Билік пен Binance арасындағы ауыс-түйісте не сыр бар?

Біздің сүйікті цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің министр болғанына неге бәрінен бұрын Binance криптобиржасының қуанатыны жайында былтыр маусымның басында жазған едік.
Бірде бұрынғы министр Бағдат Мусиннің қол астында, бірде Binance биржасына ауысып жүріп, ақыры министрлік креслосын иемденген Жаслан мырзаның қызмет жолы бәрімізді таңғалдырды. Сөйтсек, Жаслан мырза жалғыз емес екен. Binance пен біздің билік арасындағы ауыс-түйіс мұнымен бітпепті.
Ел аумағындағы криптонарықты реттеп отырған Астана халықаралық қаржы орталығының тағы бірер қызметкерінің осы аталған криптобиржаға ауысып кеткені мәлім. Ол туралы да бұрын жазғанбыз. Бірақ қатардағы қызметкердің жөні бөлек. Ал басқарушы тұлғалар мемлекет мүддесін тастап, коммерциялық нысанға өтіп жатса, ойланатын шаруа. Әсіресе кезінде өзі реттеп отырған саланың ішіндегі компанияны басқарып шыға келсе қайтер едіңіз?!
Жыл басында, қаңтардың ортасында Binance жаһандық криптобиржасының қазақстандық өкілдігінің басшылығына Нұрхат Көшімов тағайындалды. Бұл туралы бірлі-жарым сайттың ақпарат жариялағаны болмаса, аса көңіл бөлінгенін байқамадық. Нұрхат мырзаның өзі де ағынан жарылып, елімізді криптовалюта индустриясының орталығы ретінде қарастыратынын, енді өзі барып отырған ұйымның қызметін одан әрі жандандырып, жергілікті заңнамаларға лайықты үйлестіруге күш салатынын айтқан.
Айтпағымыз бұл емес. Нұрхат Көшімов бұған дейін АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу комитетін (AFSA) басқарған. 2018 жылы осы орталыққа қызметке орналасып, AIX биржасында істей бастады. 2019 жылдан бастап орталық басқарушыларының құрамына кіріп, қаржы технологиялары мен оларды реттеу шараларымен айналысты. Ал 2022 жылдың наурызында осы криптонарықты реттеуші басты орган – AFSA-ның басшысы болып тағайындалды. Қарапайым тілмен айтқанда, кезінде өзі реттеп отырған саланың ішіндегі бір компанияға өзі басшы болып барып отыр. Мемлекет мүддесі жолында еңбек ететін білдей басшының бұлай қарсы тарапқа секіріп кетуі секем тудырмай қоймайды.
Мәселе криптобиржалардың үшінші типінде болып шықпасын
Естеріңізде болса, қаңтардың соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында президент Тоқаев елдегі криптоинвесторлардың тек 5%-ы ғана ресми сауда алаңдарын пайдаланатынын айтқан еді. Қалғаны қара нарыққа кеткен. Біз де газетіміздің өткен сандарында бұл туралы тарқатып жаздық. Осы мәселеге байланысты Нұрхат Манасұлы да Binance Kazakhstan басшысы ретінде отандық ақпарат құралдарының біріне пікір білдіріп те үлгерген. Оның сөзінше, нарықты реттеу үшін реттеу құралдарының ауқымын кеңейту керек. Ресми биржаларда клиенттердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау қажет. Ұққанымыз, ұзын сонар пікірі айналып келіп осы екі сөйлемге сияды. Бірақ сол ауқымын кеңейту түсінігінің артында қандай ой тұр? Соны білгіміз келеді.
Жалпы, осы қара нарықтағы криптоинвесторлардың 95%-ға дейін артып кетуі деген әңгіменің қайдан туғанына келейікші. Президент сөзіне салсақ, оны сарапшылар айтқан. Цифрлық даму министрлігі де осындай мәлімет береді. Бірақ нарықты осылай есептеп шыққан кім бар? Бұған дейін қандай сараптама орталығы жариялады мұндай мәліметті? Ол жағы күңгірт, айтылмайды. Ал біздің білетініміз, біраз бұрын белгілі сарапшы Дәурен Қарашевтің қаңтардың ортасында «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында осындай мәлімет айтқаны бар. Әзірге нарықты бұлай бағалаған одан өзге талдаушыны көрмей тұрмыз. Президент тапсырма беріп, нарықта көп талқыланып жатқан осы деректі енді Нұрхат мырза да айтып отыр.
Жалпы, осы мәліметті президенттің айтуы да қызық. Мәдиев бастаған команда қалайша оны президенттің аузына салып береді? Былай алып қарағанда, өз былығын өзі ашып берген әрекетке ұқсап қалмай ма? Бір қарағанда, осындай парадокс ой туады. Алайда мәселеге басқа қырынан қарап көрелік.
Біраз бұрын цифрлық даму министрі Мәдиевтің елімізде криптобиржалардың үшінші типі туралы сөз қозғағаны белгілі. Оның айтуынша, Қазақстанда қазір криптобиржалардың үш түрі жұмыс істейді, енді соларды заң бойынша жіктеу қажеттілігі туындап отыр. Нарықтағы лицензия алған және алмаған криптобиржалардың жайы түсінікті. Тек солардың қатарына үшінші типі қосылады дегенді түсіну қиын. Министрдің айтатыны, Binance, Bybit сияқты бірнеше әлемдік биржа бар. Солармен қатар Coinbase, Kraken, OKX секілді Қазақстанға келмейтін, лицензия алмайтындары да бар. Ол екінші түрі. Үшіншісі, технологиялық тұрғыдан дамымаған (!) қазақстандық стартап-криптобиржалар. Осы айтылған криптобиржалардың екінші типі толығымен бұғатталып, қалған екеуінің жұмыс істей бергенін қалайды.
Министрдің сөзінше, олар Қазақстанға келіп, инвестиция салып, лицензия алады, жергілікті кадрларды жалдайды. Университеттерде студенттерін оқытады, блокчейн мамандығын таратады. Қандай да бір алаяқтық операциялары болса, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейді.
Бірақ сол айтқанның бәрі Binance пен Bybit-сіз-ақ, өзімізде онсыз да орындалып жатыр емес пе?! Курс-тренинг өткізу, өз кадрларымызды жалдау, органдармен тығыз байланыста болу отандық биржалар үшін таңсық дүние емес еді ғой. Бірақ соған қарамастан, министрдің әлемдік биржаларға көңілі ауып отырғаны көңілге күдік ұялатып қойған.
Оны бұған дейін жаздық та. Тоқаевқа қара нарық көлемін айтқызу арқылы енді Мәдиев сол ісіне білек сыбанып кіріскендей ме деп қалдық. Тек соны қалай жүзеге асырудың қамын ойлап бас қатырып жүргенде, міне, таптырмас көмекші де келе қалды.
Нұрхат Манасұлының бұған дейін қандай қызмет атқарғанын әлгінде тізіп көрдік. Азды-көпті 7 жыл қызметінде реттеуші органның бүкіл қыр-сырын меңгеріп, ең ақыры басшы қызметіне дейін жетті. Демек, AFSA-ның ішінде не болып жатқанын, қай құжатты қалай айналып өтуге болатынын білетін нағыз ысылған майталман. Өйткені сол реттеу шараларының бәрінің басында өзі тұрды.
Кейін біз талайдан бері жазып жүрген криптобиржалардың заңға қайшы әрекетіне қарамастан, лицензия беру мәселесінде де тартынып қалған жоқ. Сөйте тұра, қолайлы жұмысы үшін бар жағдайды жасап алып, нарықтағы коммерциялық ұйымның басшысы болып шыға келгендей әсер қалдырады. Соған қарағанда, Мәдиев бұрыннан бері айтып жүрген криптобиржалардың үшінші типі туралы әңгіме қайта тіріліп жатса, таңғалудың қажеті жоқ.
Ербол Тұрымбет