Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Билік неден сескенді, Бектенов қайда асықты?

Бектенов
Фото: Жас Алаш коллаж

Өткен апта парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құрып, саяси мәселелерді шешіп тастаған ел билігі енді экономикалық реформа жасауға кірісіп кетті. 16 қыркүйек таңда президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновке «экономикалық реформаның жағымсыз салдарын азайту» жөнінде шұғыл тапсырма берді.

Үкімет басшысы мұндай үлкен жұмысты апта аяғына дейін орындауға міндетті болды. Тапсырма бейсенбі күні таңда берілген, демек Бектеновке небәрі 48 сағатта тың жоспар жасау міндеті жүктелді.

Бірақ премьер-министр бұл тапсырманы апта аяғына дейін созып, уақыт жоғалтқан жоқ. Президент жарлығын күтіп жүргендей-ақ, сол күні сағат 17:50-де Үкімет сайтында жаңа жоспарын жарқ еткізді. Министрлер кабинетінің мұндай жылдам жұмыс істегенін көрмеген көпшілік аздап таңғалып қалғаны рас. Бірақ экономистер мен саясаткерлер жедел жоспардың шикілігі көп екенін айтып отыр. Сонымен, үкіметтің азаматтардың мүддесін ескере отырып әзірлеген нақты шешімдері мынадай болыпты:

– Биыл 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі;

– Биыл 16 қазаннан бастап 2026 жылдың І тоқсанының аяғына дейін коммуналдық қызмет тарифтерін көтермейді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемі екі есе ұлғаяды;

– Жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнеске теріс әсерін азайту үшін оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға шектеу қойылмайды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін жасап, салық органдарының тексеруіне шек қояды. Салыққа байланысты салынған өсімпұл мен айыппұл 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда кешіріледі;

– Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты мемлекеттік бағдарламамен берілетін ипотекалық несие көлемін екі есе ұлғайтады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін арттырады;

– Азаматтардың автомобильді лизингке алу механизмі енгізіледі.

Бектенов бастаған министрлер кабинеті осы шаралар шағын және орта бизнесті қолдап, инвестициялық ахуалды жақсартады, елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандырады деп уәде беріп отыр. Бірақ сарапшылар мұндай пікірмен мүлде келіспейді. Олардың айтуынша, Үкімет қабылдаған шешімдер қысқа мерзімді әлеуметтік тұрақтылыққа ғана бағытталған, ол ел экономикасындағы ұзақтан келе жатқан құрылымдық проблемаларды шеше алмайды. Яғни, Үкімет көз алдындағы қиындықтарды уақытша шешуге ғана жарайтын косметикалық өзгерістерді ғана ұсынып отыр.

Ең қызығы, ел билігінің шешімдері үнемі бір-біріне қайшы келіп жатады. Мысалы, биыл қаңтарда Үкімет жанармай бағасын мемлекеттік бақылаудан шығармасақ болмайды деп, бағаны еркіне жіберген. Арада 10 ай өтпей жатып, ол ойынан айнып қалыпты. Енді бағаны өсіруге болмайды деп отыр. Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы талқылап, Салық кодексіне өзгеріс енгізген. Қосымша құн салығын енгізіп, өзге де салықты жүктемені көбейтіп, бюджеттің ортайған бүйірін салық арқылы толтыруды көздеген. Жаңа Салық кодексі күшіне енбей жатып Үкімет тағы жалт беріп отыр. Енді кәсіпкерлерге салық бойынша қысым көрсетілмейді, керісінше, олар жалғасты жеңілдетілген жолмен салық төлей алады.

Бұрынғыны айтпағанда, жақында ғана Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін базалық мөлшерлемені 16,5-тен 18 пайызға көтерген. Енді Үкімет Ұлттық банктің осы шешіміне қарама-қайшы қадам жасап отыр. Мамандар мұндай кереғар шешімдер ел экономикасында хаос орнатуы мүмкін деп қауіптенеді.

«Классикалық нарықтық экономика тұрғысынан айтқанда, кез келген бағаны шектеп, бір дәрежеде ұстап тұру дұрыс емес. Ол ертеңгі күні өзара балансты, экономикалық тепе-теңдікті бұзып, кері қатынас тудырады. Бұл 100 пайыз дәлелденген жағдай. Мұны біз Кеңес одағы кезінде бастан өткергенбіз. Экономикадағы арақатынастың бұзылуына бағаны күштеп ұстап тұру әсер етеді. Билік жанармай, коммуналдық төлем сияқты бірнеше тауар түрінде бағаны ұстап тұрамыз деп отыр. Бірақ кез келген тауардың бағасын бір деңгейде ұстап тұру нарықтық экономика заңдылығына қарама-қайшы әрекет саналады. Оның қандай теріс салдары болатынын КСРО кезіндегі жоспарлы экономика саясатынан қарап аңғаруға болады», – дейді экономист Жангелді Шымшықов.

Үкімет және зумерлер

Билік ұйқысынан шошып оянғандай оқыс қадамға барып отыр. Бүгінгі шешімі кешегі реформасына қайшы екенін айттық. Мұндай әрекеттің ертеңі қалай болатыны белгісіз. Үкіметтің кері жүріс жасауына елдегі жағдай әсер еткені анық. Министрлер кабинеті инфляцияны мүлде тежей алмай отыр. Ресми есеп бойынша, қыркүйекте инфляция деңгейі 13 пайызға жеткен. Ал өткен 8 айдағы экономикалық өсім 6,5 пайыз ғана. Инфляция мен экономикалық ұмтылыс арасындағы айырма жер мен көктей. Яғни, елдің экономикалық ахуалы минусқа кетті деген сөз.

Мемлекеттегі мұндай экономикалық дағдарыс халық тұрмысынан анық көрініп отыр. Халықтың банк алдындағы қарызы 47,6 трлн теңгеге жетіпті. Тіпті тамақтың өзін несиеге алатын азаматтар саны артып келеді. Бірақ біздің шенділер халық несиені жоқшылықтан емес, тоқшылықтан алады деп санайды. Мысалы, бір тұрғын несиеге смартфон сатып алса, билік оның жағдайы жақсы деп есептейді. Үкімет мүшелерінің үнемі халықты үнемшілдікке шақыратыны осыдан.

Айтпақшы, қарапайым халық қана емес, Үкіметтің өзі қарызға батып қалған. Кейінгі 10 жылда Үкіметтің қарызы 3,5 есе өсіп, 30,1 трлн теңгеге жеткен. Ал бұл қарызды жабу үшін шенділер Ұлттық қорға қол салатыны белгілі. Соған қарамастан, ел билігі бағаны өсірмей ұстап тұруға мол қаржы жұмсамақ. Тұрғын үй бағдарламалары мен автонесиеге де бюджеттен миллиардтаған ақша бөледі. Мұның бәрі қазынаға қосымша салмақ. Қарызға батқан Үкімет бұл тығырықтан шығатын жол таба алмай отыр. Шикізатқа сүйенген экономиканың көрер күні осы.

Экономикалық-әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты халық ішінде наразы көңіл күй басым. Жаңа Қазақстанның уәделері орындалмай жатыр. Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік күткен өзгерістер бола қойған жоқ. Осының бәрі көпшіліктің бүгінгі билікке деген сеніміне селкеу түсірген. Оны билік те байқап отыр. Сол үшін көп көңілін аулайтындай косметикалық өзгеріс жасауға тура келіп отыр. Саясаттанушы Досым Сәтпаев әлемнің әр түкпірінде болып жатқан жастар толқуы қазақ билігін де сескендірді деп санайды.

«Билік тағы бір Қаңтар оқиғасы бола ма деп қауіптеніп отыр, өйткені билікті әдемі ұрандармен ұстап тұру тәсілі енді жұмыс істемейді. Халықтың күнделікті әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер еткен дағдарысты саяси ұрандармен жеңу мүмкін емес. Непал, Марокко, Мадагаскар және басқа елдердегі зумерлер буынының толқуы көптеген автократиялық елдерді ойлануға мәжбүр етті», – деп жазды сарапшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жангелді Шымшықов
Фото: ашық дереккөз

Жангелді Шымшықов, экономист: Елде «революциялық ситуация» қалыптасқан

– Елде әлеуметтік-саяси жағдай өте шиеленісіп кетті. Халықтың төзімі таусылды деуге болады. Халықтың қарызы бастан асады, 6 миллионнан аса адам несиесін өтей алмай отыр. Борышын өтей алмаған азаматтардың көбі өзін-өзі банкрот деп жариялауға өтініш жазған, бірақ билік 43 мың адамның ғана өтінішін қабылдады. Демек қарыз буған қоғамның проблемасы шешілмеді деген сөз.

Оның үстіне халықтың жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын көре тұра ҚҚС-ны көтереді. Бұл барлық салада бағаның өсетінін, халықтың жағдайы тіптен төмендейтінін білдіреді. Яғни, Үкімет өзі бәрін бүлдіріп алып, соны реттеген болады. Басқаша айтқанда, билік бағаны өзі көтеріп, өзі тоқтатып, жақсы адам болып көрінгісі келеді. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, кез келген халықты ойлайтын Үкімет салық ауыртпалығын жоғары деңгейде табыс табатын олигархтарға артады. Ал бізде, керісінше, барлық ауыртпалықты қарапайым халыққа, шағын бизнеске жүктеп қояды. Экономикада халық пен шағын бизнесті босаңсыту деген түсінік бар, бұл салық жүктемесін олигархтар мен ірі шетел компанияларына аудару дегенді білдіреді. Өкініштісі, билік біржақты халықты ғана қысып жатыр. Соған сай көпшіліктің наразылығы күннен-күнге күшейіп келе жатыр, мұндай көңіл күй анық байқалады. Мысалы, әлеуметтік желіде түрлі әңгіме айтылып жатыр, көшеге шығып, наразылық білдіргісі келетін адамдар да бар. Мұның бәрін билік сезіп отыр, мұндай дау шенділердің құлағына жетпей қоймайды. Сондықтан Үкімет әлеуметтік қопарылыс болып кетпесін деген сақтықпен халыққа қамқорлық жасағандай кейіп танытып отыр. Баға өсімін тоқтаттық, енді бәрі жақсы болады, тағы шыдаңдар деген месседж тастап отыр. Халықты бұрынғыдай күшпен басып-жаншу қиын екенін билік біліп отыр. Сол үшін халықтың жағдайын жасаған сияқты көрініп, сабырға шақырғысы келеді.

Қазір әлемнің әр түкпірінде наразылықтар болып жатыр. Өйткені халық қазір бұрынғыдай мешеу емес. Лениннің «революциялық ситуация» деген әйгілі сөзі бар. Төменде халық бұрынғыдай тепкіге көнгісі келмейді, жоғарыда шенділер бұрынғыдай билеп-төстей алмайды. Мұндайды революциялық ушыққан ахуал дейді. Мысалы, әлеуметтік желілер бір сәтте бүкіл халықты көтеруге мүмкіндік береді. Непалда 3 күнде үкіметті аударып тастады. Өткенде АҚШ-та бір сәтте 7 млн адам көшеге шықты. Қазақстанда да жағдай осыған ұқсас. Демек биліктің халық наразылығынан сескенетін жөні бар.

Түптеп келгенде Үкіметтің бұл қадамы халықты алдарқатудың тағы бір тәсіліне ұқсайды. Билік бұған дейін жұрт өзгеріс талап еткенде министрлердің орнын алмастырып немесе жаңа сайлау өткізіп, «өзгеріс» жасайтын. Ал бұл жолы бағаны бақылауда ұстамақ. Мұны Қаңтар оқиғасымен байланыстыруға негіз бар. 2021 жылы күзде жанармай бағасы жылдам өсе бастады, жұрт бағаны мемлекеттік реттеуге алуды сұрады. Бірақ сол кездегі энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен вице-премьер Роман Скляр бұл мүмкін емес деп отырып алды. Мұның соңы үлкен трагедияға ұласты. Биылғы жағдай да соған ұқсайды. Жанармай бағасы ақпаннан бері шарықтап кетті. Атап айтқанда, АИ-92 маркалы бензин құны 205 теңгеден 241 теңгеге, АИ-95 бағасы 260 теңгеден 291 теңгеге, ал дизель құны 337 теңгеге жетті. Осының өзі аз емес деді ме екен, әлі вице-премьер қызметінде отырған Скляр бұл жолы бағаны реттеуге қарсы болмаған сияқты.

Қуаныш Қаппас