Билік спортшылардың жетістігін мемлекет саясатының жеңісі ретінде көрсетеді
Бір спортшымыз әлемдік аренада жеңіске жетсе, жар салып, соны мемлекеттің жетістігі ретінде көрсетуге тырысамыз. Өйткені басқа салада жетістігіміз жоқ болғандықтан, спорттағы нәтижені үкімет жұмысының жемісі ретінде көрсетеді.
Мысалы, Оңтүстік Америкада Бразилия және Аргентина деген елдер бар. Екеуі де кедей ел, экономикасы нашар, футболы ғана өте жақсы дамыған, сол футболмен күндерін көреді. Бірақ Бразилиядан әлемге әйгілі қанша футболшы шықса да, әлеуметтік жағдайы түзелген емес. Лионель Мессидің атағына сүйеніп, Аргентинаның инвестициялық климаты жақсарды дегенді естіген жоқпын.
Біздің елден де халықаралық турнирлерде жүлде алған спортшылар шығып тұрады. Билік солардың жетістігін мемлекет саясатының жеңісі ретінде көрсетеді. Халық та мұны қолдап, спортшының жеңісін мақтан тұтып жатады.
Билік Олимпиада ойындарында медаль алған спортшыларды дәріптеу арқылы халықтың назарын бұрып, әлеуметтік жағдайға деген наразылығын ұмыттыруға тырысуы мүмкін. Бірақ бұл уақыттық ғана эффект береді. Халықтың медальге алданып, бәрін ұмытып кетуі мүмкін емес.
Спорт екі түрлі дамиды. Демократиялық елдерде мемлекет спортты қолдап, аса көп ақша бөлмейді. Спортшыларға елдегі бизнесмендер, түрлі қорлар қолдау көрсетеді. Спорт жарнама арқылы да ақша тауып, өз бетінше дами береді.
Екінші жолы – мемлекеттің бақылауымен дамиды. Бұған мысал ретінде бұрынғы КСРО-ны, қазіргі Қытай мен Ресейді айтуға болады. Олардың басты мақсаты – мемлекеттік идеология жасау. Бұл елдер адамдарды спортқа бала жастан бастап баулиды. Ол үшін административті ресурсты қолданып, балаларды спорт қозғалысына тартады. Ресей мен Қытай қазір осындай жолды ұстанып отыр.
Қазақстан спортының жолы осы екінші модульге келеді. Өйткені бізде спортқа қаржы бөлетін кәсіпкерлер аз, ақшаның көбі мемлекет қазынасынан шығады. Демек, қазақ спорты биліктің қолдауына арқа сүйеп қана тұр.
Қазақстан жұртында спортшымыз шетелде жеңіске жетсе, бүкіл әлем біздің елді таниды деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, баяғыда Геннадий Головкин америкалықты жеңсе, америкалықтар Қазақстанмен санасады деп ойлайды.
Бірақ спорттағы жетістік елдің дамығанын, мемлекеттің мықты екенін көрсетпейді. Мысал ретінде айтсақ, кәсіпқой бокста Мексика, әуесқой бокста Куба өте мықты. Бірақ осы екі елдің экономикасы әлемде алдыңғы қатарда деп айта алмаймыз. Керісінше, дамуы кенжелеп жатқан мемлекеттер. Айта берсек, мұндай мысал көп. Яғни елдің дамуы спорттың дамуымен байланысты емес. Оларды шатастырудың қажеті жоқ.
Спорт дамыса дами берсін, оған қарсы шығудың қажеті жоқ. Бірақ тек осы салаға ғана қатты көңіл бөліп, басқа салада ешқандай жетістікке жете алмау – болашағы бұлыңғыр елдердің әрекеті. Себебі басқа салада болашақ жоқ болғандықтан, спорт әлеуметтік баспалдақ іспетті. Кедейліктен құтылудың жалғыз жолы спорт болып қалған елдер бар. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес.
Дамыған елдерде спорт та бар, басқа өндіріс те бар. Олар спортқа ең маңызды сала, ұлттық идеология ретінде қарамайды. Ал біздің елде ең танымал тұлғалар – спортшылар мен әншілер. Ал ғылым-білім, бизнес саласында жетістікке жеткен отандасымыз жоқтың қасы. Елге келетін турист, инвестор, ғалымдар спорттағы жетістікпен санаспайды. Олар мемлекеттің инфрақұрылымына, экономикасына, заңына қарайды. Сол үшін спортты алаулатып-жалаулата берудің қажеті жоқ деп есептеймін.
Ілияс Мыңжасаров, қоғам белсендісі