Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:35, 14 Ақпан 2025

Билікке ұмтылған үлкен қыздарда ұқсастық көп

Каримова және Назарбаева
Г. Каримова және Д. Назарбаева. Фото: Жас алаш коллаж

Бірнеше күн бұрын Гүлнар Кәрімованың (Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтің қызы) Швейцариядағы 182 млн долларға бағаланатын активтері қайтарылатыны жарияланып, оны әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазды.

 Швейцария мен Өзбекстан билігінің өзара келісімі нәтижесінде бұрынғы президенттің үлкен қызы өз еліне осылай «шарапатын тигізді».

Үлкен қыздың тағдыры тәлкекке түскелі бері одан арагідік миллиондаған долларлық дүние-мүлкі ел қазынасына өтіп жатыр. Әкесінің көзі кеткеннен кейін басталған қыспақтың соңы өзін түрмеге тығып, жиған-тергенін түгел болмаса да елге қайтарумен бітті (тура сондай жағдай Назарбаевтың үлкен қызында да болып жатқанымен, әзірге оған ешкімнің тісі батпай жатыр).

Өзбекстан Әділет министрлігінің хабарлауынша, қайтарылған қаражатты кезінде «Өзбекстан азаматтары заңсыз алған». Соның ақыры 2012 жылы Швейцарияның Бас прокуратурасы Гүлнар Кәрімоваға қарсы қылмыстық іс аясында толық тәркіленген. Негізі бұл Өзбекстан билігінің Гүлнардан қайтарып алып жатқан дүние-мүліктің басы емес, соңы да емес шығар. Өйткені жергілікті басылым үлкен қыз бастаған «қылмыстық топтың» шетелде жинаған байлығы 1,4 млрд долларға жететінін жазады.

Кәрімованың 2020 жылы да сол Швейцариядағы активтері бір әшкереленді. Елдің прокуратурасы 800 млн швейцар франкіне (қазіргі бағаммен 442 млрд теңгеге жуық) бағаланған активтерін бұғаттады. Соның бір шетін үгітіп Өзбекстанға берді, нәтижесінде көршіміз 131 млн долларын қайтарып алған.

Тура сол шақта Англияда Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы мен жиен немересіне тиесілі Лондондағы қымбат мүліктерге қатысты сот жүріп жатты. Ұлыбританияның құқық қорғау органдары екі үй мен пәтерді «негізсіз байлық» ретінде тәркілеген еді. Алайда Дариға мен оның үлкен ұлы Нұралы Әлиев және оның жұбайы Аида ол мүліктерді жеке қаражатына сатып алғанын дәлелдеп, сот құқық қорғау органдарының талабын қайтарып тастады.

Кейін сол мүліктердің бірі анау-мынау емес, әйгілі Шерлок Холмстың үйі болғанын, құны 185 млн долларға бағаланатынын шетелдік басылымдар анықтап берді.

Біздегі үлкен қыздан қайтқан дүние-мүліктің ішінде әзірге ауыз толтырып айтатыны – «Думан» қонақүйі ғана. Оның Дариға Назарбаеваға тиесілі екенін «Азаттық радиосы» жазған еді. Қонақүйді 2014 жылы сатып алған «Армания» компаниясының иелері Қайрат Шәріпбаев пен Дариға Назарбаеваға қатысы бары айтылған.

Коммерциялық нысанды былтыр жазда аукцион арқылы сатпақшы болып, бастапқы бағасы ретінде 13,9 млрд теңге қойғанымен өтпей қалды. Қазір Қайтарылған активтерді басқару компаниясының меншігінде. Компания оны басқарып, мемлекет пайдасына біршама табыс тауып отыр.

Біздің үлкен қыз

Жалпы, екі үлкен қыздың ұқсастығы көп. Әсіресе билікке деген ұмтылысы тіпті қызық.

Айталық, 2013 жылдың екінші жартысынан бастап Гүлнардың Өзбекстанды басқаруға деген саяси амбициялары әшкере болып, басына бұлт үйірілді. Оны өзбек арнайы қызметтері байқап, бар мәліметті 75 жастағы әкесіне апарып берген. Қызының ниетін, оның қаржылық қитұрқылықтарына қатысты материалдар мен мұсылман әйеліне сай келмейтін әрекеттері туралы дәлелдерден соң әкесі оны мүлде тыйып тастады. Сыртқы әлеммен байланысы үзіліп, үйінен шыға алмай қалған.

2014 жылы зәулім үйінің ауласында полиция қызметкерлерінің қыспағында жүрген суреттерін лондондық PR-компания арқылы BBC-ге жолдап, жұртқа жария болатыны да сол уақыт. Әкесінің көзі кеткен соң 2017 жылы сот басталып, әуелі бас бостандығын шектеуден басталған тауқыметтің соңы ақыры 9 жылға, кейін тағы 13 жылға соттаумен аяқталды.

Қазақстанның өзбек билігінен бір ерекшелігі, Кәрімов көзі тірісінде-ақ үлкен қызының пиғылын сезген бойда билік аймағынан аластап, бар тіршілігін шектеп тастаған еді. Бізде сол кері жағдайда өрбіді.

Елді 30 жыл басқарған кісі биліктен кетпей тұрып-ақ өзінен кейін «үлкен қызын орнына қойып кетеді екен» деген әңгіме ел ішінде желдей есіп жатты. Өйткені оған дейінгі мәжіліс депутаты, мәжіліс спикерінің орынбасары, премьер-министр орынбасары, сенат депутаты дегеннің бәрін орындап болды. Сөйтіп, ақыры әкесі биліктен «өз еркімен кеткен» күні-ақ мемлекеттік қызметтегі екінші орынға жайғасып, парламент сенатының төрағасы атанды. Тек үлкен таққа бір қадам қалғанда ғана бағы тайып, 2021 жылы мәжіліске қайтты. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін кенеттен еңбек демалысына шығып, содан қайтып елге жуымады.

Қазір Дариға қыздың Лондондағы, БАӘ-дегі зәулім сарайлары туралы жиі айтылса да оның қайда екені біздің құзырлы органдарға «беймәлім». Әйтсе де, қазақстандық Forbes журналы былтыр 6 мамырда жариялаған байлар тізіміндегі мәлімет бойынша 590 млн доллармен 15-орында тұр. Тек ескеретін бір жайт бар: журнал тек ресми нақтыланған мәліметтерді ғана жинайды. Сондықтан бүкіл байлығы мұнымен бітіп қалмасы анық.

Ал желтоқсанда Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында Нұрсұлтан Назарбаевтың, оның қыздары Дариға мен Динара Назарбаевалардың, сондай-ақ күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың жеке салық төлеуші нөмірлері жоқ болып шықты. Оны отандық ақпарат құралдары анықтап білді. Негізі заң бойынша бүкіл қазақстандықтың ЖСН нөмірі салық төлеуші, мемлекеттік қызмет алушы ретінде осында сақталып тұруға тиіс. Ол тек шетелге тұрақты тұруға кеткен жағдайда ғана жойылады.

Содан болар, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен және орташа қызы – Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева – алғаш рет жарияланған 2024 жылғы қыркүйектегі Forbes Woman Kazakhstan рейтингісінде ең ықпалды 25 қазақстандық әйелдің қатарына кірмеді. Бір жағынан, таңданатын да дәнеңесі жоқ. Өйткені ол қазақстандық әйелдердің тізімі ғой.

Ербол Тұрымбет