Билік пен тұлға арасындағы тартыс немесе Сталиннен жеңілген Жамбыл туралы дастан
Ұлт тарихының біз білмейтін, біле алмай жүрген көлеңкелі тұстары әлі де көп. Әсіресе тұлғалар өмірі жайлы сөз қозғала қалса қайшылықты пікірлер мен қаңқу сөздердің көптігі кейде ақиқатты бұрмалап, шындықтан алыстатып жібереді.
ХХ ғасырда «Дала Гомері» атанып, ғасыр жасаған ақын Жамбыл Жабаев туралы тартысты пікірлер де аз емес. Әсіресе өмірінің соңғы жылдары Кеңес өкіметінің сойылын соғып, «Сталинге жыр арнаған» деген пікірлерді жиі естіп қаламыз. Жақын арада көрерменге ұсынылған «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі де ақын өмірінің соңғы 9 жылы туралы сыр шертеді. Дәл осы кезеңде Жамбыл Жабаевтың аты бүкіл Кеңес одағына танылған болатын. Фильмде Кеңестік жүйе мен биліктің Жамбылды өз мүддесіне қалай пайдаланғанын ашып көрсеткісі келген. Өлеңдері қалай өңделді, Сарыбайға деген өлеңі не үшін Сталинге боп ауысты, ол кімге керек болды — фильмнің қаузаған тақырыбы да осы. Фильм тек ақын туралы ғана емес, арлы адам мен арсыз жүйе арасындағы арпалыс, кеңес өкіметінің жобасына айналып кеткен тұлғаның ішкі күйі турасында. Жамбылдың ішкі шиеленісін тереңірек ашу мақсатында жастық шағы мен тоқсанға таянған кезін қатар алып көрсетеді. Жамбыл кім еді, кімге айналды, кімге айналдырды, заманның дауылы жүз жасаған алып бәйтеректің жапырақтарын қайсы бағытқа бұрды деген сауалға жауап табу үшін шығармашылық құрам ізденіске барғаны байқалады.
Досжан Жанботаев, фильмде Жамбылды сомдаған актер:
Бұл фильмнің қазақ киносының қорына қаншалықты үлес қосатынын тап басып айта алмасам да, әйтеуір сапалы фильмнің жолда қалмайтыны анық. Анық бағасын көрермен бере жатар. Фильмдегі Жамбыл образы портреттік образдардың қатарына жатады. Ал портреттік образдар актер үшін кедергісі көп, өте ауыр рөлдердің бірі. Әдетте, кез келген актер портреттік образдарды сомдар кезде «ұқсастық бар ма, жоқ па» деген сұрақ қояды. Кейде дәл осындай сұрақтар образдың ішкі жан дүниесін ашуға кедергі келтіреді. Әлеуметтік желілерде ақын мен мені ұқсатып жатқан пікірлерді көзім шалып қалды. Мен Жамбылға, оның сырт келбеті мен болмысына ұқсастығымды іштей сездім және бұл образдың жаманды-жақсылы ашылуына көмегін тигізгені рас. Десек те, мақсат – ақынның жанында болып жатқан күйзелісі мен ішкі иірімдерін, рухани арпалыстарын ашып бере алу ғой. Ақынның образын керемет сомдай алдым, образды аша алдым деп нақ басып айту қиындау. Жамбылдың образын ең алғаш қазақтың ұлы тұлғасы Шәкен аға Айманов сомдаған. Басында, ұсыныс түскен уақытта қарсылық білдіріп, ат-тонымды ала қаштым. Бұл рөлге де лайықты әріптестерім көп. Автордың көздегенін солар алып шығатындай сезіндім. Алайда аталмыш рөл маған бұйырыпты. Жамбыл образы актёрлік алтын қобдишамда ойып орын алды. Әртістер қауымы «оң жамбасқа түскен рөл» деп айтып қалады кейде. Бұл жамбасқа салатын, әлде іштен шығарып алып сомдай салатын образ емес. Мейлінше күрделі, қасиетті әрі қайшылықты образ.
Киноның тілі басқа. Мен көп түсіне бермеймін, жасым 75-ке келді... ал кинода әлі «жас», жаңа қадам басқан актёрлердің қатарындамын. Шіркін, театрда болса ғой, көсілетін едім деп ойлағаным бар түсірілім барысында. Бұл образды Шекспирдің Гамлет, Король Лирімен тең қояр едім. Ақынның соңғы жылдардағы суреттеріне зер салып қарасаң, көзінде түйіні шешілмей жатқан мұң мен зар барын байқайсың. (Рөлді сомдау үшін дайындық барысында да ақынның суреттері маған үлкен көмегін тигізді). Гамлетше айтқанда: «Быть или не быть, вот о чём вопрос». Фильмдегі Жамбыл үшін жаныңда аяушылық, жек көру мен мақтаныш сезімдері қатар пайда болады. Қазір біз ұлыларымызды жамандауға, тарихты қаралауға бейім боп кеттік. Әсіресе «Жамбыл Сталиннің голошын жалаған», «Ол кеңес өкіметінің қолшоқпары болған» деген пікірлерді тура жанында тұрғандай, еш шімірікпей айта салады. Жамбыл туфли жалаған емес, Сталиннің көзінше намаз оқуға кетіп қалған адам. Түсірілім барысында жанымды елжіреткен сәттер де болды. Ақынды барлығы түсінгісі келеді, бірақ ешкім түсінбейді... Орыстардың алдында қор болған жері. Бай-манаптары аяусыз сыбап жүрген, қайран Жамбыл… Опасыз жүйенің дәрменсіз құрбаны боп күйінген Жамбыл. Өзі бай боп шыға келген Жамбыл. Міне, трагедия қайда жатыр?! Міне, ақынның ішкі арпалысы мен ішкі күресі. Ескі заманда әділдік үшін күрескен мінезді тұлға еді, жаңа дәуірде қайда қалды сол мінез? Иірімге үйіріп алды мына жүйе... аяқ қолын матады, аузын жапты. Осындай қысыммен өмір сүріп жүрген Жамбылдың орнында біреуміз болып көрейікші... а? Сұрақ… көп сұрақ! Ал бұл сұрақтарға кім жауап бере алады? Тағы сұрақ. Еркіндігін бере алмай, жарықтықтың «анау» деп, «мынау» деп өлгенде де өкпесінен тепкілеп келеміз. Қадір-қасиетімізді жоғалтпай, өткенімізді бағалайықшы.
Мұрат Есжан, режиссер:
«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің жарыққа шығуы саналы көрермен үшін қуаныш болғаны рас. Фильм жұп-жұмыр, сауатты әрі шебер режиссерлік қолтаңбамен түсірілген деп есептеймін. Фильмнің драматургиясы да көңілімнен шықты. Қазақ киносының қорына қосылған сапалы фильмдердің бірі деп айтуға әбден болады. Түптеп келгенде, бұл туынды Жамбыл туралы да емес. Бұл кеңестік идеологиялық машина туралы, оның жұмысы мен құрбандары туралы. Фильмнің мақсаты әу баста атап өткенімдей, ақынның биографиясы, қашан туды, қандай қиындық көрді деген сұраққа жауап беру емес, сол кездегі саясат пен идеологияның қалай іске асқаны турасында. Жамбыл – ол идеологиялық құралдардың бастауында тұрған адам, бұдан бөлек, қанша тұлға жүйенің құрбаны мен құралына айналды. Ал Жамбыл – соның жарқын көрінісі. «Құралы» деп отырғаным да бекер емес, кей тұлғалар біле тұра, саналы түрде арсыз жүйенің «құралы», «қолшоқпары» болуға талпынса, Жамбыл сынды тұлғалар идеологияның құрбанына айналғанын білген де жоқ. Білсе де, қауқарсыз еді. Күресуге шамасы келді, алайда жеңілді. Фильмнің қаузаған тақырыбы тұлға мен жүйе арасындағы текетірес деп алсақ та болады және дәл осынысымен құнды.
Жалпы, Жамбыл өте қайшылықты, күрделі тұлға. Импровизациялық өнерде оған тең келер ақын болмаған. Замандас айтыскердің бәрін жеңген, одан қалды ел аузындағы жүздеген дастанды жатқа айтқан, бір естігенін жаттап алатын, зердесі ерен талант иесі еді деседі. Жадына миллиондаған жыр жолы сыйып тұрған феномен. Бұл – Жамбылдың көне дәуірі, алғашқы жарты ғасыры. Ал енді жаңа дәуір, совет заманы келді. Қайшылықты тұлғаның бізге кеңірек мәлім қыры да осы тұс. Жайлы төсек, жақсы орын. Құрақ ұшқан көмекшілер, аузынан шыққанын жазып алатын писарлар. Астында керемет мәшине. Сталин туралы, Ленин туралы, одақ туралы мадақ жырлар. Осынау, бір-бірімен қабыспайтын екі образдың құпиясы қандай? Жамбыл қайраткер ме, құрбан ба? Фильм осы жайында ой қозғайды. Фильмде режиссер қолданған ең ұтымды тәсіл – ақын басынан кешкен екі дәуірді көрерменге параллельді ұсыну. Көне мен жаңаның жігін ашып көрсету. Бұрынғы флешбектер арқылы 19 ғасырда Жамбылдың ел ісіне араласып, дау шешкен және махаббаты үшін күресіп, әділдікке болысқан тұлға болғанын байқасақ, жаңа дәуірде халық ішіне елеулі тұлғаның абыройын кері мақсатта пайдаланып жатқан жүйені байқаймыз. Бұл жаңа дәуірдің жүйесі. Жалпы, жақсы идея деген бар. Бірақ жақсы идеяның бәрі жақсы фильмге айнала бермейді. Талай керемет ойлар, ғажап тағдырлар нашар орындалудың кесірінен қор болды, қор болып жатыр. Алайда Жамбыл фильмі ол қатардан емес. Жақсы идеяны жақсы жүзеге асырған жоба. Мұнда шебер драматургиялық шешімдер, айшықты режиссерлік қолтаңба, тамсанарлық операторлық жұмыс және нанымды актерлік ойын бар.
Амангелді Мұқан, өнертанушы:
«Екі ғасыр куәсі» (сол өткен дәуірде) айтылып келген, студент кезімізде сахнадан барша жұрт үлкен хордың орындауымен жасы да, жасамысы да «Джамбул живет, Джамбул поет!» деп жырлаған кешегі дәуірдің Джамбулы бүгін ортамызға «Жамбыл. Жаңа дәуір» деген атпен қайта оралды. Фильмді асқан қызығушылықпен көргенім рас. Біз «20-ғасырдың Гомері» атап кеткен ұлы тұлға Кеңес өкіметінде жасаған он жылға жуық уақытында үлкен марапатқа, сый-сияпатқа ие болды. Осыған байланысты санамызда сан мың сауал туындап, үнемі тартысқа ұласып отыратын. Кеңестік дәуірдегі идеология тұлғалардан пір жасап, оның өмірі мен тағдырын аңызға айналдырып жібергені өтірік емес. Ал фильмде осы мәселеге байланысты жаңаша көзқарасты байқадым. Сол мифті, таптаурындарды бұзуға талпыныс бар. Бұған дейін де тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған талай фильмді көріп жүрміз. Алайда ұлы тұлғаның өмірі мен тағдырынан сыр шерткен «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильміндегі жаңа тыныс, көзқарас сәтті орындалған. Кеңес дәуірі орнаған тұста билік халықты жаңа идеологияға, өздерінің «ақ жол, адал бағытта» екеніне сендіру мақсатында талай қитұрқы әрекеттерді, былайша айтқанда, «идеологиялық машиналарды» ойлап тапты. Әсіресе шығармашылық одақтар құрып, елдегі интеллигенцияның бәрін дерлік өздерінің қаруы ретінде пайдаланды. Ел ішінде абыройлы, шығармашыл тұлғаларды өздеріне мейлінше кіріптар етіп, үкіметтің ықпалынан шыға алмайтындай күйге жеткізді. Ал бірен-сараң «шеңберге сыймаған» тұлғалардың тағдыры қалай өрбігені айтпасақ та түсінікті емес пе? Дәл осындай опасыз жүйе күшіне мініп, жұмысын бастаған кезде ең алғаш құрбанына айналған тұлға – Жамбыл болды. Қоюшы режиссерлар назарын осы мәселеге аударып, фильмде алға тартқан. Өздерінің осыған дейін жасаған опасыздықтары мен жауыздықтарын ақтау мақсатында ел арасында абыройлы, сөзі өтімді тұлғаларды өздеріне кіріптар етті және ықпалды адамдар арқылы халықты «жаңа дәуірдің қуатына» сендіргісі келді. Авторлардың хронологиялық бірізділікке мән бермеген, сұрақ тудыратын тұстары да бар, десек те, фильмнің идеясы ұнады. Тарихты, тарихи деректерді басты кейіпкердің төңірегінде тарқатуы, тағы басқа фильмнің көркемдік шешімімен келіспейтін тұстарымыз бар. Мысалы, деректерге сүйенсек, Жамбыл 1936 жылға дейін тұтас республика көлеміне танымал болды деп айта алмас едім. Себебі Брусиловскийдің «Дүйім дүлдүлдер» естеліктер жинағында Мәскеудегі қазақ өнерінің он күндігіне әу баста Жамбыл емес, Мәйімбет ақынның баратыны туралы жазылған. Себебі сол кезде Мәйімбет ақынның өлеңдерін Павель Кузнеуов аударып, баспасөздерде жарияланып жүрген. Сондықтан Қазақ КСР-нің декаданы ұйымдастыру комитеті Мәйімбет ақынды жібермекші болған. 1936 жылдың басында баспасөз беттерінде Мәскеудегі қазақ өнерінің он күндігі туралы жарнамалық, ақпараттық мақалаларда әнші, әртістермен қатар, жыршы әрі ақын Мәйімбет ақынның баратыны туралы жарияланған. Кейін белгісіз бір себептермен Мәйімбет табылмай, халықтың дәстүрлі өнерінің жарқын тұлғасы ретінде Жамбыл ел ішінде танылып, Мәскеуге барады.
Біздіңше аға ұрпақтың бәрін – жалыны шарпыған сол кездегі күшіне әбден мінген кеңестік идеологияның жасап кеткен, бұра тартуға сеп болған талай тарихты қайта, жаңаша қарауға жетелейді. Негізгі қақтығыс Жамбыл мен Кеңестік машинаның текетіресі. Жамбыл – Кеңестік дәуірдің жобасына айналып кеткен тұлға. Ол күреспеді емес, күресті. Бірақ жеңіліп қалды. Билік пен тұлға арасындағы тартыс – өнердегі ешқашан өлмейтін тақырып. Сонау 15 ғасырда Мольер мен билік басында отырған Людовик арасындағы тартыс немесе Булгаков пен Сталин арасындағы текетірес осының айқын мысалы. Кім жеңеді? Бұл заңды сауал. Билікте шығармашыл тұлғаны көндіретін, сындырып, осал тұсын дөп баса алатын күш, мүмкіндік, қару бар. Өзіңнен бөлек, жақын, ағайындарыңның тағдыры арқылы қорқытады. Режиссерлік құрам кешегі тарихымызға, бүгінге дейін сейілмей ел арасында Ленинді, Сталинді, Ежовты, компартияны жырлаған деп жағымсыз кейіппен ел санасында сақталған «Дала Гомерінің» трагедиялық халінен сыр тарқатады. Шын мәнінде, ақын туралы таптаурын мен мифті жою мақсатында мың қатпарлы адам жанының астарына үңіліп, біз байқай бермейтін көлеңкелі тұстарына назар аударған. Біз Жамбылды ақтап жатқанымыз жоқ, біз ақиқаттың астарына үңіліп, келер ұрпаққа «идеологиялық машинаның» салдарын, жұмысы мен қызметін ұғындырып жатырмыз. Жамбылды сомдаған Досжан Жанботаев ағамыздың еншісіне қайшылықты, күрделі образ тиген. Кеңес өкіметі орнаған тұста Жамбыл жасарын жасап, асарын асаған кезі еді. Жамбылдың өкініші мен күйінішін, тік мінезі мен мысқылын актер дөп басып ойнай алған деп ойлаймын. Осыған дейін Жамбылды Шәкен Айманов ойнағаны бар. Бірақ Шәкен Аймановтың Жамбылы Кеңес өкіметінің идеологиясына сай, миф пен аңызға толы образ еді. «Сыбызғы болдым үні жоқ, асыл болдым құны жоқ» деп жырлаған ақынның фильмдегі болмысы бүгінгі көрермен талабына сай. Жалпы көпшілік көрермен ойланып қайтатын тарихи тұлғаларымызға, тарихымызға басқаша қырынан көз салғызатын туынды. Жамбылды режиссер бір жақты көзқарас танытып, ақтап алуға, пір жасап, көрерменнің аяушылығын тудыруға талпынбағаны байқалады. Жамбылдың образын шығармашыл тұлға, ақын деп қана емес, қатпар-қатпар пенделік характерін де көрсетуге тырысқан.
Дайындаған
Ақгүлім Ерболқызы