Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 29 Қараша 2023

Билік кен орындарына байланысты келісімшартты қайта қарау керек

Ғазиз Алдамжаров
Фото: из открытых источников

Жерасты байлығымыз туралы айтатын болсақ, әріден айтайын. Кеңес кезінде ТШО-ның әңгімесі басталды ғой. Сол кезде комиссия құрылды, оның бастығының орынбасары мен болдым. 

АҚШ-қа да бардық, ортадағы келіссөздер, құжатқа қол қоюлардың бәріне қатыстым. Теңізге қатысты келісімшартта ұтылдық деп санадым. Қол қоймай қойдым. Мәскеуден шақырып, «Лондонға қол қоясың» деп жіберді. Барғаннан кейін де қол қоймай қойдым. Ол кезде Теңізден шығатын мұнайдың табысы 6 миллиард рубль болатын. 67 тиын 1 долларға тең еді. Америкалықтар Теңіз кен орнын 3 млрд-қа бағалады. Ақшаны бірден берген жоқ. Бәлен жылға бөліп, қайтарғандай болды. Бұл үлкен мәселе, зерттелуі керек. Астында көп былық жатыр. Қол қоймадым деп айтып өттім ғой. Содан мені жұмыстан шығарып жіберді. Қазіргі үлкен мұнай кен орындарын қараңдаршы, бәрінде де Қазақстан ұтылып отыр. Кезінде үлесімізді дұрыстап алғанымызда, қазір жақсы өмір сүретін едік.

Кен орындарымызды алып қойғаны былай тұрсын, зауыт-фабрикалар салып, өнімді төрт-бес компаниядан өткізіп, бағасын қымбаттатып жіберді. Ортадағы компаниялардың барлығы өздерінікі. Өнімді қымбаттатып бір пайда табады, ортадағы компаниялар арқылы екі табыс табады. Біздің қазіргі алып отырған үлесіміз өте аз. Басында «жұмысшыларды тек Қазақстаннан аласыңдар, соларды оқытып, тәжірибесін арттырасыңдар» деген талап қойдым. Оларға бұл тиімсіз болды. Себебі адамдарды оқыту да артық шығын. Енді, міне, қазақтардың бәрі шетте қалды да, негізгі лауазымды жұмысқа өз адамдарын қызметке алды. Сол кезде ел басқарып отырғандардың Қазақстанға жандары ашымады. Бүгінгі отырғандар да қазаққа жаны ауырып отырған жоқ. Бірен-саран бар шығар, бірақ ісіне қарасаң, қазақ үшін іс тындырып жатқан бір министр көрген жоқпын. Бәрі де өз қарындарын ойлайды, тоқ болса риза болып жүре береді. Егер менің қолымда күш болса, бүкіл мұнай кен орындарын қайтадан тексерген болар едім. Келісімшартты қайтадан қарау керек.

Дәл қазір болашақта қазақты экономикалық жағынан көтеретін қазба байлығымыз жоқ. Ештеңе қалмай бара жатыр. Сондықтан айналайын, бұл бір айтқанмен шешіле салатын мәселе емес. Қазақстандағы көмір, мұнай, металдар болсын, бәрін қайтадан тексеру қажет. Кім байыды? Шетелден келген кісілер, Назарбаев әулеті және оның бір күнде үкіметтің жұмысын істемеген кассирі – Болат Өтемұратов. Ол жұмыс істемей миллиардер атанған адам. Егер бір зауытқа басшы болып барса, оны көтерсе, сол арқылы байыса айтар едім. Осылардың барлығы қазба байлыққа қатысты келісімшарт жасағанда болған адамдар. Сол ақшалар қайда кетті? Сондықтан тоқетерін айтатын болсам, мен қазақпын деп кеуде қаққаннан ештеңе шықпайды. Қазаққа жаны ауыратын кісі еңбегімен көрсетуі керек. «Зауыт салдым, мынанша қазақты жұмыспен қамтамасыз еттім, мынанша баланы болашағымыз үшін оқытып отырмын» десе болады. Өйтіп кім ойлайды? Ойлайтын ешкім жоқ.

Ғазиз Алдамжаров, саясаткер