Былтыр аудиторлық тексерістер нәтижесінде бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылды

Президент Әлихан Смайыловқа мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады.
Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның былтыр атқарған қызметінің қорытындылары мен осы жылға арналған жоспары жөнінде мәлімет берді.
Былтыр 214 нысанда құны шамамен 11 триллион теңгені құрайтын 27 аудиторлық іс-шара өткізілгені туралы баяндады. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 862 миллиард теңге болатын түрлі нормалардың бұзылғаны анықталған.
Тексерістердің қорытындысы бойынша бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылған. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық.
ЖАП төрағасы құрылыс нысандарындағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде олқылықтар үнемі байқалатынын айтты. Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған заң бұзушылықты жою үшін Үкіметке ұсыным беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нұсқама жолдаған.
Смайылов биыл 40-тан астам аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланғанын жеткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексеріледі.
Ғылым, қорғаныс, құқықтық тәртіпті сақтау, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету, орман шаруашылығы салаларында да аудиторлық тексерістер жүргізіледі.
Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаржысының игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды.