Білім саласы сыбайластықтан көз ашпай тұр
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Түркістан облысы Төле би аудандық соты осы ауданның білім саласында басшылық қызметтерді атқарып жүрген үш нәзік жандыға үкім шығарды.
Аудандағы білім бөлімінің басшысы Роза Аманованы пара алды деген айыппен, ал оның қарамағындағы екі мектеп директоры пара берді деген айыппен кінәлі деп танылды. Басшы жеті жылға, ал екі директор үш жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді. Осылайша, былтыр көктемнен бері сағызша созылған қылмыстық іске сот өз төрелігін айтты.
Жалпы, бұл Роза Амановаға қатысты алғашқы сот отырысы емес. Бұдан екі жыл бұрын құзырлы органдар оның жалған дипломына қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Іс Түркістан қалалық сотында қаралып, сот барысында бөлім басшысының Жетісайдағы колледжден алған дипломының жалған екендігі расталды. Алайда сот оны сол жолы қылмыстық жауапкершіліктен босатқан еді. Бұл жолы Амановаға айыптау үкімі оқылды. Үкімге қарағанда, істің мән-жайы былай болған:
Құзырлы органдарға Төле би аудандық білім бөлімінің басшысы Р.Аманованың өзіне бағынысты ұйым басшыларынан ай сайын қолма-қол 1000 АҚШ доллары түрiнде пара алатыны туралы жедел ақпарат келіп түскен. Антикор осы ақпараттың анық-қанығын тексеру үшін арнайы операция жүргізгенге ұқсайды. Аманованың қызметтік бөлмесіне жасырын аудио және бейнебақылау құралдары орнатылады.
2022 жылғы 23 ақпанда Р.Аманованың кабинетіне Көксәйек мектебінің директоры Б.Есимбаева кіріп, оған 400 000 теңге, келесі күні – 24 ақпанда Дулати атындағы мектептің директоры Ж.Құлтаева кіріп, 200 мың теңге берген. Дәлірегі, екі директор өздері жетекшілік ететін мектепке маман қабылдау үшін Амановаға пара ұсынған. Сот үкіміне сенсек, олар параны тікелей бастықтарына «жалпы қамқорлық» көрсету үшін берген. «Жалпы қамқорлық» дегенді қалай түсінуге болады? Қазір Түркістан облысында мектепке мамандар арнайы портал арқылы қабылданады. Үміткер алдын ала тест тапсыруы тиіс, әңгімелесуден өтуі керек. Шамасы, пара осы процестерден кедергісіз өту үшін берілгенге ұқсайды. Өйткені бейнежазбадағы пара берушілер мен пара алушы арасындағы әңгімелер осы жөнінде болған.
Сол 24 ақпан күні кешкісін Аманованы ұстау үшін антикордың қызметкерлері оның кабинетіне кіріп, тергеу амалдарын жүргізген. Кабинетте күтпеген жағдай болған. Тексеру кезінде басшының бөлмесінен 600 мың теңге парадан бөлек, ірі көлемде теңгелер мен долларлар шыққан. Олардың жалпы көлемі 14 миллион теңгені құраған. Сот барысында Аманова бұл қаражаттың бір бөлігі туысының жерін сатудан түскен ақша, басқа бөлігі сіңлісіне тиесілі екенін айтқан. Алайда сот оның бұл уәжін дәлелсіз деп табады. Себебі қызметтік үстелдің тартпасынан алынған ақшалар тоғыз бөлікке бөлініп салынған. Олардың бірі конвертте, бірі арнайы қорапта, енді бірі ашық күйінде жатқан. Соттың тұжырымына қарағанда, бұл қаражаттар Аманованың тікелей өзіне жеке-жеке берілген. Алайда ақшалардың қайдан келгені сол күйі анықталмаған. Мұның арғы жағында біраз күдіктердің құлағы қылтияды. Алайда күдіктің қай кезде де сотталушының пайдасына шешілетіні бесенеден белгілі ғой. Осы себепті сот Амановаға жоғарыдағы екі директордың берген 600 мың теңгесін ғана пара деп таныған. Қалған ақшалардың тағдыры заңға сәйкес шешілетін болады.
Сот барысында Аманова Есимбаевадан 400 мың емес, 200 мың теңге алғанын, ақшаны ол бұрын алған қарызын қайтару үшін бергенін, ал Құлтаеваның 200 мыңы гәптің ақшасы екенін алға тартқан. Алайда сот оның бұл уәжін де жоққа шығарған.
Сотталушылардың әлі облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымдану құқығы бар. Сондықтан іске нүкте қойылды деуге әлі ерте.
Бұл Түркістанда білім бөлімі басшысына шығарылған алғашқы үкім емес. Былтыр пара алды деген айыппен Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шадиева айыппұл салуға сотталса, жыл соңында кісі өлтіруге тапсырыс берді деген ауыр айыппен Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын-ды. Ал 9 наурызда Шардара аудандық білім бөлімі басшысы қызметін атқарған Ақшагүл Бердалиева «алаяқтық жасады» деген айыппен 15 миллион теңге айыппұл салуға сотталды. Үкімге қарағанда, ол аудандағы жекеменшік балабақша басшысынан 1,5 миллион теңге ақша алған. Оның есесіне, балабақшаны мемлекет тарапынан қаржыландыруға уәде еткен. Алайда Бердалиева уәдесінде тұрмаған. Ақша берушілер араға бір жыл салып, антикорға арызданған...
Жуырда облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның қарамағындағы бір топ қызметкерлердің үстерінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы бейресми ақпараттар айтылған болатын. Бұл жәйттың анық-қанығы әлі белгісіз.
Байқағандарыңыздай, Түркістанның білім саласы осылайша, сыбайластықтан, сотталудан, келеңсіздіктен көз ашпай тұр.