Билік ұлынан «қара қағаз» алған аналарды да ұстайды
Қазақ армиясында сарбаз өлімі тоқтамай тұр. Тіпті кейінгі кезде жас жауынгер суицид жасады немесе соққыға жығылды деген ақпараттар отандық БАҚ-тың басты тақырыбына айналған.
Мұндай әр ақпараттың артында бір адамның, бір әулеттің тағдыры тұр. Бейбіт күнде бірінен кейін бірі болып жатқан қыршын өлімдер, әр қазаның артында қан жұтып қалған ата-ананың зары арқаға аяздай батады.
Ресми дерек бойынша 2020-2022 жылдары 259 әскери қызметкер қаза тапқан. Ал 2021-2024 жылдары ІІМ-ге қарасты Ұлттық Ұланда 12 мерзімді әскери қызметші, 10 офицер және 34 келісімшарт бойынша әскери қызметші, ҰҚК-нің Шекара қызметінде – 9 мерзімді әскери қызметші, 5 офицер және 17 келісімшарт бойынша әскери қызметші қайтыс болған. Сондай-ақ кейінгі 10 жылда 220 әскери қызметші суицид жасады деген ақпарат бар.
Ең өкініштісі, осы кісі өлімдерінің көбінің нақты себебі анықталған жоқ. Жауапты шенділер үнемі түрлі сылтау айтып, мәселені жасыруға, реті келсе ешкімге білдірмей, жылы жабуға тырысады. Сарбаз өліміне қатысты тергеу басталғанымен, көбінде өлімге ауру-сырқау немесе оқыс оқиға себеп болды деген қорытынды шығады. Мұндайда істің анық-қанығын дәлелдеу қиын. Сондай-ақ көп жағдай жауынгер суицид жасады деген желеумен жабылады. Ал дені сау, жап-жас жігіт армияда не үшін өзіне-өзі қол жұмсайды деген сұраққа билік бас қатырмайды. Бұрынғы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың «суицидтің әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ, ол адамның өз ішіндегі мәселеден» деген сөзі биліктің бұл проблемаға қатысты ресми ұстанымын білдірсе керек.
Әрбір қыршын өлімнің соңында зар жылап ата-ана қалады. Олардың шарқ ұрып әділдік іздеген әрекетінен ештеңе шығар емес. «Жас Алаш» газеті бұған дейін талай ананың мұңға толы арызын жариялады. Мысалы, 2023 жылғы қыркүйекте Ұлттық Ұланның 5571-әскери бөлімінде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың анасы «баламды үкіметке сеніп тапсыра алмаймын» десе, сол жылы Қонаев қаласындағы 32363-әскери бөлімде көз жұмған Әрсен Ишановтың анасы «аялап өсірген баламды үкіметке беріп, айдын-күннің аманында айырылып қалдым» деп аһ ұрған. Сондай-ақ оның «әскердегі қылмыс ашылмайды» деп үмітсіздік танытқаны да әлі есімізде. Ал биыл қыркүйекте Мәтібұлақтағы әскери бөлімде қаза тапқан Дінмұхамед Шынарбектің анасы «аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер!» деп үндеу тастаған.

Астанадағы аналар наразылығы
Бұған дейін мұң-зары мен арыз-тілегін өз бетінше көтеріп жүрген ата-аналар 10 қараша күні жиналып, Астанадағы үкімет үйіне барды. Олар әскерде жүріп қаза тапқан және мүгедек болып қалған ұлдарының ісін әділ тергеуді, тергеуді бақылайтын арнайы қоғамдық комиссия құруды талап етіп отыр. Сондай-ақ Қазақстанның қарулы күштеріне реформа жасауды, әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйесін жаңартуды, азаматтарды әскерге 25 жасқа толғаннан кейін шақыруды, мерзімді әскери қызметті келісімшарттық жүйеге ауыстыруды және жапа шеккендерге әділ өтемақы төлеуді сұрады.
Жиналған аналар «реформа талап етеміз», «баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпын» деген плакаттар ұстаған. Аналармен кездесуге министрліктің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев жұрт алдына шығып, сабырға шақырған болды. Ол ата-аналарды жауапты шенділер қабылдайтынын, бірақ ішке ешкім телефон алып кірмейтінін, сондай-ақ журналистер сыртта қалатынын айтты. Бірақ азаматтық киім киген белгісіз адамдар жиналған жұртты телефонға түсіріп тұрды.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бұл жолы тағы төбе көрсеткен жоқ. Министрлік тізгінін ұстағалы 5 айдан асса да армиядағы әлімжеттік, сарбаз өлімі жайлы бір ауыз пікір айтқан жоқ. Ол басқаратын министрліктің баспасөз қызметі аналар наразылық білдіргенін жасырып, қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналарымен жай кездесу өткендей ақпарат таратқан. Аналармен қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Серік Борамбаев, тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев және Ұлттық Ұлан бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов кездескен.
Вице-министр сөзін «әр әскери қызметшінің қазасы – біз үшін үлкен қайғы» деп бастап, министрлік мұндай қайғылы оқиғаның алдын алу шараларын қабылдап жатқанын айтты. Оның айтуынша, армияда моральдық-психологиялық ахуалды бақылауды күшейтіп, командирлерді оқыту, әскери психологтар институтын кеңейту қолға алынған. Армияда «Өмірді сақта» және «Заң және тәртіп» бағдарламалары енгізілген. Сондай-ақ жасанды интеллект элементі бар бейнебақылау жүйесі казармалар мен қызметтік үй-жайларға орнатылған. Сарбаздар ата-анасымен апта сайын бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрады.
Қыркүйекте «Жас Алаштың» Е-Өтініш платформасы арқылы жіберген сауалына да Серік Борамбаев әскердегі кісі өлімін азайту үшін сарбаздардың психикалық ахуалын жақсартуға күш салып жатырмыз деп жауап берген. Соған қарағанда шенділер сарбаз өлімі дегенді суицид деп түсінетін сияқты. Әскерде әлімжеттік бар екені бұған дейін дәлелденген, тіпті мұндай қылмыс жасағаны үшін сотталған офицерлер де бар. Бірақ Қорғаныс министрлігі кісі өлімі десе, суицид жайлы ғана сөз қозғайды. Демек армиядағы жағдайға жауапты адамдардың көзқарасы дұрыс емес. Олар нақты проблеманы шынайы қабылдай алмай отыр.
Айтпақшы, министрлік әскери бөлімшелерде жасанды интеллект элементі бар бейнебақылау жүйесі орнатылғанын айтып мақтанады. Бірақ бұған дейінгі істер бейнекамера жоқтығынан емес, дәл оқыс оқиға кезінде істемей қалғанынан ашылмай отыр. Яғни, барлық жерде камера бар, бірақ сарбаз көз жұмған сәтті «жазбаған». Көпшілік бұған сенбейді, әлдекімдер қылмысты жасыру үшін бейнекамера жазған материалды өшіріп тастады деп санайды. Мысалы, жоғарыда біз атаған марқұм Алмас Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева «осында жүрген барлық ата-ананың балалары қаза болған кезде бейнебақылау камералары істемей қалған» деп отыр.
Біздің билік баласынан айырылып, қайғырған аналарды да қудалайды екен. Жиынға қатысуға келген 6 азаматты құзырлы орган өкілдері ұстап әкетіп, бірнеше сағат полиция бөлімшесінде ұстаған. Кейбіріне айыппұл салыпты.
«Бір ай бұрын Президент әкімшілігі, ІІМ, Қорғаныс министрлігі сияқты 10 мекемеге жазып, қабылдауды сұрағамыз. Олар 10 қараша қабылдауға уәде берді. Сол уәде бойынша жиналып барғанбыз. Жиналғандардың 7 немесе 8-і баласы әскерде зардап шеккен аналар болды, өзгесі бізді қолдап келген, болашақта баласы армияға баратын азаматтар болды. Атырау, Орал, Алматы, Шымкент қатарлы өңірлерден жиырмадан аса адам жиналған. Кейбірі келе алмады, үйден шыға сала ұстап алған. Атыраудан шыққан бір ананың үйіне полиция барып, кедергі жасаған, ол кісі соған да қарамай келді. Яғни, шенділер бізді өздері шақырып алып, өздері сөзінде тұрмады. Қорғаныс министрлігінен басшылар болады, Қанатбек Жайсаңбаев болады деген. Бірақ бұлардың ешбірі болмады. Мәселе шеше алмайтын, бірнеше жылдан бері жүрген шенділер ғана отыр. Олардың алдына кіруден еш пайда жоқ. Біз жауапты шенділердің келуін сұрадық, ал олар келмеді, сол үшін қабылдау болмады.
Түстен кейін министрліктен шықтық, жанымызда журналистер болған. Бірақ журналистер кете сала сол жерде жүрген ОМОН-ның машинасы қасымызға тоқтады да, Гүлмира деген ата-ананы ұрды. Бесеуі бір әйелге жабыла кетті, мен айыра алмай қалдым. Оның беті ісіп, денесі көгеріп қалыпты. Бізді, 6 адамды ұстап әкетіп, 5 сағат бойы полиция бөлімшесінде ұстады. Бұл не деген масқара!» – дейді Индира Туғанбаева.
Істі Бас прокуратура қарайды
Қорғаныс министрлігі баласынан айырылған ата-аналарды қабылдағанын, барлық өтінішті мұқият қарап, объективті түрде әділ әрі заңды шешім қабылдайтынын хабарлады. Бірақ бұл уәдеге сену қиын. Біріншіден, наразылық білдірген ата-аналар қабылдау болмағанын айтып отыр. Проблеманы шеше алмайтын кіші шенділермен аналар сөйлеспеген, ірі лауазым иелері кездесуге келмеген. Екіншіден, Қорғаныс министрлігі мәселенің байыбына барып отырған жоқ. Шу шыққан соң есептік жазба жариялап, «қарастырып жатырмыз» деп құтылуды ойлап отыр. Үшіншіден, құзырлы орган қайғыдан қан жұтқан аналардың өзін жау көріп, қолын қайырып, күштеп полиция бөлімшесіне апарған. Бұл мәселені шешетін адамның әрекеті емес. Реті келсе, қорқытып-үркітіп, баласынан айырылған аналарды райынан қайтаруға ниетті сияқты.
Дегенмен 10 қараша кешке қарай президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловқа әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарап, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Кейін бас прокурор істі қарауына алғанын мәлімдеді, аналардың барлық өтініші назардан тыс қалмайды деп уәде берді. Бас прокуратура әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар қабылдап, әскерге шақырудың заңдылығы мен медициналық тексеріс барысын тексермек.
Бұдан қандай нәтиже шығады? Тоқаев армияны тәртіпке салу туралы бұған дейін де айтқан. 2024 жылы 2 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылығы жауапты екенін айтып, әскердегі тәртіпті күшейтуді тапсырған. Бірақ жолдаудан кейін әскердегі жағдай жақсарды дей алмаймыз. Одан бері де бейбіт күндегі қазақ армиясынан талай «қара қағаз» келді.
19 жасында қайтыс болған Әрсен Ишановтың анасы Толқын Ғалымова бір жыл бұрын «әскердегі қылмыс ашылмайды» деп үмітін күдікке жеңдірген еді. Толқын ханымның сол күдігі шындыққа айнала бастаған сияқты, бізге тергеу әлі аяқталмағанын, сараптама бала өлімін суицид деп шығарғанын хабарлады. Сарбаз көз жұмғанына екі жыл өтсе де, іс сотқа әлі жетпепті. Алмас Шахимовтың анасы да тергеуге көңілі толмайтынын, сол үшін сотқа қатысудан бас тартқанын айтты.
Қуаныш Қаппас