Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 26 Желтоқсан 2024

Билік пен халықтың арасын алшақтата түскен жылдың басты оқиғалары

су тасқыны, бишімбаев, Шерзат, жер сілкінісі
Фото: Жас алаш коллаж

Биыл Қазақстан қоғамы бірнеше үлкен оқиғаны талқылады. Жыл басындағы елді дүрліктірген жер сілкінісі, бұрын-сонды болмаған су тасқыны, Бишімбаевтың сотталуы, Шерзат Болаттың өлімі...

 Бұлардың бәрі төтенше жағдай мен маңызды кезеңдер кезінде билік пен халықтың қарым-қатынасы қалай болатынын айқындап берді. Аталған оқиғалардың бәрі де резонанс тудырды, жұрт наразылық танытты. Салдарынан билік мұның бәрінде сынның астында қалды. Биліктің жұмысына көңілі толмаған, сөзін өткізе алмаған халық басқа тәсілдерді қолданып, өз бетінше әрекет ете бастады. 

Қаңтар айының соңындағы жер сілкінісі кезінде Алматыда шошыған халық үйін тастап, қала сыртына қашты. Кептелістен көліктер жүре алмай қалғанда да ТЖД тарапы баяу қимылдады, түсіндіру жұмыстары мен керекті ақпараттар жұртқа жетпей жатты. Сирена кешігіп ойнады. Ығы-жығы жұрт күн суықта қайда барарын білмей, қала маңындағы ауылдарға жете алмай дағдарды. Осындай уақытта жекелеген таксистер адамдарды Ұзынағаш сияқты жақын маңдағы елді мекендерге 50 мың теңгеден тасыды.

Бұдан кейінгі жыл оқиғасы деп атауға болатын су тасқыны кезінде де жұрт дәл осындай жағдайда болды. Дүрліккен тұрғындар қайда барарын білмей жатты. Мемлекет тарапынан құтқару жұмысы мен берілетін көмек кешікті. Халық өздігінен ұйымдасып, ақша жинап, көмекке мұқтаж аймақтарға жібере бастады. Тонналап қажет азық-түлікті де қорлар немесе ауыл адамдары бірігіп су басқан аймаққа апарды.

Су тасқынымен қатар елімізде былтыр әйелін қатыгездікпен өлтірді деп ұсталған Бишімбаевтың сот процесі басталды. 3 айға жуық созылған сот ашық өтті. Бұл оқиғаны қоғам назарын су тасқыны салдарынан болып жатқан билікке деген наразылықты басқа жаққа аударуға жақсы себеп болды деп бағалағандар болды. Мамыр айының соңына дейін созылған сот нәтижесінде Бишімбаев 24 жылға сотталды. Қуандық Бишімбаев оған дейін министр болып ірі көлемдегі жемқорлықпен ұсталып, 10 жылға қамалған еді. Бірақ 3 жылға жетпейтін уақытта түрмеден босап шығады. Арада көп өтпей әйелін өлтіріп, қоғам назарына іліккен тұста жұрт тағы да билікті кінәлады. Себебі «миллиардтаған ақшаны жымқырған шенеунік түрмеден қалай ерте босады, жазасын өтеп отырғанда мұндай жағдай болмайтын еді» деген сынды сауал туды. Әрине, билік тарапынан бұған жауап болған жоқ.

Мұндай жағдай Шерзаттың өлімі кезінде де байқалды. Мысалы, Талғардағы қылмыстық топтың құрықталмауы, Шерзаттың өліміндегі тергеудегі олқылықтар аудандағы заңсыздықтардың бірінен соң бірінің ашылуына алып келді, яғни Бишімбаев ісінде де, Шерзат оқиғасында да биліктің заңсыздықтары мен көлеңкелі істері менмұндалады да тұрды. Бұларды жабуға биліктің шамасы келмеді. Керісінше, жасырамыз деп оның салдарын тіпті өршітті. Соның жарқын мысалы, 16 жастағы Шерзаттың өлімі тағы да қоғам мен билік арасын аша түскен оқиға болды. Жасөспірімнің қатыгездікпен өлтірілуі ісінде құқық қорғау органдары салғырт қимылдады. Күдіктілердің өзі арада бір күн өткесін ғана ұсталды. Марқұмның ата-анасы мен туыстарының наразылығынан кейін кішкентай аудандағы оқиға бүкіл биліктегі кемшіліктің бетін ашып берді. Талғардағы қылмыстық топтардың болуы, Шерзат өлімінен соң отбасының үйі өртенуі, Нұрымовтардың өзін кінәлі етіп көрсету, сот процесі жақындағанда Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жұмбақ өлімі, полицияның жедел түрде өлімді суицид деп жариялап жіберуі, Ғайыпбаевтың өліміне сенбеген туыстарының наразылығы, Қаржаубай Нұрымов пен екі қарындасының 15 тәулікке қамалуы – бұл істі тіпті шиеленістіріп жіберді. Полицияның Нұрымовардың ұсталуына қатысты бір-біріне қайшы ақпарат беруі қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін тіпті әлсіретті. Соның нәтижесінде қоғам өз бетінше әрекет ететін айла-тәсілдер мен жолдарды ойлап тауып жатты.

Шерзат Болат қаза тапқан дүкен
Шерзат Болат қаза тапқан дүкенге адамдар плакат іліп, жоқтау сөздерін жазып кетіп жатыр. Фото: Жас Алаш

Cancel culture: елеулі оқиғалар қоғамды қалай өзгертті?

Жоғарыда еліміздегі биылғы негізгі оқиғаларды тізіп өттік. Бұларды байланыстыратын ортақ жағдайлар бар, енді соларға тоқталып өтейік. Мысалы, су тасқыны кезінде аймақтағы зардап шеккен адамдарға үкімет тарапынан бөлініп жатқан көмек аз болды. Содан соң халық бірігіп ақша жинады, азық-түлік пен киім-кешекті өздері су басқан аймақтарға тасыды. Бұдан кейін билік елдегі бай компаниялар мен қалталы кәсіпкерлерге «салық» салды.

Бишімбаевтың ісінен соң тұрмыстық зорлық-зомбылық заңы қатты сынға ұшырады. Халықтың осы заңға қатысты ойын ашық айтқаннан соң ғана сәуір айында парламент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтатын заңды мақұлдады.

Шерзат ісіндегі тергеудің дұрыс жүргізілмей жатқанына наразы қоғам елдегі танымал адамдарды бұған үн қосуға шақырды. Бірақ олар тарапынан әрекет болмағасын жұлдыздар мен блогерлердің парақшаларынан жаппай «отписка» науқаны басталды. Содан кейін ғана жазылушыларынан айырыла бастаған блогерлер енді ғана 20 жылдық ұйқыдан оянған Рип ван Винкльдей бірінен соң бірі Шерзатты жоқтай бастады. Бұл негізінен бізге енді жетіп жатқаны болмаса, әлемде бар тәжірибе. Мұны әлемде cancel culture әдісі деп атайды. АҚШ пен Еуропадан шыққан әлеуметтік-саяси термин адам немесе белгілі бір әлеуметтік топ немесе кәсіби қауымдастықтардың әлеуметтік желілерде де, шынайы әлемде де қолдаудан айырылып, айыпталуын білдіреді. Танымал адамдардың Шерзаттың әкесін қолдап үндеу жасағаны билікке қалай әсер еткені белгісіз, бірақ қоғам арасында бұл істе әділдік талап еткендердің ұлғаюына сеп болғаны анық. Тағы бір айта кететіні, Қаржаубай Нұрымовтың үйі өртенгенде ол жергілікті әкімдіктен берілген көмекті алмады. Халықтың арасынан өзіміз үй салып береміз дегендер болды. Бұған басқалар «біз іргетасын құйып береміз, мен шатырын жауып берем, ішіне жиһазын мен әкелемін, есігін мен салып беремін» дегендер үн қосып жатты. Қысқаша айтқанда, осындай маңызды оқиғалар кезінде қоғам өздері жұмылған жұдырықтай бір болып, әрекет ете алатынын көрсетті.

Бірақ халықтың өз бетінше әрекет етуінен туған кейбір заңсыздықтарды айта кеткен жөн. Мысалы, су тасқыны кезінде ерекше көзге түсіп, «Біз біргеміз Қазақстан 2030» қоғамдық қордың басшысы Перизат Қайрат қарғын судан зардап шеккендерге деп халықтан жинаған 1,7 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұдан бөлек, Ұлытау облысында су тасқынына арналған 1 млрд теңгені жымқырған 4 адамға қылмыстық іс қозғалды.

Вертердің өлімі
Вертердің өлімі. Фото: dzen.ru

Вертер синдромы

25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзербайжан ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан борттағы 69 адам зардап шекті, бірнеше адам жараланып, ауруханаға түсті. Әзірге қанша адамның қаза тапқаны туралы мәлімет берілген жоқ. Ұшақ бортындағы адамдар санына қатысты да нақтылық жоқ. Дәл осы оқиғада да билік дер уағында ақпарат тарата алмай әлеуметтік желілер мен пабликтерде әртүрлі хабардың тарауына себеп болды. Тіпті ресми БАҚ өкілдері де түрлі ақпарат жазып жатыр – жолаушылар санының өзі қанша екені әлі белгісіз. Мысалы, ұшақ құлағанда борттағы жолаушылар саны 70-тен асады деп жазылды. Кейбір деректер 105-ке жеткізді. Кейіннен көлік министрлігі апатқа ұшыраған ұшақта 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған деп хабарлады. Бұл сан қазір 69-ға өсті. Зардап шеккендерге де қатысты бір ізді ақпарат берілмей жатыр. Алдымен ұшақта Әзербайжанның – 37, Қазақстанның – 6, Қырғызстанның – 3, Ресейдің – 16 азаматы болған деген хабар шықты, қазір бұл сан өзгеріп, Әзербайжан азаматтарының саны 42 екені жазылып жатыр. Аман қалғандарға да қатысты осындай мысалдарды айтуға болады, алдымен 12 адам, кейін 14 адам делінді, кешке қарай олардың саны 29-ға жетті. Бәлкім, Қазақстан тарапы дер уағында нақты мәлімет таратса, жағдайды түсіндіріп айтса, мұндай шатасулар мен түрлі болжамдар тумайтын ба еді. Болжам демекші, желіде Ресейдің әуе қорғанысы Әзербайжан ұшағын Грозный маңында атып түсіруі мүмкін деген ақпарат шықты. Себебі телеграм-арналар ұшақ бортында оқтың ізіне ұқсас шұрық-тесіктердің суретін таратты. Оның неден пайда болғаны әзірге белгісіз. «Осы уақытта Грозныйға Украинаның пилотсыз ұшақтары шабуыл жасап жатқан еді. Бұл әу баста айтылған ұшақ апатына құстар мен басқарудың істен шығуы деген теорияның растығына күмән келтіруі мүмкін» деп жазған шетелдік телеграм-арналарды да көзіміз шалды. Ал әдеттегідей еліміз бұған қатысты мәлімдеме жасамады.

1

Осы оқиғадан кейін ұшақ апатының видеосы, жантүршіктірер суреттері таралып кетті. Бұл қоғамның қайғылы оқиғалардан «хайп» жинауға әуестігін көрсетеді. БАҚ атаулы да солай, рейтинг үшін неден де болса тайынбайды. Мұндай ақпаратты көруге қоғам да әуес. Ақтаудағы апат та соның көрінісі. Оның ішінде 6 қазақстандық бар екені белгілі. Ал оларды аман деген үмітпен күтіп отырған туыстарына куәгерлер таратқан қатыгез видео қалай әсер етеді?

Батыста «Вертер синдромы» деген ұғым бар. Бұл ұғым теледидарда немесе БАҚ-та кеңінен жарияланған немесе танымал әдебиет пен кинода сипатталған суицидтен кейін пайда болатын адам өлімінің көбеюін білдіреді. Өткен ғасырдың 70-жылдары Филлипс пен Карстенсен деген ғалымдар XVIII ғасырдың аяғында Гетенің «Жас Вертердің азабы» романының тудырған суицидтерінің толқынын зерттеп, жамандық артынан жамандық туады деген қорытындыға келген. Филлипс пен Карстенсен суицидтің басқа да өзіне қол жұмсау оқиғаларына қатысы бар-жоғын зерттеген. Ғалымдар өзіне қол жұмсау деңгейі жаңалықтардағы суицид туралы хабардан кейін айтарлықтай өсетінін байқаған. Мысалы, 1980 жылдары Германияда студенттің пойыз дөңгелегі астына түсіп өлетін сәті бейнеленген «Студенттің өлімі» телехикаясы кезінде өзіне қол жұмсау деңгейі 175 пайызға өскен. Сол сияқты Аустралияда өткен ғасырдың аяғында метродағы өлім газеттердің басты тақырыбына айналған кезде метрода өзіне қол жұмсайтындар көбейген. Кейін Аустралия билігі оны жазуға тыйым салғанда суицид те сап тыйылған.

Вертер синдромы биылғы қазақ қоғамын еске түсіретін сияқты ма...

Тұрсынбек БАШАР