Билік кетпеннің басын тағы баса ма?
Былтыр қазан айында ел Үкіметі күтпеген маневр жасап, жанармай бағасы мен коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге уақытша мораторий енгізген. Негізі бұл шешімнің өзі қызық жағдайда қабылданғаны есімізде. 2025 жылы 16 қазан күні таңда президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновке «экономикалық реформаның жағымсыз салдарын азайту» жөнінде шұғыл тапсырма беріп, оны апта аяғына дейін орындауды тапсырған. Ең қызығы, Бектенов апта аяғына дейін ойланып, уақыт жоғалтқан жоқ, президент тапсырма берген күні кешқұрым жаңа жоспарын жариялап тастады.

Есімхановтың «ерлігі»
Министрлер кабинетінің жылдам жоспарына сай, 2026 жылдың І тоқсанының аяғына дейін коммуналдық қызмет тарифтері мен жанармай (АИ-92 маркалы бензин және дизель отыны) бағасын көтеруге тыйым салынды. Өткен апта мораторий мерзімі аяқталды. Көпшілік «баға енді бұғаудан босағандай шарықтап кетпей ме» деп қауіптеніп отыр. Өйткені мұнай өндірушілер мен коммуналдық қызмет көрсететін мекеме өкілдері шығынға ұшырағанын айтып, шағымданып жүргелі көп болды. Енді олар бағаны көтеруге бірден кірісуі мүмкін.
Мұны мемлекеттік органдар да растайды. 7 сәуір күні Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жанармай қымбаттап, тарифтер өсетінін айтты. Бірақ ол «баға бірден шарықтап кетпейді» деп уәде берді.
Вице-министрдің айтуынша, мораторий мерзімі бітті, енді тарифтерді қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шығады. Бірақ бұл процесс біраз уақыт алуы мүмкін. Өйткені алдымен коммуналдық қызмет өкілдері тарифті көтеру жөнінде өтініш береді, өтінішті жауапты органдар қарап, шешім шығарады.
«Тарифтер нақты қаншаға өсетіні әзірше белгісіз, бірақ 2026 жылдың екінші тоқсанының аяғына қарай өзгерістер болуы мүмкін», – дейді С.Есімханов.
Бұл – вице-министрдің электр энергиясы, көгілдір отын сияқты коммуналдық төлемдерге қатысты айтқаны. Ол жанармай құнына қатысты сұраққа да екіұшты, бұлыңғырлау жауап берді.
«Жанармай бағасы бірден шарықтап кетпейтініне сенімдімін. Нарық талабына орай аздап өсу болуы мүмкін. Көрші елдерде бұл отын түрлері әлдеқайда қымбат екенін көріп отырсыздар. Сондықтан баға біртіндеп көтеріледі, бірден шарықтамайды», – деді С.Есімханов.
Жанармай қымбаттаса, бәрі қымбаттайтыны анық. Бірақ «Баға қашан өседі, қаншаға өседі?» деген сұрақтарға Есімханов жауап бере алмады. Дегенмен ол өз бастығына қарағанда тәуір жауап бергенін айта кеткен жөн. Осыдан екі ай бұрын «Жанармай қымбаттай ма?» деген сұраққа энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «мен Ванга емеспін» деп жауап беріп, айды аспанға шығарған болатын. Ал вице-министр баға өсетінін ашық мойындап, шамамен уақытын да атап отыр.

Президенттің орындалмай қалған ұсынысы
АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтермеу жөніндегі мораторий 1 сәуірде аяқталғанын айттық. Арада бір апта уақыт өтпей жатып-ақ жанармай қымбаттай бастады. Әрине, айырмашылық аса жоғары емес, баға 1-2 теңге өсті. Мысалы, 6 сәуірден бастап Helios, Sinooil, Qazaqoil сияқты жанармай құю бекеттерінде АИ-92-нің бір литрі 240 теңге, ал дизель отыны 336 теңге болды.
Бұл былтыр ақпаннан қазанға дейінгі жағдайды еске салады. 2025 жылы қаңтардың аяғында Үкімет жанармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартып, мұнай өнімдері бағасын жанармай құю бекеттері өздері белгілеуге мүмкіндік алған. Ақпаннан бастап бензин мен дизель бағасы мысықтабандап өсіп, «біраз жерге» барып қалған еді. Нақтылай түссек, 2025 жылы қаңтардың аяғында АИ-92 маркалы бензин 205 теңге болса, мораторий жарияланған сәтте баға 238-239 теңгеге жеткен. Ал дизель бағасы 295 теңгеден 334-335 теңгеге дейін көтерілді. Яғни 8 айда бензин – 34 теңге, дизель – 40 теңге қымбаттады.
Бұл жерде Үкімет пен жанармай саудагерлерінің үлкен қулығы жасырынып жатқан сияқты. Жанармай құю бекеттері бағаға 1-2 теңге ғана қосып отырғандықтан, көпшілік шынайы жағдайды бағамдай алмай қалды. Яғни «отын қымбаттап жатыр» деп дау айтайын десе, баға бір жолда 1 теңге ғана өседі. Бұл көп еместей көрінеді. Бірақ прайс-лист жиі өзгеретініне көп адам мән берген жоқ. Сөйтіп, небәрі 8 айда жанармай 30-40 теңге қымбаттап шыға келді.
Жанармай жырына қатысты мәселе толық түсінікті болу үшін әңгімені әуелден бастайық. Мемлекет 2021 жылдың басына дейін жанармай бағасын бақылауда ұстаған. Бұл жылдары баға өте баяу өсті. Мысалы, 2017 жылы 130 теңгеден сатылған АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 2021 жылдың басында 152 теңге болды. Яғни 4 жылда 22 теңге ғана өсті.
2021 жылдың басында Үкімет бағаны еркіне жіберді. Жыл аяғында бензин бағасы 180 теңгеге жетті. Яғни бір жылға жетпейтін уақытта АИ-92 бензині 30 теңге қымбаттап, оған дейінгі 4 жылдағы көрсеткіштен асып түскен. Сол кезде саудагерлердің тәбеті тым ашылып бара жатқанын аңғарған президент Қ.Тоқаев бағаны мемлекеттік реттеуге алуды ұсынды. Бірақ сол кездегі энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен вице-премьер Роман Скляр бағаны бақылауға алу мүмкін емес екенін айтып, шыр-пыр болғаны есте. Олар «бағаны қолдан реттеу мемлекет үшін өте тиімсіз» деп, президент ұсынысын орындаудан бас тартты.
Сөйтіп, жыл аяғына дейін жанармай бағасы өз бетінше шарықтай берген. Мұның соңы қанды Қаңтар оқиғасына ұласқанын бәріміз білеміз. Батыс өңірде бұрқ еткен наразылық толқыны тұтас елді шарпып, үлкен трагедияға тап болдық. Сарапшылар «билік 2021 жылдың аяғында бағаны бақылауға алғанда мұндай оқиғалар болмауы мүмкін еді» дейді.
Қаңтар оқиғасынан кейін билік жанармай бағасын қайта бақылауға алды. Әу бастағы шенділер «бағаны реттеу мүмкін емес» дегені бос сөз болып шықты. 2022 жылы қаңтардан 2023 жылы сәуірге дейін АИ-92 –182 теңге, АИ-95 – 215 теңгеден сатылды. 2023 жылы сәуірде бензин бағасы 205 теңгеге, дизель 295 теңгеге өсті. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл сома 2025 жылы қаңтардың аяғына дейін сақталды.
Енді салыстырып көріңіз, баға мемлекет бақылауында болған кездерде – 2017 жылдан 2021 жылға дейін АИ-92 небәрі 22 теңге, 2022 жылдан 2025 жылға дейін 23 теңгеге ғана қымбаттаған. Ал баға еркіне жіберілген 8 айда (2025 жылы ақпаннан қазанға дейін) бақандай 34 теңге қымбаттап кеткен. Осыдан-ақ былтырғы өсімнің қаншалық үлкен екенін бағамдай беруге болады.
Басқаша айтқанда, жанармай бағасын еркіне жіберуден ел билігінің бір емес, екі мәрте аузы күйген. Біріншісінде, 2021 жылдың басында бағаны бақылаудан босатып, жыл аяғында қанды Қаңтарға ұрынды. Екіншісінде, қысқа уақытта баға шектен тыс шарықтап кетіп, мораторий жариялауға мәжбүр болды. Ең қызығы, шенділер осы екі жағдайдан сабақ алмай, бір қателікті үшінші рет қайталауға бел буып отыр.
Бұл шешімнің салдары қалай болатыны белгісіз. Бірақ бір анығы – жанармай бағасы өссе, бәрі қымбаттайды. Үкімет осыны ескеріп, бағаға тікелей болмаса да, сырттай бақылау жүргізгені жөн. Мысалы, 2023 жылы Нигер елі нарықты еркіне жібергенде жанармай бағасы 500 пайыз өсіп, инфляция 27 пайызға жетіпті. Мұның соңы наразылыққа ұласып, әскери төңкеріс болған. Билік мұндай жағдайды да ескергені жөн.
Мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов жанармай бағасын мемлекет бақылауынан босатуды қолдайтынын, бірақ оған халықтың табысы мен танымы сай келмейтінін айтады. Маманның айтуынша, бағаны мемлекеттік бақылауда ұстау экономикалық тұрғыда тиімсіз. Баға өте төмен болса, салаға инвесторлар жоламай қояды да, өндіріс төмендеп, тапшылық болады.
«Біздің елде көпшіліктің кірісі төмен. Сондықтан бағаны көтеру үшін ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартып, табысын арттыру қажет, содан кейін нарық заңына үйретіп, бағаны еркіне жіберуге болады. Бірақ бұл 4-5 жылда орындауға болатын оңай жұмыс емес», – дейді маман.

Баға, қайда барасың?
Былтыр 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында биліктің жанармай бағасын еркіне жіберетіні белгілі болды. Сол кезде шенділер отын бағасы бірден өспейді деп уәде берген. Жанармай бір сәтте күрт қымбаттамағаны рас, бірақ баға 8 айда 34 теңге өскенін айттық. Мораторий жарияланбаса, жыл аяғына дейін 50 теңгеге жетуі әбден мүмкін еді. Демек бір жылда баға 25 пайыз өссе, «жанармай күрт қымбаттамады» деп айта аламыз ба?
Ерлан Ақкенженов бастаған шенділер бұл жолы да «баға бірден шарықтап кетпейді, нарық талабына сай өседі» дегенді айтып жүр. Бірақ бұл уәденің орындала қоярына сенім аз. Біріншіден, мораторий алынған алғашқы аптаның өзінде жанармай 1-2 теңге қымбаттады. Осылай жалғасса, 2025 жылғыдай 8 айда 30-40 теңге көтеріліп, жыл аяғында АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 300 теңгеге жақындауы мүмкін.
Екіншіден, біздің билік көрші елдердің бәрінде жанармай қымбат екенін үнемі айтады. 7 сәуірдегі жиналыста вице-министр Сұңғат Есімханов та осыны қайталады. Олар бұл сөзді бекер айтып жүрген жоқ. Басты мақсат – жанармай құнын көршілермен теңестіру. Тіпті ЕАЭО елдері аумағында мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жоспары бар. Яғни одаққа мүше елдерде мұнай, газ және мұнай өнімдерінің бағасы теңеседі. Қазақстан – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында бензин бағасы ең арзан ел. Демек одақтастарымызды «қуып жету» үшін бізге бағаны біраз көтеруге тура келеді. Тіпті 2023 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанармай бағасы 2 есе өсуі мүмкін екенін болжаған. Әу баста ортақ нарықты 2025 жылы қалыптастыру жоспарланған. Бірақ мемлекеттердің ортақ нарыққа дайын еместігі ескеріліп, бұл жоспар 2027-2028 жылдарға кешіктірілді. Бірақ баға өсімі жалғаса береді.
Қазақстан ЕАЭО аумағында ғана емес, тұтас әлемдегі жанармайы арзан елдердің бірі екені рас. Бірақ бұл мәселенің бір жағы ғана екенін ескерген жөн. Тұрғындардың табыс деңгейін ескерсек, біздің елде бензиннің қолжетімділігі орташа деңгейде ғана. Мысалы, Швейцария, Сингапур, Норвегия сияқты мемлекеттерде бензин құны мың теңгеден жоғары. Бірақ ол елдердің табыс деңгейі бойынша есептесек, біз әлдеқайда артта қаламыз. Норвегияда орташа жалақыға 2 200 литр бензин құюға болады екен, ал Қазақстандағы орташа жалақыға 1 500 литр ғана бензин келеді. Басқаша айтқанда, табысы жоғары елдерде бензин қымбат болса да, қалтаға салмақ салмайды. Ал біздің елде арзан бензиннің өзі табысы төмен тұрғындарға қымбат көрінеді.
Оның үстіне әлемде АИ-92-нің орташа бағасы 1,4 доллар екен. Әрі мұнай экспорттаушы елдердің ешқайсысында бензин бағасы 1 долларға жетпейді. Сауд Арабиясының өзінде 0,6 доллар ғана. Демек елдің экономикалық жағдайы мен халық тұрмысы қазіргі бағаға сай келеді деп тұжырымдауға негіз бар.
Үкімет жанармай мәселесіне келгенде «бағаны нарық реттейді» дегенді алға тартады. Классикалық нарықтық экономика тұрғысынан алғанда бұл уәжбен келісуге болады. Бірақ біздің елде әділетті нарық барына сенім аз. Монополистер мен олигархтар әлі де саланы уысында ұстап отыр. Мысалы, Қазақстандағы жанармай құю желілерінің сөзі үнемі бір жерден шығады. Олар ешқашан тиімді баға немесе сапалы сервис ұсыну арқылы клиент тартуға тырысқан емес. Бәрінің бағасы мен қызмет көрсету жүйесі шамалас. Бірінде баға өссе, басқалары одан қалыспайды. Ал мұндайда әділ нарық заңы болуы мүмкін бе? Үкімет бақылаудан бас тартып, бар билікті саудагерлерге берсе, баға шарықтап кетуі мүмкін. Оған елдің экономикасы мен халықтың тұрмыс өресі дайын емес.
«Нарық талабы» деген жақсы сөз. Бірақ әділетті нарық қалыптастыру үшін халықтың сатып алу қабілетін арттыру қажет. Көпшіліктің табысы өспей, жанармай қымбаттаса, нарық бұзылуы мүмкін. Жанармай әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына жатады. Оның бағасы шарықтаса, тасымал құны өсіп, тауар қымбаттайды. Бұл экономиканың барлық саласына әсер етеді.
«Кетпеннің басын бассаң, сабы өзіңе тиеді» деген мақал бар. Бұған дейінгі қателіктерді ескермей, отын бағасын еркіне жібергелі отырған қазақ билігі осыны ескергені жөн.
Қуаныш Қаппас