал Нөкербекова.
Қырдағы осындай шағын жинақты мектептің қыл үстіндегі халі, болашақта ауылдың түпкілікті жойылуына әкелетін факті екені жасырын емес. Бұл күрмеу – жас ұрпақтың денсаулығы мен психологиясын соққыға жығып отыр. Өкінішке қарай, үкімет пен тиісті ведомстволар салғырттықтың зардабын алдын алуға және кеткен кемшілікті зерттеп, түзетуге мойын бұрмай келеді.
— Шет ауданының, Қарабұлақ ауылында 25 үй тұрып жатыр. Ол жердегі шағын жинақты мектеп жұмыс істемейді. Ауылда қалған ағайындардың немерелері жан-жақтағы туыстардың үйінде жатып оқып жүр. Перзентін шаңырағынан ұзатқысы келмейтіндер балаларын көлікпен жақын жердегі мектепке апарып оқытып жүр. Былтыр жоғарыдағы елді мекеннің оқушыларын ата-аналар 12 шақырым жердегі білім ордасына кезектесіп тасыды. Алайда, ол кішкентайларға қиын соғуда. Физикалық тұрғыдан қажыған бала қандай білім алады? Мұндай оқушылар мектепішілік шаралардан тыс қалады, әрі қатынап оқудың салдарынан бала қатарластары тарапынан оқшау қалады. Тағы бір мысал, биыл Бұқар жырау ауданы, Керней ауылындағы бастауыш мектеп жабылудан әрең аман қалды. Бірақ келер жылы бала саны жетпесе, «есігіне қара құлып салынады» деген ескерту алыпты, – дейді зейнеткер Аңғар Смағұлов.
Шағын жинақты мектепті реформалау саясатындағы бұрынғы өрескел қателік кәсіби саланың тәжірибелі мамандарын уайымға салып отыр.
— Өз тәжірибемнен айтар болсам, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылының шағын бөлімшелерінде жұмыс істеп тұрған бұрынғы 13 шағын жинақты мектептердің осы күні бірі қалмаған. Түпкілікті түйткіл саланың жанашыры ретінде мені қатты алаңдатады. Өкінішке қарай, ақиқатты бүркемелеп, жалған мәлімет беру бізді жарға жығып келеді. Өткенді аңсау емес, кейде сол заманның ілкімді ісінен білім саласының басшылары сабақ алса деймін. Біздің кезімізде әр сыныпта бір немесе екі-үш оқушы қалса да, қияңдағы мектептер жабылмады. Ауылдағы ағарту ордасын сақтап қалу үшін сыныптарды қосып оқыту әдісі еркін қолданылды. Аталған тәсіл баланың сапалы білім алуына кедергі келтірмеді. Өйткені ондағы бастауыш мұғалімдері сатылап білім беру мүмкіндігіне ие. Әрбірден соң, ол сол талап бойынша кәсіби білім алған маман.
Екіншіден, әр сыныптағы оқушылар саны шектеулі болғандықтан, бұл өз ісіне машықтанған оқытушыға артық салмақ салмайды. Қазір ше? Бүгінде кішігірім ауылдарда бүлдіршіндердің мектепке бару деңгейі әрқилы. Неге? Тіпті жасы толған балдырғандардың арасында мектеп табалдырығын кеш аттап жатқандары да бар. Оған бала санына қарай кейбір сыныптың қысқартылуы немесе біраз жылдан кейін қайта ашылуы секілді, мектептің екіұдай жағдайға душар болуы себеп болып отыр. Бұл дегеніміз – балалар арасындағы сауатсыздықтың туындауына әкелетін төте жол. Келесі тығырық, көрші ауылдағы мектепке қатынап оқитын оқушыларды таситын автобус толық жеткілікті емес. Бұл түйін ата-аналарға түбегейлі қиындық тудырып отыр. Басыбайлы техникасы жоқ ауыл әкімдігінің қыста тас жолды қардан ашуға қауқарлары келмейді. Олар жергілікті шаруа қожалықтарының техникасына жалынышты. Бәрінен бұрын, шәкірттерді ақ қар, көк мұзда тасымалдайтын көліктің қауіпсіздігіне кім кепілдік береді деген сұрақ талайдан бері жауапсыз қалып келеді, – дейді КСРО және Қазақстанның білім саласының үздік қызметкері, 40 жылға жуық аудандық білім бөлімін басқарған, ағарту саласының зейнеткері Төлеген Арконов.
Балаға білім беру маңызды құндылық екенін кез келген ата-ана жақсы түсінеді. Алайда, одан да маңызды нәрсе – ана сүті аузынан кеппеген, сәбилік қылықтан толық арылмаған бүлдіршіндерді күн сайын көрші ауылдың мектебіне тентірету, одан қалса, туысқанның қас-қабағына телмірту, кімге болмасын оңай емес. Соған қарағанда, елдегі шағын жинақты мектептерді реформалау – түбегейлі өзгертетін уақыт келген секілді.