Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:47

Билік өз қолымен жемдеген банктерге өзі қол жаяды

банк
Фото: tafsilar.info

Екінші деңгейлі банктердің мемлекетке көмектесетін кезі келді. Олардың ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысына, экономиканы жаңғырту жұмыстарына тартуға болады.

Елдегі банктерге қарата: «Кезінде біз сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді» дегенді өткен аптада үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Ал енді президент осылай айтқанмен екінші деңгейлі банктер мұндай реформаға дайын ба?! Бұған дейін мемлекеттің бөлген ақшасын көсіп алып, қысылтаяң шақтарда үкіметтің қанатының астына кіре қалып, ерке баладай шолжаңдаған банктер «елге көмектесу, экономиканы жаңғыртуға жәрдемдесу» дегеннің не екенін нақты біле ме?!

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі бұған дейін тек несие берумен ғана айналысып келді. Банктердің арасында қандай да бір өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатып, отандық өндіріс орындарына арзан пайызбен несие беріп, кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқаны некен-саяқ. Мәселен, 2004-2005 жылдары шетелдің қаржы институттары елдегі банктерге 2 пайызбен несие бере бастады. Ал банктер сол 2 пайызбен шетелден алған қарыздарын халыққа 22-24-28 пайызбен несиеге берді. Осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы олар 10-12 есе пайда көруді ғана мақсат тұтты. Осылайша, елдегі екінші деңгейлі қаржы институттары саналы түрде қарапайым халықты тонап келді. Ал бизнеске, ауыл шаруашылығы саласын несиелендіруге, инфрақұрылымдық, мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға келгенде олардың кежегесі кейін тартып тұрады. Мемлекеттен берілген қаражатты экономикаға қосуға құлшынған банктер аз болды. Есептесек, 2008 жылдан бері үкімет бірқатар ірі банкке қолдау қаражатты аямай беріпті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, 2008-2016 жылдар аралығында мемлекет төрт банктің акциясын сатып алуға 476,1 млрд теңге бөлген. Қазір оның 415 млрд теңгесі қайтарылған. Ал 2017 жылдан бастап банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасына сәйкес ірі қаржы институттарына тағы көмек көрсетілген. Ондағы жалпы қолдау көлемі 700,5 млрд теңгені құраған. Бұл қаражат проблемалық қарыздарының үлесі жоғары, капиталына қысым түскен, несиелеу қарқыны тежелген банктерді қолдау үшін бөлінген. Мемлекеттік көмек алған банктер барлық қаражатты 15 жыл ішінде қайтаруы тиіс.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазір мемлекет қолдауын алған 6 банктің аты аталып отыр. Олар 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына қатысқан «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФ банк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK, бәрі жиылып жалпы сомасы 700,5 млрд теңге алған. Ұлттық банктің отандық тұрақтылық қоры осы банктерді қолдау үшін жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға шығарылған банк акцияларына айырбасталатын реттелген облигацияларды сатып алды. Сондай-ақ акционерлер тікелей қолма-қол ақшаны енгізу арқылы – 401,5 млрд теңге, банктегі операциялық пайданы сақтау арқылы 977,3 млрд теңге көлемінде қосымша капиталдандыруды жүзеге асырған. Агенттік дерегі бо­йынша 2017 жылдан бері 6,9 трлн теңгенің «нашар» несиелері есептен шығарылған. 8 төлем қабілеті жоқ екінші деңгейлі банк­тен лицензиясы алынған. Ал мемлекет қолдауын алған 6 банк 8,267 трлн теңгеге жаңа займ берген. Соның 4,01 трлн теңгесі – заң­ды тұлғаларға, 4,257 трлн теңгесі жеке тұл­ғаларға ұсы­нылған. Қазір атал­ған 6 банктің енші­сін­де 1,8 трлн теңге көле­мін­де мемлекет қаржысы әлі бар.

Енді 8 жыл бұрын мемлекеттің көмегін алып, үкіметтің ықыласына бөленген банктер алған қаражаттарын уақытынан бұрын қайтаруға, экономиканы дамытуға, өндіріспен байланыс орнатып жұмыс істеуге тырысуы тиіс. «Президенттің ескертуінен кейін бұл банктің қожайындары осы жағын ойлана бастауы керек» дейді мамандар. Алайда осы уақытқа дейін мемлекеттен мыс-мыс қаражаттар бөлінсе де, экономиканы дамытуға асқан ықыласпен кірісе қоймаған банктердің қожайындарын қарызды ерте қайтару туралы ой мазалай қоюы да екіталай.

Мәселен, ҚНРДА мемлекеттің ең көп қарызы Jusan банкте жатқанын талай мәрте айтты. Jusan bank-тің мемлекеттен және акционерлерден алған көмегі – 1,5 триллион теңгеге жетіпті. Ал биыл аталған банктің кіріс көлемі 500 миллиард теңгеге жеткен. Сарапшылардың ойынша, сол кірістің кемінде 300 миллиард теңгесін Jusan банк биыл мемлекетке қайтарып тастағаны дұрыс. Былтырдан бері сала мамандары «бұл банктің әр қадамын жіті бақылап, қарызды қайтаруды талап ету керектігін» айтып жүр. Алайда банк қожайыны Ғалымжан Есенов қарызды қайтару туралы ләм-мим демейді. Сол тәрізді RBK банкі де мемлекетке 214 миллиард теңге қарыз. RBK банк қожайыны Владимир Кимге де қарызды қайтару жайын жақсылап ойланатын кезең келгені соңғы екі жылдан бері айтылып жүр. Бірақ Ким мырзаның басқарып отырған банкі де экономиканы қуаттандыруға асығар емес.

Үкімет банкті қысса, банк халықты қысады

Сала мамандарының пайымдауынша, Ұлттық банк 2023-2024 жылдары базалық ставканы көтерді. Соның арқасында банктер мол табысқа кенелді. Мәселен, 2024 жылы банктердің таза табысы 2,2 трлн теңгеден асты. Ал активтері 15 пайызға өсіп, 59 трлн теңгеге жеткен. Депозиттерінің базасы да 14 пайызға ұлғайып, 40 трлн теңгені құраған. Кредиттік қоржын 35 трлн теңгеге жетіп отыр. Бірақ осы кредиттердің басым бөлігі жеке тұлғаларға берілген де, бар-жоғы 12 трлн теңгесі ғана экономикаға тартылған.
Міне, мамандарға осы соңғы цифрлар ұнамайды.

Экономист-сарапшы Марал Төртенова былай дейді:

«Кредиттік портфель 35 трлн болса, оның 12 трлн теңгесі ғана экономиканы дамытуға берілген болса, бұл – өте ойланатын жайт. Сонда қалған 23 трлн теңге жеке тұлғаларға ипотекаға, тұтынушылық несиеге жұмсалып отыр деген сөз. Қазір жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам бар болса, солардың 90 пайызы банктерге қарыз. Біздегі екінші деңгейлі банктер бюджетке салық төлеуге келгенде де белсенді емес. Елде екінші деңгейлі 21 банк бар десек, 2023 жылғы дерек бойынша олар бюджетке бар-жоғы 600 млрд теңге салық төлесе, 2024 жылы 700 млрд теңге салық төлепті. Бұл «экономикаға үлес қосу» деп саналмайды. Олардың активтері биыл өсті. Ал төлеген салықтары болар-болмашы. Енді биыл ұлттық экономика министрлігі банктердің әрбір аударымдарына қосымша құн салығын енгізіп еді. Олар оны да қарапайым халыққа арта қойды. Қазір жұрт бір банктен екінші бір банкке қаражат аударғанда комиссияның қымбаттағанын айтып жүр. Салық қымбаттаған соң, банктер оны халықтың қалтасынан алуға кірісті. Алдағы жазда банктерге корпоративтік табыс салығы (КТС) 25 пайызға өседі. Бұрын 20 пайыз төлейтін. Енді қымбат КТС төлеген банктер оны да тұтынушыдан қағып алары сөзсіз. Бұдан барып банктердің несие пайызы тағы өседі.

Жалпы біздегі банктердің қай салаға несие беретінін ескерсек, көбіне саудаға, құрылысқа, көлікке, ауыл шаруашылығына арзан несие берген. Арзан несие дегеннің өзі 7-14 пайыз аралығын құрайды. Аңғарсақ, өнеркәсіпке берілген қаржы жоқтың қасы. Қазақстандағы банктер үшін 28-30 пайызбен қарапайым халыққа несие беру пайдалы. Олардың қолынан келетіні – осы. Несиенің пайыздық көрсеткіші бір төмендеген емес. Жылдан жылға өсіп барады. Сосын республика халқының 40 пайызы ауылды жерде тұрады. Алайда банктер ауылмен қалай жұмыс істеу керектігін әлі меңгерген жоқ. Олигархтар басқарған банктер ауылға бармады. Ауыл шаруашылығын арзан несиемен қамтымады. Керісінше, ауылдағы халықты қарызға батырды».

Экономист-сарапшының ойынша, қазіргі жағдайда банктердің ауыл шаруашылығын жандандыруға баруы маңызды. Ауылдық жерлерден биоотын өндіретін кәсіпорындар ашу, астық терминалдарын құру, наубайханалар ашу, ұн тартатын диірмендер желісін жасақтау, мал бордақылау орталықтарын құрып, оны екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру маңызды.

Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге сөзі өтпейді

Ал экономика ғылымының докторы, профессор және банк саласының директорлар кеңесін басқару қызметінде болған Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, үкімет екінші деңгейлі банктерден бұрын ең бірінші Ұлттық банкті тезге салу керек. Халықтың қарызға батуы – бұл елдің өмір сүруінің индикаторы. Сондықтан бұл арада барлық мәселеге бірден-бір жауапты Ұлттық банк.

«1995 жылдары Ұлттық банк мәжіліске бағынатын, үкіметке жиі есеп беріп отыратын. Бірақ сол 1995 жылы экс-президент Назарбаевтың тұсында Ұлттық банк қызметін тексеруге қатысты жаңа заң қабылданды. Ол заңның 68-бабында «Қазақстан Ұлттық банкін тексеру президенттің келісімімен немесе президент тапсырмасы бойынша ғана жүзеге асырылады» деп жазылды. Осылай Ұлттық банкті тек президентке ғана бағынатын етіп бекітті. Содан бері Ұлттық банк жеке адамдардың мүддесіне қызмет етті. Бас банк содан бері белгілі бір топ адамдарға ғана бағынатын жекеменшік банкке айналып кетті. Жұмысында жүйе жоқ. Жүйе болатын болса халық та, банк те табыс тауып отыратын еді. Халық қарызға белшеден батты. Екінің бірі банкке борышкер. Егер Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді экономиканы дамытуға араластырып, мәселені шешкісі келсе, бір ғана жолы бар. Бұған қатысты бас банк несиені халыққа үлкен пайызбен беріп отырған банктердің лицензиясын қайтарып алуы керек. Алайда бұл Ұлттық банктің қолынан келмейді. Бас банктің екінші деңгейлі банктердің қожайындарына тісі батпайды. Соны білген олардың қожайындары да мемлекеттен алған қарызды да қайтаруға асықпайды. Экономикаға үлес қосудан гөрі өздерінің қалталарын қампайтуды ойлайды. Сондықтан бізге бірінші кезекте Ұлттық банктің ұстанып отырған саясатын өзгерту керек. Қажет болса Ұлттық банк туралы заңды да қайта қараған жөн. Мысалы, дүниежүзіндегі орталық банктер атқаратын 4 функция бар. Дамыған елдердің бас банктері ақша, несие саясатымен ғана емес, жұмыспен қамту, экономикалық өсімді қамтамасыз етумен де айналысады. Ал біздің Ұлттық банк тек баға тұрақтылығымен айналысып отыр. Оның өзінде бағаны тұрақтандыра алды дей алмаймыз. Қымбатшылық дендеп кетті. Сондықтан Ұлттық банктің атқаратын функцияларын қайта қарау керек. Бұл – бір. Екінші, бізге «Банктер және банктік қызметтер» туралы заңның талаптарын қатайту қажет. Заңға қатаң талаптар енгізу керек. Қарапайым халыққа берілетін несиенің пайызына белгілі бір шектерді енгізген жөн. Олай етпесек, шолжаңдап кеткен банктерді тыя алмаймыз. Алдымен заң түзелуі керек», – дейді Б.Зиябеков.

Сөйтіп, қиын-қыстау кезеңде мемлекет көмегіне сүйенген банктер енді халықтың қамын ойлап, экономиканы дамытуға араласуға міндеттелетін сияқты. Алайда үкімет пен Ұлттық банк оларға «алмақтың да салмағы бар» дегенді банктерге қысқамерзімде ұқтыра ала ма, ұқтырса бұл қандай формада жүреді? Нақты қай салаларға «көмектеседі»? Бұл енді болашақта бөлек талқылайтын басқа тақырып. Көбіне жекелеген олигархтар басқарып, 30 жылдан астам уақыт жекелеп баюды ғана көздеген банктерге «енді қаражатыңды елді дамытуға сал» деген бастамаға олардың «ләппайлап» мойынсұна қоюы, қалай айтсаңыз да, оңай болғалы тұрған жоқ.

Қазақты қиын-қыстау уақыттан алып шыққан қасиетті қара мұнай еді. Енді оның да бағасы арзандап, экспорттау жолы қиындай түскен уақытта билік оның есесін бір кездері өз қолымен жемдеген банктердің есебінен толтырып көрмек сияқты. Бірақ Қазақстан банктері қалаған жеріңе түтік салып сора беретін мұнайдай момын емес қой...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: