Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Билік қылмыспен күресті SIM-картадан бастап кетті

сим карта
Фото: depositphotos.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке және заңды тұлғаларға SIM-карта сатуды шектемек.

 Мұндай ұсынысты вице-министр Асхат Оразбек мәлімдеді. Оған себеп, елдегі алаяқтық жағдайларының жиілеп кетуі екен.

«Қазір алаяқтар әлеуметтік желілерде жұмыс істейді. Олар негізінен WhatsApp мессенджерін қолданады. Бірақ WhatsApp байланыс операторларын бұғаттай алмайды. Сондықтан ұялы нөмірлер жоспарын мемлекетке қайтару үшін заңнамалық бастама көтереміз. Нөмірлік жоспарды мемлекетке қайтарған соң, азаматтар байланыс нөмірін тек электронды үкімет порталында немесе eGov mobile қосымшасы арқылы алады. Сонымен қатар бір адам алатын SIM-карталар санын да шектейміз. Ал енді коммерциялық мақсатта SIM-карталарды бақылаусыз алатын заңды тұлғалар болса, әр нөмір үшін оны пайдалануын негіздеуі керек болады. Алдағы уақытта осындай бастамалар жүзеге асырылмақ», – дейді вице-министр.

SIM-картаға қатысты мәселе бұдан бұрын да айтылған. Өткен наурызда мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы бір кісіге сатылатын SIM-картаның санын шектеуді ұсынған. Киберқылмыспен күрес тақырыбында өткен талқылауда полиция қызметкерлері тарапынан айтылған идеяның себептері мен болжалды салдарлары сөз болды. Сол кезде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов SIM-карталардың санына шектеу керек емес екенін айтып, оның орнына абонентті сәйкестендіру тетігін енгізуді ұсынғаны есімізде. Ол: «Шектеу болса, бес SIM-картадан тұратын квотасын басқа біреуге қайта сататын адамдар пайда болуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттен қажетсіз шектеулер болмас үшін адамдарға идентификация жасап, содан кейін ғана SIM-картаны іске қосуды ұсынамыз. Бұл ұсыныс қазір қарастырылып жатыр», – деген.

Министрлік бір адамға бір нөмір дегенге өзі қарсы шығып, жарты жылдан соң ойынан айнып қалған секілді. Қазір 20 201 849 адамда 25,6 млн SIM-карта бар екен. Журналист Ербол Азанбек: «Жоғарыда айтылған идентификация неге мәселені шешпеді? Ол өзі жүргізілді ме? Бар SIM-карталарды кері қайтару, жою қалай жүзеге асады? Бір қолға бір SIM мәселені шеше ала ма?» деген сауал тастады.

Расында, бір адамда бір нөмір қалдыруға қажеттілік бар ма деген сауал ойландырады. Мұның алдында нөмірді ЖСН бойынша және ІМЕІ кодпен тіркеу міндеттеліп, ел біраз шулаған. Үкімет бұл алаяқтықпен және гаджеттерді ұрлаумен күрес деп түсіндірді. 2017 жылы тиісті заңнамаға өзгеріс енгізілсе де, әлі күнге нөмірін атына тіркемегендер баршылық. Осы шешім орындалар-орындалмастан, нәтижелі болған-болмағаны анықталмастан, басқа жолдар қарастырылып жатыр. Ал әлеуметтік желі қолданушылары: «ИИН мен ІМЕІ мәселені шешпей ме?», «Балаға туа салып ЖСН мен бірге SIM берсін» деген сынды пікірлерін айтып жатыр. Осы жөнінде ақпараттық технологиялар маманы Мейіржан Әуелханнан сұрадық.

«Көпшілік әр адамға бір ғана SIM-карта иелену туралы шектеуге қарсы болады деп ойлаймын. Себебі бұл азаматтардың еркіндігіне қол сұғу. Біреулер жеке нөмірі мен қызметтік нөмірін бөлек ұстайды. Ал кәсіп иелеріне тіптен көп нөмір қажет. Әртүрлі платформа мен әлеуметтік желілерде парақша, аккаунт ашу үшін әртүрлі нөмірді қолдану тиімді. Бұл тұрғыдан да шектеу артық болады. Азаматтарға өз қажеттіліктеріне сай байланыс құралдарын таңдауға мүмкіндік беру маңызды деп санаймын.

Бір адамға лимит 10 нөмір болуы мүмкін екені де айтылды. Егер солай болса, мәселе туындамайтын да шығар. Алайда бұл сұраққа басқа қырынан да қарау қажет. Мысалы, мұның алдында енгізілген, қазір қолданыста тұрған заңдардың өзі мәселені реттеуге қауқарлы. Нөмірді құрылғы мен ЖСН-ге тіркеу бақылау жасау жеткілікті. Тек, заңның орындалуы нашар», – дейді маман.

Осыдан келіп, келесі сауал туындайды. Министрлік бір ЖСН-ға бір нөмір тіркеу деген саясатын нәтижесіз деп мойындаса, бір адамға 10 нөмір тіркеуде қандай мән бар? Осыған дейін тіркеген, идентификация жасаймыз деген шешімдерден бұл ұсыныстың несі артық? Әлде әдеттегідей Ресейге қарап, ойларын өзгертті ме? Естеріңізде болса, өткен шілдеде Ресей байланыс туралы заңына өзгертулер енгізіп, бір адамға 20-дан артық, шетелдіктерге 10-нан артық SIM-карта сатуға тыйым салған.

Әлем елдерінде SIM-карта мәселесіне бұрыннан асқан мұқияттылықпен қарайды. Оларды алу да, пайдалану да оңай емес. Соның ішінде дамыған елдер нөмірді иесінің атына тіркеуді талап етеді. Алайда бір адамға бір нөмір деген шектеу тәжірибеде болғанымен, кең таралмаған. Ал Қазақстан абонентті ЖСН-ге тіркеуден неге көңілі қалғанын кім білсін? Әйтеуір, лимит деген жаңа идеяны жақтай қалыпты...

Құдды қылмыс атаулы бірнеше SIM-карта ұстаудан басталатындай. Я оны тыйса, қылмыс азаятындай. Кибер шабуылдың түр-түрі қаптап, шотты бұзып, уатсапты жаулап, сайттарды күл-талқан етіп жатқанда, SIM-картаны шектеу нені шеше қояр екен.

Талғардағы Шерзат Болаттың қазасынан кейін күрт оянып, қылмыспен күресті SIM-картадан бастап кеткендері де, шырт ұйқыдан атып тұрып, далбалақтаған адамның әрекетіне ұқсай ма?..

Б. Мейірбек

Тегтер: