Билік транзиті тұсындағы Қазақстан

Осыдан тура алты жыл бұрын, 2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кетіп, 1989 жылдан бері бірінші басшының ауысқанын көрмеген Қазақстан жұртын қатты таңғалдырды.
Бірнеше мәжіліс депутаты егіліп жылағанын ескермегенде, халықтың көп бөлігі бұл шешімді қуанышпен қабылдады.
Қазақстан халқы және саясат әлеміндегі сарапшылар «Назарбаев көзі тірісінде президенттіктен кетпейді» деп санаған. Өйткені ол 1989 жылы – Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1991 жылы 1 желтоқсанда – Қазақ ССР президенті болып сайланғаннан бастап креслосын босатуды ойлаған емес. Бұған алдымен Ата заңдағы «бір адам екі реттен көп президент бола алмайды» деген шектеуді алып тастағаны, кейін «бір адам қатарынан екі реттен артық президент бола алмайды» деген тармаққа «бұл шектеу ҚР тұңғыш президентіне қолданылмайды» деген ескертпе қосқаны дәлел.
Әдетте көп адам оның Қазақ ССР президенті болып сайланып, 10 күннен соң Қазақстан республикасының президенті болып шыға келгеніне аса мән бермейді. Біз Қазақ ССР басшысын сайлап жүргенде, 8 желтоқсанда КСРО ыдырап кетті де, 10 желтоқсанда Назарбаев ҚР президенті ретінде ант берді. Басқаша айтқанда, тәуелсіз елдің тізгінін бодан басшы ұстады. Басы осылай басталған Назарбаев алдымен референдум жасап, президенттік өкілетін 2000 жылға дейін ұзартып алды. Одан кейін тағы 4 сайлауға (үшеуі мерзімінен бұрын өтті) қатысып, дара билік жүргізуді жалғастыра берді.
Назарбаев қызметтен кеткенде халықтың таңғалған себебі осы болатын. 30 жыл бойы бар билікті қолынан шығарғысы келмеген авторитар басшы неге аяқ астынан отставкаға кетті деген сұрақ әркімді мазалағаны рас. Бірақ бұл сұрақтың жауабы көп өтпей белгілі болды. «Нұр Отан» партиясы мен қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын сақтап қалған Назарбаев президенттіктен кетсе де, биліктен кетпейтіні анық болды. Одан кейін не болғаны жұртқа мәлім. Біз экс-президент отставкаға кетіп, экс-депутат көз жасын бұлап, оппозиционер-депутат кемсеңдеп жатқан алмағайып кезеңді еске алып көрейік.
2019 жылы 19 наурыз
2019 жылы 19 наурыз күні Астана уақытымен сағат 19:00 шамасында Нұрсұлтан Назарбаев видео үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын айтты. Ол өз мәлімдемесінде 30 жыл бойы елдегі ең жоғары лауазымды атқарғанын айтып, тындырған жұмыстарын тізбеледі.
«Біз әлемдегі ең озық 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламамыз дайын тұр. Мақсатымыз – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнаттық. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыда мойындалуын қамтамасыз еттік. Мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгіздік. Біздің өз туымыз, әнұранымыз, елтаңбамыз бар», – деді ол президент ретіндегі соңғы сөзінде.
Оның бұл шешімін әркім әртүрлі қабылдады. Мемлекетте өзгеріс болғанын, әділдік орнағанын күтіп жүрген азаматтар билікке талап-тілегін тыңдататын тиімді уақыт келді деп санады. Бірақ мұндай ғажайып іске асқан жоқ. Қазіргі билік бұған 30 жылға жалғасқан Назарбаев жүйесін айыптайды. Бұрынғы басшы елдің саяси-әлеуметтік саласын тұншықтырып, экономиканы тұралатып кетті дегенді бүгінгі шенділердің кейбірі астарлап, кейбірі ашық айтып жүр.
Бір анығы, Назарбаев қызметтен кеткен тұста Қазақстанның жағдайы мәз болмағанын көп адам мойындайды. Экс-президент кейінгі буынға саяси жүйесі салданған, жемқорлық жайлаған, экономикасы тұралаған, халықтың әл-ауқаты төмендеген, жұмыссыздық жайлаған елді қалдырып кетті.
Саяси жағдай. Назарбаев дәуірінде саяси жүйе жабық саясат ұстанды. Саяси бәсекелестік болған жоқ, оппозиция мен азаматтық қоғам бақылау астында өмір сүрді. Белсенділер қудаланып, режим КСРО кезіндегідей ызғар шашып тұрды. Мұның бәрі халықтың наразылығын туғызып, саяси қысымды сезінген топтар көбейе түсті. Назарбаев дәуірінің соңғы кезіне қарай билікке қарсы пікір айтатын адамдар көбейіп, әлеуметтік желі мен қоғамдық алаңдарда белсенділік арта түсті.
Жұрт билік жүргізіп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясатқа наразылығын ашық білдіріп, шыдамы таусылғанын аңғарта бастаған. Ең маңыздысы, уақыт өткен сайын сын садағы бұрынғыдай үкіметке ғана емес, Назарбаевтың өзіне бағытталатын болған. Бұрын президент жақсы, айналасындағылар бәрін құртып отыр деп санайтын жұрт бұл ойының қате екенін түсініп, «шал кет» ұраны халықтық сипат ала бастады. Назарбаев билігінің соңғы онжылдығында Қазақстанда бірнеше ірі наразылық акциялары өтті, оларды қауіпсіздік күштері аяусыз басып отырды, қан төгілген кездер де болды. Мысалы, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында 17 адам оққа ұшты.
2010 жылы мамырда Қазақстан парламенті Назарбаевқа Елбасы мәртебесін беру туралы заң қабылдады. Ал 2018 жылы конституцияға өзгеріс еніп, тұңғыш президентке Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілді. Оның үстіне жеке басқа табыну артып, Назарбаевтың атын нысандарға беру (ең үлкені – елорда атауы), ескерткіш орнату жиіледі. Мұның бәрі оның авторитарлық билігін бекемдейтін, демократияға жат әрекеттер болды.
Экономикалық жағдай. Назарбаевтың «алдымен экономика, сосын саясат» дейтін атақты ұстанымы болды. Бірақ экономика сөз жүзінде ғана саясаттың алдында тұрды. Ол ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен құтқара алмады, мемлекет бюджеті мұнай мен газ секторына ғана сүйенді. Әсіресе Назарбаев билігінің соңғы жылдары халықтың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті. Шикізатқа тәуелді экономикамыз әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне төтеп бере алмады. Елде инфляция артып, жұмыссыздық көбейді, өмір сүру қиындай түсті. Сондай-ақ КСРО кезінен қалған әлеуметтік инфрақұрылымның (мектептер, ауруханалар) тозғаны, жаңадан салынған нысындардың сапасыздығы көзге ұрып тұрды.
Ұлттық валюта қатты құнсызданды. 1993 жылдың аяғында 1 АҚШ доллары 4,69 теңге болса, 2019 жылғы 19 наурызда 1 доллар 375,9 теңгеге тең болды. Яғни төл теңгеміз 80,1 есе құлдырады.
Ұлттық қор азайып жатты. 2016 жылдан бастап Ұлттық қорға қол салу артты. Сол жылы қор 2 триллион теңгеге жуық шығынға ұшырады. Ал 2017 жылдың шілдесінде Ұлттық қор активі 4,3 миллиард долларға (-6,9 пайыз) азайып, 57,9 миллиард долларға түсті. 2018 жылы бұл жағдай жалғасып, қоржындағы қорымыз қысқара түсті. Осылайша, 2015 жылы 25,8 трлн теңге болған Ұлттық қор жинағы 2018 жылы 21 трлн теңгеге бір-ақ түсті. Ал Назарбаев президент болып тұрған соңғы айлар – 2019 жылғы қаңтар мен ақпанда Ұлттық қорға салық және төлемдер есебінен 576,4 млрд теңге ғана түсті.
Сондай-ақ жалпы ішкі өнімнің өсімі, орташа табыс сияқты көрсеткіштер де төмендегені байқалды. Мысалы, ЖІӨ өсімі 2010 жылы 28,3 пайыз болса, 2019 жылы небәрі 4 пайыз болды. Ал орташа жалақы 2013 жылы – 717 доллар, 2019 жылы – 445 доллар болды. Айырмашылық жер мен көктей. Әрине, теңгемен есептегенде орташа жалақы жыл сайын артып отырғаны рас. Бірақ бүкіл тұрмыстық қажеттілігін шетелден доллармен алатын Қазақстан халқы үшін табыстың жыл санап кеміп жатқаны анық еді.
2018 жылы қарашада Дүниежүзілік банк арнайы зерттеуінде Қазақстан экономикасын «мемлекеттік капитализм» деп сипаттап, кейінгі 20 жылда Қазақстандағы еңбек өнімділігінің өсімі төмендеп кеткенін, билік экономиканы әртараптандыруға дайын емес екенін жазды. Халықаралық ұйымның пікірінше, тиімсіз әрі жемқорлық жайлаған мемлекеттік аппарат, сондай-ақ елдегі ең ірі компаниялардың мемлекет меншігінде болуы жағдайды тіптен қиындатып отыр.
Экономист Ләззат Жанмолда:
«Назарбаев дәуірінде ел экономикасы неге дамымады? Мұның бірден-бір себебі авторитарлық жүйеде жатыр. Халық мемлекеттік органдардың жұмысына бақылау жасай алмады, тіпті өзінің пікірін айта алмады. Көп жағдайда бармақ басты, көз қысты әрекеттер көп болды. Мысалы, көптеген кәсіпорын ашылды. Бірақ соның бәрі жұмыс істеген жоқ. Жай ғана көзбояушылықпен ашылып, халыққа бір-екі рет көрсетіліп, қайтадан жабылып қалатын. Немесе жұмыс істеп тұр деген жалған есеп беріліп, БАҚ-та көзбояуға арналған ақпараттар шығатын. Осындай жобалар халықтың қаражатын желге ұшырды. Билік өндіріс орнын аштық деп жалған есеп береді, оның бәрі сөз жүзінде ғана болды. Ешбірі халықты жұмыспен қамтуға, ел экономикасын жақсартуға әсер еткен жоқ.
Оның үстіне бизнесті басып алу әрекеттері болды. Үлкен монополистер жұмыс істеп тұрды. Осындай қалыптасып қалған басқару жүйесін, мемлекет экономикасын түп-тамырына дейін толық өзгерту мүмкін болмай отыр. Халыққа берілетін әлеуметтік көмектер, кәсіпкерлерге бөлінетін қаржы тоқтаған жоқ. Елдің экономикалық жағдайы жақсару үшін бұрынғы жүйені толық жеңіп шығуымыз қажет. Оның үстіне монополиялық жолменен табыс тауып отырған компаниялар әлі бар, олар сол ескі жүйенің басқаруымен жұмыс істеп тұр. Мұны да естен шығармау керек», – дейді сарапшы.
Қоғамның көңіл күйі
Жақында премьер-министр «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақала жариялады. Үкімет басшысы сылдыраған цифр мен пайыздарға толы мақаласында кейінгі 6 жылда елде үлкен өзгеріс болғанын жазады. Оның айтуынша, Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындаған. Бірақ сарапшылар Бектеновтің статистикасында асығыстық көп екенін айтады. Мысалы, ол жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 14 мың доллардан асты деп сүйінші сұраған. Бірақ бұл көрсеткіш осыдан он жыл бұрынғы межемен әрең теңескен көрінеді. Премьер осындай есептерді ескермеген сияқты.
Назарбаев билігінің соңына қарай ел арасында наразы көңіл күй өршіп кетті. Ұзақ уақыт бойы ұр тоқпақпен және «ең маңыздысы – тыныштық» деген сияқты манипуляциялық сөздермен ұстап отырған халықтың шыдамы таусылып, неге болса да тәуекел етуге бекінген. Көп жылдар бойы жабулы қазан ішінде жиналған будың бір күні қазанды көтеретіні көрініп тұрды. Жылдар бойы қордаланған әлеуметтік наразылық елдің әр түкпірінде қайнап жатты.
2019 жылдың басында Астанада бір үйдің 5 баласы өртеніп, көпбалалы аналар толқуы бұрқ ете түсті. Бос уәдеден әбден шаршаған аналар Ақорда мен үкімет үйін торуылдап, билік басындағыларды үлкен шегініс жасауға мәжбүр етті. Наразылық акцияларын күшпен басуға машықтанған Назарбаев жүйесі халық арасындағы наразы көңіл күйді енді тоқтату мүмкін емес екенін сол сәтте аңғарғаны анық.
2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасы 30 жылға жалғасқан Назарбаев билігі тұсында қалыптасқан наразы көңіл күйдің жемісі болатын. Наразылықтың мұндай үлкен сипат алуына әлеуметтік теңсіздік пен халық табысының азаюы әсер еткені анық. Сарапшылар 2019 жылғы экс-президенттің жоспарлы маневрі Қаңтар оқиғасы сияқты ірі толқуды сәл кешеуілдетті деп санайды. Бірақ оны түбегейлі тоқтата алмады. Өйткені билік транзиті халық күткен өзгерісті жасаған жоқ.
Қуаныш Қаппас