Былтыр жиһаз өндірісінің көлемі айтарлықтай артты

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «елімізге жаһан, әсіресе аймақ нарығында бәсекелестікке қабілетті, технологиялық дамыған индустрия қажет» екенін баса айтқан болатын.
Қазақстандағы дамып жатқан саланың бірі жиһаз өнеркәсібі. Бұл салада биыл да айтарлықтай жетістіктерге жетіп отырмыз. Жақында жиһаз өнеркәсібінде былтырғы жетістіктеріміз жарияланды. QazIndustry мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы былтырғы жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 105,4 млрд теңгеге жетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 27,6%-ға артық. Бұл өсім жатын бөлмелерге, кеңселерге және қоғамдық орындарға арналған ағаш жиһаз өндірісінің артуымен байланысты.
2024 жылы Қазақстандағы жиһаз нарығының көлемі 309,8 млрд теңгені құрады, оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі 31,5%-ға жетті. Елде 1 791 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 1 785-і шағын, 5-і орта және біреуі ірі кәсіпорын болып табылады. Қазақстандық компаниялар өндірісті дамытып, жаңа технологияларды енгізіп, өнім сапасын жақсартуға басымдық беріп жатыр. Өсімнің маңызды факторларының бірі – саланың инвестиция көлемінің ұлғаюы. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жиһаз өнеркәсібіне 1 173,4 млн теңге инвестиция тартылды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 есе жоғары. Бұл секторға деген инвесторлардың қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Экспорт және импорт
Қазақстандық жиһаз шетелде сұранысқа ие бола бастады. 2024 жылы жиһаз экспорты 16,8 млн АҚШ долларын құрады. Негізгі импорттаушы елдер – Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан. Экспорттың өсуі өнім сапасының артуымен және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігімен байланысты. Қазақстанға жиһаз импорты әлі де жоғары деңгейде болғанымен, мемлекеттік қолдау мен импортты алмастыру бағдарламаларының арқасында шетелдік өнімдерге тәуелділік біртіндеп төмендеп келеді. 2023 жылы импорттың үлесі жиһаз нарығының жалпы көлемінің 68,5%-ын құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш төмендеп, оң динамика байқалды.
2024 жылы Түркістан облысында жалпы инвестиция көлемі 9,2 млрд теңгені құрайтын төрт жаңа жиһаз өндірісі іске қосылды, бұл 375 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Алматы мен Астана қалаларында да жиһаз өндірісі бойынша ірі жобалар жүзеге асырылып, экспорт әлеуетін арттыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар, 2025-2027 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық даму бағдарламасы аясында экологиялық таза материалдардан жасалған жиһаз шығаратын жаңа фабрикалар ашу көзделген.
Саланың даму перспективалары
Қазақстанның жиһаз өнеркәсібінің одан әрі өсуі үшін келесі негізгі міндеттерді шешу қажет. Оның ішіне өндірістің жергілікті деңгейін арттыру – отандық шикізат пен құрамдас бөліктердің үлесін көбейту кіреді. Бұдан бөлек, экспорт әлеуетін дамыту да қазіргі өзекті салалардың бірі. Себебі жиһазды сыртқы нарықтарға шығару және халықаралық деңгейде қазақстандық өнімді ілгерілету қажет. Өндірісті цифрландыру және автоматтандыру арқылы алдағы уақытта жаңа технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға болады.
Жалпы, Қазақстанның жиһаз өнеркәсібі қарқынды дамып, ел экономикасының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде. 2025 жылға қарай жиһаз өндірісінің көлемі 120 млрд теңгеден асады деп күтілуде, ал отандық өндірушілердің нарықтағы үлесі 40%-ға жетуі мүмкін. Бұл Қазақстанның жиһаз индустриясындағы бәсекеге қабілеттілігін одан әрі нығайтуға жол ашады.